ЖҰРТ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЖҰРТ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЖҰРТ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
221

Жуырда республикалық ақпараттық-насихаттық тобының жетекшісі, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Қарағандыға ат басын тіреп, жеке қабылдауын өткізді. Ал топ мүшелері облысымыздың қала, аудандарын аралап, солардың ішінде шаһарымызға да келіп, Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттердің орындалуын халыққа жеткізді.

Шахтинскіліктермен олардың кездесуі бірнеше жерде ұйымдастырылды. Сондай бір кездесу Ленин атындағы шахтада өткізілді. Шахта еңбеккерлерімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директорының орынбасары Шолпан Жәкитова кездесті.

Елбасының биылғы халыққа Жолдауы ел дамуындағы он бағытты белгілеп бергені белгілі. Соның алғашқысы қазақстандықтардың жұмысқа тартылуын көздейді. Министрлік өкілі осы бойынша кеңінен әңгімеледі.

Елімізде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы әзірленген. Ол бағдарламаның іске асырылуына биыл 62 млрд. теңге бөлінген. Соның 4 млрд. Қарағанды облысына тиесілі. Бағдарлама негізінен жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек табылуын көздеп, төрт бағыттан тұрады. Бірінші бағыты – адамдарды оқыту немесе қайта даярлау.

Осы мақсатқа қазынадан осы жылға 18 млрд теңге бөлініп отыр. Облысымызға 406 млн. теңге тимек. Ағымдағы жылдың тоғыз айлық есебі бойынша елімізде 24 мың адам оқытылып, қайта даярланды. Солардың 18 мыңы жұмысқа тұрғызылды. Негізінен әлеуметтік жұмыс орындары болып табылатын ол жерлердің орташа жалақысы 45 мың теңгені құраса, облысымыздағы орташа жалақы 51 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, әр өңірдің бұл тараптағы жағдайы зерттеліп, 2012 – 2015 жылдарға арналған Жұмыспен қамту картасы жасалған. Заңгер, экономис­тер көп, ал елімізге қазір техникалық мамандар қажет екен.

Екінші бағыт – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын несиелерді бөлуді қарастырады. Несиенің максимальді сомасы 3 млн. теңге. Оны мал шаруашылығын дамытуға, ауылдық жерлерде шаштараз т.б. осындай халыққа қажет нысандарды ашу үшін алуға болады.

Үшінші бағыт – әлеуеті төмен, басқаша айтқанда жұмыс орындары өте аз елді мекендерден еңбек етуге қабілетті азаматтарды басқа жерлерге көшіріп, еңбекке араластыруды мұрат тұтады. Қазіргі таңда жер-жерде жүзеге асып жатқан бұл бағыт, қаламызда да өз ретімен жүруде.

Кейіннен қосылған төртінші бағыт – ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына 10 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.

Осылардан басқа мемлекеттік қызмет көрсетулерді электрондық форматқа көшіруді тапсырма берген еді Елбасы. Бүгіндері ол да өз тәртібімен жүргізілуде. Соның ішінде бала тууына байланысты жәрдемақыны алу ісі Ақмола облысының Шортанды ауданында электронды түрде рәсімделуде. Болашақта мұны тұтас елімізде тарату көзделіп отыр.

Елбасы Жолдауында елімізде адами капиталды сапалы өсіру керектігі де айтылған. Мұнда негізінен білім беру мен денсаулық сақтау салаларына басымдық берілген. Мемлекетімізде белгілі тұрағы жоқ, басқаша айтқанда қаңғыбас адамдар кездесетіні де жасырын емес. Биылдан бастап оларды қолдау ісі де қолға алынған. Әлеуметтік патруль қызметі құрылып, төрт өңірде – Астана, Алматы, Қостанай қалалары мен Шығыс Қазақстанда жұмыс істеуде. Бұл қызмет – жолдарында кездескен белгілі тұрағы жоқ адамның денсаулығын тексеріп, азық-түлікпен қамтамасыз етеді, егер адам қонатын жерді сұраса, оған сондай орынды тауып береді. Келесі жылы аталмыш жоба еліміздің барлық өңірлеріне енгізілмек.

Сондай-ақ, бұл кездесуде кәсіподақтар туралы әңгімеленді. Алдымен шахтерлерді зейнеткерлікке шығу жасы толғандырады. Расымен, үлкен мінберлерде мұны ұлғайту жөнінде әңгімелер жүргізілуде. Әсіресе, кейінгі кезде мұны Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко айтып жүр. Бұл мәселе әлі түбегейлі шешілмегені, тек қарауда жатқаны айтылды. Сонымен бірге ЖОО бітірген дипломды мамандардың жұмыс таба алмай жүргендігі қозғалды. Ол сұраққа Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Гүлжаһан Сыдықова жауап беріп, қазіргі таңда «Жас­тар практикасы» бағдарламасының аясында жұмыс жүргізіліп жатқанын, қолында дипломы бар, алайда жұмыссыз жүрген адамдар қаламыздағы сонымен айналысатын бөлімге келу керектігін айтты.

Шаһарымыздағы үйлердің құрылысы, жолдардың жөнделуі жөнінде сындар айтылды. Бұл туралы осы кездесуге қатысқан Қарағанды облысының құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ольга Чернявская аз-кем түсіндірді. Кездесуді жүргізіп отырған Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Достық Камелов қала басшысының немесе оның орынбасарларының қабылдауына жазылып, сынды тікелей сол жерде айтуға болатынын жеткізді. Бір сағаттық кездесу негізінен осындай ауанда өрбіді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Қарағанды облысы

Серіктес жаңалықтары