АЗ ҮЙЛІ АУЫЛДАР ТАРАТЫЛАДЫ

АЗ ҮЙЛІ АУЫЛДАР ТАРАТЫЛАДЫ

АЗ ҮЙЛІ АУЫЛДАР ТАРАТЫЛАДЫ
ашық дереккөзі
236

Нұрахмет ҚУАТ

Қаңырап бос қалған немесе тұрғындар саны елуден кем 408 ауыл таратылмақ. Өзге жерге қоныс аударатын ағайынның көші-қон проблемасымен Үкімет бас қатырмақ. Сонымен қатар олар жұмыспен де қамтылады.

Қазақстандағы 408 ауыл таратылмақ. Тұрғындарының саны 50-ден аспайтын мұндай ауылдар ыдырағаннан кейін олардың халқы азаматтардың өз қалауы бойынша жақын маңдарға көшіріледі. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Аймақтық даму комитетінің төрағасы Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, елімізден жан баласы тұрмайтын 33 ауылды табуға болады. Қаңырап бос қалған «елес»-ауылдардың пайдасы жоқтығы белгілі. Үкімет қолға алған бұл шараның ҚР Әкімшілік-территориялық құрылымы туралы заңнамасына сәйкес орындалғалы отырғанын жеткізген шенеунік мәселенің алдын ала жоспарланғанын және заңға сәйкестігін айтып, «айқайға аттан қосқыштарға» «шу шығармауға» ескерту жасады. Аталған заңға сүйенсек, тұрғындарының саны 50-ден кем ауылдар жақын жердегі елдімекендердің құрамына енгізіледі. «Қазір елімізде халқының саны елуден аспайтын 408 ауыл бар. Жақын арада олар таратылуы тиіс. Ешкім халықты тағдырдың тәлкегіне салғалы отырған жоқ. Азаматтарды күштеп те ешқайда көшірмейміз. Аталған ауылдардың тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Білім беру саласына да қатысты айтарымыз осы. Егер таратылған ауылда мектеп болмаса балаларды жақын маңдағы мектептерге тасиды.

ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Еліміз үшін еңбек етейік, ардақты ағайын!» дей келе, отандастарды еңбекқор болуға үндеген. Осыған орай, ауылдар мәселесін тілге тиек ете келе, «Оның үстіне, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының шеңберінде тұрғындар өз еріктерімен көшуге құқылы», – деп мәлімдеген С.Жұманғарин өзге ауылдарға көшетін ағайынға кәсіби дайындық курстарында білім алуға және көші-қонға субсидия алуға жағдай жасалғанын жеткізді. Аталған қаражат көлемі бір аудан көлемінде болса, отағасына – 10 орташа жалақы көлемінде және отбасының әр мүшесіне 5 орташа жалақы көлемінде көмек көрсетілмек. Егер бір ауданнан екінші бір ауданға қоныс аударса, отағасына – 25 орташа көрсеткішті жалақы көлемінде және әр отбасына 15 орташа жалақы көрсеткішінде ақша бөлінеді. Ал басқа облысқа, шалғай қалаға немесе Астанаға ат басын бұрам десе, отағасына – 50 орташа көрсеткішті жалақы көлемінде және жанұяның әр мүшесіне 35 орташа көрсеткішті жалақы көлемінде қаражат қарастырылады. Ал артта тастауға бекінген үйін не істейтінін қожайындар өз қалауы бойынша шешеді.

Серіктес жаңалықтары