БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСҚА ЕЛДЕРДІ ДЕ ҚЫЗЫҚТЫРУДА
БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСҚА ЕЛДЕРДІ ДЕ ҚЫЗЫҚТЫРУДА
19 қыркүйекте Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының IX Форумына арқау болған негізгі тақырып – инновациялық даму және экономиканы жаңғырту ісіндегі қарым-қатынасты нығайту болды. Бұл орайда екі ел президенттері мемлекеттеріміздің ғылыми білім беру әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің: Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Мұның бәрінің басты себебі – әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік. Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды. Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейтесті күйінде қалуда. Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет», – деп атап өткен болатын. Ынтымақтастықтың осы саласында қандай шараларға қозғау салынғаны жөнінде Форумға қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі, академик Бақытжан Жұмағұловтың өз аузынан естуді жөн көрдік.
Инновациядағы ғылыми серпіліс
– Бақытжан Тұрсынұлы, Форумнан түйген ой-пікіріңізбен бөлісіп, инновациялық даму мәселелері бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы білм саласындағы байланыстарды жандандырудың келешегі жөнінде айтып өтсеңіз.
– Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық мәселесіне арналған әрбір форум, ондағы мемлекеттер басшыларының сөйлеген сөздері – еуразиялық ықпалдасу процесін ілгерілетудегі маңызды кезең саналады. Биылғы Форум елдерімізді инновациялық дамыту бойынша ынтымақтастықтың жаңа бағытын айқындап берді. Ең үздік инновациялық өндірістерді бірлесіп дамытудың ауқымды міндеттері қойылды. Алайда, жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярламай, жаңа идеяларды іске асырмай, зияткерлік капиталды дамытпай, яғни білім мен ғылымсыз инновацияны ойлау қисынға келмейді.
Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім, зерттеу және инновациядағы интеграцияның осы үш элементі «білім үштағанының» айрықша қажеттілігін атап өтті.
Сондықтан Форумда біздің аталған салалардағы ынтымақтастығымызды тереңдетуде ерекше маңызды бірқатар бағыттар белгіленді. Қазақстан мен Ресейдің білім саласындағы ынтымақтастығы өте қарқынды жүріп жатқанын айта кету керек. Қазақстанның жоғары оқу орындары Ресей Федерациясының 100-ден астам жоғары оқу орнымен, оның ішінде шекараға жақын жерде орналасқан 27 жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Ресейде 27 мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда. Елімізде әлемдік бренд болып табылатын және әлемдік ғылыми мектептері бар Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы және ғарыш саласы мамандарын даярлайтын Мәскеу авиация институтының филиалы табысты жұмыс істеуде. Шекаралас аймақтардың колледждері арасында да ынтымақтастық орнаған. Мұның бәрі тұтастай алғанда еуразиялық ықпалдасу процесін жаңа кадрлық және зияткерлік жағынан толықтырады.
Форумның шешімдері аясында дамудың жаңа көкжиектері ашыла түспек. Ең алдымен, біздің елдер шеңберінде ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті инновацияларды тиімді жасау және ендіру үшін жаңа тұрпатты мамандарды даярлау керек. Сондықтан, орта мектеп, кәсіптік-техникалық және жоғары білім, ғылыми кадрларды даярлау сияқты білім берудің барлық деңгейлері үшін мамандарды даярлауға қойылатын талаптар қайта қарастырылатын болады. Инновациялық экономиканың қажеттілігіне сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымы, оқу бағдарламалары мен әдістері, түлектердің біліктілігін растау түрлері мен құралдары өзгере бастады.
Тағы бір маңызды резерв – білім беруді интернационалдандыратын әлемдік трендтің бір бөлігі болып саналатын студенттік ұтқырлықты дамыту.
Біз өткен жылдан бастап мемлекеттің қомақты қолдауымен академиялық ұтқырлықты мақсатты түрде ынталандырып келеміз. Қазір біздің студенттеріміз бен магистранттарымыз әлемнің үздік жоғары оқу орындарында бір семестрден бір жылға дейін білім алу мүмкіндігіне ие. Біз жыл сайын шетелге мың студентке дейін жіберіп отырамыз. Атап айтқанда, 200-ге жуық магистрант Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарына жіберіледі.
Мұндай ынтымақтастық әрі қарай да дами бермек, әрі форумның қорытындысы бойынша мемлекетаралық ынталандырудың жаңа тетіктерін іске қосатын боламыз. Әсіресе, екі елді инновациялық дамыту үшін кадрлар даярлау, жаңа өндірістің маңызды жобаларын іске асыру тұрғысынан атқарылар жұмыстар аясы кеңи түспек.
– Сіз сала басшысы ретінде ғана емес, белгілі математик ғалым ретінде ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы не айтар едіңіз?
– Ғылым саласы инновация мен білімнің дамуына негіз жасайды. Сондықтан бұл саланың ауқымы кеңіп, түбегейлі түрде жетілдірілетін болады. Ғылым саласы үшін Ресей – ең негізгі әріптес. Біздің тамыры ортақ ғылыми мектептеріміз, тіпті, 90-жылдардағы қиындықтарға төтеп беріп, бүгінгі таңда қарқынды дамып келеді. Жаһандық ғылыми-технологиялық бәсекелестік шиеленісіп, мемлекетіміз үдемелі инновациялық даму арнасына түскен шақта елдеріміздің ғылым саласындағы ықпалдасуы мүлде жаңаша сипатқа ие болды. Мұндай әлемдік тренд бізден жаңа серпінді, әсіресе, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді. Бұл мақсатта атқарылған жұмыстар аз емес. Қазақстанның ғылыми бағдарламалары бойынша 56 Қазақстан-Ресей жобасы, оның ішінде мемлекетаралық ынтымақтастықтың арнайы ғылыми-техникалық бағдарламасы орындалуда. Бұлардың бәрі ғылымда да, инновацияда да айтарлықтай ілгерілеушілікке негіз болып табылады. Олардың қатарында жаңа медициналық препараттар, ауылшаруашылығы өсімдіктерінің жаңа сорттары, машина жасау технологиялары, минералды шикізатты қайта өңдеу және тағы басқалар бар.
Павлодар форумының шеңберінде әсерлі халықаралық көрме өтті. Онда нақты инновациялық өндірісті дамыту үшін заманауи деңгейдегі бірлескен ғылыми-техникалық жобалар қатары ұсынылды. Бұл жоғары техникалық ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз бола алады. Енді мұндай жобаларды іске асыруды жоғары деңгейге жеткізу міндеті тұр.
Өткен жылы ғылым мен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссияның шеңберінде бұл үшін жаңа база құрылды – түбегейлі жаңа Ғылым және жаңа технологиялар саласындағы қазақстан-ресей ынтымақтастық бағдарламасы әзірленді. Қазіргі уақытта оны нақты толықтыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлының «ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен комиссияның жұмысын жандандыру керек» деген тапсырмасына сәйкес бірлескен зерттеулердің көлемін де барынша арттыру қажет. Біздің тарапымыздан қазірдің өзінде 144 перспективалы жоба бойынша ұсыныстар бар – бұл орындалып жатқандардан үш есе артық.
Олардың арасында жаңа материалдарды жасау, бетонды құрылымдарды арматуралау үшін өте қажетті, нанокөлемді жабынмен бірге базальтты талшықты алудың жаңа технологиясы ретінде және заманауи өндірістің ондаған басқа да бағыттарында қызықты бірлескен жобалар бар. Немесе суды тазалаудың түбегейлі жаңа фильтрлері үшін және медицина үшін тректі мембрана жасау, дәрілік заттарды тасымалдауға бағытталаған электронды оқытудың интеллектуалды жүйесін қалыптастыру, өндірістік әлеуетті дамытуда ғарыштық технологияларды қолдану.
Тиісті келісуден кейін осы жобалардың басым бөлігі мемлекетаралық қолдауға ие болады деп ойлаймын.
Екінші көкейтесті бағыт – зерттеу мобильдігін дамыту. Дамыған елдерде ғалымдардың басқа елдерге барып зерттеулер жүргізу, бірегей жабдықтарда және бірегей технологиялар бойынша жұмыс жасау практикасы кеңінен қолданылады. Бұл ғылымның материалдық базасын интернационалдандырады және ең озық зерттеулерге қатысатын елдердің ғалымдарының спекторын кеңейтеді.
Осындай механизмде Ресей мен Қазақстан мүдделі болмағанда кім болмақ, сондықтан біз осы жолмен жүруіміз қажет. Оның үстіне, Ресей де, Қазақстан да бірлескен зерттеулер үшін көптеген перспективалық алаңдар ұсына алады. Мысалы, бізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп құрылған қазіргі заманғы үш ғылыми орталығы жасақталған Назарбаев Университеті бар. Бұрынғы Семей полигонының базасындағы ынтымақтастық, 5 ұлттық және заманауи жабдықтармен жарақталған ашық үлгідегі 15 инженерлік зертхана және т.б.
2010 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарына жетекші шетелдік профессорларды шақырудың арнайы бағдарламасы ашылды. Онда жыл сайын мыңнан астам шетелдік ғалымдарды шақыру көзделген. Олардың қатарында жүздеген ресей ғалымдары да бар. Бұл тек бастамасы ғана. Форумның шешімдері аясында, енді бірлескен негізде мобильдік зерттеулерді дамытудың жаңа тетіктерін қалыптастыратын боламыз.
Ынтымақтастықтың үшінші бағыты – бірлескен ғылыми жарияланымдар. Таяуда Қазақстанда ғалымдарымыздың әлемнің рейтингтік журналдарында мақалаларын жариялау үшін қомақты ынталандыру жолын қарастырдық. Нәтижесінде екі жылда халықаралық білім капиталын үш есе толықтырдық және де қазақстандық ғылым әлемге кеңінен таныла бастады.
Таяуда жарияланған жаһандық бәсекеге қабілеттілік ДЭФ-те бірқатар индикаторлар бойынша Қазақстанның ұстанымы барынша күшейді. Мысалы, «Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы», «Университеттер мен бизнестің ынтымақтастығы», «Зерттеу қызметтеріне қолжеткізу» және тағы басқалар. Осы ретте шетелдік ғалымдармен бірлескен мақалалар саны да артты. Бұл арада, ресейлік әріптестермен бірлескен жарияланымдар көш басында келеді. Соңғы уақытта алыс шетелдермен жұмыс істеу де өрістей бастады – екінші орында Жапония, үшінші орында АҚШ және т.б. Аталған салада беделді халықаралық басылымдарда Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлескен жарияланымдарын ынталандыру шараларын одан әрі жетілдірмек. Бұл ғылымға да, еуразиялық ықпалдасуға да еліміздің ғылыми беделіне де әкелер пайдасы мол.
– Бұл процеске жоғары оқу орындары ғылымының қаншалықты қатысы бар? Кеңес уақыты кезеңінде де, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де негізгі зерттеулердің ҒЗИ-да және ғылыми орталықтарда өткізілгені, ал жоғары оқу орнының ғылымына немқұрайды қарағаны ешкімге құпия емес.
– Мұндай жағдай Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша түбегейлі өзгертілді. Нәтижесінде екі жылдың ішінде ғылыми зерттеулерді орындауда ЖОО-лардың үлесі елімізде еке есеге артты және алғаш рет ғылыми жобалардың жалпы санының 60%-ына жетті. Бұл мақсатқа сай бағытталған мемлекеттік саясат және де ол негізгі ғылымды университттер қалыптастыратын әлемдік практикаға нақты ілгерілеуді қамтамасыз етеді.
Бұл орайда білімді, ғылым мен инновацияны біріктіріп отырған Назарбаев Университетінің рөлі ерекше. Университет құрылғаннан бастап жаңа және тиімді әлемдік тәжірибені меңгеруге бағытталған.
Осындай жағдайдың арқасында Назарбаев Университеті барынша жоғары инновациялық әлеуетке ие. Бұл «прогрестің ағысымен» келе жатқан кеме сияқты. Ол неғұрлым алға жылжыған сайын соғұрлым діттеген мақсаттарымызға жақындай түсеміз. Мұндай кеменің әрқашан алда келетіні белгілі. Назарбаев Университетінің мұндай әдістері мен тәжірибелері Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарына таратылатын болады. Зерттеу университеттерін қалыптастыру жұмысын қолға алып жатырмыз, инновациялық бағдарланған университеттердегі ғылыми зерттеулер нысаналы ынталандырыла бастады. Олардың саны қазір онға жетті. Ресей де осыған ұқсас жолмен келеді.
Жоғары оқу орындарындағы ғылымның дамуы бірлескен зерттеу бағдарламаларында да көрініс тапқан. Бұл жұмыстардың көпшілігіне еліміздегі университеттер бастама жасап, жүзеге асыруда.
– Ғылымның инновациялық процеспен тікелей байланысы қалай жүзеге асырылатын болады?
– Мұнда да түбегейлі өзгерістер болады. Салалық ғылыми-жобалау институттарына негізделген ғылыми жетістіктерді енгізудің бұрынғы кеңестік жүйесі «келмеске кетті». Ол ашық нарық жағдайында жоспарлы экономикадан тыс бәсекеге қабілетті де бола алмас еді.
Сондықтан ғылымның түбегейлі жаңа инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталды.
Қазақстанда қазіргі уақытта Назарбаев Университетінің шеңберінде әлемдік практикаға сәйкес инфрақұрылымдық элементтердің жиынтығы ретінде интеллектуалдық-инновациялық кластер құрылуда. Осыған ұқсас құрылым басқа жетекші жоғары оқу орындарында да құрылады. Сонымен қатар біз зерттеулерді коммерцияландырудың қазіргі заманғы жүйесін Дүниежүзілік банкпен бірлесіп дамытатын боламыз. Инновациялық процестегі ғылымның «өсу нүктелеріне» қатысты мысалдар ресейлік әріптестердің үлкен қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, біз аталған мәселе бойынша Ресеймен ынтымақтастық орнатуға ықылас танытамыз. Дубнадағы ғылыми қалашықпен, РҒА-ның Сібір бөлімімен, басқа да ғылыми орталықтармен тығыз байланыстамыз, ресейлік «Сколково» жобасымен өзара іс-қимыл жүргізу мәселесін пысықтаймыз.
Екі бағыт бойынша байланысты кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, тәжірибе алмасу. Екіншіден, бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды коммерцияландыру және оларға нарыққа жол ашу.
Бұл істердің барлығы өткен Форумның шешімдеріне қарай Ресей мен Қазақстанның ғылыми-техникалық және білім беру саласындағы ынтымақтастығын жаңа өсу траекториясына, ғылыми жетістіктерді экономикада инновациялық іске асырудың жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді деп сенемін.
– Форумның пленарлық отырысына қатысудан басқа Сіз Павлодарда ресейлік әріптесіңіз – жақында ғана сайланған Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Дмитрий Ливановпен кездестіңіз. Сіздердің араларыңызда қандай әңгіме болды, Сіз бұл кездесуден қандай әсер алдыңыз?
– Оң әсер алдым, кездесу қызықты өтті. Мен Дмитрий Викторовичті қызметімен құттықтадым. Біз бірқатар мәселелер бойынша әңгімелестік. Атап айтқанда, мені оның жоғары білім сапасына қойылатын талаптарды күшейту туралы ұстанымы қызықтырды. Бұл тұрғыда біздердің көзқарастарымыз жақын. Байқоңыр қаласындағы білім беру жүйесі, білім беру мен инновация жүйесінің «өсу нүктелері» – Назарбаев зияткерлік мектептері, «Балапан» бағдарламасы, «Сколково» жобасы туралы әңгімелестік. Әңгіме барысында Ресей тарапының қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің бірегей жобасы – «Болашақ» бағдарламасына қызығушылық танытып отырғандығы байқалды. Бұл жобаға қазір бірқатар ел қызығып отыр. Келесі жылдан бастап Ресейде ұқсас бағдарлама іске қосылады.
Бұған дейін Андрей Александрович Фурсенкомен де жақсы қатынаста болғанмын. Әлі де байланысымыз үзілген жоқ. Ресей Федерациясының жаңа білім және ғылым министрімен өткен алғашқы кездесуіміз өзара түсіністікке жол ашады деп ойлаймын. Мұндай байланыстар мемлекет басшыларының идеяларын, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастама көтерген еуразиялық интеграцияның маңызды тетігі – Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумының идеяларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Әңгімелескен
Ғ.СӘРСЕН