МӘСІМОВ КІДІРТКЕН КӨШТІ
МӘСІМОВ КІДІРТКЕН КӨШТІ
Ахметов жылжыта ма?
Немесе жаңа Үкіметке наз
Сонымен Қазақстан тарихында Үкімет тізгінін ұзақ ұстағанымен ел аузында қалған Кәрім Мәсімов Премьер-министрліктен өз еркімен бас тартты. Мәсімов Үкіметінің Ахметов үкіметіне артып кеткен жүгі ауыр. Ол елдегі әлеуметтік наразылықтар, террористік қимылдардың күн өткен сайын артып отыруы, қымбатшылық және әлі де еңсеріліп үлгермеген бүкіл әлемдік дағдарыстың салқыны.
Соның бірі – кетеуі кеткен қазақ көші. Мәсімов прьемерлік еткен 5 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан үшін маңызды бір стратегиялық саланың біріне айналған қазақ көші-қоны тоқтатылды. Әуелі бүгінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тағына отыра салысымен, кетеуі кеткен көшті жаңа арнаға бұруды мақсат етіп, «Нұрлы көш» бағдарламасын өмірге әкелген. Ұзақ талқылаудан өтіп, көптің ақ батасымен өмірге жолдама алған еді. Алайда оның аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Қоғамды жайлаған жемқорлық салдарынан, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасы сын көтермейтін болып шықты. Ақмола облысының Қызылжар селосына, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қалаларына орналасқан оралмандар үйлерінің 40 градус аязда қақырап, жарылып кеткенін айтып дабыл қаққаннан кейін, «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес комитеті арнайы зерттеу жүргізіп, құрылыс материалдарын үнемдеу мақсатында үйлерді тым сапасыз салғанын анықтады. Сөйтіп жап-жақсы ниетпен басталған «Нұрлы көштің» ғұмыры келте болды.
Мәсімов Бас министр қызметінде болған кезде Дүниежүзі қазақтарының ІҮ құрылтайы өтті. Құрылтайда арнайы баяндама жасаған Елбасы Дүниежүзі қазақтары алдында тұрған міндеттерді былай саралаған еді: «Соңғы жылдары 20 мың отбасылық көшi-қон квотасы орындалмай келедi. Қандастарымыз үшiн есiгiмiз қашанда ашық екенiн тағы бiр мәрте ескерткiм келедi. Екiншiден, «Нұрлы көш» жобасының екiншi кезеңiн жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндiрiстi өңiрлер мен ауыл шаруашылығына кеңiнен тартудың жолдары сараланатын болады. Ол үшiн келген мамандарды қажеттiлiкке байланысты қайта даярлау, қысқа мерзiмде оқытуды қамтамасыз етемiз. Шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшiлiгi – 60 пайызы жастар екен. Әлемдегi барша қазақ жастарының сапалы бiлiм алуына тиiстi жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда бiз оны жасаймыз. Осыған байланысты Бiлiм және ғылым министрлiгiне қандастарымызға бөлiнетiн бiлiм грантының квотасын нақтылап, жүйелi жұмыс жүргiзудi тапсырамын. Әлемнiң әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенге оқуға және қызмет етуге шақырамын. Жаңа дәуiрге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, бiлiмдi жастарымыз аса қажет. Шетелдерде техникалық бiлiм алған қазақ жастарын индустриялы аймақтарға қызмет етуге шақырамыз. Қажет болса, әлеуметтiк қолдау да көрсетемiз.
Үшіншіден, шеттегi қандастарымызды жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазақ тiлiндегi бағдарламалардың санын арттыру, сапасын жақсарту; төртiншi мiндет – қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердiң таралуына кеңiнен насихат жасау», — дей отырып, сол кезде Парламентте жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» заңның кедергілерден ада болуын қадағалауды тапсырды.
Бірақ іс жүзінде Елбасы тапсырмасының барлығы аяқасты етілді. Біріншіден, былтыр күзде қабылданған аталмыш заң ең әуелі Қазақстанға келетін қазақтардың азаматтық алуын біршама қиындатып жіберді. Кейіннен ақпарат құралдарының тынбай жазуының нәтижесінде, Елбасының өзінің арнайы Қаулысымен заңдағы «Келген елінің азаматтығынан шыққаны жөнінде анықтама әкелу қажет» деген бап этникалық қазақтар үшін алынып тасталды. «Нұрлы көш» жобасы Үкіметтің арнайы Қаулысымен тоқтатылды. Мемлекеттік көші-қон квотасы да тоқтатылды. Елдегі көші-қон саясатына орай, Үкіметтің арнайы Қаулысы дайындалып жатыр дегенді айтқалы біраз уақыт болды.. Оралмандардың ендігі тағдыры «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасымен реттеледі делінді де, барлығы жылы жабылды.
Сонымен бірге, тіркеу тәртібінің күшейтілуі, Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға келу визасының уақыты қысқартылуы, визаның уақыты асып кетсе, оларды шекарадан қайта асырып жіберу, Үкімет басшысының арнайы Қаулысымен этникалық қазақтардың Қазақстанда магистратурада тегін білім алуына тыйым салуы – соңғы бірнеше жылдың еншісінде. Демек, Мәсімов Үкіметі тұсында Қазақстан шетелдегі қазақтарды қабылдау үрдісін аса қиындатып жіберді. Ал, Қазақстанға келіп алғаннан кейін, су соққан балықтай сенделіп жүргендерінің өзі қаншама?!.
Ахметов Үкіметінде аздаған ауыс-түйістер болғанымен, негізінен бұрынғы құрам сақталды. Дегенмен, этникалық көші-қонның тізгіні қолында отырған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың орнын алмастырған Серік Әбденов Шығыс Қазақстан облысынан ат ауыстырған екен. Демек, Бердібек Сапарбаевтың шапанынан шыққан оған бұл мәселелер таныс болуы керек. Тек жүйелі түрде жұмыс істеп, бұған дейін қордаланып қалған мәселелерді Үкіметтің оң шешуіне мұрындық бола білсе болғаны.
Есенгүл Кәпқызы