ҮШАРАЛҒА ҰШАҚ КЕРЕК

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Қазақ Үкіметі өңірлердің дамуына баса назар аударуда. Себеп, аймақтардың экономикалық және әлеуметтік дамуы – ел келешегінің жарқын болуының кепілі. Жалпы саны 80 мыңға жуық үшаралдықтар орталыққа ұшақпен қатынасақ дейді.

ҚР Президенті Н.Назарбаев 2012 жылдың 27 қаңтарындағы халыққа Жол­дауында өңірлерді дамыту мә­се­лесіне тоқталған: «Қуатты Қазақстан де­геніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуат­тылығы болып саналады.

Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет.

Бүгінде әлемнің көп елде­рі­н­­­­­­­­де осылай жасалуда.

Мем­­­­­­­лекет өз азаматтарының сондай қуатты өңір­­лерге қоныс аударуына көмек қолын созуы­ тиіс. Қазақстанда келешегі зор қалалар шо­ғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады. Үкімет елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауы тиіс. Ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы – өз алдына бөлек мәселе… Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын.

Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі қажет.

Сонымен қатар, жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын қаперде ұстаған жөн. Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды. Биылғы 1 шілдеге дейін Үкімет Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын жасап бітіруі тиіс» деп мәлімдеген болатын. Осының нәтижесінде Қазақ Үкіметі шағын қалаларды дамыту туралы бағдарламаны түзіп, осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен арнайы қаражат бөлінді.

Өткен аптада аймақтарды дамыту туралы мәселе көтерген ҚР Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаев Үкімет басшысы Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады: «Өркендеген өңір – әлеуеті мықты мемлекеттің тірегі. Өңірлердің қуаттылығы, елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты. Алматы облысы, Алакөл ауданының орталығы Yшарал қаласы жанында орналасқан әскери ұшақ алаңы 1980-90-жылдары, Кеңес Одағы кезінде жалға алынып, азаматтық әуе қатынастары ұйымдастырылған болатын. Жолаушылар тасымалдау жұмыстарын Үшарал – Алматы бағыты бойынша азаматтық авиация ұшақтары тасымалдау шараларын атқарып, аудан халқы үшін ұшақ алаңы тиімді болған еді». Халық қалаулысының айтуынша, бүгінде аталған әуежай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің иелігінде көрінеді. Сарбаздарымыз бен әскерилеріміз ол жерді пайдалануды тоқтатқандықтан, әуежай қаңырап бос тұр. Серікбай Нұрғисаев бос қалған нысанды отандық туризм саласын дамытуға оңтайлы пайдалануды ұсынады: «Елімізде туризм саласын дамыту қажеттігін үнемі қайталаудан танбай келеміз. Оны дамыту қажеттігіне ешкім де шек келтірмейді. Алайда елімізге жолаушылап келіп жатқан шетелдіктер мен өз азаматтарымыз жол-көлік апаты оқиғаларынан жапа шегіп жатуын соңғы кезде жиі кездестіреміз. Ал қазіргі күні ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосатын саланың бірі – туризм саласы. Бүгінгі күні аталған ауданда 10 демалыс орны ашылып, 93,0 млн. теңгеге инвестиция тартылды. Қызмет көрсететін инфрақұрылымдардың саны 76-ға жетіп, онда 150 мың адам демалып, ақылы туристік-сауықтыру қызмет көрсету көлемі 96,0 млн. теңгеге орындалған».

Бүгінгі таңда Үшарал қаласы Астана қаласынан – 1700 шақырым, Алматы қаласынан 580 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, әуе тасымалдауын ұйымдастыруды қажет етеді. Шекара маңындағы орталықтан шалғай орналасқан аймақтың 80 мыңға жуық халқы бар. Осыны көлденең тартқан депутат Үшарал халқының облыс орталығы Талдықорғанмен, Астана және Алматы қалаларымен әуе қатынасын тұрақты орнатуды өтініш еткенін көлденең тартады: «Бұл – жұрт тілегі. Оған қоса, Алакөлдің суы қанша шипалы болғанымен, жағдай болмаса туристер келмесі анық. Сол үшін әуе қатынасын қайтадан қалпына келтіріп, әуежай талапқа сай жөнделіп, қосымша әкімшілік ғимарат, жабық тұрақ (ангар) және 3 шақырым автокөлік жолдарының құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет».

Серікбай Нұрғисаевтың пікірінше, аталған әскери әуежайды «Жетісу» әуе компаниясы акционерлік қоғамы секілді облыстың коммуналдық меншігіне беру тиімді: «Сонымен қатар Үкімет экономикалық тұрғыдан негiздей отырып, әскерилермен қатар, азаматтық әуе қатынастарын ұйымдастыруды мүдделі министрлікке тапсыруы қажет деп санаймыз».

Back to top button