КӨРКЕМ ӨҢІРДІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

КӨРКЕМ ӨҢІРДІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

КӨРКЕМ ӨҢІРДІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ
ашық дереккөзі
282

Біздің бұл оңтүстік өңірге алғашқы сапарымыз емес. Оңтүстікте атқарылып жатқан игілікті істерден жұртшылық әрдайым хабардар. Халқы тығыз қоныстанған бұл аймақ түрлі сары басылымдарының көптігімен де ерекшеленеді. Сан болған жерде, бәсекелестіктің дамитыны да сөзсіз. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» бұл басылымдар оңтүстіктің бүгінгі келбетінен оқырманды үнемі хабардар етіп отырады. Оңтүстік басылымдарының көптігімен ғана емес, қонақжайлылық қасиетімен де елді тамсандырып келеді үнемі.

Сол себепті де болса керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл өңір жөнінде: «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендіруімен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсуімен қатар өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін», – деген екен. Салтын сақтаған, дәстүрін берік тұтынған аймақтың әрдайым іргесі берік, ынтымағы жараса түсері белгілі. Бірлігі жарасқан бұл өңірдің тағы бір кісі қызығарлық қасиеті – еңбексүйгіштігі. Оңтүстікті күн өткен сайын гүлдендіріп, нұрландырып отырған да осы қасиеті болса керек. Әр келген сайын тың өзгерістерімен қуантатын оңтүстік өңір бүгінде шырайлы қалпында. Сонымен бірге, Оңтүстіктің орталығы Шымкент қаласы күн өткен сайын құлпырып келе жатқан әсем келбетімен де көз тартады.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Асқар Мырзахметов оңтүстіктің әсем табиғаты жөнінде: «Әсем де сұлу Оңтүстік Қазақстан облысының тұмса табиғаты да, ұлттық байлығымыз болып саналатын тарихи киелі орындары мен адам қолымен жасалған туындылары да – еліміздің мақтанышы» дейді. Өңір басшысының айтуына қарағанда, соңғы жылдары облыста Өгем жотасындағы керемет табиғи кешенді сақтау мақсатында Сайрам-Өгем ұлттық табиғат паркі ашылыпты. Бұл парктің жалпы көлемі – 150 мың гектар. Сонымен бірге, бұл өңірде соңғы жылдары Қаратау мемлекеттік қорығы ашылған болатын. Бұл қорықтың аумағы 34 мың гектар жерді алып жатыр. Облыста экологиялық туризм мен табиғат байлығын пайдалану мәселелері де тұрақты жолға қойылған. Әрбір оңтүстік жұртшылығы табиғатты қорғау жолында өздерінің елеулі үлестерін қосып жатқандарын еш жасырмайды.

Табиғаты көркем, сұлу келбетімен көз тартатын Оңтүстік Қазақстан облысына биыл 80 жыл толып отыр. Бұл өңірде соңғы жылдары бірқатар елеулі өзгерістер де орын алды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобалар оңтүстік өңірдің шырайына шырай қосқандай. Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Ол Қазақстан Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен бекітілген. Бұл мемлекеттік бағдарлама 2010-2014 жылдар кезеңін қамтиды және Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында алға қойылған мақсаттармен үндес.

Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы Елбасының 2009 жылы 15 мамырда кезектен тыс өткен «Нұр Отан» халықтық-демок­ратиялық партиясының XII құрыл­тайында берген тапсырмасы бойынша, сонымен қатар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының екінші кезеңі болып табы­латын Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарына сәйкес құрылды. Осы орайда, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Нығметулиннің: «Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халық – әр мемлекет экономикасының негізі және зор кадрлық қоры болып табылады. Сондықтан Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Н.Назарбаев әрбір азаматты жұмыспен қамтып, олардың өз кәсібін дамытуына жағдай жасауды тапсырды. Тіптен қажет болса, тұрғындарды жаңа мамандықтарға қайта оқыту қажет екендігін атап өтті», – деуі тегін емес.

Бұған біздің Оңтүстік Қазақстан облысында өткен іс сапар кезінде көзіміз жетті. Оңтүстік өңір саламатты өмір салтын берік ұстанған. Соңғы жылдары нарықтық көшке ілескен бұл өңірде мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірқатар жобалар қолға алынған еді. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл жобалардың барлығы дерлік облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың басшылығымен қолға алынған екен. Біз алғаш аялдаған Сайрам ауданындағы медициналық құралдар шығаратын «Экофарм Интернейшнл» ЖШС да осы индустриялық-инновациялық бағдарламаның басты жемісі. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаған бұл кәсіпорын ТМД елдерінде жүзеге асырылған алғашқы жобалардың бірі. Бұл кәсіпорын медициналық құрал-жабдықтар шығарумен айналысады. Жобаның жалпы құны 1 130 млн. теңгені құрап отыр. Бір рет қана қолданысқа берілетін бұл медициналық құрал жабдықтардың өндіріле бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Биылғы жылы қолдануға берілген кәсіпорын инфузиялық ерітінділерді құюға арналған бір рет қолданылатын жүйе мен бір реттік инелерді жасап шығаруда. Медициналық бұйымдарды өндіру зауытының құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылғалы бері бірқатар өнімдерді өндіріп, өндіріске шығара бастады. Бұл кәсіпорында бүгінде 180 адам еңбек етуде. Әзірге медициналық құралдарға аталмыш мекеме елімізден көптеген тапсырыстар алып жатыр.

СУСЫНҒА АРНАЛҒАН

ДАЙЫН ҚАҚПАҚ

Бұл жобалардың көпшілігі дерлік, соңғы екі жылдың ішінде жүзеге асқан екен. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларыныың қорытындысы бойынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарында 229 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 102, 7 пайызды құраған. «Экофарм Интернейшнл» кәсіпорынынан кейін журналистердің бас сұққан орны «Spirit Казахстан» ЖШС болды. Бұл кәсіпорын сусын қақпақтарын дайындаумен айналысады. Мұнда күніне мыңдаған сусындардың қақпақтары өндіріледі екен. Атап айтар болсақ, жылына 691 200 дана жәшік болса, 27 648 000 дана қақпақ шығарылуда. 2011 жылы құрылысы басталып, үстіміздегі жылы қолдануға берілген кәсіпорында отыз екі адам қызмет етуде. Қақпақ дайындалып жатқан аймақта барлығы дерлік аппараттың көмегімен жүзеге асуда. Инновациялық-индустриялық аймақтың жетекшісі Мырзахмет Сынабаевтың айтуынша, әзірге қолға алынып, жұмыс жасап жатқандары кәсіпорындардың үштен бір бөлігі ғана. Келер жылға шейін, бірқатар индустриялық аймақтар іске асырылатын болады.

– 2012 жылдың басында қосылған мекемелерді өздеріңіз көріп отырсыз, – деп сөз бастады кәсіпорын жетекшісі. – Келер жылы 14 мекеме іске қосылатын болады. 2013 жылдың соңына дейін мекемелердің бәрі жүзеге асқан жағдайда бұл аймақта 6 мың жұмысшы жұмысқа алынатын болады. Ал аймаққа кіріп жатқан инвестиция 31 миллиард теңге шығып отыр. Инфрақұрылым барлығы 6 млрд. теңгеге тартылып отыр. Аймақтың көлемі – 337 гектар. Бас-аяғы 37 жоба. Мұның арасында іске қосылғаны бар, іске қосылатыны бар. 52 жобаның барлығы толығымен іске қосылған кезде 6 мыңдай жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінгі таңда 2,5 мың жұмысшы мұнда еңбек етуде. Бұл біздің облыста ашылып жатқан бірінші индустриялық аймақ болып саналады. Бұдан кейін Төлеби ауданында 95 гектар, Сайрам ауданынан 90 гектар, Ордабасы ауданына 100 гектардай жерді, Шардара, Түркістан аймағынан да индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында арнайы жерлер бөлінуде. Бұл аймақтағы мекемелер толығымен берілгеннен кейін, өзге де аймақтардан өндіріс ошақтарын ашу көзделіп отыр.

– Индустриялық аймақтың жалпы көлемі қанша?

– Аймақтың көлемі 317 гектарды құрап отыр. Бұл аймақтарға салықтық тұрғыдан жеңілдік жоқ. Бұл жерде жеңілдіктің бір ғана түрі бар. Ол подстанса арқылы тікелей энергияны KEGOC-тан алатын болса, сол жағынан ғана жеңілдіктер болады. Мұның өз айырмашылықтары бар. Кәсіпкерлердің бұл жерге келіп жұмыс істеуге құлшыныстары артуының да өзіндік себебі жеткілікті. Мұнда барлығы дайын. Келеді де, дайын инфрақұрылымға қосылады да, өз жұмысын атқара береді.

– Қазір қанша өнім өндіріліп жатыр?

– Ол әр мекеменің өз саясатына байланысты. Бұл жағынан толық мәліметті әрбір мекеме өздері беретін болады.

ОТАНДЫҚ МАЙДЫҢ САПАСЫ ӘЛЕМДІК МАЙДАН ОЗЫП ТҰР

Индустриялық аймаққа кіретін мекеме­лердің бірі – «Юг – Пласт» ЖШС пластикалық құбырлар шығаратын зауыты. Мұнда полипропилен құбырлары өндіріліп шығарылуда. Полипропилен құбырларына қажетті шикізат Жапония мен Корея елдерінен алынып отыр. Мұнай қалдықтарынан жасалатын шикізатты ерітіп, құбыр шығарып жатқан бұл мекеменің өнімдері енді ғана толықтай жүзеге асырылған. Жылына 6000 тонна қуатты өнім алынуда. Жобаның жалпы құны 350 млн. теңгені құрап отыр.

Индустриялық-инновациялық аймаққа кіретін тағы бір жобаның бірі – «HILL Corporation» май шығаратын зауыты. Мұнда жаңа сапалы май өнімдері өндірілуде. Жылына 24 мың тонна май өндіріп жатқан зауыт осыдан екі жыл бұрын жүзеге асырылған болатын. Бұл зауытта бүгінде 226 адам жұмыс істеуде. Осы орайда аталмыш мекеменің атқарушы директоры Кенжетаев Жандос мырза журналистердің сауалына жауап берген еді. Жандос мырзамен әңгімеміз майдың сапасына байланысты өрбіді.

– Бізде өндіріліп жатқан майдың сапасы өте жоғары. Себебі, басқа да әлемдік стандартпен шығып жатқан майлардың базасынан біздің майымыз өндірілуде.

– Осында өндіріліп жатқан майлар қай елдерге таралуда?

– Қазақстанға және Еуропаға, Ресейге, Қытайға таралып жатыр. Еліміздегі үлкен компанияларға, яғни «Қазақмыс», «Қазмұнайгаз» сияқты үлкен компанияларға отандық өнімдерді өткізіп келеміз.

– Бұл мекемеде қанша жұмысшы бар?

– Қазіргі таңда бізде 120 жұмысшымыз бар.

– Зауыттың жұмыс істей бастағанына қанша уақыт болды?

– Үш жылдан асты.

– Сапалы май өндірілгенімен, оның бағасы арзан болса, ол бәсекелестікке шыдай ала ма?

– Жүз пайыз бәсекелесе алады. Біздің өндіріп жатқан өніміміз қазіргі кезде елу пайыздық күш-қуатпен жұмыс істеуде.

– Бұл жобаға қанша инвестиция салынды?

– Жалпы құны есімде жоқ. Бұл мекеменің 2007 жылы құрылысы басталған, 2009 жылы алғашқы өнімін бере бастады.

– Сіздер шығарып отырған май өзінің брендін қалыптастырып үлгерді ме?

– Әрине, бүгінде «HILL Corporation» деген майдың бренді қалыптасты. Жалпы, нарықтың кем дегенде отыз-қырық пайызын жаулап отырмыз.

– Инвесторларыңыз кім?

– Жеке кәсіпкерлер. Осы жоба аясында тағы бір жоба қолға алынып жатыр. Ол 70 гектар жерді қамтитын болады.

– Бренд демекші, компания шығаратын өнімдердің атауын қазақша бренд жасауға болмас па екен?

– Әрине, болатын шығар. Алғашқы кезде қойылған атау болғандықтан, осы күйінше экспортқа еніп кетті. Қазір біздің май зауытында қазақ жігіттері қызмет атқарады.

– Келешекте ашылатын жаңа зауыт қанша адам күшін қажет ететін болады?

– Жаңа зауытта мың адам жұмыспен қамтылатын болады.

– Жаңа зауыт қашан іске қосылмақ?

– 2013 жылы жоба жұмысын бастайтын болса, төрт жыл ішінде толығымен өз жұмысын аяқтайтын болады.

АРАЛДЫҢ ҚҰМЫНАН ЖАСАЛҒАН СҰЙЫҚ ШЫНЫ

Бұл мекемеге кіргенде бірден жап-жасыл шынылардың қалдығы көзге шалынды. Шағын-шағын тас сияқты шыны сынықтары әр-әр жерде үйіліп жатыр. Түрі де ерекше. Жап-жасыл. Үп-үлкен құбырға балқытылып құйылып жатқан қоспаның 75 пайызы Аралдың ақ құмы болса, 25 пайызы Қоңыраттың шикізаты. Екеуінің қоспасынан сұйық шыны мен силикат кесегі өндірілуде.

Біз келгенде, зауытта қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Қып-қызыл өртке балқытылып жатқан сұйықтық лезде силикат кесегіне айналып, дайын күйде жерге түсуде. Қып-қызыл өрттің жалынына қарап тұру мүмкін емес. Ал бізге силикат кесегі мен сүйық шынының дайындалу процесінен хабардар еткен мырза осы зауыттың бас технологы екен. Өзін Қыдырбек Әбдікәрімұлы деп таныстырған бас технолог журналистерге зауыттың жұмыс барысын аралап көрсетті. Шап-шағын ғана мекеме.

