ӨНЕГЕГЕ АЙНАЛҒАН ТҮРКИЯ

ӨНЕГЕГЕ АЙНАЛҒАН ТҮРКИЯ

ӨНЕГЕГЕ АЙНАЛҒАН ТҮРКИЯ
ашық дереккөзі

Анкарадағы ең ірі индустриалдық аймақты көрген қазақ делегациясы түрік инвесторларын ел экономикасына тартуға мүдделі. Аз уақыттың ішінде қарызға белшеден батқан Түркияны борыштан құтқарып, тұралаған экономикасын аяғынан тік тұрғызған түрік үкіметінен қазақ шенеуніктері қандай үлгі-өнеге алмақ?

БАУЫРЛАС ЕЛДІҢ БАҒЫТЫ – БІР

Өткен аптада Анкарада өткізілген инвестициялық конференцияда қазақ шенеуніктері Түркиядағы ең ірі деген бизнес өкілдеріне Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы жан-жақты ақпарат берді. Н.Назарбаевтың түріктер еліне таяу уақытта жасайтын ресми сапарына дайындық ретінде ұйымдастырылған бұл шараға ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев бастап барған қазақстандық делегация құрамындағы аталған министрлік қызметкерлері, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, қаржы, көлік, экономикалық даму және сауда министрліктерінің, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстары мен еліміздегі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАгро» т.б. шаруашылық нысандарының өкілдері әрі Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Инвестициялық конференцияға түріктер тарапынан экономика министрінің орынбасары Мұстафа Север, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері атсалыс­ты. Үстіміздегі жылдың 11-13 қазанына жоспарланған Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарында екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы экономикалық жобалар талқыға салынбақ. Кездесу шеңберінде кеңесетін мәселелер арасында Қазақстандағы біріккен қазақ-түрік индустриалдық аймақтарды қалыптастыру да бар. Бұл орайда вице-министр Мұстафа Север қазақ және түрік инвесторларын Қазақстан мен Түркияға тартуда тиімді ұсыныстар түзілген жаңа құжаттарды дайындап, жаңа келісімшарттарға қол қою арқылы екіжақты ынтымақтастықты дамыту аса маңызды екендігін айтты. Қазақстан мен Түркия басшылары жетекшілік ететін Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің маңыздылығына тоқталған елші Түймебаев мырза қазандағы ресми іссапар барысында аталған Кеңестің алғашқы отырысы өтетінін жеткізді. «Бұл ұйым екі ел арасындағы экономикалық серіктестікке жаңаша леп береді», – деп мәлімдеген ол индустриалдық аймақтарды тезірек қалыптастырып, қолда бар мүмкіндіктерді тезірек жүзеге асыруды ұсынды.

Қазақстандық делегация өкілдері қа­зақ-түрік сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықтың 5 негізгі бағыты: қазақ-түрік индустриалдық аймақтарды құру, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация (теңіз порттары мен терминалдарын салу және оны іске қосуды бірігіп атқару), инвестицияларға дем беру және оларды қорғауды бірігіп жүзеге асыру, шетелдік жұмыс күшін әлеуметтік қорғау бойынша келіссөздер жүргізді. Осы орайда Анкарадағы 500-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары шоғырланған Ұйымдасқан индустриалдық аймақты аралаған отандастар үлгі тұтар біраз жайтты көңілге түйіп қайтты. Мәселен жалпы аумағы 1000 гектар болатын осы аймақта өндірілген өнімді экспорттаудан жыл сайын 2 млрд. АҚШ доллары түседі екен. Ал Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты тауар айналымы 2012 жылы 4,5 млрд. долларға жеткізілетін көрінеді. Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Өмер Бұрхан Түзелдің мәлімдеуінше, алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсе түспек: «Бүгінде біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік деңгейінде. Биыл екі ел арасындағы тауар айналымын 4,5 млрд. доллардан асады деп болжап отырмыз. Бірақ біз бұл деңгеймен шектелмейміз. Екі тарапта да осы көрсеткішті арттыруға деген саяси жігер бар».

