БЕЙБІТ ВЬЕТНАМ

БЕЙБІТ ВЬЕТНАМ

БЕЙБІТ ВЬЕТНАМ
ашық дереккөзі
272

Соғыста да, еңбекте де – жанкешт

>…Хошимин әуежайынан шыға келгенде, ең әуелі дымқыл қапырық ауа өкпені қапты. Ылғалдың деңгейі тым жоғары екені тыныс алатын ауа құрамынан да, барлық тегіс жерлерді жапқан жасыл желектен де аңғарылады: көшелерде, ғимараттардың балконында, үйлердің шатырында жайқалып пальмалар өсіп тұр. Бұл елде жерге таяқ тіге салсаң, ол тамыр жайып, ағашқа айналып жүре беретіндей көрінеді.

Хошимин – Вьетнамның оңтүстігіндегі ең ірі қала. Қала тарихы 1887 жылдан басталады. Сол кезден бастап ХХ ғасырдың басына дейін Француз Үндіқытай колониясының астанасы болған. 1975 жылға дейін іргесінде ағып жатқан өзеннің атымен Сайгон қаласы деп аталған. Қазіргі атауы Вьетнамның алғашқы президенті Хо Ши Миннің құрметіне қойылған. Қазір жергілікті тұрғындар қаланы Сайгон деп те, Хошимин де те атай береді.

Вьетнам астанасы Ханой соңғы жылдары жақын аудандарды өзіне қосып іріленгендіктен, жер аумағы Хошиминнен үлкен. Бірақ тұрғын халқының саны бойынша бұл қала астанадан алда тұр.

МОПЕД – ВЬЕТНАМДЫҚТЫҢ

МІНІС КӨЛІГІ

Сайгон жаңа қала саналады. Оның өзі 24 ауданнан тұрады. Орталығы саналатын аудандар әлі салынып жатыр.

Теңіз деңгейінен бір-үш метр ғана биіктікте орналасқандықтан, кей айларда қаланы су басып қалатын кезі де болып тұрады екен.

Соңғы жылдары Хошиминде орталық аудандарында ірі-ірі құрылыс жүріп жатқаны байқалды. Мысалы бір жыл бұрын қалада 68 қабатты ғимарат салынған. Қазір бұл қаладағы ең биік ғимарат, онда түрлі кеңселер орналасқан. Үстінде тікұшақ қонатын алаңқайы бар.

Бұл қалада 300 мың кәсіпорын жұмыс істейді.

Қазір Хошиминде 8 миллионға жуық халық тұрады. Халқының тығыздығы көшедегі көлік нөпірінен де, қаланың ескі аудандарындағы үйлердің тым шағындығынан да көзге шалынады.

8 миллион халқы бар қалада 6 миллионға жуық мопед тіркелген. Тұрғындардың басты мініс көлігі – мопед. Есесіне қала көшелерінде көлік кептелісі жоқтың қасы.

Тұрғындардың жаппай мопедпен жүруінің себебі экономикалық тиімділікте болуы да мүмкін. Түр-түсіне, маркасына қарай мопедтердің бағасы 500 доллардан 8000 долларға дейін құбылады.

ХОШИМИНДЕ – ХО ШИ МИН..

.

Француз басқыншыларынан қалған архитектуралық ескерткіштердің бірі «Нотр-Дам» соборы – қала тұрғындарының бүгінгі мақтанышы. Бұл – Париждегі Нотр Дам соборының айнытпай салынған көшірмесі. Бір-біріне жапсарлас салынған ескі үйлер, көне пагодалардың арасында 19 ғасырдың құрылысы қалаға көрік беріп, туристерге көзайым ретінде бойын асқақ ұстап тұр.

Кез келген қала тұрмысының дең­гейін қара базардан аңғаруға болады. Хошиминдіктер шетелдік туристерді бірден «Биньтань» базарына апарады екен. Мұнда жібектің түр-түрі, қолөнер бұйымдары, түрлі әшекейлер, тіпті белгілі брендтердің көшірме тауарлары сатылады. Базар саудагерлерінің қарапайым тұрғындардан айырмашылығы – аздап ағылшын тілінде сөйлейтіндігі ғана. Күнкөрістің қжеттілігі деген осы да.

Хошиминнің тағы бір тарихи-көрнекті орындарының бірі – Бірлік сарайы. Бұрын Оңтүстік Вьетнам президентінің ордасы болған. 1975 жылы қараша айында Оңтүстік Вьетнам мен Солтүстік Вьетнам республикаларының бірігуі туралы шешім осы сарайда қабылданған. Сол кезден бері бұл сарай «Бірлік сарайы» деп те, «Қайта қауышу сарайы» деп те аталады.

Қазір бұл сарай екі Вьетнамның бірігуінің белгісі ретінде әрі мұражай есебінде халыққа қызмет етуде. Бір қызығы, мұражай болғанымен, қаланың бай азаматтары сенбі-жексенбі күндері сарайдың үлкен мәжіліс залын жалға алып, онда той-томалақ өткізе беретін көрінеді. Социализмнің нарықтық қатынастарға жем болғанының бір көрінісі сияқты…

Сарайда бір ғана адамның суретін байқадық: президент Хо Ши Миннің суреті мәжіліс залының төрінде Вьетнамның қызыл жалаушасы бар тудың астында тұр.

Жалпы, Сайгонда Хо Ши Миннің портреті әр-әр жерден кездесіп қалады. Тіпті әр түрлі номиналдағы ақшасында да – Хо Ши Миннің суреті. Хошимин қаласын Хо Ши Мин елесі әлі кезіп жүргендей…

ТЕҢІЗГЕ ТҮНДЕ БАРМА…

Вьетнам жері – ұзындығы 3260 шақырымға созылған жағалау. Ел аумағында теңіз суына шомылып, демалуға ыңғайлы 120 жағажай бар. Дегенмен, еуропалықтар Муйне, Нячанг және Вунгтау деген курорттық аймақтарда демалғанды тәуір көреді. Мұның бір себебі Еуропада қыс түскенде, Вьетнамның оңтүстігінде ауаның температурасы 28-ден төмен түспейді.

Жалпы, Вьетнамның оңтүстігінде екі-ақ маусым бар: жауын-шашынды және құрғақ. Жылдың қай мезгілінде де күн жылы.

Вьетнам жерін жуып жатқан суды қытайлар «Солтүстік Қытай теңізі» деп атайды. Шындығында бұл – Шығыс Тынық мұхиты. Ал осы теңіздегі аралдарға байланысты Қытай мен Вьетнам арасында өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері созылып кеде жатқан дау бар. Қазір екі елдің үкіметі осы мәселеге орай келіссөздер жүргізіп жатыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда цунами болып көрген емес. Таиландта цунами болғанда, мұнда ешқандай жер сілкінісі сезілмеген. Күндіз теңізді бақылап тұратын пункттер ашылған. Туристерді алып жүрген гидтер түнде теңізге шомылуға тыйым салынғанын ескертеді. Бізге де осындай ескерту жасалды.

ТУРИЗМДІ ТУ ЕТІП КӨТЕРІП…

Вьетнам жылдам дамушы елдер қатарында саналады. Осыдан бес жыл бұрын сырттан келген қонақтарға еуро­палық деңгейде қызмет көрсету сапасы әлдеқайда төмен болған. Санаулы жылдарда елде төрт жұлдызды, бес жұлдызды қонақ үйлер салынып, жоғары санаттағы мейрамханалар ашылды.

Вьетнамда 64 аймақ бар, бұл 64 қала деген сөз. Мысалы Хошиминнің өзі Хошимин аймағы деп санаалды. Шындығында, біз Хошимин қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Фантьет қаласына барар жолда жол бойы бір сүйем бос жатқан жер көрмедік. Қала – аймақ – елдімекен –қала болып бір-біріне ұласып кете береді. Бір қала мен кіші қаланың арасы тек жол сілтейтін бағдар жазулар ғана бөліп тұр.

Бір ғажабы, жол бойында Алматының ішіндегідей екі-үш қабатты коттедж үйлер де көзге шалынды. Заманауи стильде салынған әсем үйлердің тұрғындары «жаңа вьетнамдықтар» шығар деп әзілдесіп те қойдық.

Былтырдан бері Оңтүстік-Шығыс Азия­дағы төрт мемлекетті – Камбоджа, Лаос, Мьянма, Вьетнам – бірігіп, туристерге ортақ бағыт ұсынып отыр.

МУЙНЕ – ОРЫСТІЛДІ

КУРОРТТЫ АЙМАҚ

Фантьет – Вьетнамдағы ең танымал курортты қаланың бірі. 300 000 тұрғын халқы бар. Біз жол тартқан Муйне куроттық аймағы Фантьет қаласының аумағына жатады.

Муйнеде көзге түскен бір ерекшелік – мұнда латын қарпімен вьетнам тілінде жазылған жазулармен бірге кириллица таңбаларымен жазылған орысша сілтемелер де көп екен. Ал шағын дүкендердің көпшілігінде орыс тілінде саудаласуға болады. Осының өзі Муйнеге орыс туристердің көп келетіндігінің анық дәлелі.

Интернетте орыс туристердің алған әсерлері туралы жазбалар да көп.

«Эйр Астана» әуе компаниясы арқылы келесі жылы Алматы– Хошимин бағытында тікелей рейс ашылса, бұл аймаққа Қазақстаннан да туристердің ағылатындығына күмән жоқ.

Хошимин қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Фантьет қаласына біз алты сағатта әрең жеттік. Өйткені елдің ішкі заңына сәйкес, қалалық жолдарда да, қалааралық жолда да көлік жылдамдығын шамадан тыс арттыруға болмайды. Жол қауіпсіздігі ережесінің қатаң сақталатындығы болар, біз Вьетнамда болған алты күннің ішінде бір де бір жол апатына кезікпедік.

17 ЖЫЛ 7 АЙ ЖЕР АСТЫНДА…

Кучи – Хошиминнің солтүстік-баты­сындағы аудан. Бұл елдің тарихымен таныс адамдар атақты Кучи тоннельдері туралы хабардар екені анық. Жер асты жолдары азық-түлік, қару-жарақ қоймасы ретінде 1946-1948 жылы француздармен соғыс кезінде қазыла бастаған екен. Соңынан әр отбасы қазған жер асты жолдары бір-біріне жалғасып, үлкен тоннель құрылады. Ал 60-жылдардың басында осы аудандағы екі деревня тұрғындары қазған жер асты жолдары бір-біріне ұласып, бірікті. 1965 жылы Кучи тоннелінің ауқымы 220 шақырымға жетті.

Кучи тоннельдері үш қабаттан тұрады. Бірінші қабаттың тереңдігі үш метр. Мұнда дәрігерлік пунк, саперлік цех (жарылмаған снарядтарды бөліп, қолдан оқ-дәрі жасайтын орын), жиналыс залы, асхана, демалыс бөлмесі сияқты бір-біріне ұласқан «бөлмелер» орналасқан. Екінші қабат – алты метр, ал үшінші қабат 10-12 метр тереңдікте. Үшінші қабат Сайгон өзеніне жақын жерден қазылған. Партизандар тоннельден Сайгон өзені арқылы басқа жағалауға өтіп кететін болған. Тоннель – ауа кіретін, ауа тазалайтын бөліктері бар, сондай-ақ жауларға арналған «қақпандары» бар күрделі құрылым.

Осындай тоннельдерде 16 000 адам 17 жыл 7 ай (1958-1975 жж. аралығы) соғыс жағдайында өмір сүрген. Ал жер бетінде 2000 адам оларды өмірге қажетті құрал-жабдықтармен, бұйымдармен қамтамасыз етіп, қолғабыс берген.

1978 жылдан бастап Кучи тоннельдері туристерге есігін айқара ашты. Қазір күн сайын 1500 турист келеді екен. Кіру билетінің құны 6-8 доллар.

Біз ұзындығы 30 метрге жететін тоннель бөлігін аралап көрдік. Қараңғылық тұмшалаған жер асты жолында еңбектей немесе белің бүгіліп қана жүріп өтуге болады. Кучи паркі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, қазір бұл тоннельдердің кірер аузын туристерге арнап біраз кеңейткен көрінеді. Шындығында, соғыс кезінде партизандар бейнелеп айтқанда «оймақтай» тесікке кіріп, жер астына «жұтылып» кететін болған. Америкалық әскерилердің «жер асты тұрғындарын» жеңе алмағанының бір сыры да сонда деседі.

…Үш метр тереңдікте отыз метр жерді еңбектеп жүріп өткеннен соң жарық дүниемен қайта қауышқанда, Кучи тұрғындарын неліктен «темір халық» деп атағанын түсінгендей болдық.

МЕН – МИЛЛИОНЕРМІН!

Вьетнамда 1986 жылы ұлттық валютаға деноминация жасалды. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай ақша құнсыздана бастады. Қазіргі бағаммен бір доллардың құны – 20 800 донг. Яғни, Вьетнамда қалтаңызда 100 доллар болса, миллионерсіз, өйткені бұл – 2 миллион сексен мың донгқа тең. Қалтасындағы 200 долларын жергілікті валютаға айырбастаған журналистер шетінен «миллионер» болып шыға келді!

Донг үш пішінде: полимер, қағаз және темір ақша түрінде шығарылады. Бірақ ақша құнсыздануы нәтижесінде, қазір айналымда 100 донг деген мүлде жоқ, ал 200, 500 донг сирек кездеседі. Ең төменгі номиналдағы 200, 500, 1000, 2000, 5000 донг – темір де, қағаз ақша түрінде шығарылады. Ал 10 000, 50 000, 100 000, 200 000 донг ақшалар – полимер қағаздан жасалады.

Біздің ақша реформасы туралы сұрағымызға «Қара халық бұған әлдеқашан бой үйретіп алған» дейді гид.

ҚЫЗДЫҢ КӨПТІГІ – БЕРЕКЕ

Вьетнамда 330 мың шаршы шақырымдық аймақта 90 миллион халық тұрады. Жыл сайын халық саны 1,2 пайызға көбейіп келеді. Сондықтан бала санын шектеуге мәжбүр.

Вьетнамдық отбасылар қазір орта есеппен екі баладан ғана асырап отыр. Одан асса, мемлекет айыппұл салады. Бірақ жергілікті халық күнкөрістің қиындығынан бала санын екеуден асырмауға өздері де тырысып бағуда.

Вьетнамдықтарда бұрыннан келе жатқан «піл туса, шөп өседі» деген мәтел бар. Бірақ қазіргілер бұл мәтелге онша сенбейді. Біз вьетнамдық әріптеске қазақтың «қой егіз туса, бір тал шөп артық шығады» деген мәтелі бар екенін айттық.

Сондай-ақ бұл елде ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлетіні байқалды. Мектептерде әлі күнге дейін пионер, комсомол ұйымдары жұмыс істейді. Жастардың есірткі т.б. қолданбауын, бұзақылыққа салынбауын ата-ана, мектеп пен полиция органдары бірдей қадағалайды. Тіпті елдегі түнгі клубтардың өзі есірткі сатпауға міндеттеме алады, түнгі сағат бірге дейін ғана жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Вьетнамда қыздардың саны басым: 100 ұлға – 112 қыздан келеді. Жергілікті халық «Қыз көп болса, елде береке болады» дейді.

КОФЕ ШЫҒАРУДАН

БРАЗИЛИЯНЫ БАСЫП ОЗДЫ

Вьетнамда қайта құру КСРО-мен бір уақытта басталған. Жергілікті өкіметтің алдындағы ең әуелгі міндет – халықты аштықтан құтқару еді. Елдің басты тағамы күріш сырттан тасымалданатын. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін үкімет егіс егуге әр отбасыға жер телімдерін бөліп берді. Бірақ жерге жеке меншік деген ұғым бұл елде болған емес. Бес адамнан тұратын отбасы 2500 шаршы метр жерге иелік етіп, оған егіс егіп, жемісін көреді, бірақ жерді сата алмайды.

Ауылшаруашылығында мемлекетке төленетін салық бес пайыз шамасында белгіленген. Осылайша, біртіндеп Вьетнам халқы аштықтан құтылды. Қазір Вьетнам күріш экспорты бойынша әлемде екінші орында.

Сондай-ақ биыл бұл ел кофе экспорты бойынша Бразилияның алдына шығып, әлем бойынша ең ірі кофе шығарушы мемлекет атанды.

Бұдан басқа Вьетнам мұнай, каучук, шәй, аяқ киім мен киім-кешекті де экспортқа шығарады.

ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕРІНБЕЙ…

Вьетнам халқы шындығында соғыс пен қиындықтан, аштық пен жоқшылықтан көз ашпаған халық. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Вьетнам француздармен тоғыз жыл соғысты, одан соң америкалықтармен он сегіз жылдай соғысты.

Бірақ қазіргі жергілікті халыққа қарап оның тарих жолы соншалықты бұралаң болғанын аңдап байқау мүмкін емес.

Еуропалықтарды жергілікті халықтың тым қарапайымдылығы, қонақжайлылығы тамсандырады.

Нендей қиындыққа болса да көнбіс мінезі, қандай ауыртпашылықты да мойымай көтеретін төзімділігі қазаққа ұқсайды. Бұл халыққа қарап өзгенің мүлкіне көз тікпеген, пешенесіне жазылған жазмышты қайыспай көтерген ел түбі адал еңбек пен маңдай тердің арқасында дүрілдеп дамитындығына шүбә келтірмейсің. Қой мінезді қазаққа қарапйым вьетнамдықтың жанкешті еңбексүйгіштігін берсе дейсің, шіркін…

Алматы – Хошимин – Фатьет – Муйне – Хошимин – Алматы

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары