ЖОСЫҚСЫЗ КЕТКЕН ЖОЛАҚЫ

ЖОСЫҚСЫЗ КЕТКЕН ЖОЛАҚЫ

ЖОСЫҚСЫЗ КЕТКЕН ЖОЛАҚЫ
ашық дереккөзі
454

Бағаға құрық қойылар күн қашан? Бұлқынған бағаға базына айтатын бұқараның мұңын кім тыңдайды?Жар құлағы жастыққа тимей тіршілік қарбаласында жүрген жұртшылықтың бүгінгі уайымы да – баға! Соның бір мысалы бүгінде қоғамдық көліктің жолақысы жылдан жылға артып, қарапайым халықтың қалтасын қағуда. Бұл орайда алыстан орағытып, қоғамдық көліктердегі бағаның нарқы пен парқына көз жүгіртіп өттік. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикамыздың әр аймақтарында жол жүру ақысының айырмашылығы айтарлықтай екен.

«Рейтинг.kz» зерттеу агенттігінің «Қазақстанның ірі қалаларындағы қоғамдық көлікте жол жүру ақысының қолжетімділік рейтингі» атты зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша, соңғы бір жарым жыл аралығында еліміздің 16 ірі қалаларының 12-cінде қоғамдық көлікте жүру ақысы көтерілген. Бұл осы қоғамдық көлікті пайдаланатын орта тап пен әлеуметтік аз қамсыздандырылған топ өкілдерінің: қарапайым жұмыскер, зейнеткерлер, студент, оқушылардың, жалпы барлық отбасының бюджетіне әсер етіп, қалтасын қағуда.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейінгі еліміздегі қоғамдық көліктің жолақысының орташа бағасы 51,25 тг құраған (2011 жылдың маусым айында 41,56 тг. құраған еді). Байқап отырсақ, небәрі бір жарым жылда көлікпен жүру тарифі 23,3 пайызға өскен. ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, халықтың негізгі тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі 2011 жылдың шілдесінен 2012 жылдың шілдесі аралығында 4,7 пайызды құрайды. Яғни Қазақстанның ірі қалаларындағы қоғамдық көлік жолақысының өсу динамикасы халық тұтынатын негізгі тауарлар мен қызметтер бағасының орта өсу қарқынынан 5 есеге асып отыр. Сонда қалай болғаны? Қоғамдық көліктің бағасы азық-түліктің бағасынан да артып қымбаттауы неліктен? Қалай болғанда да, қоғамдық көліктің жолақысын өсіру негізсіз деп санайтындар елімізде қалың көпшілік.

Зерттеу агенттігі қолданған кестеге назар аударалық.

Зерттеу нәтижесі бойынша ең арзан қоғамдық көлік жолақысы Ақтау қаласында екен. Ақтауда жолақы – 35 теңге. Бұл көрсеткіш республиканың орташа көрсеткішінен 31пайыз төмен. Ал ең жоғарғы көрсеткіш ірі мегаполисіміз – Алматы қаласында (80 тг, орташа көрсеткіштен 56% жоғары). Бұл жеке және муниципалды автопарк қызметінің жұмысына ерік берген Алматы қаласы әкімдігінің шешіміне де байланысты. Жеке автопарк өкілдері осының арқасында табысқа кенеліп, «қазаншының өз еркі» дегенді білдіріп отыр. Сондай-ақ, муниципалды парктегі газбен жүретін қоғамдық көліктер қала тұтынушыларына қызмет көрсететін 119 маршруттың тоғызы ғана, ал қалғандары жеке серіктестіктердің қолында. Осы салада мемлекеттік меншік үрдісін қолға алатын болса ғана қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы төмендер еді. Дегенмен Алматы қаласы тұрғындары үшін қолданыстағы бағаның қолжетімділік деңгейі халықтың табысының жоғары болуы есебінен сегізінші орынға тұрақтады.

Жоғарыдағы кестеден еліміздің төрт қаласында – Астана, Қарағанды, Қостанай, Оралда жол жүру бағасы көтерілмегенін байқауға болады. Дегенмен де оған тоқмейілсуге болмас. Себебі қоғамдық көлікте жол жүру тарифін үш жылда бір рет қарау көзделген. Сондықтан да осы қалаларда қоғамдық көлікте жол жүру бағасының көтерілуі де әбден мүмкін.

ЖОЛ ЖҮРУ ТАРИФІН КІМ БЕКІТЕДІ?

Қоғамдық көлікте жол жүру ақысының тарифін Үкімет емес, Парламент те емес, жергілікті Мәслихат пен оның депутаттары бекітеді. Таң қаларлық жәйт, қоғамдық көлікте жол жүру бағасын кезекті көтеру барысында аймақтағы бірде-бір Мәслихат депутаттары халықтың жағына шығып, наразылық танытпады. Сонда қалай болғаны? Халық қалаулылары өз сайлаушыларының мүддесіне, халықтың жанайқайына бей-жай қарағаны ма?..

Өз арбам көшке

ілессе болды…

Ата Заңымызда айқындалған «әлеу­меттік мемлекет» пен Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты стратегиялық мақаласында халықтың аз қамсыздандырылған топтарын әлеуметтік қорғау басты маңызға ие екенін көрсеткен.

Халықтың табыс деңгейінің өсуіне қарамастан, қазақстандықтардың көпшілігі үшін қоғамдық көлік негізгі қозғалу субъектісі болып қала бермек. Ал қазіргі қалалық қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасы жолаушылардың денсаулығы мен өмірі үшін елеулі қауіп-қатер келтіріп-ақ тұр. Автобустар маршруттар бойынша тұрақты жүрмейді, жолаушыларды артығымен отырғызып, оралға ешқандай қолайлы жағдай жасамай келеді.

Бәлкім, осындай жағдайлардан кейін жеке көлік алу басымдығы артып, қоғамдық көлікті пайдалану экономикалық тиімділігінен айырылуы мүмкін. Мысалы Алматыда АИ-92 жанар майының шығыны 5 км қашықтыққа 53 теңгені құрайды, яғни қоғамдық көлікте бір жолғы жүру құнының үштен бірінен төмен. Демек, алматылықтар үшін қоғамдық көлікте жүргеннен гөрі өзінің жеке көлігімен жүрген әлдеқайда тиімді болғаны.

Әрине, айтпақ ойымыз – қоғамдық көлікті қойып, бәрің жеке көлік алыңдар деп ұран тастау емес!

Еліміздегі қоғамдық көліктің жолақысын бір қалыпта ұстап, әрі қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет-ақ. Жолақы қымбаттаған сайын қызмет сапасының артуын күтеріміз анық. Сол себепті, соңғы кездегі қалалардағы қоғамдық көлік апаттарының жиілеуін ескере отырып, бұл саланың жұмысын тағы бір саралап алу артықтық етпес еді…

Дәурен Сәкенұлы

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары