ӨСІМ БАР ЖЕРДЕ – ӨСУ БАР

ӨСІМ БАР ЖЕРДЕ – ӨСУ БАР

ӨСІМ БАР ЖЕРДЕ   – ӨСУ БАР
ашық дереккөзі
461

2012 жылғы 1 мамырдағы есеп бойынша Астана тұрғындарының жалпы саны 755 344 адамға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда бұл мәлімет халық санының 12426 адамға артқанын көрсетеді. Астанада күн сайын кемінде 40 сәби дүние есігін ашады. Статис­тика департаментінің 2012 жылдың алғашқы тоқсанында таратқан мәліметі бойынша Елордада некеге тіркелгендер саны 15,8 пайызға артқан. Халықтың табиғи өсімі 6 есеге көбейіп, нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетіп отыр. Бұл – ел бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Тағы бір қуанарлығы, қандастарымыздың қатары жыл өткен сайын артып келеді. 2012 жылғы қаңтар-сәуірде халықтың көші-қон өсімі 7643 адамды құраған. Астанаға оқимын деп келгені бар, жұмыс іздегені бар, ресми емес мәліметтерге сүйенсек, Астана қазіргі таңда миллионға жуық адамға мекен болып отыр.

Құрылыс қарқыны артты

Астана қаласының жалпы ішкі өнімі өткен жылы 2 трлн. 298 млрд. теңгені құрады. Қала бюджеті 353 млрд теңгеге жетті.Бұл Праганың бюджетімен деңгейлес. Ал, ауқымы жағынан Киевтен 1,5 есе, Минск қаласынан 2,5 есе артық. Өсім бар жерде өсу бар деген осы.

Сыртқы сауда айналымы 7,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Астана экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайыздан асты. Дағдарыс жылдарында да Астананың өсу процесі тежелген жоқ. Статистикаға сүйенсек, 2008 жылдан бері ішкі өңірлік өнім 60 пайызға артып, қалаға 1,7 трлн. теңге инвестиция тартылыпты. Әсіресе, бұл көрсеткіш тұрғын үй салуда анық байқалады. Соңғы үш жылда 4 млн. шаршы метр баспана салынған. Өткен бір жыл ішінде 1 400000 шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, алдағы үш жылда тағы 5 млн. шаршы метр үй салынбақ.

Үкімет әзірлеген «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы барысында «Хан шатыр» кешені мен Қабанбай батыр даңғылынан батысқа қарай, Халықаралық әуежайдан Сығанақ көшесіне дейін «Мыңжылдықтар аллеясы» аумағын игеру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл аумақта 8,5 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынады деп жоспарланған.

«Мыңжылдықтар аллеясында» тұрғын үй ғимараттарынан бастап, қоғамдық, өндірістік және коммуналдық нысандар орын теппек. Оның жобалық пішіні осьтік және сәуле тәріздес болмақ. Оның әр осінде монументтер, ескерткіштер, алаңдар мен саябақтар, субұрқақтар орналасады. Сондай-ақ аллеяны жағалай қызмет көрсету нысандары жайғасады деп жоспарланған.

Ең бастысы, мұндағы нысандар ұлттық, азиялық және еуропалық нақыштармен безендірілмек. Әр ғимараттың сырты көзге жылы ұшырайтын түстермен боялып біріккенде, өзінше бір композиция құрамақ.

Аллеяның идеялық мәні – мыңжылдық мұрасы бар түркі әлеміне, қазақ елінің азаттығы үшін күрескен Абылай хан, Бөгенбай батыр сынды ұлы тұлғаларға тағзым етіп, құрмет көрсету.

Бүгінгі таңда аталған аумақта жобалау және құрылыс жұмыстары үшін 41 жер телімі бөлінген, соның 38-де жобалау жұмыстары қолға алынса, 7-де құрылыс жұмысы басталып та кеткен.

Соңғы бір жылда пайдалануға берілген мәдени нысандар да баршылық. Солардың ішін­дегі басты-бастыларына тоқталып өтсек дейміз. Қазақстанның алтын қазығы – Астананың қақ төрінен қазақтың рухын көтеретін «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ашылды.Ашаршылық құрбандарына арналған монумент, Құрманғазы ескерткіші бой көтерді. Сондай-ақ «Жас ұлан» мектебінің жаңа ғимараты, Оқушылар сарайы, он мың адамға лайықталған «Әзірет Сұлтан» мешіті пайдалануға берілді.

Елордада барлық саланың дамуына айқын басымдық беріліп отыр. Ол нақты бір жоспарға жүйеленген. Астана қаласының әкімдігінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде өткен жиын барысында тағы жеті жобаның тұсауы кесілді. Оның ішінде кейбір өндіріс орнын ұлғайту мәселесі де бар

Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қарапайым еңбеккерге ерекше қамқорлықпен қарайтынын айта кеткен жөн. Олай дейтініміз, жақында тазалық мәселесімен айналысатын жұмысшылармен кездесіп, олардың қысқы маусымға дайындығы мен әлеуметтік жағдайларына ерекше мән берді.

Серіктес жаңалықтары