“ВОЛКОВГЕОЛОГИЯНЫҢ” АЛПЫСЫНШЫ АСУЫ!

“ВОЛКОВГЕОЛОГИЯНЫҢ” АЛПЫСЫНШЫ АСУЫ!

“ВОЛКОВГЕОЛОГИЯНЫҢ” АЛПЫСЫНШЫ АСУЫ!
ашық дереккөзі
463

Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор "Қазатомөнеркәсiп" Ұлттық атом компаниясының құрамына енетiн көне кәсiпорын "Волковгеология" АҚ кешегi жетiде өзiнiң 60 жылдық мерейтойын дүркiретiп атап өттi. Айтулы мерекеге орай Алматы қаласында басқосқан осы салада талайдан берi тер төгiп жүрген ардагерлер мен геология ғылымын iзгiлiкпен құрметтейтiн мамандар құрмет пен iлтипатқа бөлендi.

Сонау кеңестер одағы кезiнен елiмiздiң экономикасына қомақты пайда түсiрiп келе жатқан "Волковгеология" кәсiпорны бүгiнге дейiн тыным таппай, өз орнын нықтап алды. Әу баста уран байлықтың көзi екенiне күмәнмен қарайтын басқа мемлекеттер елiмiздiң уран өндiру iсiндегi қадамдарына қызығушылықпен қарай бастады. Мiне, осы кезде "Волковгеология" АҚ жаңа кен орындарын iздеп табу, барлау және игеру iсiмен шұғылданатын бiрегей саланы сақтап қалып қана қоймай, оны сәттi жалғастырып келе жатқан посткеңестiк кеңiстiктегi санаулы құрылымның бiрi болып саналады. Сол себептен де, қазiргi таңда уран өндiрiсiнде республикамызды әлемдiк көшбасшылыққа шығаратын жоспарларды жүзеге асыруда бұл бiрегей кәсiпорынға үлкен мiндет жүктелгенi рас. Ең алғаш уранның қайнар көзiн Қордайдан тапқан геологтар сол күннен бастап, бағалы металлды өндiруде аянбай еңбек етiп келдi. Бiр кен орнынан бастау алған қайнар бұлақ кейiннен Оңтүстiк Қазақстан, Сырдария аймақтарынан, т.б. табылып, жұмысын сәттi жалғастыра бердi.

1948 жылғы қаңтарда Волков экспедициясы КСРО Геология министрлiгi жанынан қорғаныс кешенiнiң минералды-шикiзаттық қажеттiлiктерiн өтеу үшiн Қазақстан аумағында уран кенiштерiн iздеп табу және барлау мақсатында құрылған едi. 1979 жылы өндiрiстiк бiрлестiк дәрежесiне ауыстырылып, кәсiпорын аты — Волковгеология болып өзгертiлдi. 1992 жылдан — "КАТЭП" Атом энергетикасы және өнеркәсiбi кәсiпорындарының қазақ мемлекеттiк корпорациясы құрамындағы ашық акционерлiк қоғам, ал 2003 жылдан бастап акцинерлiк қоғам "ҚазАтомӨнеркәсiп" ҰАК құрамына ендi.

Сонымен, "Волковгеология" АҚ-ның тарихына көз жүгiртiп көрелiкшi: 1948-1953 жылдары түрлi пайдалы қазбалардың белгiлi кен орындарында тексеру жұмыстары, сондай-ақ, Қазақстандағы алғашқы өнеркәсiптiк гидротермальды кен орны саналатын Қордай кен орнын анықтау, шұғыл барлау және қолданысқа енгiзу жұмыстары; 1953-1957 жылдары — аэроiздеу жолымен Солтүстiк Қазақстанда гидротермальды кендердi табу, Оңтүстiк Қазақстанда Ботабұрым кен орнын ашу және барлау; 1957-1968 жылдары Оңтүстiк Қазақстанның Iле, Шу-Сарысу және Сырдария ойпатындағы кен орындарының топырақ қабатын анықтау мен бағалау жұмыстары жүргiзiлдi; 1968-1986 жылдары депрессиялық құрылымдарды iздей және барлау бұрғылауларының көлемi жылдам ұлғайды. Уанас учаскесiнде жерасты ұңғымалы жұмыстары сәттi өттi.

Кеңестiк кезеңде "Волковгеология" геология саласында, әсiресе, бұрғылау iсiнде рекордтық нәтиже көрсеттi. Жарты ғасырдан астам тарихты басынан өткiзген кәсiпорын 30 миллион метрге жуық ұзындықта ұңғы бұрғылады. Бiр бұрғылау бригадасы айына 40 метр ұзындыққа дейiн бұрғылау жұмысын жүргiзiп, барлық геологиялық ұйымдар арасында озық шықты.

Алайда, 1987-1997 жылдары Чернобыль оқиғасынан кейiн атом энергетикасын дамыту бағдарламасын тоқтату және Одақ кезiндегiдей бiр орталықтандырылған тапсырыстың болмауы салдарынан уран өндiрiсiнiң көлемi күрт кемiдi. Осындай дағдарысты бастан кешкен геолог-барлаушылар жарты жылдап жалақы ала алмай, бiраз уақыт жаны ұнатқан саласын тастауға мәжбүр болды. Тек 1997 жылы "КАТЭП" таратылып, "Қазатомөнеркәсiп" ҰАК компаниясы құрылып, оған 1998 жылы Мұхтар Жәкiшев келгелi берi "Волковгеология" компаниясына төнген қауiп сейiле бастады. Елiмiздiң төрт уран өндiрушi шет аймағында тоқтатылған өндiрiстiң тамырына қан жүгiрiп, технолгияларды жетiлдiрiп, сатып алудың тендерлiк механизмiн, желiлiк жоспарлау және басқару жүйесiн енгiзу арқылы шығындарды кемiттi. Нәтижесiнде 1999 жылы компания өндiрiстiң құлдырауын тоқтатып, 2000 жылы жаңа дәуiрге аяқ басты.

Айта кету керек, бүгiнде "Волковгеологияда" үш мыңдай адам еңбек етедi. Өтпелi кезеңнiң қиын шағында кәсiпорын басшылығы өзiнiң тiрек күшi — еңбек ұжымын сақтап қалды. 60 жылдық тарихында Қазақстанның аймақтарынан 40-тан астам кен орнын ашып, 1,5 млн. тонналық уран қоры бар әлемдегi алып шикiзат базасын жасаған "Волковгеология" жерасты ұңғымалы шаймалау әдiсiмен игеруге жарамды 19 алып уран кен орындарын ашты. Соңғы үш жылда №5, №7, №23 геологиялық экспедиция тобы бұрғылау жұмыстары көлемiн үш есеге ұлғайтып, үстiмiздегi жылы "Волковгеология" 1 млн. 700 мың метр тереңдiкте бұрғылауды болжап отыр.

Мерейтойлық салтанатқа "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ" АҚ президентi Мұхтар Жәкiшев, "Волковгеология" АҚ бас директоры Сергей Сушко, аталмыш компанияның еншiлес және бiрiккен кәсiпорындарының өкiлдерi қатысып мерейтой құрметiне орай үздiк қызметкерлер мен ардагерлердi марапаттады. Қазатомөнеркәсiп басшысы Мұхтар Жәкiшев өз сөзiнде: "60 жылда бiрталай жетiстiкке қол жеткiздiк. Талай жыл қиындықты көрген "Волковгеология" АҚ еш мұқалмастан әркез жоспарды өз межесiнде орындап келдi. Әлi алда талай асу бар, бiз одан бiрге өтемiз" деп геолог-мамандарды бiр серпiлтiп тастады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары