YКIМЕТ ПАРЛАМЕНТКЕ “АЙТТАП” КЕЛДI

YКIМЕТ ПАРЛАМЕНТКЕ “АЙТТАП” КЕЛДI

YКIМЕТ ПАРЛАМЕНТКЕ “АЙТТАП” КЕЛДI
ашық дереккөзі
166

Мұсылмандардың ұлық мерекесi — Ораза айт мейрамының басталғанына да — екi күн. Сәйкестiк пе, әлде арнайы келдi ме екен, кiм бiлсiн, айттың алғашқы күнi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мешiтке барып, құлшылық еткеннен кейiн, Парламентке келiп, баяндама жасады.

Баяндамадан бұрын ұлық мерекемен депутаттарды құттықтауды жөн көрген Премьер-министр әуелгi сөзiн: “Елiмiз аман, жұртымыз тыныш болсын! “Береке басы — бiрлiк” демекшi, бiрлiгiмiз жарасып, Елбасы салған сара жолға берiк болайық!” — деп бастады.

“Мен дүниежүзiлiк қаржылық күйзелiстен туындаған қиыншылықтардың алғашқы асуын Қазақстанның табысты еңсергендiгiн сенiммен айта аламын, — деген Премьер. — Бiз әлемдiк ахуалдағы дағдарысқа уақтылы лайықты үн қата алдық. Билiктiң iс-қимылдары дұрыс болды және оң нәтиже бердi”, — деп сөзiн әрi қарай жалғады.

Баяндамада айтылғандай, елiмiздiң iшкi нарығындағы жағдай да тұрақталған сияқты. Үкiметтiң жоспарына қарағанда, биылғы сегiз айда елдiң экономикасының өсiмi 105,2%-ды құраған. Экономика саласы бойынша бiрқатар цифрларды тiзiп берген Кәрiм Мәсiмов әлемдiк қаржы дағдарысын айналып өтпедi. “Бұл дағдарысқа кезектi сынақ ретiнде ғана емес, күштi экономика құрудың мүмкiндiгi деп қарауымыз керек. Сөйтсек қана, “асығымыз алшысынан” түседi”, — дедi.

Сондай-ақ, Премьер-министрдiң айрықша тоқталған мәселесiнiң бiрi — Парламенттiң қарауында жатқан “Қаржылық орнықтылық туралы” заңды қарау қажеттiгi. Егер бұл заң күшiне енер болса, қаржылық ахуалы нашарлаған банктi мемлекеттiң сатып алуына жол ашып, қажеттi процедураларды белгiлер едi.

Парламенттiң қарауына ұсынылған үшжылдық бюджет мәселесi де баяндамадан тыс қалмады. “Еңбекпен жиналған мемлекет қаржысының дұрыс жұмсалуы — басты мақсат. Бюджеттiң тиыны ел игiлiгiне жаратылуы қажеттiгiн” баса айтқан Премьер депутаттардың бұл мәселеге зор жауапкершiлiкпен қарауын өтiндi.

Тағы бiр жаңалық, саяси партиялардың қаржылық жағдайының қарастырылатындығы. Аталмыш мәселенi Әдiлет министрi Зағипа Балиева ортаға салды. Егер бұл мәселе шешiлетiн болса, ендiгi кезекте саяси партиялар бюджеттен қаржыландырылатын болады.

Айтпақшы, баяндаманың соңын Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов қазақша аяқтады. Қазақша аяқтағаны дұрыс-ау, сөзiн аяқтай сала Премьер-министрдiң мырс етiп күлгенi бәрiнен қызық болды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары