"НӘСIЛШIЛДIККЕ ЖОЛ ЖОҚ!"

"НӘСIЛШIЛДIККЕ ЖОЛ ЖОҚ!"

"НӘСIЛШIЛДIККЕ ЖОЛ ЖОҚ!"
ашық дереккөзі
445

Кельн қаласының тұрғындары мешiт салуға наразылық бiлдiрiп националистiк митинг өткiзбек болғандардың әрекетiне қарсы шықты

Немiстiң Кельн шаһарының билiгi қалада үлкен мешiт салуға қарсы шығып, националистiк митинг өткiзгiсi келгендердiң әрекетiне тыйым салды. Себебi бұл митингке қарсы болғандар полициямен қақтығысып қалып, бiр тәртiп сақшысы кәдiмгiдей жарақат алған. "Кельн үшiн!" деп аталатын националистiк топ қаланың орталығында биiктiгi 54 метрден асатын қос минаретi бар үлкен мешiт салу жоспарына наразылық танытпақ болған едi.

Тiптi, шеруге шыққандардың кейбiреуi полицейлердiң тапаншасын тартып алуға талпынып, тәртiп сақшыларына тас пен петарда лақтырған. Осы петардалардан полицейдiң бiрi жарақаттанды. Кейiн полицейлер бұзақылардың бесеуiн қамауға алды. Националистердiң бұл шеруi қаладағы өзге жұрттың ашуын туғызып, кәсiподақтар, шiркеулер, нәсiлшiлдiкке қарсы ұйымдар, студенттер, жергiлiктi отбасылар мен бизнесмендер жаппай көшеге шықты. Қолдарына "Нәсiлшiлдiкке жол жоқ!", "Кельн бас көтердi!", "Шiркеулер, Синагогалар мен мешiттердiң барлығы да жақсы!" деген ұран алып шыққан олардың қарасы 40 мың адамнан асып кеттi. Тәртiпсiздiктердiң ауқымы ұлғайып кетуi мүмкiн деп қауiптенген полиция "Кельн үшiн!" қозғалысын митингтен бас тартуға көндiрдi. Қала билiгi тұрғындарды "Кельн үшiн!" тобы ұйымдастырған неофашистердiң екi күндiк конгресiне бейбiт түрде қарсылық бiлдiруге шақырып, 3000 полицейдi конгрес мүшелерiн қорғауға жұмылдырды. "Кельн үшiн" тобынның мүшелерi сенбi күнгi мешiттiң құрылысы мен "Иммигранттардың Еуропаға қаптап келуiне" қарсы ұйымдастырылатын қала орталығындағы митингке 1500-дей адам жиналады деп үмiттенген. Бiрақ олардың бұл дәмесi iске аспай қалды. Шаһардағы конгресте бас қосқан Бельгия, Австрия мен Италияның әсiре оңшыл саясаткерлерi "Еуропаның Исламдануына" наразылық бiлдiрiп, бұқараны Еуропаның санғасырлық "батыстық құндылықтары мен христиан мұраттарына" қолдау көрсетуге шақырды. Алайда қалада үлкен мешiт салуға рұқсат берген Кельн шаһарының мэрi Фриц Шрама, тәртiпсiздiктер басталмай тұрған сенбi күнгi сөзiнде "Кельн үшiн" қозғалысының мүшелерiн азаматтық қоғамдағы "арандатушылар мен нәсiлшiлер" деп атады. Түске таман отызға жуық жақтастарын ерткен "Кельн үшiн" тобының өкiлдерi митинг өткiзетiн жерге әупiрiмдеп әрең жеттi. Шерушiлер оған апаратын жолдың барлығын жауып тастады. Националистiк кездесудi өткiзбеуге бекiнген 5000-ға жуық адам бейбiт митинг ұйымдастырды. Әлемнiң барлық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған Кельндегi националистiк конференцияның екiншi күнi осылай өттi. Жұма күнi оның ашылуына қарсы шыққандардың iшiндегi кейбiр белсендiлер қалалық әкiмшiлiктiң ғимаратында баспасөз мәжiлiсiн өткiздi. Бас көтерген жұрттан жасқанған националистер жалға алған кемеге отырып Рейндi жағалап жүзуге мәжбүр болды. Оларға тас пен бояу құйылған пакет лақтырған қала тұрғындарының кейбiрiн полиция қамауға алды. Кельннiң 150-ге жуық бары националистiк топтың мүшелерiне жергiлiктi Кельш сырасын сатпай қойды. Ал такси мен автобус жүргiзушiлерi болса конгрес делегаттарын тасымалдаудан бiрден бас тартқан. Тiптi, қаладағы отелдердiң бiрi "сенiмсiз элементтердiң" нөмiрдi брондауына тыйым салған көрiнедi. Еуропаның ең толерантты және түрлi ұлт өкiлдерi қоныстанған Кельн қаласында бүгiнгi таңда 120 мыңдай мұсылман жамағаты тұрып жатыр..

Жолымбет МӘКIШЕВ

Серіктес жаңалықтары