«БАЛАУСА» БӘЙГЕСІ БАСТАЛДЫ

«БАЛАУСА» БӘЙГЕСІ БАСТАЛДЫ

«БАЛАУСА» БӘЙГЕСІ БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі

Газетіміздің алдыңғы сандарында «Қазақмыс» Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірігіп, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ тіліндегі ең үздік әдеби шығармаларға арналған «Балау­са» бәйгесінің жарияланғанын жазған едік. Мемлекеттік тілдегі қазіргі заманғы балалар әдебиетін дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған бұл бәйге 2012 жылдың 2 сәуірі күні, яғни Халықаралық балалар кітабы күні жарияланған болатын.

Жақында осы байқаудың аралық қорытындысы шығарылғаны белгілі болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі күнге дейін бәйгенің жүлдесі үшін әділ қазылар алқасының қарауына 50-ден астам шығарма келіп түскен. Олардың арасында кәсіпқой авторлардың да, әуесқой авторлардың да туындылары бар.

«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай «Бәйгенің негізгі мақсаты – балаларға арналған шығармалардың авторларына қолдау білдіру, балаларды ұлтжандылыққа, білімқұмарлыққа тәрбиелеп, оқып-білуге және Қазақстанның мәдени мұрасына деген сүйіспеншілікке баулу. Біздің жас жазушыларымыздың белсенділігі бізді қуантып отыр. Келіп түскен шығармалардың дені – жас авторлардың туындылары. Үздік шығармаларды еліміздің келешегі – оқырмандардың жас буыны оқитын болады, өйткені осы бәйгені солар үшін ұйымдастырып отырмыз», – деп атап өтті.

Әділ қазылар алқасы бәйгеге шығармалардың 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданатындығын жұртшылық есіне салды.

Байқау қорытындысы 2013 жылдың 2 сәуірі күні жарияланады. Үздік шығармалардың авторлары ақшалай жүлдеге ие болады, ал бәйгеде бағы жанған туындылар «Қазақ әдебиеті» газетінің арнаулы қосымшасында жарияланады.

«Түркістан-ақпарат»