КҮЛДІБАДАМ СӨЗБЕН КЕЛЕКЕ БОЛҒАН...

КҮЛДІБАДАМ СӨЗБЕН КЕЛЕКЕ БОЛҒАН...

КҮЛДІБАДАМ СӨЗБЕН КЕЛЕКЕ БОЛҒАН...
ашық дереккөзі
415
шенеуніктер неге қысылмайды?
Тағдыры мың тарау қазақ ұлты, өкінішке қарай, әлі күнге дейін ділі мен діні жат, тілі мен болмысы бөтен жұрттың ортақ қазанының қақпағына қарайлауға мәжбүр. Тарихтың қадау-қадау қатпарларынан табаны тайып көрмеген қазақтың өз тіліне келгенде керітартпалығы қайран қалдырады. «Білсем егер өлерін ана тілім, жаным құрбан жолында өлем бүгін», – деп саны аз авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың айтқан сөзі қазақтың да айтатын ұранына айналуы керек бүгінде. Амал қанша, ана тіліміз «айтыла-айтыла жауыр болған, көтере-көтере қадірі қашқан» мәселе болып тұр. «Тілден биік асқар жоқ, Тілден асқан байлық жоқ, Тілден терең теңіз жоқ», – деп Ғ.Мүсірепов жырлағандай, тазалығы мен тереңдігі, өткірлігі мен күштілігі, кеңдігі мен құдыреті мол қазақ тілін төрге оздырудың мәнін таппай қиналғанымызға да жиырма жылдан асыпты. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде тіл туралы қаншама рет Заң қабылданып, бағдарламалар жүзеге асқанына қарамастан, тіліміз толықтай еңсесін тіктеп келе алмай отыр. Қазақ тілін менсінбей, қазақша сөйлеуді арсынатын «бәзбіреулер» өз тілінің тарихын толық білмей, шұрайлылығын сезіне алмай шұбарлап сөйлеуді сәнге айналдырған. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» тарқата білген бабалардың бүгінгі ұрпағы тілімізді шимай-шатпақпен шұбарлап, не өзі, не өзге түсінбейтін шұбалаңқы тіл жасап алған. Одан да «Құлаққа жағымсыз жоқты сөз айтқанша, жүрекке жылуы бар отты сөз айтқаны» бәріне пайда (Майқы би). Мінбеде тұрып алып, қазақ тілінде сөз бастауға қиналып, «орынды сөз айтып мереке қылмай, орынсыз сөз айтып келеке» (Досбол би) болып жатқандары қаншама. Цицеронның «Қысқа қайырып, күшті айтылған ойлар өмірді жаңартуға көп септігін тигізеді» деген ойын бүгінгінің «ақсүйектеріне» қарата айтсақ, тілдің тұғыры биіктер ме еді, кім білсін?!.. Тілдің дамуына тосқауыл да жетерлік… Басқасын айтпағанда, көшеде, қоғамдық көліктер мен түрлі қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілде сөйлеу толық қалыптаспай, ресми тілдің көлеңкесінен сығалауда. Ал тіпті кейбіреулердің қазақ тілінде ойды жеткізу қиын деген сылтауына күлкің келеді де тіпті. Күлкіге қалар жөні де бар, өйткені олар өткен ғасырда қазақ тіліне зерттеу жасаған орыс ғалымы Радловтың қазақ тілінің тазалығына, шұрайлылығына, сөз байлығы мен тіл қолданысының икемділігіне таң-тамаша қалып, оны еуропалық тілдердің ішіндегі сол кездегі халықаралық тіл – француз тілімен тең қойғандығын білмейді. Орыс әдеби тілінің негізін салған А.С.Пушкин шығармаларында 21197 сөз болса, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында 29483 сөз барлығы сөздік қорымыздың молдығына дәлел емес пе? Сонда осындай керемет оралымды тілі бар халықтың ұрпағы бола тұра тіліміздің есіктегі баланың күйін кешкеніне шынымен-ақ налисың. Алысқа бармай-ақ, Өзбекстанға назар аударсақ, олар жастайынан баласына «Сен Өзбекстан азаматысың, сен ғана өз еліңді көркейте аласың!» деп құлағына құйып отырады, бала титімдей күнінен еш қиындықсыз өзбек тілін меңгеріп, Отанына үлкен сүйіспеншілікпен қызмет етеді. Ал Қырғыз елі ше?! Оларда да дәл солай, елім деп еңіреп, тілім деп төсін қаққан өңкей ұлтжандылар. Францияда, Ресейде ұлттық тілді қорғау комитеті жұмыс істейді. Қытайда тілді бұзсаң айыппұл төлейсің. Ал бізде ше?.. Әрине, «қу шөппен ауыз сүрткеніміз» жарамас, біздің елімізде де тілге жанашырлық танытылып, Үкімет тарапынан айтарлықтай қолдаулар мен шаралар жасалынып-ақ жатыр. Елбасы басымдық берген мемлекеттік бағдарламалардың ішінде денсаулық сақтау, білім беру және тіл мәселесі өзекті саналады. Билік осы тіл саясатын өрістету арқылы елімізде тұрып жатқан барлық этностардың береке-бірлігі мен ынтымағын ұйымдастыруды көксейді. Қазақ тілін қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, соның аясында жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, Елбасы «Біздің болашағымыз – жастар, сондықтан мемлекеттік тілдің жастарға серік болғаны дұрыс. Біз бала-шағамызды қалай қадірлесек, болашағымызды да солай қадірлеуіміз керек» деп жастарға да үлкен сенім білдіріп отыр. Қанша дегенмен тілімізді өрістету қаржылық қолдауды талап етеді. Тағы бір айта кетерлік жәйт, біз отбасымызбен жұмысбасты болып жүріп, тек кешкісін дастарқан басында ғана бас қосатынымыз ешкімге таңсық емес. Азаннан қара кешке дейін кішкене бүлдіршіндеріміздің тәрбиесі мен тірлігіне кім жауапты? Әрине, балабақша мен мектеп. Ендеше тілге деген құрметті аталмыш тәрбие ошақтарынан бастау керек. Тіл мәселесінің шешілуі кейінгі ұрпақтың қолында екендігі естен шығармағанымыз ләзім. Дегенмен тәуелсіз 20 жыл ішінде көптеген қазақ балабақша, мектептерінің ашылуының өзі үлкен жетістік. Кеңестік құрсауда отырған жылдары барлық мектептердегі балалардың 22 пайыздайы ғана қазақ тілінде оқыған екен. Ал қазір әр ата-ана өз қалауларымен, тіпті өзге ұлт өкілдерінің өзі мемлекеттік тілде білім алуға құштарлық танытуда. Міне, Елбасының «өзің қазақ болсаң, балаңды да қазақ мектебіне бер» деген сөзі іс жүзінде көрініс табуда. Оған да шүкіршілік. Өріс кеңеймейді деп айтудың өзі сәл ағаттық болар. ХІ ғасырдағы түркі ғалымы Махмұт Қашқари: «Тәрбие басы – тіл» десе, заманымыздың белгілі ақыны О.Сүлейменов: «Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы – сөз» дейді. Жалпы, түркі халықтарының айрықша мән беріп, жан-жақты дамытқаны – сөз өнері. Сөз өнері халық ішінен орақ тілді, от ауызды небір шешендерді шығарған. Олардың сөздері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, неше ғасырлар бойы жалғасып келеді. «Сөзден тәтті әсел жоқ, сөзден ащы нәрсе жоқ, сөзден жеңіл нәрсе жоқ, сөзден ауыр нәрсе жоқ. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл» деген Бөлтірік шешеннің сөзі дәлел. Ендеше бір кездері Абылай жарлығын шашқан, Абай тереңнен толғанған, Жамбыл жырын төккен, Махамбет шамырқанып, Күләш әнін салған ана тіліміздің өрістеп, төрге озуына мемлекеттің саналы азаматы ретінде өз үлесімізді қосайық. Тілді дамыту Үкіметтің ісі деп қол қусырып қарап отыруды енді уақыт көтермейді. Бұл іске бүкіл қазақ – Сіз бен Біз болып атсалысуымыз керек.
Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ, М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясының профессоры

Серіктес жаңалықтары