24 ҮКІМЕТ АУЫСҚАН ЕЛДЕ

24 ҮКІМЕТ АУЫСҚАН ЕЛДЕ

24 ҮКІМЕТ АУЫСҚАН ЕЛДЕ
ашық дереккөзі
211

250 мың долларың болса, министрлік алыс емес

Қырғызстанның жаңа үкіметінің жасақталуы бұл жолы өте тез болды. Бір аптаның ішінде үкіметті жасақтайтын парламенттік коалиция құрылып, ұсынылған үкімет басшысы және үкімет мүшелері мемлекет басшысының жарлығымен қызметтеріне бекітілді. Өлке тәуелсіздігін алғаннан бергі жиырма бір жылда Үкімет 23 рет ауысып, 24-ші Үкіметтің басына жиырма бір жыл бойы әр түрлі үкіметтік мекемелерде жетекшілік қызметтерде жүрген Жантөре Сатыбалдиев келді.

Үкімет құрамында көп өзгерулер болған жоқ. Өйткені парламенттік көпшілік коа­лициясына мүше фракциялар өздерінің квотасымен келген министрлерді орнында қалдырды. Сондай-ақ, оппозициялық азшылыққа қосылған бабановтық «Респуб­лика» партиясынан бір адам – төтенше жағдайлар министрі Қубатбек Боронов өз қызметінде қалды. Жаңа үкімет мүшелерінің ішінен – әлеуметтік даму министрі болып Қылычбек Сұлтановтың тағайындалуы жұртшылық арасында біраз түсінбеушілік туғызған. Жас министрлердің бірі – 36 жастағы Қылычбек Сұлтанов 1994 жылы Бішкек политехникалық техникумын техник-электронщик мамандығы бойынша аяқтап, «Қырғыз Рухы» деген еркін газетте біраз жыл беттеуші-дизайнер болып істеген. Сосын кроссворд, сканворд жариялайтын газет ашып, 2002 жылы «Супер-инфо» деген мәліметтік-көңіл ашар газет шығара бастаған. Қырғызстандағы қырғыз тілінде шығатын газеттердің бір де біреуі төрт-бес жылдан бері жалпы санын он мыңға жеткізе алмай келе жатса, көлемі 32 беттік «Супер-инфоның» таралымы соңғы жылдары жүз мың данадан төмен түскен емес. «Қолында күлшетайы бар бала ыстық» демекші, газет Қылычбек Сұлтановтың беделін көтерді. 2008 жылы Қырғызстанның қоғамдық телеарналарының бірі – ЕлТР-дің президентінің орынбасары қызметін қоса атқарды. Биыл жыл басында Қырғызстанның ең басты телеарнасы –Қырғызстанның қоғамдық телерадиокорпорацияның байқаушылар кеңесінің төрағасы болып сайланған. Екі жыл бұрын қазіргі Парламентті сайлау алдында «Ата Мекен» партиясына кіріп, партиялық тізіммен сайлауға қатысты. Фамилиясы 37 орында тұрғандықтан депутаттыққа іліккен емес. Енді «Ата Мекен» фракциясының атынан министрлік креслода қонжиып отырған шағы.

«Верстальщик министр болды» деп жазуда ақпарат құралдары. Олай айтты деп өкпелемеймін, мен журналистикада өстім, жетілдім. Ісімді ылди басқыштан жоғарыға көтердім. Менеджерлік тәжірибем бар.Экономиспін. Экономистер қай саланы болса да алып кете алады. Үлкен жауапкершілікті сезіп отырмын. Мемлекеттік қызметтің өзіне тән ережелері бар екен. Аз ұйықтап, көп істеп жүрмін», – дейді әріптесіміз.

Үкіметтегі екінші жаңалық, көпшілік коалициядағы белгілі саясатшы Феликс Құлов басқарған «Ар-Намыс» фракциясы өз өкілдері финанс министрі Ақылбек Жапаровты қайта ұсынбай, орнына депутат Ольга Лаврованы алып келді. Өзінің орнын иелеген Ольга Лаврова туралы Ақылбек Жапаров оң пікірде. «Ол қаржы саласында ысылған мамандардың бірі. Бұрынырақта аудитор, финанс министрінің орынбасары болып істеген, Мемлекеттік әлеуметтік қорды басқарды. Ісіне берік, отанын сүйген азамат. Саладағы реформаларды алға жылжытып кетеді деп сенемін», – дейді экс-министр. «Отанын сүйген азамат» деп оның аздап қырғызша сөйлегеніне, сөйлеуге әрекет жасап жүргеніне де байланысты айтып отыр. 12 қыркүйекте Үкімет үйінде ант беру рәсімінде ол қырғызша сөйлеген. Дегенмен, көпшіліктің мысы басты ма, абдырап, қолын Конституцияға қойып ант беруді есінен шығарып алып, екінші рет орыс тілінде ант берді.

«Ар-Намыс» фракциясынан Үкіметтің жоғарғы эшелонына Камила Талиева вице-премьер-министр болып кірді. Ол негізінен үкіметтің әлеуметтік саласын үйлестіреді. Депутат Талиеваның бұл үлкен қызметке келуіне байланысты «партия лидері Феликс Құлов оны партиядан шығару үшін жоғарылатып жіберді» деген сөздер көп айтылып жүр. Мемлекеттік қызметке кіріскен адам дереу партиядан (уақытша) шығарылады.

