ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЕСТЕЛІКТЕР

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЕСТЕЛІКТЕР

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЕСТЕЛІКТЕР
ашық дереккөзі
530

(Ахмет Әділұлының өмірін өзек еткен кітап)

Белгілі мемлекеттік қайраткер Ахмет Әділұлы Әділовтің өмір жолы туралы әңгімелейтін «Жүректен шыққан естеліктер» кітабын жарыққа шығарған – Ахмет Әділовтің немерелері. Кітапта Ахмет Әділовтің соңғы кездері жазған күнделік жазбалары мен естеліктері, газет беттерінде жарияланған сұхбаттары мен замандастарының, жақын туыстарының естеліктері жазылған.

Жаратылысынан сана-зерде, ақыл-ой, әділдік-қайырымдылық сияқты қасиеттерді ұғынуға бейім, өмірдің ащысын да, тұщысын да, ауырын да, жеңілін де, күнбе-күнгі күйбең тіршіліктегі қуаныш-реніштерді де, күнгей-көлеңке тұстарды да байыпты бағамдап, адаспай-алданбай ажыратып, өзіндік бір берік ұстанымдар қалыптастырған жан. Ахмет Әділұлы шын коммунист болды, коммунистік мақсат-мұраттарды ең дұрыс бағыт деп есептеді және бұған ешқашан шек келтірмеді. Әділдік те, адамгершілік те, әлеуметтік үйлесім де осы мұраттардың аясынан табылады деп сенді, осы мұраттардың жүзеге асуы үшін күресуді, бар қабілетін жұмсауды өзінің адамшылық, азаматтық парызы санады. Өткен мен келешектің арасындағы байланыс үзілмейді, үзілуі мүмкін емес. Ұрпақтар алмасуы, жалғасуы – табиғи құбылыс. Аталар өткен жолды ұрпақтары да өтпек. Бабалар өмірі, олардың тапқандары мен жоғалтқандары кейінгі ұрпақ үшін – үлгі-өнеге, тәлім. Ахмет Әділовтің немерелерінің осы кітапты шығаруларына себепші болған да – осы ойлар. «Атамның өмір жолы туралы кітап шығаруды өзіміздің ұрпақтық парызымыз санадық», – дейді Ахаңның немересі Ғафур Ықсанов.

Ахмет Әділұлының еліміздің аса ірі партиялық және мемлекеттік қайраткері ретіндегі орасан зор еңбегін ұмытпаған замандастары кітаптың жарыққа шығуына өз үлестерін қосты.

Ахмет Әділұлы өмірінің соңғы жылдарында естеліктер жаза бастаған. Оны «Күнделік жазбалар» деп атапты. Өз қолынан шыққан ой-пікірлері, өмірнамалық еске алулары оқырман үшін өте қызықты екені жасырын емес. Сонау бір алыстағы ауылдан шыққан зерек баланың үлкен мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтеріліп, министр болып, халық депутаты болып, үлкен ілтипатқа ие болуы кімнің де болса назарын аудармай, бейтарап қалдыруы мүмкін емес. Ахмет Әділұлы кандидаттық та, докторлық та диссертация қорғамағанымен, өмірлік танымы, елге сіңірген еңбегі Сәтбаев деңгейлес парасаткер жандардың қатарынан көрінуге лайық. Сондықтан да оның жазып қалдырған естеліктері маңызды. Бір өкініштісі – Ахмет Әділұлының естеліктерін аяқтауына мүмкіндік болмапты. Естеліктерінде балалық шағынан бастап, студенттік жылдары, жұмыс істей бастаған алғашқы уақыттары қамтылған. Аталған кітапта күнделіктен үзінділер келтірілген: «Мен оқуымды бітіріп келгенімде ауыл өмірінде едәуір өзгерістер болған екен. Елдің аухаты дұрысталып, дастархандарында нан, сүт, ет пайда болыпты. Әкемнің сауын сиыры бар болып шықты. ТОЗ ұйымдастырылыпты. Енді жер де, су да ТОЗ-дың меншігі саналатын болыпты. Бірлесіп еңбек етіп, жұрт әл-ауқатын дұрыстапты. Бірақ, ауылдың сыртқы көрінісі еш өзгермеген. Баяғы балшықтан соғылған үйлер, көп отбасылар, неше адам болса да, бір бөлмеде тұрады…»

Философия ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Кенжебаев Ахмет Әбілұлы жайындағы естелігін былайша аяқтапты: «Қазақстан тарихында, қазақ халқының зердесінде Ақаңның өзіне лайық, ешқашан ұмытылмас, асыл орны бар. Аса көрнекті тұлға, көрнекті мемлекеттік қайраткер Ақаңның өзінен кейін өмірде қалдырғаны тақыр емес, шөл емес, жапырақтары жайқалған, өмірдің сәнін келтіріп, көркіне көрік қосып тұрған зәулім бәйтерек дер едім! Мұндай бәйтерексіз өмір жұтаң болар еді. Ақаңның бүкіл өмірі, бүкіл қызметі туған халқына, еңбек адамдарына арналады. Ақаң өз жүрегінің бар жылылығын соларға сыйлаған жан болып еді.»

Кітапта Ахмет Әділұлының кезінде баспасөз беттерінде жарияланған мақала-әңгімелері тұтастай берілген. Өйткені, ол материалдар өз кезінде мерзімді баспасөзге арналған өтпелі дүниелер болғанмен, Ақаң дүниеден өткеннен кейін, тарихи құжаттарға және құжат болғанда да уақыт өткен сайын бағасы арта түсетін аса құнды мұрағаттық құжаттарға айналып отыр. Келер ұрпақтарға газет қиындыларының жетер-жетпесі беймәлім, ал кітап сөзсіз сақталады, қарапайым сақталуы өз алдына, олар енді тіпті жәдігер ретінде қабылданатын болады.

Кітаптың жарыққа шығуына үлес қосқан Ахмет Әділұлының жұбайы Гүлбаһрам Бәкірқызының еңбегін ескермеуге болмас. Кітаптың шығуы барысында Гүлбаһрам Бәкірқызы жасының егде тартқанына қарамастан, ерекше бір күш-қуат, тың көңілділік, сергектік танытып, өзі де қиынсынбай аса құнды материалдар іздестіріп тауып, мұқият даярлай білді. Көлемді естеліктерін жазып, дайындады. Сол жазбалар мен мұрағаттық құжаттар кітаптың әсерлілігін, шынайылық-сенімділігін арттыра түсті.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары