ЖҮРЕК АЛМАСТЫРУҒА ДАЙЫНБЫЗ

Манас Рамазанов, медицина ғылымдарының докторы:

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Денсаулық сақтауды жаңғырту және салауатты өмір салты әрбір қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы. Егер қазақстандықтар уақытында емделсе, олардың орташа өмір жасы ұзарар еді. Алайда көптеген адамдар өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайды, іс жүзінде дені сау болуға құнт жасамайды…» деген болатын. Бұл пікірдің елімізде жаңадан өз жолын тауып келе жатқан ағза ауыстыру мәселесіне де қатысы бар. Себебі ағзаның істен шығуы да адамның денсаулығына деген жауапкершілігінің аздығынан туындамай ма?! Біз қазақ қоғамына әзірге жат болса да, қат болып тұрған трансплантология мәселесі жайында А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Манас Ембергенұлы Рамазановпен әңгімелескен едік.

– Манас Ембергенұлы, сіздер бұған дейін күту парақшасында 1200 адамға жүрек, ал 1300 адамға бауыр трансплантациясын жасау керектігін айтқан едіңіздер. Алайда донор тапшылығы мәселесі қол байлауда. Бұл мәселені қандай жолмен шешуге болады?

– Республикада трансплантация санын көбейту үшін мәйіттік донорлық бағдарламаны дамытуды қолға алу кезек күттірмейтін мәселе. Мысалы жүрек алмастыру операциясына мұқтаж науқастарға тек қана мәйіттік донордың жүрегі керек. Жүрек жалғыз, оны екіге бөлуге болмайтынын білесіз. Сол себептен біздің елімізде туыстық трансплантация, яғни бауыр және бүйрек ағзаларын алмастыру операцияларын дамытып жатырмыз. Бірақ кейде науқастардың туысқандары да көмектесе алмай қалатын сәттер болады. Бұл мәселені шешу үшін қазіргі таңда бірталай жұмыстар жасалуда. Соның ішінде потенциалды мәйіттік донорлардың санын көбейту мақсатында қоғам арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

– Бұған дейінгі бауыр ауыстыру операциялары туыстық донорлардың көмегімен жүзеге асқан болатын. Құдайға шүкір, қазақ отбасында бала көп. Ал соңғы кезде нарық заманына байланыс­ты қазақ отбасы да 2-3 баладан аспай қалды. Ертеңгі күні трансплантацияның жағдайы не болмақ?

– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Науқастың туысы көп болса, донор да көп деген сөз. Бірақ олардың бәрі бірдей донор бола алмайды, кейде денсаулығына байланысты немесе қан тобы және басқа да көрсеткіштері сәйкес келмей қалуы мүмкін. Сондықтан да қазірден бастап жоғарыда айтылған донорлық бағдарламаға айтарлықтай назар аударып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, дұрыс түсіндірсек, әжептәуір септігі тиеді. Оған әсіресе ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналист қауымның көмегі зор.

– Кез келген адамның жаңа нәрсеге үрейлене қарайтыны белгiлi. Мәселенiң байыбына бармай, әртүрлi әңгiме айтуы да мүмкiн. Шетелдiң тәжiрибесiне сүйенсек, бұл салада дiн, прокуратура (құқық) саласының мамандары бiрiгiп жұмыс iстейдi. Ал бізде заң жағынан мәселе туындап отырған жоқ па?

–Бізде заң мәселесіне келетін болсақ, ешқандай шикілік жоқ. Бәрі де дамыған елдердің трансплантация мәселесіне байланысты түзілген заңдарымен бірдей. Бірақ бізде потенциалды донор болған жағдайда, оған «бас ми өлімі» диагнозын дұрыс қою керек. Бас миының өлімі диагнозы қойылған соң, ол «потенциалды донор» деп есептеледі. Сондай жағдайда ғана ағзаларын алу үшін жақын туысқандарының келісімін алу керек. Кейде бұл біздің жұмыста қиындық туғызады, туыстарының арасында түсінбеушіліктер туындап, қарсы болып жататын жағдайлар кездеседі. Біздің мемлекет зайырлы мұсылман мемлекеті болғандықтан, мәйіттің туысқандары көп жағдайда қарсы болып жатады. Бірақ дін жағынан ағза алмастыруға қарсылық жоқ. Донор болмаса, елімізде трансплантация мәселесі қарқынды дамымайды. Қазақстан дамып келе жатқан ел, халықтың ағза ауыстыруға деген көзқарасы да енді түзеліп келеді. Егер трансплантация мәселесін түсіндіруді дұрыс жолға қойсақ, адамдар түптің түбінде донорлық бағдарламаны қолдауға немесе туысқандары осы мәселені дұрыс түсінуге дайын болады деп ойлаймын.

– Егер заңнамалық, дiни, адамгершi­лiк тұрғыдағы түйткiлдер шешiмiн тапса, бұл операцияның барлығы мемлекеттiк квота есебiнен жасала ма? Бір сөзіңізде трансплантологияға байланысты министрліктің арнайы бұйрығы керек деген едіңіз. Ол қандай бұйрық?

– Бұл операциялар Қазақстанда мемлекетіміздің арнайы жоғарғы мамандандырылған медициналық көмек көрсету (ЖММК) бағдарламасы бойынша, яғни квота арқылы тегін жасалады. Бұл ЖММК республикалық деңгейде осы саланы жақсы игерген мамандары бар медициналық мекемелерде жасалуы тиіс. Себебі бұл операцияны жасап қою ғана емес, сонымен қатар операциядан кейінгі кезеңде бақылау жасауы (реабилитация өткізу) өте маңызды. Осыған байланыс­ты жоғары және орта медициналық оқу орындарында трансплантация мәселесіне байланысты арнайы курстар ашып, оқу-бағдарламаларына зейін қою қажет. Сондай-ақ дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтымен тығыз байланыс орнатып, ақ халаттылардың кәсіби біліктілігін арттыру керек. Міне, сондай білімді һәм білікті мамандарды аймақтағы медицина мекемелеріне жіберуге тиіспіз. Себебі трансплантация отасы жасалғаннан кейін науқастар өздерінің тұрғылықты жерлеріне барып тіркеліп, сол жерде ары қарайғы тиісті емін қабылдап, реабилитациядан өтуі керек. Сондықтан да жергілікті мамандар науқастарды емдеуге әрқашан да дайын болуы тиіс. Бұл операциядан кейінгі нәтижелерді жақсартуға және адамның өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізеді деп ойлаймын.

– Трансплантация туралы заңды жетілдіру керектігін мамандар жиі айтуда. Бұл ретте адамдардың өз ағзасын сатуына немесе ерікті түрде беруіне заңмен рұқсат беру керек пе?

– Жаңа дүние қашан да таңсық. Әрине, оған әуелгіде үреймен қарайды. Ал негізінен адамның өз ағзасын сатуына жол беруге болмайды, оны қатаң түрде қадағалау қажет. Себебі дамыған елдерде онсыз да трансплантация, донор мәселесі жақсы дамуда. Ағзаны сату немесе еріксіз алу заңмен қудаланады. Басқа елдердің тәжірибелеріне қарасаңыз, «қара трансплантологтар» деген жаман. Осыдан-ақ кей адамдар арасында түсінбеушілік пайда болады. Оған бола елімізде жаңадан дамып келе жатқан трансплантологияның мүмкіндігін төмендетудің қажеті жоқ. Бүгінде ғаламтор беттерінде «ағзамды сатамын» деген жарнама берушілер көбейіп кетті. Тіпті осындай ұсыныстармен біздің де Орталыққа адамдар жиі келеді. Әрине, олар еріккендіктен ағзасын сатуға келіспейді. Көбі қаржылық жағынан қиналып жүргендер. Бірақ біз оларға әркез заңсыз нәрсеге баруға болмайтынын түсіндіреміз. Ақшаға мұқтаж жандар өз ағзаларын сата берсе, олардың келешекте мүгедек болып қалуы да мүмкін. Ол ол ма, тірі донорларға да ешкім 100 пайыз кепіл бере алмайды. Сондықтан ағза сату арқылы ақшаға көміліп қаламын дейтіндердің пікірі мүлдем қате.

– Институт Алматы қаласы әкімшілігінің көмегімен үйлестіру кеңесін құрған еді. Қазір үйлестіру кеңесі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін қандай шараларды қолға алуда?

– Алматы қаласы әкімшілігі жағынан айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Біз үйлестіру кеңесінде жиі бас қосып, трансплантация, донор мәселесін ұйымдастыру шараларына байланысты талқылау өткіземіз.

– Жақында ғана бауырына ота жасалған Ермек Мұқыров бұған дейін Израиль мен Германияға да барып келгенін айтты. Алайда науқастың аяғынан тұруға отандық дәрігерлер себепші болды. Сіз шетел асып, ота жасатқысы келетіндерге не дейсіз? Отандық дәрігерлер шетелдің мамандарынсыз ота жасауға дайын ба?

– Қазіргі кезде өзіміздің елде бауыр алмастыру операциялары жақсы жолға қойылған. Оған өзіміздің шетелдегі (Беларусь, Жапония) әріптестеріміз қолұшын беріп, көмектесуде. Жоғарыда айтылған мәйіттік донорлық бағдарлама дұрыс іске аспай отырғандықтан, қазіргі кезде шетел асып, ағза ауыстырып жатқандар (қалтасы көтере алатындар немесе мемлекеттің көмегімен) баршылық. Олар көбінесе туысқан донорлары жоқ науқастар. Бірақ олар ертең елге келгенде бәрібір отандық мамандардың көмегіне жүгінеді. Өйткені науқас арнайы есепке алынып, үнемі дәрігердің қадағалауында болуы қажет. Сондықтан да отандық дәрігерлерге толықтай сенім артуға болады. Біздің мамандар шетелдік дәрігерлерсіз-ақ ота жасауға дайын. Бірақ жаңа инновациялық операциялар түрі енгізіле бастаған шақта жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін медицинасы дамыған мемлекеттердің тәжірибелі мамандарының көмегі ауадай қажет.

– Демек отандық хирург-дәрігерлердің біліктілігіне еш күмәнсіз сенуге болады ғой…

– Әрине, сенуге болады. Сол үшін 100-ден астам отандық мамандар шетелге барып, тәжірибе алмасып, біліктілігін жетілдіріп келді. Олардың қатарында оташы хирург-трансплантологтар ғана емес, медбикелер, анестезиолог дәрігерлер, кардиологтар, терапевттер және функционалды диагностика мамандары т.б. бар.

– Қазақстанда арнайы трансплантология орталығын құру жөнiнде бастама Үкiмет тарапынан қолға алынған болатын. Бүгiнгi таңда бүйректен бөлек, жүрек пен бауырды ауыстыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұған А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мүмкiншiлiгi жоғары көрінеді. Алайда орталық замануи медициналық құралдармен жабдықталған ба?

– Елімізде трансплантация мәселесінің дұрыс жолға қойылуына, әрі қарай дамуына Үкімет пен Денсаулық министрлігі тарапынан көп көмек көрсетілуде. Мысалы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен біздің Орталықтан 50-ден астам маман Белоруссияға барып келсе, жақында 8 маман Жапонияға барып, трансплантология саласында білімдерін жетілдіріп келді. Ал біздің Орталықтың жабдықталуына келсек, заманауи медициналық құралдар жеткілікті. Жақын арада бауыр трансплантациясына байланысты тағы да жаңа медициналық құрал-жабдықтарын алғалы отырмыз.

– Қазақстан бойынша жылына орташа есеппен 160 ота жасалу керек екен. Ота саны көбейсе, қоғам да, медицина қызметкерлері де, құқық қорғау органдары да жұмыла жұмыс істейтін еді. Бірақ осы мамандар арасында ауызбіршілік жоқ сияқты. Сіз не дейсіз?

– «Көш жүре түзеледі» демекші, қоғамның да көзқарасы уақыт өте келе өзгеретін шығар. Сол кезде бәрінің трансплантацияға, ағза алмастыру операциясына деген пікірі, түсінігі жоғары болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, қоғамға ақпаратты шынайы әрі жылдам жеткізетін – ақпарат құралдары. Сондықтан да біз үгіт-насихат жұмыстарын сіздермен бірлесіп жүргізсек дейміз. Сонда ғана ел-жұрттың көзі ашылып, ақ пен қараны ажырата алатын болады.

– Биылғы жылы бес ота жасап, «5» деген бағамен аяқтаймыз деген едіңіздер. Алла сәтін салса, бұл оталар да сәтті өтер. Ал жүрегіміз дауалай бермейтін жүрек трансплантациясы орталықта қашан жүзеге асады?

– Мәйіттік донорлық бағдарлама дұрыс жолға қойылып, дамитын болса және қоғам өкілдерінің көзқарасы өзгеріп жатса, жүрек алмастыру отасы жақын арада жүзеге асып қалар деген ойдамын. Сол бағытта қазір біздің Орталық тынбай жұмыстар жасап келеді.

– Келер жылды қандай жоспарлармен аттайсыздар?

– Жалпы, трансплантациясы дамыған мемлекеттердің статистикасына сүйенетін болсақ, 1 млн. тұрғын үшін жылына 10-15 ағза алмастыру операциясы қажет екен. Ал біздің елімізде орта есеппен жылына 150-170 ота жасалу керек. Әрине, осыншама ота жасауға біздегі бір-екі орталықтың шамасы жете қоймасы анық. Ол үшін әуелі мамандар санын көбейту керек. Ең бастысы – Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс аймақтарында қосымша трансплантациялық орталықтар ашылу қажет.

Алла сәтін салса, келер жылға жос­парларымыз көп. Елімізде созылмалы бауыр ауруларына (цирроз) және бауыр жетіспеушілігіне шалдыққан науқастардың өлім-жітім санын азайту, мүгедектер санын төмендетіп, олардың өмір сүру ұзақтығын жоғарылату үшін жаңа инновациялық технологияларды енгізуді қолға аламыз. Бауыр мен бүйрек алмастыру отасының санын биылғы жылға қарағанда, екі есеге көбейтуге күш саламыз. Ал жүрек алмас­тыру операциясын биыл болмаса, келесі жылы міндетті түрде жүзеге асырамыз деп айта аламын.

Әңгімелескен

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button