Бабановтың үкіметі тұсындағы вице-премер-министр Жомарт Отарбаевтың тасы өрге домалап, бірінші вице-министр болды. Ел-жұрттың арасында ең көп жағымды пікірге ие үкімет мүшесі осы кісі. Тіпті, бұл кісі премьер-министр болса, Қырғызстан экономикалық жақтан оңалып кетер еді дегендер жетіп артылады.

Қазіргі үкіметке, билік жүйесіне елдің көзқарасы біркелкі емес. Бұдан екі жыл бұрынғы 4-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңештің депутаты Әлішер Мамасалиев : «Бүгінгі биліктің ең негізгі проблемасы – бұл кадр мәселесі. Себебі, Үкіметтің құрамы министр қызметіне талапкердің өз мамандығы бойынша біліктілігіне қарап емес, саяси сауданың негізінде жасақталуда. Коалицияның фракциялары кейін өздері ұсынған министрдің қалай жұмыс істегеніне жауап бермейді. Бүгін, егер министр болам десең, бір ғана талап керек. Қалтаңда 250 мың доллар болса министрлік орын жөнінде фракция лидерімен сөйлесуге болады.Қазіргі қалыптасып жатқан жүйе үкіметке жаңа прогрестік күштердің келуіне жол бермейді. Бұл жүйені мен фракциялық сыбайластық деп есептеймін», – дейді.

Жоғарғы Кеңеште сыбайластықтың белең алғаны кейінгі кезде айқын аңғарылуда. Депутаттар жеке мүдделерін қорғау үшін дәлізде ғана емес, жиналыс жүріп жатқан кезде де төбелесіп қалатынды шығарды. Өткен аптада «Ата Жұрт» партиясының жетекшісі Қамшыбек Тәшиев Қажымұрат Қорқмазов деген депутатты дәлізге шыққанда ұрмақ болып қорқытқан еді. Ал енді «Ата Мекен» партиясының лидері Өмірбек Текебаев жиналыс залында «Ата Мекен» фракциясының құрамынан жақында шыққан депутат Өмірбек Абдрахмановпен жұлқыса кетіп, залдағыларға да, теледидардан қарап отырған көрермендерге де «концерт» қойып берді.

«Біздің азаматтардың парламентті ұнатпайтынын негізді деп есептеймін. Парламенттің қазіргі құрамы мінсіз емес. Ұры-қарысы да, бандиті де, рэкеті де бар, Ақаев және Бакиевпен бірге істеген сыбайлас жемқорлар да тола. Олардың тәжірибесі, моральдық ұстанымдары ғана емес, білім деңгейлері де әр түрлі», – деп жақында ғана журналистерге сұхбат берген экс-спикерлердің бірі Өмірбек Текебаевтың деңгейі көшедегі бұзақы балалардікіндей болып шықты. Өмірбек Абдрахманов болса: «Текебаев екінші рет жөнсіз тиісіп жатыр, үшінші жолы тиіссе қалтамдағы өзіме заңды тіркелген тапаншамды алып, атып тас­таймын», – деп ол жүр.

15-қыркүйекте республиканың бас прокуратурасы «Ата Мекен» фракциясының депутаты, парламенттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің басшысы Тұратбек Мадылбековтың Бішкек қалалық прокуратурасында прокурор болып істеген ұлы Елдар Мадылбековты қамауға алды. Оған бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің жақындарына тиісті үйді жасанды құжатпен меншіктеп алды деген айып тағылып отыр. Артынша бұл іске қатысы бар делініп «Ата Жұрт» партиясының депутаты Садыр Жапаровқа қарсы қылмыстық іс қозғалды. «Ата көрген оқ жанар бала өседі» демекші, өз баласын қадағалай алмаған депутат сондай жауапты бөлімнің ісін әділ жүргізіп отыр ма деген ойға еріксіз берілесің.

ТМД аясында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «демократия аралы» болған Қырғызстан 2010 жылдың сәуір айынан бері демократияны қайта қалпына келтіреміз деп әрекеттенуде. Қазір сөз, пікір айту еркіндігі басым. Сондай-ақ өлке сыбайлас жемқорлыққа қайта бағыт алған сияқты.

12 қыркүйекте Президент Алмазбек Атамбаев үкімет мүшелері ант берген мәжілісте: «Құрметті министрлер! Істеріңді мекемелерде кадрларды ауыстырудан бастамаңыздар. Бәрін айдап, достарыңды, жерлестеріңді, сыныптастарыңды, тағы басқаларыңды жұмысқа алу сияқты теріс көрініс қайталанбасын», – деп талап қойған. Осы күні ант берген Премьер-министр Жантөре Сатыбалдиев Үкіметке қарасты Есірткіні бақылау бойынша мемлекеттік қызметтің төрағасы Кеңешбек Дүшебаевты босатып, төрағалыққа Әлімбай Сұлтановты тағайындады. Экс-премьер Өмірбек Бабановтың бұйрығымен келген милицияның генерал-майоры К. Дүшебаев бұл қызметте қырық күн ғана істеп үлгерген. Оның орнын иелеген генерал-майор Ә. Сұлтанов мемлекет басшысының бел құдасы екен.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары