КЭМПБЕЛЛ НЕНI МЕҢЗЕЙДI?
КЭМПБЕЛЛ НЕНI МЕҢЗЕЙДI?
"Время" газетiнiң 10 қыркүйектегi санында "Золотые слова" айдарымен Shell компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Кэмпбелл Кейрдiң бiр ауыз сөзi жарияланған екен.
Оқып күлерiңдi де, жыларыңды да бiлмейдi екенсiң. Онда "Когда казах просыпается, он обращает взгляд на Запад, чтобы посмотреть, не рычит ли медведь. Если нет, то казах поворачивает голову на Восток, чтобы увидеть, не извергает ли огонь дракон. Если тоже нет, то казах встает с постели" делiнген. Демек, "қазақ аю ақыра ма деп Батысына, айдаһар жалын шаша ма деп Шығысына сақтықпен қарап алып қана, төсектен бас көтередi" деп дiлмәрсiген шетелдiк инвестордың айтайын дегенiн түйсiну қиын емес. Кеше ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзген қазақ өзге көршiлерi секiлдi батыл қадам жасап, ұлттық құндылықтарын ұлықтауда, мемлекеттiк тiлiн төрге оздыруда жалтақтық танытып келгендiгi рас. Шығыстағы көршiсiн қайдам, Батыстағы Ресейдiң ықпалына басұрғаны соншалық, сырттағы саясаттағы геосаяси мәселелердi анықтауға келгенде әлi де Ресейдiң ығына жығылады.
Әлемде мұнай қоры жағынан ең iрi кенiш болып табылатын Қашағандағы үлес салмағы 16,67%-ға жеткен ағылшын-голландық Shell компаниясының Қазақстандағы өкiлiнiң бұл сөзiн қай саққа жүгiртуге де болады. Бiрақ, ағылшындық көпвекторлық саясат ұстанатын Қазақстанның соңғы кезде халықаралық аренада өз сөзiн айта алмай отырғандығын осылай меңзесе керек.
Яғни, шетелдiк бизнесмен я саясаткерге мұндай сөз айтқызуға өзiмiз кiнәлi болып отырмыз. Бұған дейiн отарсыздандыру саясатын жүргiзе алмағандығымыз, құлдық қамытынан құтылғанымен, санамыздың әлi де тәуелдi болып отырғандығы, ақпараттық, экономикалық және энергетикалық тұрғыдан өзге мемлекеттiң ықпалынан шыға алмағанымыз, энерготасымалдарымыз тек Ресей арқылы өтетiндiгi, оның үстiне, Шығысымыздағы аждаһа Қытаймен арадағы келiсiмшарттардың көбi тең құқықты мемлекеттер деңгейiнде емес, керiсiнше, көршiмiздiң мүддесi деңгейiнде шешiлiп жатқандығы — Кэмпбелл Кейр жоғарыдағы сөзi арқылы, осы бiр осалдығымызды меңзесе керек.
Есенгүл Кәпқызы