Бес елдің несібесі байланған Каспий дауының шешілер түрі жоқ

Бес елдің несібесі байланған Каспий дауының шешілер түрі жоқ

Бес елдің несібесі байланған Каспий дауының шешілер түрі жоқ
ашық дереккөзі
739

Таяуда сенаторлар «Каспий теңізінің түбін Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасында бөлу туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. 2014 жылғы қарашаның 7-сі күні қол қойылған келісімді бір ай бұрын Түркіменстан Парламенті де ратификациялаған болатын. Келісімге сәйкес екі ел Каспий теңізінің өзіне тиесілі секторына иелік етеді әрі олар ондағы ресурстарды өз ықтиярымен игеруге құқылы. Бұл шешімді Каспий бестігіне мүше өзге мемлекеттер қалай қабылдады? Теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау мен өзара бөлісу туралы екінші онжылдыққа созылған келіссөздердің нүктесі қашан қойылады? Бір жерде тоқайласпайтын мүдделер ортақ мәмілеге келе ала ма? Бұл – Каспий төңірегіндегі сан сауалдың бір парасы ғана.

Каспий теңізінің түбін Қазақстан мен Түркіменстан арасында бөлу туралы келісімге 2014 жылдың 2-і желтоқсанында Ашхабад қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркіменстанға сапары аясында екі мемлекеттің басшысы қол қойған болатын. Еліміз осымен Каспий жағалауындағы екінші елмен шекара сызығын анықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізіп отыр. 2002 жылы Қазақстан мен Ресей қол қойған келісім негізінде екі ел Каспий теңізіндегі өз үлестерін айқындаған еді. Сол келісімнің негізінде Қазақстан мен Ресей шекара сызығының үстінде жатқан Құрманғазы, Центральная және Хвалынское мұнай кеніштерін бірлесіп игеруге келіскен.

«Келісім Қазақстан мен Түркі­менстан арасындағы Каспий теңізінің түбін бөлуге қатысты екі ел арасында дауларды болдырмауға, Каспий теңізінің түбі мен жер қойнауының ресурстарын барлауға, игеруге арналған егеменді құқықтарды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Каспий теңізі түбінің қазақстандық секторының халықаралық тартылған шектерін айқындау процесін аяқтауға ықпал ететін болады. Осының нәтижесінде Қазақстан Каспий теңізінің өзіне тиесілі бөлігінде жерасты барлау жұмыстарын жүргізе алады», – дейді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Ведомство басшысының айтуынша, келісімде бөлу сызығының бастапқы нүктесі болып Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы екі елдің шекарасын дели­ми­тациялау жөніндегі 2001 жылдың 5 шілдесіндегі келісім­шарт­тың №1 қосымшасында көрсе­тілген №13 шекаралық нүкте қарас­тырылған. Ал бөлу сызығының соңғы нүктесі – жеке халықаралық келісімшарт бойынша айқындалатын Қазақстан, Түркіменстан мен Әзірбайжан арасындағы теңіздегі бөлу сызығының түйіскен нүктесі.

Каспий жағасындағы бес мемлекет арасында теңіздің құқықтық мәртебесі мен оны бөлісуге қатысты құжаттың болмауына қарамастан, Қазақстан мен Түркіменстан теңіздегі шекараларын бекітіп, екеуара уағдаласып отыр. Қазақстан теңіздің маңайындағы мемлекеттермен дауласып та, жауласып та көрген емес. Қандай мәселе болса да ақылдасып, ымыраласып шешуді құп көреді. Бірақ Түркіменстан ризық несібесін Каспийден теріп келе жатқан мемлекеттердің барлығымен бірдей тату дей алмаймыз. Ашхабад, әсіресе, Мәскеумен тіл табыса алмай келеді. Келіспеушілікті тудырған негізгі себеп – Түркіменстан, Әзірбайжан мен Еуропа Одағы (ЕО) бірлесіп қолға алған «Транскаспий» құбырын жүргізу жобасы. Бұл құбыр салынса, түркімен газы Каспийдің табаны арқылы Әзірбайжанға, одан әрі Түркия мен Еуропаға жеткізілмек. Ресей Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалмағанын, бұдан табиғатқа зиян келуі мүмкін екенін алға тартып, «Транскаспий» жобасына қарсылық білдіріп келеді.

