АҚТӨБЕ САЯСАТКЕРЛЕРДIҢ БАСЫН ҚОСТЫ

АҚТӨБЕ САЯСАТКЕРЛЕРДIҢ БАСЫН ҚОСТЫ

АҚТӨБЕ САЯСАТКЕРЛЕРДIҢ БАСЫН ҚОСТЫ
ашық дереккөзі
159

Әдеттегiдей, күз айында Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының форумын өткiзу дәстүрге айналды. Биыл бесiншi мәрте жалауын көтерген форум Ақтөбе қаласында саясаткерлердiң басын тағы да бiр мүддеге тоғыстырды. Жыл сайынғы кездесудiң көкжиегiн кеңейте түсетiн V форумға Ресей президентi Дмитрий Медведевпен бiрге Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының, Свердлов облысының, Ингушетия, Татарстанның басшылары, жалпы саны 200-ден астам өкiл қатысты.

Әуелi форум басталардан бұрын екi ел басшысы "Өңiрлерге жоғарғы технологияларды тарту. Шекарамен шектес ынтымақтастық" атты өндiрiстiк көрменi тамашалап, Ақтөбе қаласын нұрға бөлендiрген жаңа мешiттiң тұсауын кестi. Форумның күн тәртiбiне алғаш рет инновациялар саласындағы қарым-қатынас мәселесi қойылды. Ресей Федерациясының президентi Дмитрий Медведев екi елдiң өзара ынтымақтастығына жоғары баға бердi. "Форумның белсендiлiгi уақыт өткен сайын артып барады, тiптi, оған қатысушылар құрамы кеңейiп келедi. Форумға бизнес өкiлдерi де, қоғамдық ұйымдар да қызығушылық танытып отыр. Бұл бiздiң саяси-экономикалық және гуманитарлық байланыстарымыздың жоғары деңгейге жеткенiн бiлдiредi. Әлемдегi орын алған қаржылық дағдарыс салдарынан азық-түлiк, табиғи ресурстардың бағасы өсiп барады. Осы мәселенi бiздiң елдердiң шекаралас өңiр басшыларының бiрлесе отырып толыққанды шешуiне мүмкiндiгi бар" деп атап өттi Ресей президентi. Бұған форумда тiлге тиек еткен Елбасының сөзi дәлел. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев: "Екi ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келедi. Ағымдағы жылдың 7 айында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 12 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 32 пайызға артық. Ақтөбе облысы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының 10 пайызын бередi", — дедi. Сол сияқты Елбасы екi ел арасында ғарыш саласындағы, уран өңдеудегi, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгiзуге әлемдi қыспаққа алған қаржы, ипотекалық дағдарысты да назардан тыс қалдырмай, келешекте сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолдарын саралады. Бұл басқосуда екiжақты сегiз құжатқа қол қойылды. Олардың бiрқатары екi ел арасындағы кеден бекеттерiнiң жұмысын тиiмдi, әрi халыққа ыңғайлы етуге арналған. Сондай-ақ, Батыс Еуропа — Батыс Қытай күре жолын салуға Қазақстан мен Ресей жағы бiрауыздан келiстi. Осы транспорттық дәлiздi құруға екi елдiң шекаралық өңiрлерi де инфрақұрылымды дамыту, оның iшiнде логистикалық орталықтар құру, жанға жайлы демалыс пункттерiн құру арқылы өз үлестерiн қоспақ. Бұдан өзге шекаралас аймақтар форумының аясы кеңейiп, оған ендi екi мемлекеттiң шекара бойынан алшақ жатқан аймақтар да қатысатын болды. Басқосу соңында Қазақстан мен Ресейдiң шекаралас аймақтары басшыларының алтыншы форумы 2009 жылы Орынбор қаласында өтедi деп шешiлдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары