«ЖАНАЗЫҚ» ЖАЙЛЫ СӨЗ
«ЖАНАЗЫҚ» ЖАЙЛЫ СӨЗ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасовтың «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен шыққан «Жаназық» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл рәсімге астаналық зиялы қауым өкілдерімен қатар Қарағанды, Павлодар облыстарынан бір топ ғалымдар арнайы келіп, жаңа шыққан кітап туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Тұсаукесердің кіріспе сөзін университет проректоры, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы ашып, оқырманға ұсынылып отырған бұл кітапқа бүгінгі әдебиетімізге негіз болған прозалық фольклор туралы еңбектер мен кәсіби өнерімізге тұғыр болған халық мұрасы жайындағы зерттеулер енгенін жеткізді. Сондай-ақ кітаптың шығуына Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйтқы болғанын және бұл кітапта әр жылғы зерттеулерден жинақталған құнды дүние жатқаны айтылды. Әсіресе, ғылымға шын берілген жанның Астананың жаңа келбетін қалыптастырудағы сіңірген рөлі, кешегі Ақмола педагогикалық институтын университет дәрежесіне көтерудегі ерен еңбегі мен «халық прозасы» секілді көптеген терминдерді енгізгені атап өтілді.
Жиналған көпшілікке кітап авторы Сейіт Асқарұлы «Жаназық» кітабы жайлы мәнді мағлұматтар бере келіп, кітап әдебиет пен фольклорды, өнер мен мәдениетті зерттеушілерге, тарихшылар мен философтарға, сондай-ақ әр елдің фольклоры мен мифологиясын салыстыра талдайтын мамандарға, халық мұрасын сүйетін жалпы қауымға арналғанын баса айтты.
Басқосуда сөз алған Серік Негимов, Рахымжан Тұрысбек, Қаржаубай Сартқожа, Тұрлыбек Мамасейітов секілді ғалымдар қайраткер ғалымның еңбекқорлығын айта келіп, қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан зор үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ өз кезегінде сөз алушылар бұл кітаптың тарихи-танымдық тұрғыдан алғанда саналы оқырман қауымға берері мол екенін және ешкімді де бей-жай қалдырып, ойландырмай қоймайтынын тілге тиек етті. Ал айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтаев арнау айтса, Дәулеткерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазин жырдан шашу шашып, әсем әнді әуелетті.
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Серік Қирабаевтың үзеңгі жолдас, әріптес туралы айтқан «Ғұлама» деген бір-ақ ауыз сөзі: «Сейіттің ғалымдық басты ерекшелігі – ол екі тілде бірдей жазады: мейлі қазақ тілінде жазсын, мейлі орыс тілінде жазсын, оның еңбектерінің негізгі нысаны – ұлттық фольклортану, әдебиеттану және өнертану мәселелері, ұлттық, халықтық мұраттар» деуі де бекер емес. Біздің «Жаназық» жанның дауасы дейтініміз де сол.
АСТАНА