ТҮРКИЯ ТУРИЗМНІҢ БАСПАЛДАҚТАРЫ

Нарықтық қатынастарға негізделген түрік экономикасында жекеменшік сектордың үлес салмағы басым. Экономиканы либерализация­лау бағытында еңбек етіп келе жатқан түрік премьері Реджеп Тайип Ердоғанның үкіметі мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіре отырып, ішкі нарыққа шетелдік инвесторларды көптеп тартуға кіріскен. Себебі 2001 жылы Түркия соңғы 20 жылдағы ең ауыр қаржылық-экономикалық дағдарысты бас­тан кешкен болатын. Жалпы ішкі өнім деңгейі күрт құлдырап, өндірістік қарқын әлсіреді. Инфляция бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін қадам жасады. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының шарықтауы да түрік экономикасына жығылған үстіне жұдырық болған. Өйткені ішкі тұтыну нарығындағы көмірсутегінің 90 пайызын Түркия сырттан тасымалдайтын. Оның үстіне, қарызға белшеден батқан ресми Анкараның Халықаралық қаржы қоры мен Дүниежүзілік банктен, Еуропалық Одаққа мүше кейбір елдерден алған борышы 30 млрд. доллардан асып түсті. Сол кездегі гиперинфляция Түркияға келетін инвестиция ағынын үнемі тежеп тастайтын. Осының салдарынан 1981-2003 жылдар аралығында ел бюджетіне түсуі тиіс 35 млрд. доллардың орнына небары 16 млрд. доллар ғана қазынаға құйылған. Инфляцияның ауыздықталмауы, осының кесірінен борыштардың тым қымбатқа түсуі түрік капиталының шет елдерге, әсіресе Еуроодақ құрамындағы мемлекеттерге қарай ағылуына себеп болды. Алайда 2002 жылдан бастап инфляцияны ауыздықтауға кіріскен Ердоғанның үкіметі 2001 жылдың соңына қарай шетелдік инвестицияларды 7 млрд. долларға жеткізді. Бүгінде экономикадағы өнеркәсіптің үлесі 28 пайызға жуық, ал ауыл шаруашылығы – 15 пайыз, құрылыс – 6 пайыз, қызмет көрсету – 51 пайыз. Өнеркәсіптік өндірісте ең басты рөлді өңдеу өнеркәсібі атқарады – 84 пайыз (оның ішінде құрылыс саласы да бар). Сонымен қатар тоқыма өнеркәсібі, тері, азық-түлік, химия, фармацевтикалық сала, энергетика, металлургия, кеме құрылысы т.б. жақсы дамыған. Түріктер еліндегі ең жақсы дамып келе жатқан салалардың бірі – туризм. Мемлекеттік кірістің басым бөлігін туризм арқылы тауып отырған түріктер Еуропа бойынша – 6-орында, ал әлем бойынша – 15-орында. ТРТ таратқан деректерге сүйенсек, түріктер жыл сайын туризмнен 25 млрд. доллар көлемінде пайда табатын көрінеді. Негізінен Германия, Болгария, Қазақстан, Иран, Ресей, Грекия, Грузия, Әзірбайжан сияқты басқа да елдерден ағылатын туристер 2011 жылы Түркия бюджетіне 23 млрд. доллар құйған. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда, 10,6 пайызға артық. Қазіргі кезде онда автомобиль мен химия өнеркәсібі де қарқынды даму үстінде. Еуропада автомобиль жасаудан алтыншы орынды алатын Түркияда Ford, FIAT, Renault, Toyota, Honda, Opel, Hyundai, Mercedes-Benz және MAN көліктері жиналады. Сондай-ақ, BMC, Temsa мен Otokar сияқты жергілікті маркалы автобустар да шығарылады.

«БІТЕР ІСТІҢ БАСЫНА»…

Негізі Түркияны қайта түлеткен премьер Реджеп Тайип Ердоғаннан қазақ билігінің үлгі алатын жөні бар. Гиперинфляциядан қыруар қаржы шығын шеккен Түркияда Ердоғанның командасы ақша реформасын жүргізу арқылы бірқатар жетістікке қол жеткізді. Бірнеше жыл бойы қарызға белшеден батқан Түркияны борыштардан құтқарып, экономиканы аяғынан тік тұрғызуға күш салған Ердоғанның үкіметі түрік лирасындағы 6 нөлді бір-ақ алып тас­тап, халықтың еңсесін езген инфляция­ны ауыздықтады. Осының нәтижесінде 2004-2005 жылға дейін 2 млн. болған лира қазір 1 долларға тең. Түркиядағы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шаба отырып, демократиялық құндылықтарды нығайтуға ден қойған жаңа үкімет халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға күш салды. Осының арқасында ел экономикасы қарыштап дамыды, мектеп, емхана, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар мыңдап бой көтерді. Сонымен қатар бұған дейін мемлекет қазынасын теспей сорған ірі кәсіпорындар жекешелендіріліп, бюджет қаржылық шығын­нан құтқарылды. Жекешелендіру арқылы шет елдерден инвесторлар тартуға мүдделі түрік билігі экономиканы дамытуда орасан зор үлеске ие кәсіпорындарға экспорт­­тық және импорттық жеңілдіктер жасады. Саналуан реформаның арқасында қазір Түркияның экспорты 135 млрд. долларға жетсе, ал импорты 190 млрд. доллардан асып түскен. 2001 жылғы дағдарыс салдарынан тұралап қалған түрік экономикасы Ердоғанның командасы билік басына келген аз ғана уақыттың ішінде Халықаралық қаржы қорынан алған қарызынан құтылып, соңғы 4 жылда орташа есеппен алғанда, 8,5-10 пайызға дейін артып отыр. Түркия Статистика институтының (TÜİK) хабарлауынша, Түркия экономиканың даму қарқыны жағынан алғанда, әлем бойынша Қытайдан (9,2%) кейінгі екінші орынға шыққан. Осылайша, Еуропалық Одақ пен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы құрамын­дағы елдердің деңгейіне көтерілді. 2011 жылы жан басына шаққандағы ұлттық кіріс 10 444 долларға жетіпті. Өткен аптада Анкараға ат басын бұрған қазақ делегациясы осындай жетістіктерден үлгі алса, игі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