СУРЕТПЕН ӨРІЛГЕН ШЕЖІРЕ

Жуырда Алматыдағы «Өнер» баспасынан «Халық перзенті» сериясы бойынша КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлт мәдениетінде аты аңызға айналған тұлға Асанәлі Әшімовтің фотоальбомы жарық көрді. Әсілі, тұлғатану, оның ішінде ұлттың маңдайына біткен тұлғаның ғұмырына бойлау елдің мәдени танымын, халықтың деңгейін өсіреді. Асекеңнің 75 жасқа толу мерейтойына орай шығарылып отырған фотоальбомда өнер қайраткерінің балалық, студенттік шақтағы суреттері, актерлік жолдағы шығармашылық өрлеу кезеңдері, отбасы мен қоғамдағы әріптестері, сырлас достары, театр, кино саласының ұмытылмас сәттері бейнеленген.

Асағаңның альбомын парақтасаңыз, өзіңіз жүзбе-жүз көрмесеңіз де, бала кезден таныс Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков сынды қазақ өнеріндегі шоқтығы биік қайраткерлердің ізгі бейнелерімен қауышасыз. Сонымен бірге, актердің алғашқы түскен кинолары мен атақты «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» фильмдерінің көңілде жатталып қалған кадрлары алдыңызда сурет болып ашылады. Театрдағы суреттері өз алдына. Қазіргі қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің және қоғамдық-саяси тұлғалармен бірге болған сәттері де Асанәлі Әшімовтің қайраткерлік болмысынан, қоғамдағы айшықты орнынан хабар береді. Альбомда актердің отбасымен де кеңінен танысуға болады. Бұл суреттерден де өнер адамының қамыққан, қуанған алуан түрлі тағдыр кешкенін аңдайсыз.

Кітаптың кіріспесінде сөз алған академик Серік Қирабаев:

«Асанәлі Әшімовтің әр кездегі, әр қаһарманды сомдағандағы, сонымен қатар, қарапайым өмірдегі кескін-кейпін бейнелеген фотосуреттер өнер қайраткері жайында көрермен біле бермейтін көп сырдан хабардар етеді. Бұдан бұрын да альбом шығарған актер суретпен-ақ талай сырды шертуге, талай ойды жеткізуге болатынына көзіңді жеткізеді. «Суреттер сөйлейді» деген айдармен кейде газеттердің тілші фотоларын жариялайтынынан хабарымыз бар. Бағдарлап қараған адамға, ұғынған жанға сурет нағыз шежіренің өзі екен. Айна-қатесіз бейнелеп отырып, өткен шағыңды, бақытты сәтің мен қиналған кезіңді дәл бере біледі. Фотоальбомдағы үлкен өнердің үлкен иесінің әрбір суреті бір шығармаға арқау болатын құпияны бойына сақтай білген. Өмірі де, өнері де, өзі де көркем бейнеленген бұл суреттерге үңілген сайын өнерпаздың бекзат болмысы да біртұтастанып, дананың дидары ұшқындай жөнеледі. Кейде кісіні тану үшін көсілтіп мақала жазғаннан гөрі, бірнеше суретіне үңіліп қарасаңыз, соның өзі жетіп жатыр. Қысқасы, бұл фотоальбомда даңқты өнерпаздың сыры мен сымбаты, кісілігі мен кішілігі сурет тілімен терең сөйлейді. Әр сурет – бір өмір, бір құбылыс», – дейді.

Шынында, Асағаңның әр суреті – шежіре. Қазақ киносы мен театрының шежіресі.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Back to top button