Балқытылып жатқан сұйықтыққа қарап, мұның не екенін сұраған едік. Қыдырбек Әбдікәкімұлы оның силикат кесегі екенін айтты.

– Кейін бұл силикат натрийден сұйық шыны шығарамыз. Біздің цехымыз 2011 жылы іске қосылған. Жоспарға сай қазан айынан бастап өз жұмысын бастады. Қазір айына 3 мың тонна силикат өндіріп шығарады. 6 мың тонна сұйық шыны өндіріледі. Бұл сұйық шыны дегеніміз металлургияда, химия саласында пайдаланылады. Біз өндіріп жатқан 3 мың тонна силикат кесегі жетпей жатыр. Біз қазір Ресеймен келісімшартқа отырдық. Біздің өніміміз Ресейге тасымалданады. Жамбыл, Қызылорда облысына жеткізілуде. Сұраныс көп болған соң, реконструкция жасап, пештің қуатын екі есеге арттыруды жос­парлап отырмыз. Сонда келешекте 3 мың емес, 6 мың тоннаға дейін силикат кесегін өндіруді жоспарға енгізіп отырмыз. Әзірге дайын материалдар алынып отыр.

– Керекті материалдарды қайдан аласыздар?

– Мұның көбі Ресейден алынды. Жоба дайын. Мұны екі ай ішінде жұмысқа енгіземіз.

– Зауытта қанша қызметкер бар?

– Елу адам жұмыс істеуде. Мұнда тәулік бойы жұмыс атқарылады. Жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс атқаруда. Күндізгі және түнгі ауысым бар. Біздің цехымыз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Біздің цехта пайдаланылатын шикізат өз еліміздікі. Аралдың ақ құмын алып келеміз. Оған қосылатын соданы Қоңыраттан аламыз. Содамен екеуін алып келіп, пеште балқытамыз. Пешке 25 пайыз сода, 75 пайыз құм салынады.

– Күніне қанша тонна өндірілуде?

– Күніне 5 мың тоннадан 5,5 мың тоннаға дейін өндіріледі. Бұл силикат кесегі шынының алғашқы қоспасы. Бұған тағы біраз қоспалар қосылса, бұдан шыны ыдыс­тар, хрус­таль бұйымдар жасауға болады.

ОҢТҮСТІКТЕГІ ОҢДЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Біз алғашқы күні тоқтаған мекемелердің бар­лығы дерлік мемлекеттік үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ла­масы аясында жүзеге асқан жобалар. Мұның өзінде әзірге толық жоба емес. Алдағы екі жылдың ішінде бұл аймақта тағы да бірқатар кәсіпорындар өз жұмысын бастамақ. Бұл кәсіпорындар жүзеге асырылар болса, мұнда тағы да біраз жұмыс күші қажет болары сөзсіз. Олай болса, оңтүстік өңірде жұмыссыздар санының кемуіне де бұл жобалар өзінің септігін тигізетін еді. Дегенмен, оңтүстік өңір өңдеу өнеркәсібі бойынша нарықтық көшке ілесіп келеді. Өйткені биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында өңдеу өнеркәсібінде 1 адамға шаққандағы еңбек өнімділгі 6 млн. теңгені құрап отыр. Бұл дегеніңіз өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті деген сөз.

Оңтүстік өңірдегі үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасы шеңберінде Индустрияландыру картасына жалпы көлемі 79 жоба еніп отырған болса, алда облыс­та әлі де бірқатар кәсіпорындар дүниеге келетін болады. Олардың арасында қағаз шығаратын зауыт пен мақта өңдейтін өндіріс орны дайын тұр. Бұл өндіріс ошақтарының бірінде қағаз өндіріліп жатса, енді бірі – гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасын, техникалық карбоксиметилцеллюлозасын, тазартылған карбоксиметалцеллюлоза өндірумен айналысуда. Қағаз шығаратын «Қағаз шаһары» әзірге дайын шикізатты өзге мемлекеттен алып, офсеттік қағаздарды, жылтыр қағаз бен жылтыр картонды дайындап отыр. Оның арасында кеңсе қағаздары да бар. Бұл өндіріс ошақтарында өндіріліп жатқан өнімдер еліміздің аймақтарына сату нарығына шыққан. 80 жасқа қадам басқан Оңтүстіктің бүгінгі нәтижелі істері көңіл қуантарлық.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары