ТАҒЫ ДА "КӨШПЕНДIЛЕР" ТУРАЛЫ

ТАҒЫ ДА "КӨШПЕНДIЛЕР" ТУРАЛЫ

ТАҒЫ ДА "КӨШПЕНДIЛЕР" ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
265

"Қазақфильм" студиясы "Көшпендiлер" атты фильм түсiредi екен дегеннен көңiлдi күдiк-күмән тұмшалады. Бұл қай "Көшпендi", Iлияс Есенберлиннiң әйгiлi туындысы болса, жаман болмас деп дәмелендiк. Солай екен. Бiрақ солай екенiне қарамай, баспасөз беттерiнде басталған айтыс-тартыс фильм экранға шыққанша толастамады. Кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс екенiн айыру қиын болды. Бiздiкi, қазақта жақсы кино болса екен деген iзгi тiлек.

Сол дәмемен 2006 жылы фильмдi жұртпен бiрге көруiн көрдiк. Бiрақ уақыт оздырып барып "Хабар" арнасынан қайталап көрсеткенде, экранға қарауға зауық болмады. Әдетте, "Көктемнiң он жетi сәтi", "Революция тудырған" секiлдi сериялар мен Стивен Сигал, Чак Норрис т.б. түскен фильмдердi қайта-қайта көруден жалықпайсың. Ал "Көшпендiлердi" екiншi рет көруге ынта болмады. Алдын-ала айтып қояйық, бұл мақаланы жазғанда ешкiммен дауласып, жауласып, жағаласудан аулақпыз. "Бiткен iске сыншы көп" те болмай-ақ қойсын. "Мақтасаң жағасың, мақтамасаң жақпайсың" дегендi де былай ысыра тұрайық. Мақсат — үмiт еткен фильмнен алған рухани азық, нәр қандай болғаны хақында азын-аулақ ой бөлiсу. Ренiш болмасын.

Шыны керек, фильмдi түсiру басталар-басталмастан оны олқысынған рай бiлдiрiп, экранға шыққан соң өткiр-өткiр сын айтқан ағайындардың айтқаны мен жазғандарына өз басым онша елiге қоймаған едiм. Кем-кетiксiз дүние бола ма, сондайдың керi шығар деп. Оның үстiне, киностудия басшылары мен режиссерлердiң дәлел-айғақтары сенiмдiлеу көрiнiп жатты, iзгi үмiт басым болды.

Ендi ше? Құдайдан кешiрiм сұрай отырып айтсақ, түсiрiлу үрдiсi, декорациялық көрiнiстер шымыр болғанмен, аталмыш фильмде оқиға желiсi ақиқаттан алыстап, жасандылық оңбай белең алыпты. Ау, бұл Абылай хан жөнiндегi эпикалық туынды емес пе едi? Олай болса, шындықтан, шындық болғанда, тарихи шындық, нақты дерек, шежiрелiк айғақтардан көпе-көрiне алыстау не үшiн қажет болды? Абылай ханның бiр емес, бiрнеше фильмге арқау болуға татитын, тiптi бiр басына жетерлiк фактiлер көл-көсiр, асып-төгiлiп жатқан жоқ па едi?

"Көшпендiлер" көркем туынды, киноның бiзге ғана мәлiм (сенiң бiлуiң мүмкiн емес) тылсым заңдылығы бар демексiң ғой. Иә, бар. Талас жоқ. Бiрақ бұл тарихи туынды емес пе? Арғы-бергiде көркемсуреттi делiнсе де, ақиқатты ту еткен кинофильмдер толып жатыр емес пе? ("Суворов", "Кутузов", "Котовский", "Георгий Саакадзе", "Римский-Корсаков" т.б.).

Мейлi, болары болды, бояуы сiңдi. Кезiнде "Көшпендiлерге" сын айтушылардың кейбiрi оны боевик деп жалтармақ болды. Бiрақ ол боевик болғанда да, көрермендi қыл шылбырмен матап тастардай, арты не болар екен деп шыдамсыздана күтетiндей боевик бола қоймапты. Америкалық Шварцнеггер, Жан Клод Ван Дам, Чарльз Бронсон секiлдi актерлер ойнайтын боевиктердей емес, бiрден месел қайтарып, мезi ететiн жасанды, жалынсыз, тартымсыз боевик. Музыкалық көркемделуi сын көтермейдi.

Бiр қарағанда, Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасы желiсiмен жасалған сол аттас фильмдi де боевик десе, көптiк етпес едi. Бiрақ, фильмдi жасаушылардың айтуынша, қаржы тапшылықтан әрең түсiрiлген сол нұсқаның өзi қандай боевик десейшi. Оқиға шымыр, арқау мықты, сенiмдi, қайта көруден жалықпайсың, әсерленесiң. Себебi, онда да Абылай хан, қазақ пен жоңғар шайқасы, халықтың қыл үстiндегi тағдыры, солармен қисынды қиюласатын мөлдiр махаббат тарихы бар.

"Көшпендiлерде" ше? Осы айтылған жайлардың көбiнен мақрұм "Көшпендiлер" әлемдiк экранды бағындырудан дәмесi болмаған "Батыр Баяннан" көш төмен (жеке пiкiр). Абылай қалай Абылай болды? Жоңғарға қалай тұтқынға түстi? Қалдан-Сереннен қалай босады? Ең болмаса, осы фактiлердi шындыққа жақындата түсудiң не қиындығы болды екен? Р. Ибрагимбековке бәрiбiр. О, мықтылардың мықтысы (ол жарықтық) қазақ болмысының тұлдығын дәлелдеп берiптi. Америкалықтарға да өкпе жоқ. Қайтсiн пақырлар. Фильмнiң қазаққа қатыстылығын "қазақ, қазақ" деген сөздер ғана бiлдiрiп тұрғаны болмаса, оны қай ұлтқа телiсе де жараса беретiндей.

Мейлi, тағы да мейлi. Актерлар ше? Мұхиттың ар жағынан ат терлетiп жеткен алабөтен самдағай актерлардан қандай керемет көрдiк? Ешқандай. Бейне-тұлғалары (жарытып) есте қалмайды. Ә, айтпақшы, есте қалады екен ғой. Түр-түсi қазаққа ұқсамайтын, қазақ деуге келмейтiн, ауыз бармайтын, жанды түршiктiретiн, жүрек жылытпайтын бөгде пошымдарымен. Апырай, дүние жүзiндегi қазақты бiлмейтiн, танымайтын көрермендер оларды қазақ деп қабылдаса қабылдар, бiрақ анау орыстан бастап, қазақтың бет әлпетiн айыра алатын (қырғыз, қытай, моңғол, татар, өзбек дегендей) қауым қалай қарар екен? Қазақ болғаныңа болайын деп шырт түкiрiп, күлмес пе екен? (Актер "тапшылығын" сөз етпегенде).

Әлбетте, киноның бiз бiлмейтiн тылсымы қисапсыз. Оны хас киношылар ғана түп-тұқиянына дейiн бiледi. Шiркiн, солардың киноның сыр-сиқырларының бәрiн қапысыз бiлген соң (қазақ киносында келiстiре ойнайтын актер iздегенде), өзге ұлттардан қазақ пошымдас актер таба алмауы қалай?

"Көшпендiлердегi" әлгi бiр Абылай мен оның жан досының (фамилияларын атау мiндеттi емес) бейнесiн сомдаған актерсымақтардың (қазақтық тұрғыдан солай делiк) қазақтың кез келген актерiнен артықшылығы неде? Жұмбақ. "Батыр Баянда" басты рөльдi атқарған актер солардан кем деп кiм айтар едi?

Менiңше, асқан дарынды, дауылпаз актер табылмаған жағдайда Абылай рөлiн Талғат Теменов анау "шынашақтай" америкалықтан әлдеқайда ұтымды, жоғары деңгейде сомдай алар едi. Өйткенi, Талғат та (о бастан) танымал актер.

Ертеректе орыстың кино қайраткерлерi моңғол өмiрiнен "Его зовут Сухэ-Батор", өзбек өмiрiнен "Насреддин в Хожденте" атты фильмдер түсiрген. Әне, сондағы моңғол — Сухэ-Батор мен өзбек Қожанасырының рөлiн бiр-ақ адам, орыстың тамаша актерi Лев Свердлин сомдаған. Моңғол емес деп те, өзбек емес деп те ешкiм айта алмастай етiп.

Немесе, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары тәжiктер өмiрiнен түсiрiлген "Джульбарс" фильмiн алайық. Басмашылармен шайқасты бейнелейтiн бұл фильмдi де боевик деуге болады. Осындағы күллi тәжiктiң рөлiн — бiр сұлу қызды да — орыс актерлерi орындайды. Бiрақ бiрде-бiрiн тәжiк емес деп ешкiм айта алмайды. Барлығы кәдiмгi тәжiктен айнымайды. Әсiресе, А.Яншин, А.Абрикосов, А.Файт секiлдi актерлар керемет шеберлiк танытқан. "Тринадцать" дейтiн фильмде де бiрнеше орыс актерi ("Көр Шермат" бастаған) түркiмен басмашыларының бейнесiн жасаумен есте қалған-ды.

"Көшпендiлер" көкейден шықпады. Осы кино қазақ киносының беделiн көтередi деген "Голлейбуд" оны керек те қылмады. Босқа кеткен қайран қыруар қаражат-ай. Сол қаражатқа тұралаған 37 ауылды көтеруге болар едi-ау. Амал жоқ. Оны жасаған мамандар өкпелемей-ақ қойсын. Сөз басында айттым ғой жеке пiкiр деп. Жауап-уәж күтпеймiн, қажетi жоқ. Бұл пiкiрлер фильм авторларына ой салар, ризалық бiлдiрер деп те иек қышымайды. Бi¬реудiң пiкiрiн бiреу сыйлау, тыңдау тұрмақ, пысқырып та қарамаудың дәуiрi жүрiп тұрғалы қашан? Баспалардан жаңадан шыққан жаңа кiтаптарға пiкiр айтылатыны сияқты, экранға алдақашан жолдама алған осынау фильмге де бiр-екi ауыз пiкiр бiлдiруге құмбылдық таныттық. Бар болғаны… Ештен кеш… деп…

Артық айтылған тұстар болса, алдын-ала ғафу өтiну де артық емес.

Зәкiр АСАБАЕВ

Серіктес жаңалықтары