Қазақстан мен Түркіменстанның теңіздегі шекараны демаркациялау жөнінде келісімге келуі Ашхабадтың позициясын нығайта түскені даусыз. Түркіменстан «көрші елдермен ақылдаспастан, өз секторымда қалағанымды істей аламын, керек болса құбыр да тартамын» дегенді емеурінмен білдірген сияқты.

Каспийдің экологиясын емес, өз қалтасының қамын ойлап отыр деп Ресейді айыптаушылар да жоқ емес. Кейбір сарапшылар табиғи газға бай Түркіменстан көгілдір отынды Еуропаға тіке тартатын болса, Мәскеудің газ нарығындағы басымдығына бүгін-ертең қауіп төндірмегенімен, болашақта бәсекелес бола алатындығын айтуда.

Бесеудің несібесі

Каспий – өте маңызды страте­гия­лық аймақ. Географиялық орналасуы оны Еуразиядағы ғана емес, дүние жүзіндегі ықпалды теңіздердің қатарына қосты. Қарт Каспийдің қойнауынан мұнай мен газдың мол қоры табылғалы бері талас-тартыс тіпті күшейіп кетті. Бес мемлекеттің үлесі бар құйқалы теңізде 68 миллиард баррель қара алтын қаттаулы дейді геолог мамандар. Ал әлемдегі мұнайдың барланған қоры – 150 миллиард баррель. Ендеше, Каспий маңындағы мемлекеттер үшін теңіздегі үлесті тиімді бөлудің маңызын бағамдай беріңіз.

Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылып жатыр, жағалау сызығының ұзындығы – 7000 шақырым. Төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектесетін су алабы бес мемлекеттің шекарасын шаяды. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне – 29 пайызы (2340 шақырым), Ресейге – 9 пайызы, Әзірбайжанға – 20 пайызы, Түрікменстанға – 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына – 14 пайызы тиеді.

Ортақ көрсеткіші 18-20 миллиард тоннадан асатын мұнай мен газ конденсатынан бөлек, Каспийдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі де айрықша маңызға ие. Ең бағалы балықтарға бекіре (бекіре, шоқыр, қортпа) тұқымдастары жатады. Дүние жүзінде жыл сайын ауланатын бекіре тұқымдас балықтың 80 пайызынан астамы Каспий теңізінің үлесіне тиетінін біреу білсе, біреу білмес. Каспийде өсімдіктердің 500 түрі, балық пен жануарлардың 769 түрі мекендейді. Теңіз әлем бойынша қара уылдырықтың орталығы ретінде мойындалған.

«Солтүстік-Оңтүстік», «Шығыс-Батыс» жолдарындағы су торабы саналатын Каспийдің көліктік-тасымалдық маңызы оған деген таластың үдеуіне себеп болғаны рас. Уақыт өткен сайын теңіздің әскери-саяси рөлі де артпаса, кеміген емес: Каспий сулары Еуропаны, Кавказ бен Орталық Азияны шайып жатыр.

Үлестің үлкені кімге тиеді?

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі КСРО ыдырағаннан бастап өзектілігін жоймай келеді. Бұрынғы біртұтас құрылымнан жаңа тәуелсіз мемлекеттер – Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан бөлініп шыққан соң теңізді бұрынғыдай екі мемлекет (КСРО мен Иран) емес, бес ел бөліске салуы керек болды. Оған дейін Каспийдің құқықтық мәртебесі Кеңес Одағы мен Иран арасындағы 1921 және 1940 жылғы келісімшарттармен реттеліп келді. Шаруашылығы, өндірісі, кірісі мен шығысы теңіз несібесіне телулі бесеу 18 жыл бойы келіссөз жүргізсе де, Каспийді қалай бөлісетіндерін келісе алған жоқ. Сөзбұйдаға салып, созбақтай берудің бір ғана себебі бар – теңіз маңындағы мемлекеттердің ешқайсысы да майлы шелпектен айырылып қалғысы келмейді, керісінше үлестің үлкенін иемденсем дейді. «Каспий теңіз бе, көл ме?» деген сауал даудың өзегіне айналуы да келіссөздерді жыл өткен сайын шиеленістіріп жіберді. Айдынды бірі – тұйық көл десе, бірі – теңіз, бірі – кондоминиум (екі немесе бірнеше мемлекет бірлесіп иеленетін аумақ) дейді.

Егер Каспий көл деп танылса, онда әр ел өз жағалауынан 16 шақырымға дейінгі жерді ғана өз еркімен игере алады, ал теңіздің қалған бөлігі Әзірбайжан, Иран, Ресей, Қазақстан, Түркіменстан мемлекеттерінің ортақ меншігі болып саналады да, ондағы табиғат байлығын бес ел бірлесіп, келісіп пайдаланады. Ал теңіз деп бекітілсе, онда бес ел өздеріне тиесілі аумаққа ғана қожайын болады. Онда майлы жілік бізге тимек. Себебі Каспийдің ең ұзын жағалауы бізге тиесілі. Мұнда мұнай мен газ қоры мол. Бір ғана Шығыс Қашаған кен орнында 7 миллиард тоннаға жуық мұнай қоры бар. Каспий теңіз деп танылған жағдайда айдынның 13-ақ пайызын иемденетін Иран секілділер оңбай ұтылады.

Қазір Каспий әлем мұхитына тікелей шығысы жоқ, жабық континентальды су қоймасы болып саналады. Бұл дегеніңіз, Каспий көл ретінде қарастырылады деген сөз. Егер Каспий құжат жүзінде көл деп танылар болса, 1982 жылғы БҰҰ-ның «теңіз құқығы» конвенциясының шарттарына бағынбайды. Яғни, Каспийге қатысты «теңіз территориясы», «айрықша экономикалық аймақ», «континентальды шельф» тәрізді анықтамалар қолданылмайды.

Әзірбайжан Каспийді орталық сызықпен бөлінетін шекаралық көл деп тануды ұсынса, Қазақстан жабық теңіз идеясын батыл жақтап, оған БҰҰ конвенциясындағы нормалардың қолданылуына мүдделі. Бірақ бұл екі ұсыныс та Каспий бестігіне мүше өзге үш мемлекет тарапынан қолдау тапқан жоқ. Ресей өз кезегінде кеңес-парсы келісімшарттарындағы құқықтық жүйеге қайта көшіп, теңіздің мәртебесін анықтауды болашақтың еншісіне қалдыруды жақтайды. Яғни, Мәскеу Каспийді кондоминиум деп бекітуді ұсынып отыр. Бұл нұсқа Әзірбайжан, Түркіменстан мен Қазақстанға ұнай қойған жоқ, есесіне Иран қуана қуаттады. Кондоминиум идеясы көпшілік тарапынан қолдау таппаған соң, Тегеран Каспийді 20 пайыздан теңдей бес бөлікке бөлуді ұсынды. Мұндай жағдайда Иран теңіздің оңтүстік жағалауындағы өзіне тиесілі 13 пайыз аумақты әжептеуір ұлғайтып, айдынға ықпалын бірнеше есе арттырмақ. Каспийдің Иранға тиесілі секторында қазба байлық аз екенін ескерсек, Тегеран жанталасының сырын түсінуге болады. Бірақ Иранға майшелпекті ұстата салуға өзгелер көнген жоқ. Әзірбайжан, Қазақстан мен Түркіменстан Каспийдің өздеріне қарайтын ұлттық секторларына шетелдік инвесторлар тартып, мұнай-газ өндіруді жеделдете бастап кеткен. Бұл үш ел де өз секторларын бөліске салуға қарсы. Тегеран ұстанымдарына, әсіресе, Ашхабад табанды қарсылық көрсетіп келеді. Өйткені екі мемлекеттің көздеген мұнайлы аймағы – біреу.

Әзірбайжанның Түркіменстанмен де есебі түгел емес. Кезінде Кеңес Одағы ыдырап, Әзірбайжан мұнай кен орындарын игере бастағанда, Түркіменстан әскери кемелерін жіберіп, қақтығыс қаупі төнген. Түркіменстан-Әзірбайжан арасында кен орындарына байланысты талас әлі де жалғасып отыр. Мысалы, «Азери-Чираг-Гюнешли» мен «Араз-Алов-Шарг» кен орнындарына қатысты дау тоқтаған жоқ. Әзірбайжан, Түркіменстан мен Иранның әрқайсысы бұл кен орындарын өздері игеруге толық құқылы екенін дәлелдеп әлек.

Қажытархандағы жиынның түйіні

Өткен жылдың қыркүйек айында Астраханьда өткен Каспий елдерінің төртінші саммиті күрмеуі көбейген көп сауалдың түйінін тарқатып бере алмады. 2002 жылы Түркіменстанда, 2007 жылы Иранда, 2010 жылы Әзірбайжанда бас қосып, теңіздің құқықтық мәртебесі мен бөлінісі туралы ортақ мәмілеге келе алмаған бестік Ресейдегі жиында даулы мәселенің нүктесін қояды деп күткенбіз. Олай болмады. Қажытарханда бас қосқан бес елдің президенттері теңізді пайдалануға қатысты үлкенді-кішілі бірнеше келісімге қол қойғанымен, негізгі түйткілді тағы да айналып өтті.

Астраханьдағы кездесуде Каспий­ді бірауыздан татулық пен достық теңізі, «бейбітшілік пен шынайы тату көршілердің оазисі» деп атаған бестік негізгі назарды кәрі теңіздің экологиясына аударды. Каспийді қазір қауіпті кесел буып тұр. Мамандардың айтуынша, айдынның мұнай қайраңы бар тұстарында өлі аймақтар қалыптаса бастаған. Содан теңіздегі тіршілік иелері қырыла бастады. Каспийдің қара алтыннан кейінгі екінші бренді саналатын бекіре балығы азайып барады. Теңіздің ен байлығына браконьерлер де қырғидай тиюде. Сондықтан теңіз қорын қорғау үшін Каспийдің су және биологиялық ресурстарын сақтау мен ұқыпты пайдалану туралы келісім бекіді. Бес президент қол қойған келесі екі құжат – гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім мен Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.

Жиында қаралған тағы бір маңыз­ды мәселе – Каспий маңы мемлекет­терінің қарулануы. Саммит Каспий аймағына кірмейтін державалардың қарулы күштерін кіргізуге жол бермеу шартын бекітті. Теңіз маңына Қазақстан, Ресей, Иран, Түркіменстан мен Әзірбайжаннан өзге мемлекеттердің әскерін жолатпау және аймақты қарулану жарысының ошағына айналдырмау туралы бастаманы басқосуда Тегеран көтерген болатын, төрт мемлекет бірауыздан қолдады. Бұл аймақтық құқықтық құжат Каспий теңізі маңында НАТО базасын болдырмауды білдіреді. Сондықтан бір кездері АҚШ-тың саяси әрі әскери көмегіне, НАТО құрамындағы әскер саны жөнінен екінші орын алатын Түркияның қолдауына иек артып, Түркіменстан мен Иран, Әзірбайжан арасында таласқа түскен кен орындарын батыл игерген Ашхабад аяғын аңдап баса бастады.

 Жаппай қаруланудың сыры неде?

Теңіз маңындағы қарулы күш­терін тең дәреже ұстап отыруға уағда­ласқанымен, Каспий мемлекеттерінің әскери қуаты бірдей емес. Бестік теңіз маңындағы қарулы күшінің санын ресми түрде жариялаған емес, мүмкіндігінше жасырып бағады. Бірақ бейресми дерек көздері ұсынған мәліметке сүйенсек, Ресейдің теңіздегі әскери флотилиясы өте қуатты. Күзет катерлерін қоспағанда Каспий флотилиясында орыстың 27 кемесі жүр. 2020 жылға дейін теңізге соңғы үлгіде қаруланған тағы 20 әскери кеме түсірілмек. Бұл туралы РФ қорғаныс министрінің орын­басары Юрий Борисов мәлімдеген болатын. Қазірдің өзінде 300 ша­қырым қашықтықтан көздеген нысананы жойып жіберуге қауқарлы “Татарстан”, “Дағыстан” секілді зымырандық кемелері бар.

Кәрі теңіздегі қуаты жағынан екін­ші орында Иран тұр. Парсы­лардың Каспийде 90-ға жуық кемесі, 4 мыңнан астам әскері, үш әске­ри базасы бар. 2013 жылы суға түсірілген “Джамаран – 2″ атты өте ірі кеме Иранның Каспийдегі әл-қуатын одан әрі арттыра түсті.

Қазақстан, Әзірбайжан мен Түрiкмен­станның Каспийдегі әскери теңіз флотын Ресей мен Иранмен салыстыруға келмейді. Әйтсе де айдынның өздеріне тиесілі секторын көздің сұғынан сақтау үшін олар да теңіздегі қуатын арттырып бағуда. 1997 жылы АҚШ Каспий аймағын өзінің ерекше көзқарастары бар аймақ ретінде қарастырамыз деп мәлімдеген кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі әскери қуатты арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазір Қазақстанның қарт теңізде түрлі деңгейдегі 16 әскери кемесі және 30-дан астам ұшағы бар. Үш мыңнан астам теңіз жаяу әскерін тағы қосыңыз. Әзірбайжан мен Түркіменстанның қарулы күштері шамалас, әрқайсысында 18-20 әскери кеме, 3 мыңға жуық теңіз әскері бар.

Каспий елдерінің жаппай қарулануынан сескеніп, қаншама жылдан бері теңіздегі байлықты бөлісе алмай жүрген бесеудің арасында жанжал тууы мүмкін деп дабыл қаққандар да бар. Алайда кез келген түсініспеушілікті ұрыс алаңында емес, келіссөз үстелінде шешуді құп көретін бес мемлекет Каспий түйткілдерінің көбі тарқатылып, азы қалғанда шыдамсыздық таныта қоймас. Қаруланудың астарында бір-бірінен емес, аймақтағы қазынаға көз сұғын қадап отырған өзге күштерден қорғану мақсаты жатқаны айқын. Каспий елдері, әсіресе, Иранға тіс қайрап жүрген алпауыттардың қитұрқылығынан сақтанады. Атом энергетикасындағы, ядролық саладағы амбициялары Тегеранның досынан гөрі жауын көбейтті. Әскери һәм экономикалық қуаты жағынан әлемдік көшбасшы АҚШ-тың да парсыларға іші жылымайды. Теңіз маңында жанжал оты тұтанар болса, оның жалыны аймақтағы өзге мемлекеттерді шарпуы әбден мүмкін. Сондықтан кәрі теңізді қатар емген елдер Иран мен алып алтылық арасындағы Тегеранның ядролық бағдарламасын шектеу туралы келіссөздердің тезірек аяқталғанын, аймақта түбегейлі тыныштық орнағанын қалайды.

«Каспий жағалауында жатқан бес ел бір-бірімен дос, жақсы қарым-қатынастағы мемлекеттер. Теңіз мәртебесі бүгін болмаса да, алдағы уақытта шешілетіні сөзсіз. Осы бес елдің мүддесі бір жерден шықса, аймақтағы байлыққа қызығып отырған үшінші бір елдердің қитұрқы әрекетіне қарсы тұра алатыны анық. Содан болар, жуырда Каспий қақтығыстар алаңына, тұрақсыздық аймағына айналады деп айта алмаймын. Рас, бұл аймақта АҚШ-тың да, Қытайдың да, Еуропа елдерінің де мүдделері тоқайласып жатыр. Сондақтан белгілі бір деңгейде келіспеушілік, тартыс бола береді. Бірақ Таяу Шығыс не болмаса Парсы шығанағы секілді тұрақсыздық аймағы бола қоймас. Ондай жағдайға жеткізбеуге теңіз жағалауындағы бес мемлекет басшыларының парасаты жетеді деп ойлаймын», – деген еді саясаттанушы Сайын Борбасов баспасөзге берген бір сұхбатында. Қойнауы қара алтынға бай телегей теңіздің берекеден, сол қазынаға иелік еткен бесеудің бірліктен ажырамайтынына біз де сенеміз.

Талай белестен бірге асқан бес­ ел келер жылы Қазақстанда бас­ қосады. Астраханьда өткен жиын­нан тарқасарда тараптар солай уағдаласқан. Араз ағайынды татулас­тырып, бөлінгеннің арасын дәнекерлеп, талай даудың сәтті шешілуіне мұрындық болған Қазақстанда күрмеуі көп Каспий мәселесіне де нүкте қойылар деген үміт мол. 5-ші саммитте кәрі теңіздің құқықтық мәртебесі айқындалып, Каспийдің қай тұсы кімдікі екені анық жазылатын тарихи құжат қабылданып, бесеудің де көңілі тоқ болса, ортақ жеңіс сол болмақ.

Серіктес жаңалықтары