АЛ, ДIНИ АҒЫМДАР НАРАЗЫ

АЛ, ДIНИ АҒЫМДАР НАРАЗЫ

АЛ, ДIНИ АҒЫМДАР НАРАЗЫ
ашық дереккөзі
260

Бiр топ халық қалаулысы бастамашыл болған "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" заң жобасы әлi күнге пiкiрталасқа түсiп, талқыланып жатыр. Ұзақ уақыт демалыстан кейiн iске құлшына кiрiскен депутаттар қасиеттi ораза айында заң жобасын тағы да пысықтады. Бiрiншi оқылым нәтижесiнде дiни ұйымдарды тiркеу тәртiбi мен олардың қаржыландырылуы қоғамның жiтi қадағалауында болмақ, мемлекет пен дiни ұйымдардың өзара қарым-қатынасын реттеу мәселесiн тәртiпке келтiру, дiни ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерiн заңды түрде бекiту қажеттiлiгi белгiленiп, өзгертулер енгiзiлдi.

Алайда, елiмiздiң төрт құбыласын түгел жаулап, ұрпақтың санасын улап жатқан жат пиғылды ағымдардың сойылын соғатын кейбiр халықаралық ұйым өкiлдерi жаңа өзгерiстердiң енуiне қарсылық танытып, "бүйректен сирақ" шығаруға машықтанып алған сияқты. Жаңа заң жобасы жасақталып, қоғам талқылауына түсiп жатқанда АҚШ елшiлiгiнiң өкiлi Ричард Дамстра қазақ елiн құмырсқаның илеуiне айналдырған дiни ағымдарға обал жасауға болмайтынын ескертiп, әрi Қазақстанның миссионерлерге қабақ шытуы демократияға қайшы келетiнiн айтып ағынан жарылып едi, ендi келiп Адам құқығын қорғау жөнiндегi халықаралық бюроның Қазақстандағы өкiлi Евгений Жовтис пен Хельсинки комитетiнiң елiмiздегi өкiлi Нинель Фокина "Дiни бiрлестiктердi тiркеу халықаралық тәжiрибеде мүлдем жоқ. Өйткенi, ол мiндет емес. Бұны кiмге, қай жерде болса да дәлелдеп бере аламын. Егер елдегi этникалық топтар көпшiлiк пайызға ие болып, олар дамып, ал аз топтың құқығы тапталып жатса, ондай елдi демократиялық ел деп айтуға болмайды" деп бiр-бiрiнiң пiкiрiн қолдап-қолпаштаумен келедi. Қазақ елi, қазақ қоғамы, әрбiрден соң, қазақ ұрпағы үшiн енгiзiлiп жатқан дұрыс өзгерiстердi "бұрыс" деп айыптап, ойындағысын жасағысы келетiн халықаралық ұйым өкiлдерiнiң басқа мәселеде үндерi неге шықпайды? Нелiктен Миссионерлiк қызметтегi ағымдардың шашбауын нелiктен көтере қалды екен?

ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Алдан Смайыл: "Егер бiз халықаралық ұйымдардың әсiресе, ЕҚЫҰ-ның талаптарына мойынсұнып, дiни бiрлестiктердi тiркемейтiн болсақ, онда бiздi не күтiп тұр?" десе, депутат Бекболат Тiлеухан: Өз уақытында елiмiзге шешен де, орыс та, поляк та келдi. Осылардың бiреуi қазақтар тарапынан қысым көрдi ме? Жоқ. Мұндай жағдай ешуақытта болған емес. Ендi келiп, "қиыншылық пен қысым көрiп жатырмыз деп байбаламдайсыздар" деп салды. "Аш бәледен қаш бәлем" саясатымен жүретiн кейбiр халық қалаулыларының алдында ұтымды пiкiр айтқан Бекболат Тiлеухан мырза Заң жобасының қазақтың мүддесiне сай қызмет ететiндiгiне күш салады деп бiлемiз.

Жұмыс тобында қаралған Заң жобасы Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң кезектi отырысында Салыстырма кесте бойынша сарапқа салынды. Салыстырма кестеге 65 түзету енгiзiлген. "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" заң жобасын алдағы аптада Мәжiлiстiң жалпы отырысының екiншi оқылымында талқылауға шығарамыз", — дедi Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Н.Рүстемов.

Ендiгi бар үмiт жаңа Заң жобасын қабылдауға құзыры бар — Парламент пен Үкiметте ғана.

"СЕКТАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛДЫ" ДЕСЕ ДЕ…

Бәзбiреулер қанша жерден жат ағымдарды қорғаштап жатса да, өз iргемiздi берiк етуге құқымыз бар. Мемлекет пен оның байлығы — халықтың қамын ойлайық десек, арандатушылардың ығына жығылмауымыз қажет. Онсыз жастар тұрмақ, балабақша мен мектептегi бүлдiршiндерге ауыз сала бастаған миссионерлердiң қызметiне тосқауыл жасауымыз екiталай.

"Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасы Парламент қабырғасына түскелi берi басқа ағым өкiлдерi ел аумағында миссиясын орындауды саябырсытқан шығар десек, керiсiнше, үгiттеу шараларын одан ары үдеткен сияқты. Мысалы, "Хабад Любавич" еврей орталығы тамыз айының соңында өздерiнiң "Құдайы" раввин Шнеерсонды еске алу мерекесiн Орталық қалалық зират басы мен Синагога орталығында думандатып өткiзiптi. Үгiт-насихат жұмысы айтарлықтай деңгейде өткен. Тiптi, интернеттi пайдалана бiлетiн әрбiр ел азаматының жеке поштасына арнайы шақыру билетiн жiберiп, келулерiн өтiнген бұл ағымның баспасөз қызметiнiң осыншама жұмысты атқарып отырғаны таңқалдырады. Ал, қаланың ортасында орналасқан евангелистердiң "Iнжiлдiк мәсiхшiлдiк миссонерлiк "Блогадать шiркеуi" орталығы маңайы бояуы қанық, түрлi-түстi кiтаптар мен бейнетаспа сататын алаңға айналды. Әрi-берi өткен адамды сөзбен баурай кететiн олар әсiресе, ауылдан қалаға жаңадан келiп жатқан жастарды тартуға белсене кiрiскен. Жат пиғылды ағымдардың жетегiнде кетiп, басын саудаға салып жатқан құрбылары жайлы бейхабар ауыл жастарының көздi жұмып кiрiп кететiнi ойлантпай қоймайды.

Бiрталай уақыттан берi Алматы облысы, Қарасай ауданының 47 гектар жерiне имеденiп алған "Кришнаны тану қоғамы" заңсыз әрекеттерiне қарамастан, жан-жаққа шағымданып келдi. Әдiлет министрлiгi Дiни iстер комитетiнiң кеңейтiлген отырысында бұл мәселеге бiржола нүкте қойылды. Алматыдан алты шақырым ғана қашықтықтағы жер телiмiн менсiнбей, тек Алматы қаласының аумағынан жер беру жөнiнде талап қойып отырған дiни бiрлестiк шектен шықты. Тiптi, балалар үйiнiң орнын босатпай жатқан олар заң мекемелерiнiң шешiмiне де селт еткен жоқ. Бас прокуратураның өкiлi Алан Тiленшиев: "Алматы облысы Қарасай ауданындағы жер телiмдерiн заңсыз иеленуге байланысты дiни бiрлестiгiне қатысты шығарылған шешiмдердiң барлығы заңды. Сот шешiмiне байланысты ешқандай заң бұзушылықтар орын алмаған. Бас прокуратура өкiлдерi осыған байланысты құрылған жұмыс тобының құрамына енгендiктен, дiни бiрлестiк орналасқан аумақта болып, мемлекеттiк органдар мен сот шешiмдерiн тыңғылықты зерттеп шыққан. "Бүгiнгi күнi шығарылған шешiмдердiң заңдылығына байланысты мәселелер туындап отырған жоқ" дейдi.

… Шымкенттi ұлардай шулатқан "Иегова куәгерлерi" қызметi облыс төңiрегiнде алты айға жабылды. Абай аудандық прокуратурасы аға көмекшiсi Жиенбай Пiрәлиевтiң сөзiне қарағанда, дiн өкiлдерi тiркелмеген жерде, яғни, "Қайнар бұлақ" саяжайында кезектi жиынын өткiзген. ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзу кодексiнiң 375-бабын, "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" заңды өрескел бұзған. Сол сияқты прокуратура Шымкентте жалға алған пәтерде құпия түрде дiни сабақтарды заңсыз өткiзген протестанттық бағыттағы дiнтаратушы ұйымды әшкереледi. Олар түрлi қалалардан келген, түрлi шiркеулердiң уағызшылары болған. Үйiрмеге мүше 17 адамның екеуi Ресей азаматы, қалған 15-i Өзбекстан азаматтары. Әкiмшiлiк сот заңсыз ұйымның барлық мүшелерiне әкiмшiлiк жаза — 10 АЕК мөлшерiнде әкiмшiлiк айыппұл салып, оларды елден аластатты. Айтпақшы, кейiнгi кезде төрт құбыласын түгендеп жатқан Өзбекстан мемлекетi де дiни ағымдарға деген шабуылды көбейттi. Жақында ғана "Иегова куәгерлерi" дiни бiрлестiгiнiң басқосуын заңсыз ұйымдастырған азамат төрт жылға бас бостандығынан айрылды. Жергiлiктi Дiни iстер жөнiндегi комитет ел аумағында заңсыз үгiт-насихат жүргiзгендерге қатысты тәртiптi күшейтпек.

Ресми ақпарат елiмiзде 46 дiни конфессия мен 4 мыңдай бiрлестiктiң жұмыс iстейтiнiн айтады. Алайда, күн сайын қарсы алдымыздан шығып, түрлi ағымды мадақтай жөнелетiн миссионерлердiң әрекетiне қарағанда әлдеқайда көп сияқты. Олар қоғамның кез келген ортасында жүр, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, тiптi, тiл үйрету курстарында да. Мақсаты бiреу – қазақ жастарын арбап, соңына ерту, осы ағымды қабылдап, сендiру. Егер "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" заң жобасындағы қатаңдатылған баптарды қаптап кеткен дiни ағымдардың қызметi реттелетiн шығар, кiм бiлсiн?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары