«АСЫҚПАҒАН АРБАМЕН ҚОЯН АЛАДЫ», БІРАҚ...

«АСЫҚПАҒАН АРБАМЕН ҚОЯН АЛАДЫ», БІРАҚ...

«АСЫҚПАҒАН АРБАМЕН ҚОЯН АЛАДЫ», БІРАҚ...
ашық дереккөзі
2771
Өкінішке қарай, бүгінгі Қазақстанда байғұс қазақ тілі ат-көлігі арып-ашып, арбасының доңғалағы қисалаңдап, өмір көшіне ілесе алмай айдалада қалып бара жатқан бір ғаріп жанның күйін кешуде. Ал қазақтар әлі сол асықпай арбамен қоян аламыз деген «әгугәйі» мен «әләуләйін» айтып, көштің шаңына көміліп қалып бара жатқанын білмей, өзін-өзі жұбатумен жүрген жұрт сияқты… Әлгі айтылған екінші азабы, яғни тән азабы тілі бар, сөзі жоқтықтан басталады. Қазір Қазақстандағы қазақ тілі өзінің бүкіл бет-бейнесінен, бүкіл ажар-көркінен, кескін-келбетінен, түр-түсінен айрылған, орысшаның аудармасына, ксерокөшірмесіне айналғандай. Осы сөйлемде біз бір ғана бет сөзінің қаншама баламасы бар екенін, тіліміздің соншалықты бай екенін ишаралап бейне, көрік, кескін, келбет, түр, түс деген баламаларды қосып, әдейі лекіте сөйлеп отырмыз. Сол бір ғана «бет» сөзінің әлі де сықпыт, сиық, ұсқын, репет, бәшара сияқты баламалары бар, оның бәрін терсеңіз, бір «бетіңіздің» өзі 30-ға жуық «бет» болып шығады және солардың әрқайсысы жағымды, жағымсыз, ащы, тұщы райда өз орнымен, өз әуенімен айтылады. Мысалы сұлу адамды қазақ ешқашан ұсқынды, сықпытты, репетті демейді, керісінше, сиықсыз адамды «ұсқыны жа­ман», «сықпыты жаман», «репеті ке­ліс­пеген адам» дейді. Мұны айтып отырған се­бебіміз, бүгінгі Қазақстанның бүгінгі қа­зақтары туған тілінің әлгіндей толғауы тоқ­сан иірімдерінен, айтылуы бір болса да әлгіндей жағдайларда алуан-алуан бояуға малынып, алуан сыр мен сипаттан белгі беріп отыратын ғажайып әсерлілігінен мақұрым қалды. Себебі бүгінгі қазақ тілі тек туған күн, жуған күндерде пәленшекең, түгеншекеңдердің 80, 90, 100 жылдық мерейтойларында қолданылатын дастархани, ең әрі кеткенде ауыл-үйдің айналасындағы күйбең-күйкі тірліктің тілі деңгейінде ғана қалып бара жатқандай. Соның өзінде ара-арасында «вообщем», «короче», «нормально» сияқты орысша «гарнир» сөзбен әлеміштеніп қолданылады. Ал үкімет, ел басындағы қазақтар өткізетін жиындар мен мәжілістердің көбі бір-екі минуттық қана қазақшамен басталып, қалғаны орысша сайраумен өтеді. Міне, ұлттық тілің туралы осындай қайғы-мұңды айта бастасаң-ақ бүгінде өзін-өзі «толерантный», «цивилизованный», «светский» деп атауға көшкен кейбір қазақтар «асықпау керек», «бәрі бірден бола қоймайды», «асықпаған арбамен қоянға жетеді» деп көсемси жөнелгенде мұндайларға бірнәрсені дәлелдеудің өзі діңкеңді құртатынын біліп тағы да үнсіз қоя саласың. Сосын әлгі «асықпайтындарға» қарсы: «Айналайын, қазағым-ау, асықпайық деге­ніңе жиырма жылдан асып кетті ғой! Осы Қазақстанда тұратын орыстың көбісі қазақ тілін үйренейік, ең болмаса «нан», «тұз», «су», «сүт», «ет» деген екі-үш-ақ әріптен тұратын сөзін айтып үйренейік дегенін естідің бе? Өйтпек түгіл қазақтың асын ішіп, осы елдің бүкіл игілігін қазақтан артық болмаса кем пайдаланып отырмаған орыс-славяндардың «Лад» деген қозғалысының Максим Крамаренко деген төрағасы» қазір қазақтың жоғарғы билік басындағылар Ресей мен Қазақстан арасындағы интеграциялық үдерістерге кедергі келтіретін болды және орысқа қарсылық, Ресейге қарсылық күшейді», – дей келіп, «бұл үшін қазақтың ұлтшыл оқшауланушылары (национал-изоляционисты. – М.К) орыс тұрғындарын ассимиляцияға ұшы­ра­ту­ға, ресейлік-қазақстандық тарихи және мәдени байланыстарды бұзуға ба­ғыш­тал­ған «тіл мәселесін» қару қып отыр»–деп қазақ даласын ашулы айғаймен «жаңғыртқанын» қадап айтқың келеді. Қазақ тіліне қарсы мұндай айқай-ұйқайдың аржағында бір жағынан қазақтың «тыныштықсүйгіштігін», жуастығын, қазақ басшыларының отарлықтан арыла алмаған құлмінезін басыну мен баяғы «ұлы орыстық», шовинистік аурудың ащы ызғары тұрғаны беп-белгілі. Ойлап көріңізші, қазақтар өз еліндегі ана тілін ауру-сырқауынан айықтыруға, өз елінің қақ төріне отырғызуға асықпай арбамен қоян қуалап қана ілби берейік десе, орыстар неге алдын-ала айқайға ойбай қосады? Өйткені олар ең алдымен қай елде кімнің тілі үстем болса, сол ұлт қай жағынан да үстем, күшті болатынын өте жақсы түсінеді. Әттең, екі сөзінің бірінде «алуан түрлі инициативалар көтеріп» отырған қазақ басшылары Крамаренко сияқты қарапайым орыс ғана білетін осы нәрсені білмейтіні өкінішті-ақ! Сол қазақ атқамінерлері ауылдағы қитабан қазақтан бастап, шаһарда шорты киіп шошаңдап жүрген шәлтік қазаққа дейін құлағына құйып тастаған «Елімізде тыныштық» деген сөз бар. Бірақ сол тыныштық қазақ халқының көнтерілігі, көмпістігі, жуастығының арқасында ғана сақталып отырғандығы ескеріле бермейді.Сол орыс-славян орталығы, сол Крамаренко, сол Бунаков сияқтылар егер Қазақстаннан басқа не Түркіменстанда, не Әзірбайжанда, не Өзбекстан мен Тәжікстанда, не Армения мен Грузияда ұлттың тіліне, не дініне қарсы бір сөз айтып көрсінші… Құдай сақтасын, ертеңіне туған-туыстары солардың орнын таппай қалуы да мүмкін-ау! Ал бізде ше? Олар тек Қазақстанда ғана осылайша аузына келгенін сөйлейді. Иә, отаршылдық ауруынан, шовинизм шошымасынан айыға алмаған кейбір орыстар, әсіресе Қазақстандағы орыс газеттері қазақ тілінің өз елінде адымын аштырмаудың небір саяси қитұрқыларын қолданып бағуда. Олар бұл үшін тілі орысша шығып, орысша ауызданған, орысша сөйлейтін қазақтарды өз ұлтына қарсы сөйлету үшін небір әнжілік сұрақтар, сұхбаттар ұйымдастырады. Ал тілі орысша шыққан, орысша сөйлейтін адам ешқашан таза өз ұлтының перзенті бола алмайды. Яғни, дана шайыр Әбубәкір Кердері айтқандай, қашанда «тілі екеудің – діні екеу». Қазақ тілін Қазақстанда қарға адым аттатпау немесе екінші сұрыптағы тіл етіп қойғысы келетін кейбіреулер қазақ азаматтары арасындағы ұлтшыл-патриоттарды да жұртқа жеккөрінішті, тіпті, ел бірлігін бұзушылар ретінде көрсетуге күш салуда. Ал Ресейде «Россия только для русских!», «Очистим Россию от чужеземцев!» деп айқайлап жүргендердің көпшілігі орыстардың ұлтшыл-патриоттары. Соңғы сайлау кезінде Путиннің өзі орыстың ұлтшыл-патриоттарына арқа сүйегенін де көрдік. Сонымен қазақтар өз елінде қазақтың тілі мәселесіне келгенде де, ұлттық салт-дәстүрін, ата-баба дәстүрін жаңғырту, жалпы ұлттық намыс пен ұлттық ой-сананы ояту мәселесіне келгенде де әлі арбамен қоян аулаумен келеді. Ол аз болса, «көш жүре түзеледі» деген өзін-өзі алдарқату мақалы тағы бар. Ал ол көштің басталғанына міне, 21 жыл болды. 21 жылда түзелмеген тіл көші енді түзелуі «әй, қайдам…» Дэвид Кристал деген ғалымның «Тіл ажалы» деген еңбегін оқығаным бар. Сонда ол кез келген ұлтты жойып жіберу үшін сол елге қостілділік саясатын енгізсе жетіп жатыр дейді. Ал Қазақстанның кейбір мектептерінде биылғы 1-ші қыркүйектен бастап үштілділік енгізілді, яғни ағылшын тілі 1-ші сыныптан бас­тап мәжбүрлеп оқытылуда. Бұл қазақтың миын өзге ұлттардан өзгеше артық ми ету үшін жасалып жатыр деп ешкім де айта алмайды. Бұл – есі дұрыс қазақ еңіреп жылайтын жағдай. Керісінше, сәбилеріміздің миына жүк түсірудің және ұлағатсыз ұрпақты ұлтсыз, дүбәра ұрпаққа айналдыру ма деп қорқамыз. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір қазақтардың құлағына «көп тіл білген пайдалы», «көп тіл білу керек» деген сияқты әнжілік, яғни негізсіз сөздер сіңірілуде. Аңқау қазақ соған еріп, орысша сөйлеуі аз болғандай балаларын ананың да, мынаның да тілінде оқытатын мектептерге, колледждерге беруде. Ал орыс, ағылшын, француз, неміс, испан ешқашан басқа тілді үйренейік, көп тіл білейік демейді. Олар өйткені бірнеше тілде сөйлеген бала өсе келе нағыз өз ұлтының қамын ойлайтын, жүрегі ұлтым деп соғатын адам болмайтынын біледі. Ондай бала өсе келе ұлты, нәсілі, діні, тілі дүбәра, шөре-шөре біреу болып шығатынын күнделікті өмір көрсетіп отыр. Қазір өз тіліне, өз ұлттық болмысына қарсы шығып, өз ұлты туралы орыс газеттеріне аузына келгенін сөйлеп сұхбат беріп жүргендердің басым бөлігі орысша оқығандар. Орысша жақсы сөйлейді. Ондайларды Мәскеудің, шетелдің жоғары оқу орнын бітірген деп үлкен-үлкен қызметтерге қою да біздің қоғамның не біліксіздігі, не кейбіреулердің өздері орысша оқығандығының кесірінен болып отыр. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Біз әлі де болса Ресейдің отаршылдық, империяшылдық, шовинистік саясатынан түпкілікті арылып кете алмай отырмыз. Ресей патшалық Ресей кезінде қазаққа қарсы қандай саясат жүргізсе, кеңестік Ресей сол саясаттың сыртынан «интернационализм» деп аталатын қызыл көйлек киген саясат жүргізді. Ал қазіргі Ресей енді алуан түрлі «одақ», «ұйым», «кеңістік» деп аталатын желбір жалауларды ойлап табуда. Соған байланысты қазір орыс тілі Қазақстанда тіл саясатының қақ төрінде отыр. Ал төрде қонақ қана отырады. Қонақ ерте ме, кеш пе, үйіне қайтады. Демек үй иесі өз төрінде өзі отыру керек. Тіл де солай!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары