ЕЛ РУХЫН КӨТЕРГЕН ЕРДІҢ ТОЙЫ

ЕЛ РУХЫН КӨТЕРГЕН ЕРДІҢ ТОЙЫ

ЕЛ РУХЫН КӨТЕРГЕН  ЕРДІҢ ТОЙЫ
ашық дереккөзі
520

Сыр жерінде ерекше салтанатпен аталып өтті

Қабырғалы қазақ елі сара өнер мен дара ерлікті дәріптеуді ұлық тұтқан халық. Ал осындай елдіктің ерен болмысын көрсетуде Сыр елінің шоқтығы биік болып тұр. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өрісті өнегенің, ынтымақ-ырыстың белгісі. Екі күн бойына даңқы тұтас елді шарпыған Бұқарбай батыр тойының тартуы міне, осындай пайым парасатына ие болды.

Батырдың батырлығы әрине, тарих бетінде мәңгілік қалмақ. Ал оның ел жадындағы өрен бейнесін көрсетуде бүгінгі ұрпақ ұйымшылдық көрсете білуі тиіс. Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылы қазір көз сүйсініп, көңіл марқаятын ажарлы қонысқа айналған. Баба тойының ең бір ғажап көрінісі де осы ауылда салтанат құрды. Атауы ауыл болғанмен, келбеті қайсыбір қаланың өзін орап алатын жағдайға жеткен мекен құл­пырып-ақ тұр. Жиналған қонақтар алдымен батыр атындағы мұра­жайды аралап көрді. Құрылысын «Бекбас» ЖШС жүргізген жәдігер­лер мекені той қарсаңындағы ең бір құнды тарту саналады. Мұнда батыр бабаның қылышы мен қазақтың небір тарихи қазынасы бар. Оған қоса, даңқты қол­бас­шының ұрпақтары көздің қара­шығындай сақталған батыр­дың мөрін мұражайдың ашылу салтанатына тарту етті.

Осы арада облыс әкімі Болатбек Қуандықов елдің шынайы ықыласы осындай іске ұйытқы болғанын, екі айға жетер-жетпес уақытта кәсіпкерлердің, халықтың еңбегімен жаңа ғимарат игілікке берілгенін атап өтті.

Мұражайдан іргедегі жаңа аллеяның ашылу рәсіміне бет алған қонақтар ауылға өзгеше өң сыйлаған жарасымды істің куәсі болды. Мұндағы жаңа мешіт те рухы мықты елдің рухани қазынасын толықтырып тұр. Айта кетейік, бұл ауылдағы 1993 жылы салынған мешіт күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған болатын. Баба тойының қарсаңында құны 50 млн. теңге шамасындағы қаржыға ауыл халқының игілігі үшін «Бұқарбай» атындағы жаңа мешіт бой көтерді.

Тойдың сәні ән мен жыр. «Атамекен» әнінен бастап, ел мерейін тасытатын әуендермен көптің көңілін сергітіп тастаған өнерпаздар да аянып қалмады. Осы арада батыр тойына жиналған барша қауымды облыс әкімі Болатбек Қуандықов құттықтады.

– Екі күннен бері Сыр елінде батыр бабамыздың ұлы тойы дүркіреп өтіп жатыр. Той облыс орталығында республикалық конференциямен бастау алды. Онда ғалымдардың еңбегі жан-жақты сараланып, тың деректер айтылды. Сондай-ақ, даңқты қол­басшыға арналған еңселі ескерт­кіш бой көтерді. Бұл ұрпақтар сабақтастығы жолында үлкен өнеге деп білеміз, – деді Болатбек Баянұлы.

Мұнан әрі аймақ басшысы батыр ауылында жасалған қыруар еңбек ел бірлігінің жемісі екенін үлкен толқыныспен жеткізді.

– Осыдан екі ай бұрын осы ауылда болғанымда мына жерде ештеңе болған емес. Мешіттің, мұражайдың құрылысы енді ғана бастау алып жатқан. Ал қазір көріп тұрғандарыңыздай, бәрі басқаша. Бұл халықтың жұдырықтай жұ­мы­лып, ауызбірлік көр­сетуінің арқасы. Мынадай мешітті екі айда, мұражайды бір жарым айда тұрғызып, осындағы барша еңбекке бір кісідей атсалыс­қан көпшілікке алғысымды білдіремін.

200 жыл өтсе де бабамыз елінің, жерінің жетістігін, ырыс-ынтымағын осылай рухтандырып жатқан тәрізді. Бұл бірліктің, тәуелсіздіктің жемісі. Бір ғана мысал, соңғы төрт жылда бірнеше ауыл қайта жаңғырды. Таяуда 110 жылдығы аталып өткен Ғани Мұратбаев ауылы адам танымастай өзгерді. Былтыр Елбасымыз Нағи Ілиясов ауылында болды. Міне осындай, түлеген, жаңа заманның заңғар биігіне жол салған ауылдар қатары 20-ға жетіп отыр. Өркениетті ауылға бұрудың бір көрінісі осы болса керек, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Батыр тойына қатысқан ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф те көпшілікті құттықтады.

– Мен алдымен осындай үлкен іске бас болып отырған облыс әкіміне алғысымды білдіргім келеді. Жаңа ғана батырдың ұрпақтары асқан ыждағаттылықпен сақталған мөрді мұражайға тарту етті. Онда « лә илақа илаллақ» деп жазылған. Бұл «Алладан басқа тәңір жоқ» деген мағынаны білдіреді. Міне, бабасын пір тұтқан халықтың қолдап, жебеушісі осындай құндылықтар болса керек.

Қазір бұл ауылды ауыл деп атауға қимайсың. Гүлденген жер халықтың ақжарқын көңіліндей әрленіп тұр. Мұның бәрі елдің еңбегі деп санаймын, – деді ол.

Батыр тойына келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, белгілі тұлғалар мен өзге қонақтар ауылдың өнер, мәдениет әлеміндегі жаңа жетістіктеріне де куә болды. Соның бірі – «Мұрагер» мектебі. Жас суретшілер мен домбыра үйірмелері, өзге ұлттардан жиналған тұрғындар қонақтарды өз өнерлерімен қарсы алды.

Қазақтың тойы ат шаппай, аламансыз өткен емес. Даңқы тұтас елге күні бұрын мәлім болғанда, жылқы жаратып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін атбегі біткеннің осы тойда олжа салсақ деген ниеті міне, осы Бұқарбай батыр тойы еді. Өйткені алты бірдей темір тұлпар тігіліп, аламанның бас жүлдесіне «Джип» автокөлігінің қойылуы қайсыбір қыл құйрықты жүйрік жаратқан талай адамның намысын жанығаны күмәнсіз.

Сонымен қазақ елінің түкпір-түкпірінен кәнігі сейістер нағыз жүйріктерін осы топқа салды. Алдымен аламан бәйге болды. Ә дегеннен құлақ қайшыласып, айналма жолдың апшысын қуырып әкеткен кіл жүйріктердің шабысын батыр тойының ең бір керемет тартуы десе болар. Жал-құйрығы сүзілген жүйріктерді тақымында толқытқан қаршадай балалардың бақ пен бап бәсіндегі өнері қара құрым халықтың қызу қошеметімен әрленіп кетті. Айтпақшы, бәйгенің қызығы осы аламанда болды. Алғашқы айналымның жарымына барғанда оқыста жығылып түскен баланың астындағы арғымақ үш айналым бойына топтан ажырамай шауып отырды. «Жылқы малдың патшасы» деген даналық сөзге осындайда шын иланасыз. Сол жануардың шабысын шектемей, төрешінің бірі жанаса келіп, тоқтатып әлгі баланы жүйрігіне қайта отырғызды. Осы арада біраз уақыт жоғалтып алған шабандоз арғымаққа қамшы басып, бас-аяғы жарты айналымдай алға кеткен алдыңғы топтың қарасын қуып жетіп, шешуші сәтте мәрені төртінші болып кесіп өтті. Жылқы десе делебесі қозып кететін халықты осы бір ғажайып сәт тіпті, толқытып жіберді. Ат тері мен бала бейнетін бағалайтын азаматтар бізде аз емес. Шабандозға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қожахмет Баймаханов өз есебінен 200 мың теңге жүлде берді.

25 шақырымдық аламан бәйгеде қызылордалық Серікбол Боташевтің Рамазан Күрішбеков мінген өрен жүйрігі топ жарды. Екінші жүлде қазалылық Шахмұрат Рзаевтың еншісінде болса, үшінші орынды алматылықтар алды.

Мұнан кейін топ бәйгеде Шығыс Қазақстан, Алматы өңірінен келген сейістер темір тұлпардан бастап тігілген жүлделерді еншілесе, құнан жарыста шиелілік Әбдіғани Шорабаевтың торысы топ жарды. Сондай-ақ, тай жарысы да тартымды бәсекеге ұласты.

Боз кілемде белдесіп, батпан тасты көтеріп, арқан тартып, білек пен жүрек күшін сынға салған жігеттер де жақсы олжаға ие болды. Қазақ күресінен өткен сында қызылордалық Ерболат Жүсіпов жеңіл автокөліктің кілтін алды.

Бұқарбай ауылдық мәдениет үйінде облыстық мәдениет басқар­масы ұйым­дастырған дастан орын­даушылар сайы­сына еліміздің әр ай­мағынан жиырма жырау қатыс­ты.

Ас пен тойдың қызығы – айтыс. Батыр тойына елімізге белгілі он екі ақын келді. Аузымен құс тістеген сөз ұсталары ел қорғаған Бұқарбайдың ерлі­гін жырмен тербетіп, елдіктің, бірліктің байрағы болар айшықты ойларды ас­қақ­татты.

Көмбе көрінгенде қамшы басатын шабандоздай шаң жұқпас жүйріктер бөлініп шыққан – ақтық айналымдағы төрт ақын жиналған қауымның қолын ұрғызып, жанына өнер ләззатын сый­лады десек, артық айтқанымыз болмас. Жүйелі сөз, өрнекті өлеңнің бал-шарба­тына қандырған ақындар аузынан маржан төгіліп, көрерменге көркемдік сыйын жасады.

Көтерер бұл айтыстың ақын жүгін,

Шешіліп сөйлейтұғын сәтім бүгін.

Бұқарбай алты Алаштың арын арлап,

Халқына қалқан қылған батырлы­ғын, – деген Нұрмат ақын сөзі айтыскер­лердің батыр бейнесін жасаудағы, жалпы айтыс мазмұнындағы озық ой екені де даусыз.

Сонымен, белгілі қаламгер, елге сыйлы ақын Жүрсін Ерман жүргізіп, қазақ өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген есімі мәлім қазылар қорытындылаған «Бай­ра­ғы биік ер баба» аталатын республи­ка­лық айтыстың бас бәйгесі – «Шев­ролет» жеңіл автокөлігін қызылордалық Нұрмат Мансұров жеңіп алды. Бірінші орынның жүлдесі – «Нексия» авто­көлігін арқа­лықтық Айбек Қалиев та­қымға басты. Екінші, үшінші орынның ақшалай жүл­десі екі астаналық ақынға – Бал­ғын­бек Имашев пен Жандарбек Бұлға­қовқа бұйырды.

Осы күні кешкілік белгілі эстрада шеберлерінің қатысуымен галаконцерт шымылдығы ашылды. Жалағаштың түнгі аспанын ән мен отшашу моншақ­тары көмкерді.

Осылайша Бұқарбай батырдың 200 жылдығы батырдың туған топырағында тәлім мен тамашаның, береке мен мере­кенің сұлулығын тағы бір сүйіншіледі.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары