Литвадағы сайлау: ОППОЗИЦИЯ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Литвадағы сайлау: ОППОЗИЦИЯ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Литвадағы сайлау: ОППОЗИЦИЯ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
ашық дереккөзі
385

Билікке өкпелеген халық сайлаудағы дауысты оппозицияға берді. Әзірге уәдені үйіп-төгіп, көпшілікті сөзбен, жағымды жоспарларымен жарылқап отырған оппозицияның нәтижеге қол жеткізе қоюы екіталай. Өйткені еуропалық кеңістікті қыспаққа алған дағдарыс біраз елдің экономикасын алды-артына қаратар емес.

Литвада өткен парламенттік сайлаудың алдын ала шығарылған қорытындысы бойынша оппозиция өкілдері жеңіске жетті. Консервативтік партияны шаң қаптырған оппозиция әлемдік экономиканы тығырыққа тіреген бірқатар қиындықпен күресуге міндетті. Негізі билік басындағы партияны сан соқтырған да – дағдарыс. Литвалықтар экономикасына рецессия қаупін тудырған дағдарыс салдарынан бюджеттік шығындар азайтылды.

Негізі Литвада парламенттің жартысы ғана партиялық тізім бойынша түзіледі. Ал қалған бөлігі бірмандаттық аймақ бойынша сайланбақ. Сондықтан жаңа парламенттің құрамы екі аптадан кейін ғана белгілі болады. Әзірге Еңбек партиясы, Социал-демократтар партиясы мен Әділдік партиясы оппозициялық басқарушы коалициясын құруды көздеп отыр. Олар сайлау науқанының екінші кезеңіндегі бір мандаттық аймақтардағы үміткерлерін қолдауға келісті.

Скандинавиялық банктерден алып келген арзан несиені дәурені біткен жылы, яғни 2008 жылы билік басына келген Андрюс Кубилюс экономиканы дефолтқа ұшыратпау мақсатында бюджеттен қаржыландырылатындарды «шөміштен қысуға» мәжбүр болды. Өйткені өндіріс көлемі 15 пайызға төмендеді, жұмыссыздық күрт артып, мыңдаған жас екі қолға бір күректі шекара сыртынан іздеуді әдетке айналдырды. Алайда бюджет тапшылығы бақылауға алынғандықтан, былтыр Жалпы ішкі өнім деңгейі 5,8 пайызға өсті. Бұл – Еуропадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Консерваторлардың дағдарысты ауыздықтау жолындағы қадамдарын Халықаралық қаржы қоры мен Батыстағы басқа мемлекеттердің үкіметтері қуана қолдағанмен, халық наразы. Сайлауға түсер алдында оппозиция өкілдері үнемдеуді әлсіретуге уәде берді. Мәселен социал-демократтардың көсемі Альгирдас Буткявичюс ең төменгі жалақыны көтеріп, байларға салынатын салықты ұлғайтуға, еуроаймаққа ену мерзімін бір жылға, яғни 2015 жылға дейін кері шегеруге мүдделі екендігін айтты. Оның пікірінше, бір жылдың ішінде еуроаймақ ережесіне сәйкес бюджеттің етек-жеңін жинап алуға мүмкіндік бар.

Қазіргі таңда Балтық жағалауы елдерінде кеңестік империяның саясатын ұстанатын Ресейді сыртқа тебу, КСРО-ға қатысты барлық келеңсіздіктен арылу науқаны кеңінен жүргізілуде. Кремль саяси ықпалын энергетикалық көмірсутегілер арқылы Балтық жағалауына да жүргізуге тырысады. Сауда серіктестері ішінде Ресейдің үлес салмағы басым болғанымен, саяси сарындағы келіспеушіліктер экономикалық ынтымақтастықты бәсеңдетеді. Бірақ солшылдар билік басына келген жағдайда Ресеймен арадағы байланысты жақсартуға уәде беріп отыр. Мысалы, апта басында Еңбек партиясының жетекшісі Виктор Успасских Мәскеумен арадағы байланысты бар салада, жан-жақты дамытатынын мәлімдеді. Парламенттік сайлау өткізіліп жатқанда литвалықтар елден атом стансасын тұрғызуға қатысты ұйымдастырылған жалпыұлттық референдумға да қатысты. Алдын ала жарияланған қорытындыға сүйенсек, халықтың басым бөлігі оған қарсы дауыс берген көрінеді.

Литвадағы Орталық банктің эко­номикалық департаментін басқаратын Раймондас Куодис: «КСРО кезінде кеңестік билік адамдарға еткен еңбегінен көп ақша төлейтін. Бірақ инфляцияны болдырмас үшін бағаны ауыздықтап отырды. Осы себепті ай сайын тапқанын қор ретінде жинап отырған адамдар жағдайлары жақсы, ішкендері – алдында, ішпегендері – артында, бай өмір сүріп жатқандай әсерде жүрді. Кеңестер Одағы құлағаннан кейін адамдар егер ақшаны жұмсап отырмаса, оның құнсыздана беретінін түсінді. Адамдар ақшаны жаппай жұмсай бастағанда, елдегі инфляция деңгейі шамадан тыс шарықтап кетті», – дейді. Бұл тек Литваға ғана емес, жалпы посткеңестік елдердің бәріне тән құбылыс. Кезінде орасан зор ауқымда үздіксіз өнім өндіріп келген зауыт, фабрикалар тоқырап, көпшілігі жабылып қалды. Ішкі нарық сырттан тасымалданатын тауармен бәсекеге түсе алмады. Ол кезеңде Балтық жағалауы елдерінде ірі өндіріс орындары жиі кездесетін. Кеңестік жүйе ыдыраған заматта бірқатары тұтынушылық зат өндіруге кіріссе, басым бөлігі жұмысын тоқтатты. Инфляция мен жұмыссыздықтың кесірінен елдің әлеуметтік ахуалы әлсірей түсті. Бірақ көп ұзамай экономикасы тұрақтанып, қымбатшылық барынша төмендетілді. Жағымды көрсеткіштер 1998 жылы Ресейдегі дағдарысқа дейін жалғасқан. Оған Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында посткеңестік мемлекеттерге сапалы да бағасы арзан өнім экспорттауы да сеп болды. Дефолт қаупі төнген экономикасын тез аяғынан тік тұрғызып, экспорт бағытын күрт өзгерткен Литва жетістікке қолды оңай жеткізді.

2000 жылдан бастап литвалықтар экономикасының жаңа дәуірі басталды. Шекара сызығы Еуропалық одақпен шектесіп жатқан ол көп ұзамай Одақ құрамына өтетінін білген. Қоғамдағы қарбалас жылжымайтын мүлік нарығындағы дүрбелеңге ұласты. ЕО-ға мүше болса, баспана мәселесі қиындық тудыруы мүмкін» деген қауіп көп адамды үй сатып алуға мәжбүрлеген. Мұның соңы нарықтағы қымбатшылыққа ұласты. 2004 жылы Еуропалық Одаққа мүшелікке өткен Литва Еуропалық одақтан ауыл шаруашылығы мен экономиканы қайта құрылымдауға 2008 жылға дейін мол көлемде қаржы алып келді. Бұл елдегі үй бағасын одан ары шарықтата түсуге себеп болған. Оның соңы – рецессия, жұмыссыздықтың артуы, кедейшілік пен әлеуметтік сарындағы нарызылықтар. Күні кешегі парламенттік сайлауда да литвалықтар ертеңге деген үміт жетегінде оппозицияға қолдау көрсетті. Алайда әлемдік дағдарыстың бірқатар мемлекет экономикасын тұралатқанын ескерсек, жағымды жоспар мен құр уәдемен Литваның әлеуметтік-экономикалық ахуалын оппозиция жақсарта қоюы екіталай.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары