433
«АҚЫН АҒАДАН» – «АБАЙ ЖОЛЫНА» ДЕЙІН
«АҚЫН АҒАДАН» – «АБАЙ ЖОЛЫНА» ДЕЙІН
Мұхтар Әуезов шығармашылығының кейбір сырларына үңілсек…
Осыдан кейін бірден романның жалғасын жазуға кірісті. «Өз әкесіне Ысқақты үнемі серік етіп, тізелерін біріктіріп отыруды Әзімбай «биылғы жылдың үлкені» деп білген деген сөйлемнен бастап, «Енді бұл айланы астарлы қиын іс пен сұмқыл мінездер өзінің бар күшін қулық салмағын жиып болып, Абайды соққалы төніп келді» дегенге дейінгі аралықтағы 12 бетті «Якорь» қонақүйінде 23 маусымда, «Бірақ сыбыры көп, шоғыры мол әлек болып көрінгенмен, дәл Абайға жеткенде бұл жұмысқа ол абыржыған жоқ» дегеннен «Қатар тұрған ұлыққа қол қусырған, өбектеген жағымпаз болыстардың қасынан Абай әлі де ұлықша басып өтті» деген сөйлемге дейінгі аралықтағы 20 бетті 25 тамызда «Москва» қонақүйінің 323-бөлмесінде жатып жазыпты. Сонда жазушы жазғандарын жазғандай «Ақындар ағасы» деген атпен «Әдебиет және искусство» журналында жария етіп отырды. Бұлар жеке басылымында «Ақын аға» деп аталды. Бұл шығармасының жазылу жағдайын жазушының өзі былай түсіндіреді: «Жыл бойында екі-үш ай ғана жазып, жұмысты үзіп, қайта айналып, бірнеше айдан соң тағы да қолға алып жүрген жылдарым, кездерім болды» деген сөздерімен анық, нақты ұғындырады.Егер мұның осы томның жазылу мерзіміне көз жүгіртсек, оның бас-аяғы жарты жылдың ол жақ, бұл жағындай уақыт алғанын аңғарамыз. Өмір, заман лебінен шуақтылық сезілгендей сәттер туса-ақ болды екі айға жуық уақыттың ішінде шығарманың екі жүздей беті жазылып шыға келді. Егер шындап жазылған мезгіліне көз салсақ, оншалықты көп емес, тіпті үрейлі, қатерлі деген күндердің өзінде қалам ұстамай қалған кездері болған емес. Сол бір тұстарда баспасөз беттерінде сынау, айыптаулар белең алған кездерде де өзіне-өзі тоқтау сала білді. Әр қияға бір тартып, әрқилы сөздер, ұстанымдар мен танымдар, кейбір жақын дос-жарандардың өзі жақындаудан үркектеген мінездері көңіл-күйдің орнықтылығын шайқалтып, астаң-кестеңін шығарды. Ең жаманы, мұндай жағдайдағы әрқилы пікір-ойлар, орынсыз жаза, айыптаулар қиянаттар шектен асып кетіп жатты. Соның барлығы оңашада, өзімен өзі қалған құлазу сәттерінде ерекше сыздатып, езгілей түседі екен. Мұндай шақ өзімен өзін көп мұңдастарды, көп сырластарды, оның арты бара-бара екі кештің аралығында ұзақ-ұзақ отыратынды шығарды. Осындай күдікті жағдайлар тұтастықтың, іргелілеудің адамына селкеулік, ақыл-ой иелерінің біріне-бірінің сенімсіздігін туғызып, көлеңкесін түсіреді екен. Топшылдық, жікшілдік әдеттері тағы бар… Бұлар кейбіреулердің қышыған қотырын кедір-бұдырлы сотамен үйкегендей айызын қандырды. Қазақстан Ғылым Академиясы мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген «Абайтану» жөніндегі дискуссияда «Ақын ағадағы» олқылық, кемшіліктер жөнінде сөз қозғады. Осындағы ескертпелерге орай өзінің өңдеп-жөндеулерге баратындығы мына бір ойларынан да көрінді: «…жаңадан түзеп, сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Соңғы кітапта Кенесары қозғалысына да және ол жайында поэма жазушы Көкбайға да қатты сынын айтқыздым. Абай Көкбай мен Кенесарыны сынаған уақытында, әсіресе олардың Россияға жаулығын әшкереледім». Ол әдебиет шарттарын, сипатын, табиғатын терең меңгеруге жастайынан ден қойды. Оны қазақ жағдайына әкелуді, салты, тұрмысы, өмір тіршілігі, көркемдік дүниесінен көрініс табудың жолдарын іздестірді. Бірақ ондай ұстаным әрекеттеріне еркін шалқып, еркін көсілмейтіндей қылып бұғалық салынды. Суреткерлік талантының мейлінше кемелденіп толысуының беті қағылды, бұларды тежейтін әлдебір түсініксіз күш, кедергісі жатты. Өзінің бар ой-мақсаты, мүддесі, арман-ойы – іштей түлеу, іштей өзгеру, даму, іштей жаңару-жаңғыру, жаңа саты, жаңа белес, жаңа сапаларға көтерілу болса – жікшілдіктен, күншілдік пен толып жатқан кеселді-кесепаттардан іргесін аулақ салу, халық бітімі мен ойын, мінез ерекшеліктерін кейінгілерге мазмұнды, мәнді, шынайы, табиғи қалпында жеткізуді халқы үшін де, өзі үшін де, роман жанры үшін де даңқ әперері игі іс деп қарады. Сондағы жоқ жерден кемшілік, қателік іздеп, жеңіл жолмен абырой-атаққа қол жеткізгісі келетіндердің жанталасы көз алдынан кетпеді. Өзінің ұстанғаны – қандай күн, қандай сәт-жағдайларда да адалдықтан аттамау, жамандыққа жамандықпен жауап қайтармау, өзіне-өзі сенгендердің, ал арамдықпен, қулықпен, жамандықпен өзіндей азаматтардың алдын кесіп, мұратына жетем деу өріс-ауқымы тарлардың кемшін талант, кемшін ақыл-ойлылардың ғана айналысатын, қаузайтын ісі деп қарады. Отызыншы жылдардың сілкілеулері – жазамын дегенін жаздырмады, ойлаймын дегенін ойлаттырмады. Еркіндікке, ауқымдылыққа мүмкіндік бермесе, тарих пен әдебиетті танып-білуге игеріп-меңгеруге, оның арғы-бергісін сараптап көз жүгіртуге, толық біліп-түюге шектеу қойды. Қазір де сондағыдай қателіктер, жау ретінде танып-білулер ойдан шығарылды. Сол тұстағы жасалған баяндамалар мен сөйленген сөздердің барлығында да өзінің есімі алдымен ауызға алынып жүрді. Ғылыми жұмысты рецензиялауы, студенттер мен аспиранттарға жетекшілік етуі теріс бағыттағы іс-әрекеттер болып бағаланды, қай-қайдағы дау-дамай істерін бір басына үйіп-төгіп тастай салды. Осы кезде жазған, айтқан пікір-ойлары теріске шығарылды. Ертеректегі жазған дүниелерінен бастап, соңғы романы да ұлтшылдық идеология тұрғысында жазылған еңбектер санатына жатқызыла салды. Ендігі уақытының көбі сондағы сөйленген сөздер мен арыз-шағымдарға жауап қайтарумен, айтыс-тартысты жиындарда ұзақ-ұзақ пікір таластармен өтті. Осындай күн, осындай жағдайларда жүріп жазылған романның алғашқы нұсқасынан кейінгі кітап болып шыққандағы нұсқасына дейінгі аралықта ұдайы өңдеп, жөндеп, жетілдіріп отырды. Сонда журналдық басылымынан кейінгі нұсқасына тұтас абзацтар мен сөз-сөйлемдер, ұзақ-ұзақ қосымшалар қосқан. Қосымшалардың бір ғана «Достықта» тарауының өзінде жиырмадан асса, қысқартуларының бір алуаны кезіндегі идеологияның әсерінен болған. Сол бір толқымалы тұстардағы жазған хаттарына қарағанда, жұмыстың соншалық аласапыранды, асып-төгіліп жатқандығы елестейді. Бір жағынан ғылыми жоспарлы жұмыстар, өмірінің мәні саналған романның бүкіл Одақ жұртшылығына жетуі үшін орыс тіліне аударылуы керектігі ерекше алаңдатады, сондықтан бұнымен де өзінің араласуы керектігін сезінді. Ғалым Ысқақ Дүйсенбаевқа жазған хатынан бұлардың сыры ашыла түседі. «Алматыдан шыққалы да көп болды. Институт жұмысы қалай. Екінші томның авторлары не істеп жатыр? Сенен осы жайлардан хат-хабар күтемін… Жалғыз-ақ өзің ерінбей мына материалды оның жазғандары мен менің бет-бетке түрткен замечаниелерімді қоса, түгел оқып шық. Сонда менің не тілейтінім анық аңғарылады. Мен Москвада ойлағанымнан артық бөгелдім. «Знамя» романымды жарымын подстрочник күйінде оқыса да, қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей, түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді, мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп үш жарым баспа табақ етіп жаңа сценалар қосып бердім. Соның қазақшасын да жазып, подстрочнигін де өзім аударып бердім. Қысқасы, 18 күн ішінде орысша-қазақшасы 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза боп алып қалды, қысқартпай басамыз дейді. Өздері мен келмес бұрын жақсы қабылдап отырған соң, ендігі орысша шығуын жаңадан толықтырып шығарған изданиеге айналдырдым. Өзі тіріде кісі әр изданиеге өң беру қажет деп түсінуші ем. Осы жолы соны толық қолданғандаймын. Қазақ жазушысы өздеріне де енді орысша изданиені соңғы редакция деп, тағы қоса оқу қажет болады. Кисловодскіге кеше келдім. Өзім жаздайғы тығыз, ұзақ істердің кезінде және Москвадағы еңбекте қатты шаршаппын. Курортқа келгенге екі күн болды. Тек балаша сағат он болысымен ұйқы басады. 3.х.1950». Осындағы жазғандарына қарағанда бұл аударма елуінші жылдың соңғы айларында жариялануы керек еді, бірақ не себептен екені белгісіз келесі жылдың тамыз-қыркүйек айларындағы санында «Ақын аға», «Черные роды» деген атпен жарияланды. Бұдан кітап болып шыққанға дейін әлі де талай-талай өңделіп, қаралып, жонылып, қысқартылып, толықтырылып дегендей қилы-қилы жолдардан өткендігі көрінеді. Қазақ тіліндегі өзгертулерін орысша жарияланымынан кейін қолға алғанын мынадай ескертпесінен де аңдауға болады. «Қазір қазақ тілінде жарияланғалы отырған «Қарашығын» және «Қыстықта» атты екі бөлек үзінді – «Ақын аға» романына кейін қосылған бөлімшелер. Соңғы айларда қазақ оқушысына кітап болып жеткен «Ақын аға» романының ішінде бұл бөлімдер болмағандықтан жазушы романның кейінгі баспасын тоспай-ақ қазір осындай ескерту жасап, бұларды жариялауды өзінің міндеті деп түсінді. Аталған қосымшалар романның қазір жарыққа шығуға әзірленіп жатқан орысша аудармасының ішіне кіргізілген жаңалықтар еді. Бүкіл Одақ жұртшылығының мол оқушысының алдына тартылу, біздің туысқан елдер әдебиетіндегі зор жауапты оқиға. Ұлы орыс халқының тілінде шығармаларымыздың басылып шығуы – біздерге туысқан елдер жазушыларына зор абырой да, қуаныш та және сонымен бірге қасиетті жауаптылығы бар ұлы міндет. Осы жайларды ойлау себебінен «Ақын аға» романының орыс тілінде шығуын әзірлегенде жазушы әдейі мынау үзінділерді және бұлардан басқа да бірнеше ұсақ қоспа үстеме жайларды тыңнан кірістіре жазған болатын. Тегінде әр жазушының көп еңбек, бейіл бөлген өзінше ең көлемді, салмақты деген шығармасын әрбір қайта бастыруда қайта қарап, ажарлап, үстемелеп көріктей түседі. Жұртшылық алдындағы қымбат, бағалы қарызындай болмақ керек. «Ақын аға» жөнінде жазушының ой-мүддесі, еңбек ізденуі осы қалыпта болған еді. Сондай қосымша еңбектен туған қосымша бөлімшелер басқа да қазақ оқушыларына әзірше мәлім емес жоғарыда аталған екі бөлек тың тартыстар баянын әдейі білдірмекке бекіндік. Осылайша жарияланған екі үзіндінің біріншісі – «Достықта» деген бөліміне Әбіш пен Долговтар Қоңырәулиеге жүрер алдында қосылады. Екіншісі ұзақтау үзінді – «Қазада» деген тарауға Оспанның жылын берер алдынан қосылады» (202-бума, 28-29 б.). Трагедиясына («Абай») қажетті он үш бөлімнен тұратын деректерді де осы романдарына жинаған дүниелерінің ішінен алған. Соған қарағанда пьесаның да желісіне пайдаланғандығы көрінеді. Мұнда Айдар, Әзім, Еңлік тақырыбын жазу үшін құстарын жарыстырса, дәл сондай жағдай романда Дәрмен, Көкбай, Шұбарлар бәсекесінде қайталанады. Келесі бөліктерінде Абай ауылындағы жиын, онда Мағауия, Көкбай, Әзім мен өзге жастардың үш жыл бойы ауылға келмеген Әбішті күткені беріледі. Бұл жерде тек Абай билігінің шешім-желілеріндегі өзгеліктер ғана романда өзіндік өріс-өрбуімен өрнектелгені елестейді. Кейінгі басылымдарына енбей қалған «Қоршауда» тарауы Қарамола сиязындағы Абай мен жандарал арасындағы діни тартыс тараудың көп беттерін алған. Мұндағы негізгі ой жергілікті халықтарды шоқындыру мәселесі еді және орыстандыру шаралары бірінші кезекте тұрды. Мақсаты – осы саясаттың сыр-себебін ашу болатын. Отарлаған халықтарын шоқындыру Алтын Орда ыдырап, орыстар күш ала бастаған кезде басталған болатын. Бұл Ресейге XV-XVI ғасырдың өзінде-ақ ауру боп жабысты. Зорлап көндіріп, көнбегендеріне күш қолданды: қырды, жойды, аздырып-тоздырып, аты-жөндеріне дейін өзгертіп, бұрып-бұрмалады. Осы ниеттегі пиғыл татар-башқұрттарды ертеден торуылдаса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азияға да ауыз салды. Ол үшін алуан түрлі айла-шарғыларды қолданып, біртін-біртін іске асыра бастады, оның шырмауы жылдан жылға үдеп күшейе берді. Қазаққа арналған бағдарлама 1882 жылы қабылданды. 1887 жылы «Жаңа мизам» деп аталатын ережесін шығарды, оның нақты іс-шараларын қолға алу ойластырылды. Оны жүзеге асырудың бірден-бір жолы – аралас мектептер ашып, оған әсіресе қыздарды тарту болды. Бұлардың басы-қасында Н.Ильминский, А.Алекторов, А.Остроумовтар жүрді. Бұл миссионерлер осы бағытта патшалық саясаттың бағдарынан табылатындай әрекеттер жасады, оған лайықтаған оқу жүйелерін қалыптастырды. Оның арғы астарын, түпкі мақсатын білім-біліктілігі, пайымы жоғары жандар болмаса, қатардағы пенделер аңдап-аңғара алмайтын еді. Былайғы жұртқа байырғы халықтардың тарихын, фольклорын, этнографиясын, мәдениетін, ағарту ісін зерттеп жүрген қайраткерлер сияқты болып көрінетін еді. Олардың жобалары мен іс-шаралары мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып отырды. Алғашқы қызметін Қазанда татарлар мәселесімен бастаған Ильминскийдің бар ынта-ықыласы бірте-бірте қазаққа қарай ауады. Оған жақындатар қоныс деп Орынборды таңдайды. Алекторов та қазақтың қай жерінде болмасын осындай ой, мақсатпен жар-құлағы жастыққа тимей жүрсе, Остроумовтың Түркістандағы іс-әрекеттері алдыңғылар ұстанған жолды байытып, толықтыра, іргелілете беру еді. Осы бір бағыт-мақсаттардың бар сыр, қыртыс-қатпаршағына дейін терең ұғынған, ерте түсінген М.Әуезов олардың бітім-болмысын романында жан-жақты ашып, көрсетпек болды, оны түсіндіруді жөн көрді. Жандарал Абаймен әңгімеде киргиздардың бәрі де парақор, дінсіз, қатал, зорлықшыл, инабаты жоқ, малы көп адамдары осылай болса, жыртқыштықтың, қараңғы жауыздықтың күшті болғаны ғой, ол үшін біз емес, өздерінің жабайылығы кінәлі дегендей, өзімшіл топастықтың белгілерін көрсетеді. Осылайша өз пайым-ұғынуларын айта келіп, негізгі ойына көшеді: «Сіздің халқыңыз тұтынған діннің өзінде де жыртқыштық пен қатулық көп… Мораль, адамгершілік, әділет, ар деген қасиеттің бәрін бір буынға, әр қауымға, әр халыққа оның дінін тәрбиелеп сіңіреді» деп алып, Магомет дінінің тек кәр қылуды, зорлықты, мазалауды ғана қолдайтынын айтып өтеді. Оның бүкіл ниет-ойының шама-шарқын көрген Абай онымен сөз жарыстырып немесе дауласып отыруды жөн көрмеді. Тек халқының да, өзінің де онша діндар еместігін біріншіден, момын, екіншіден, зорлық, зияндылық қиянатты жақсы түсінетінін, үшіншіден, көп тәрбие алған орыстың ақындары мен ойшылдарының жайынан сөз қозғады. Сол тұста қазақ жері түгелдей дерлік отарланып болған, екіншіден, әскерлік, шаруашылық, дін жағынан белгілі аймақтарға бөлінген. Мысалға, Ақмола, Семейді бір губернатор билесе, діні бір епископқа бағынатын. Епископқа тұрған жерінің елін жоспарлы түрде шоқындыру міндеті жүктелді. Сол себепті дін орталығы Омбыда емес, Семейде, соның ішінде Ертістің қазағы көп жағына салынған «Мессия» деп аталатын шіркеуде болды. Олар үнемі беделді адамды пайдалануды ойластырды. Абайды да осы игілікті іске жекпекті жөн көрді. Өйткені оның ел арасындағы бедел-атағы жоғары, ондайлардың пайдасы көп болады деп қарады. Осылай ойлаған губернатор оязға: «Сіздер Құнанбаевты қалай пайдалануды, қайда керекке жаратуды білмей келгенсіздер. Мен бұдан былай Құнанбаевтан басқа адам жасаймын. Россия империясына елеулі пайда келтіретін, біздің шіркеуге зор, қажетті міндеттерін ада қылу жөнінде көмегі тиетін адам етемін» деген. Бұған дейін жинақталған мол тәжірибеде Иркут губерниясы мен Якут облысы, Алтай ойраттары мен Батыс-Сібір татарлары шоқындырылды, ондайда әртүрлі айла-шарғылар молынан қолданылды. Осы орайдағы тілек-ұсыныстарын естігенде Абай: «Менің халқым діндар болмаса да, фанатик болмаса да, өздерін мұсылманбыз деп санайды. Халқымның тарихы, болашағы жақсылыққа ауысып өзгереді, өседі деп үміт еткенде мен мүлде діні өзгеру арқылы жақсылыққа жетеді екен деп ойлаған емеспін. Жұртым шала мұсылман болса да, мен өзім де сондай ғана мұсылманмын. Шала діндар күйінде күн кешемін. Бұл жасқа шейінгі өмірімде дін ұстазы, дін өсиетшісі болып көргенім жоқ. Сөйтіп мен нашар молда болған кісі едім. Енді менен «жақсы поп жасауға болады» деген сіздердің сенімдеріңіз қалай туғанын әлі де аңғарып болғаным жоқ. Әзірше сол қайран болған күйімде қала тұрғанымды мақұл көремін» дегеннен арыға бармаған. Ол құрған торға түсе қоймайтынын сездірген. Бұл ойының арғы төркінін империялық немесе советтік идеология бірден ұғынды, сынның қыспағына алды, ол қателігін жөндеуге, одан әрі қазғылауға бармауына мәжбүр етті. Бұларды «Ақын ағадан» кейінгі варианттарын басқашалау және қысқартып берді. Романның бұл кітабында орыстың сайлау жүйесінің қыр-сырына айрықша мән береді. Соның бірі Қарамола сиязы. Сонда «Тобықтының ендігі жуаны сен…. сіздей көпке бірдей ел ағасымен жүз көрісу, сарқытыңызды ішу бізге қандай ғанибет» деп Оразбайды көтермелеп, Абайға тіл де тигізіп қойып, осылай өздерінше қауқылдасқан топты сол Абай «Қазақ деген халықтың соры қалың ғой» деп бастаған толғауымен тып-типыл, жермен-жексен етіп кетеді. Дерек бойынша осы сиязға Абай аз ғана жолдастарымен келіп Дүтбай тіккізген үйге түседі. Бие байлатып, үйді тігіскен Айтқазы. Жолда келе жатып Байкөкше: «Нағашым бай Белібай, жұртым – Құтпан, Құтым деп жүрген жері қадір тұтқан. Ақтабан шұбырынды аш болғанда, Үйірін құла айғырдың айдап шыққан. Жылқы айдап бай Белібай көкаладан, Құтым деп Арғын-Найман ағалаған. Жұрт асып күн көре алмай жүргенімде, Қос үйрек сабасына балалаған» – дей беріп, Абайға көзі түсіп кетеді. Оның жақтырмаған, көңілі толмағанын аңдайды да, өлеңін тоқтата қояды. Осыдан кейін: «Абайжан, бір түс көрдім бүгін түнде, Көкке шығып шарықтап алдың мүлде…» – деп, ұзақ баяндап кетеді. Оның Абайға ақыл айтатын кездері де көп болған. Құнанбайдың бата оқырында «Құнан кетті – алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай» деген. «Меңгерсең елді жөндеп меңгер, Абай, Аз бен көпті салмақтап теңгер, Абай. Сүрінгенді сүйеп аттан нашарларды, Сүйе де, сүйемелдеп дем бер, Абай. Туысының зорлғын тияды деп, Тілеуіңді тілеп отыр кімдер, Абай?» – деп айтқан сөздері де бар. Деректер бойынша бұл сияз Көктұмада болады. Сонда Бура Баске, Қалбаның болысы Мырзатайдың Бөкені, Шардың болысы Үсен тағы басқалар. Бұлар Абай түскен үйге сәлем бере келгенде, көңіл-күйі солай ма, келгендердің жүріс-тұрыс, қылық-мінездері ұнамады ма, Абай олармен көпке дейін шешіліп, емен-жарқын сөйлесе қоймайды. Сонда Баске: «Ыбырай, неге үндемейсің?» – деп көңілсіздігінің мәнісін сұрайды. Сонда: «Ай, Баске-ай!» – деп алып: «Биік жартас, биік мансап» жөніндегі сөздерін таратып айтады. Отырғандардың ішінен Үсен: «Ал, сыбағаңды осы болса» деп, Баскені қылжақ ете бастайды. Сонда ол: «Сендер немене, мен арқылы осындай жақсы сөздер есіттіңдер» деп, өзі ұғынғандық, риза болғандық шырайын танытады. Романда бұл әңгімені Семей оязының бес-алты, Өскемен, Зайсанның үш-төрт болысын бастап келген Керейдің Рақышы отырған жерде айтқыздырады. Міне, осылай жазушы романына кесек-кесек шындықтарды пайдаланған, оған өзінше өң, өзінше сипат берген. Бірақ алғашқы жазылымының арасында айырмашылық, өзгешеліктер бар. Сондағы жүргізілген редакциялық жұмыстардың қандайлық деңгей-дәрежеде екендігі мұқият салыстырсаң көріне береді. Шет-шегі жоқ кеңістік екендігі елестейді.
Талатбек ӘКІМ,
М.О.Әуезов мұражайының
жетекші ғылыми қызметкері
(Жалғасы. Басы өткен санда)