МӘСКЕУГЕ ЖАҚҚАН «МАЙЛЫ ЖІЛІК»

МӘСКЕУГЕ ЖАҚҚАН «МАЙЛЫ ЖІЛІК»

МӘСКЕУГЕ ЖАҚҚАН «МАЙЛЫ ЖІЛІК»
ашық дереккөзі
242

Ресейдің ДСҰ-ға енуі Қазақстан нарығын тұралатуы мүмкін

Биыл тамыз айында Ресей ДСҰ-ға мүше болады. Оның Қазақстан үшін салдары қандай? Қазір Қазақстан қоғамында осы мәселе қызу талқыға түсуде.

Қазақстанның Кедендік одаққа енуі кезінде көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Өйткені экономикалық тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін бұл одаққа енудегі Қазақстан тарапынан жасалған келіссөздердің өзі күмәнді әрі қазақ мүддесінен гөрі Ресейдің мүддесіне көбірек қызмет ететіндігі сол кездің өзінде мәлім еді. Кедендік одаққа енуді қолдаушылардың дені бастапқы кезде Қазақстан экономикасы үшін қиын болса да, болашақта оның бізге тигізер пайдасы зор деп болжады. Болашақта КО-дан қандай пайда боларын кім білсін, ал қазақ нарығы алғашқы зардабын шеге бастаған секілді.

«ӨЗ МҮДДЕМІЗДІ ЕСКЕРМЕСЕК, ҰТЫЛАМЫЗ» ДЕЙДІ

ДЕПУТАТ МҰРАТ ӘБЕНОВ

«Караван» газетінің 5 қазандағы санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Кедендік одақта (КО) Ресейге есеміздің кетіп отырғанын, оның бізден бұрын Дүниежүзі сауда ұйымына (ДСҰ) енуінің қазақ экономикасы үшін кері салдары жайында әңгімелейді.

– ДСҰ да, КО да біз үшін тек қана өз мүддеміздің жеткілікті деңгейде ескергенде ғана, тиімді бола алады, – дейді ол тілшінің «Ресейдің ДСҰ-ға енгенінен ұтқанымыз не?» деген сауалына.

Қазақстанның Кеден одағына енгенге дейінгі ДСҰ-ға ену жайындағы келіссөздері біраз деңгейге жеткендігі мәлім. Алайда Ресей, Белоруссиямен кедендік одақ құру арқылы Қазақстан ДСҰ-ға Ресейден бұрын мүше болудан саналы түрде бас тартты. Басты мақсат – солтүстіктегі көршіміздің көңілінен шығу. Бүгінде ДСҰ-ға мүше болып үлгерген Ресей өзінен кейін бұл ұйымның есігін қаққалы тұрған Қазақстанға өз талаптарын қоя алады.

– Қазақстан КО-ға мүше болған соң шетелден әкелінетін автокөліктерге салынатын баж салығын 10 пайыздан 30 пайызға дейін көтерді. Мақсат – отандық автонарықты қорғау. Бұның соңы шетелдік автокөліктердің азаюына, КО-ға мүше елдердің автокөліктеріне деген сұраныстың артуына алып келді. Соңғы бір жылдың өзінде Ресей Қазақстанға автокөліктерін экспорттауды 3,5 есеге арттырған. Жаңадан әкелінген автокөліктердің тең жарымынан астамы – ресейлік. Ресейден әкелінген авто бөлшектерден құрастырылған автокөліктерді Ресейге тасу – ақылға қонбайды, әрі тиімсіз. Ресей ДСҰ-ға кіргеннен кейін, шетел автокөлігі ресейліктермен салыстырғанда, қазақстандықтар үшін 15 пайызға қымбат болады. Бұдан тек қарапайым тұтынушы ғана емес, ел қазынасы да зардап шегетін болады. Өйткені «қалдықтардан жиналған»15 пайыз тікелей Ресей бюджетіне түседі. Ал шетел автокөліктерін Қазақстанға әкелгенде жиналатын 30 пайыз баж салығы бірден үш мемлекеттің ортақ қазанына түседі және оның 7 пайызы ғана Қазақстанға тиесілі, 88 пайыздан астамы – Ресейге бұйырады. Яғни Ресей екі жеп биге шығып отыр, – делінген аталған сұхбатта.

«Тығырықтан шығар жол не?» деген сауалға Мұрат Әбенов тариф саясатын қайта қарау қажет деген пікірде.

– Шетелдік автокөліктерге салынатын кедендік баж салығының деңгейін ресейдікімен теңестіруге қол жеткізу керек, – дейді ол.

РЕСЕЙДІҢ ДСҰ-ҒА ЕНУІ

КӨП ПРИНЦИПКЕ ҚАЙШЫ

Ресейлік сарапшылар Ресейдің ДСҰ-ға енуін Кедендік одақ принципіне қайшы деп есептейді. Негізінен Кедендік одаққа мүше елдер ДСҰ-ға бірге енгенде КО талаптары да өз деңгейінде қалар еді дейді олар. Бұның соңы Кедендік одақтың болашағына балта шабуы мүмкін деген ойды көлденең тартқан олар соңғы он жылда ДСҰ-ның да тиімді одаққа айнала алмай отырғандығын тілге тиек етіпті. «Регионы России» басылымына сұхбат берген «ВТО-информ» Сараптама орталығының директоры Евгений Корчевой Ресейдің ДСҰ-ға енуі және оның мойнына алған міндеттері КО-ны жасақтау мүмкіндіктерін шектейді. Өйткені Ресей мойнына алған тарифтік міндеттемелерді Қазақстан мен Белоруссия өз мойындарына алмай отыр. Кедендік одақ ішінде қалыптасқан заңнамалық актілерге орай, оның мүшелері ортақ нарығын қорғауға қабілетсіз болмақ. «Ресей төменгі кедендік баж салығымен енген тауарларын қайда жібереді. Ресейде көптеген импорттық тауарларға салынатын кедендік баж салығы төмендеп, Қазақстан мен Белоруссияда кедендік төлемдер сол қалпында қалады. Ал бізде бірыңғай кедендік кеңістік. Демек ДСҰ КО идеологиясын бұзып отыр» дейді ол.

Украина КО-ға мүше болмай-ақ, Ресей нарығынан Қазақстан және Белоруссиямен бірдей дәрежеде шарттарға ие болады. «Қазақстан биыл жыл соңына дейін өз шарттарымен ДСҰ-ға енбек. Оның жағдайы Ресеймен салыстырғанда анағұрлым артық. Демек КО-ның кедендік тарифі қайта қаралуы тиіс. Енді Қазақстанның міндеттеріне орай жасалатын болады. КО-ға мүше елдердің өнеркәсіп өнімдерін (ауылшаруашылығы) импорттауға қатысты мүдделерінің әр бағытты екендігін ескерсек, ресейлік өндірушілер үшін олар ДСҰ-ға енгеннен кейінгі жағдай қиындайды», – дейді осы орталықтың тағы бір сарапшысы Вячеслав Пронин.

БҰЛ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

БОЛУЫ МҮМКІН

«Атамекен одағы» ұлттық экономика палатасы төрағасының орынбасары Әлихан Мәмбеталин www.zakon.kz сайтына берген сұхбатында:

– Қазақстан келесі жылы ДСҰ-ға енуі тиіс. Бұл тетікті пайдалана отырып, тариф және кедендік реттеуді пайдалана отырып, біздің халықаралық саудадағы көрсеткішімізді жақсарта аламыз. ДСҰ-ға енуде біздің ұтарымыз кедендік бағаларды анықтауға қатысты келісім шарттарда жақсы көрініс тапқан.

«Атамекен» одағының экономикалық сараптамалар департаментінің директоры Еркін Сағиев «ЭкспрессК» газетіне берген сұхбатында Ресейдің ДСҰ-ға енуі және шетел автокөліктеріне салынатын кедендік баж салығына өзгеріс енгізгенімен, біздің автонарығымыз бүгінгіден өзгере қоймайтынын айтады.

– Ресей жеңіл және жүк автокөліктері мен ауылшаруашылығы техникасына салынатын баж салығын төмендетуді мойнына алды. Әрине, бұл КО елдерінің бірыңғай кедендік тарифіне ықпал ететіні анық. Бірақ екі мәселені ұмытпаған жөн. Біріншіден, Ресей 2019 жылға дейінгі уақытты өтпелі кезең деп белгіледі. Демек баж салығы да біртіндеп азаятын болады. Алғашқы үш жылда баға төмендемейді. Екіншіден, баға төмендегенімен ол Қазақстан бірыңғай кедендік кеңістікке енгенге дейінгі тарифпен теңесе алмайды. Сондықтан қандайда бір ерекше өзгерістерді күтудің қажеті жоқ. Ресей ДСҰ-ға енген сәтінде шетелдік жеңіл автокөліктерге салынатын баж салығын 25% деңгейінде үш жылға жалғаспақ. Келесі үш жыл көлемінде ол 15%-ға дейін төмендемек. Демек, бұл өзгерістердің Қазақстанның автонарығына тигізер ықпалы жоқ деуге болады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары