НАТО ЕУРООДАҚҚА ШҮЙЛIКТI?

НАТО ЕУРООДАҚҚА ШҮЙЛIКТI?

НАТО ЕУРООДАҚҚА ШҮЙЛIКТI?
ашық дереккөзі

Тбилисиге ат арытып келген НАТО-ның бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер Михаил Саакашвилимен кездескеннен соң көңiлi алабөтен бұзылды. Сөйттi де, Еуроодақ басшылығына шүйлiктi. Кавказдағы жағдайды реттеу жөнiндегi Ресей мен Еуроодақ (Медведев пен Саркози шарты десе де болады) арасындағы келiсiм НАТО-ның көңiлiнен шықпайды деп, Еуроодақ шенеунiктерiне ашықтан-ашық қыр көрсеттi. Ресей әскерiн жанжал аймағынан алып шығу пунктiне қатысты тұста орыстарға тым көп жеңiлдiк берiлген дейдi бас хатшы.

Бiр қызығы бiрнеше күн бұрын Солтүстiкатлант альянсы ресейлiк жауынгерлердi ЕО мен ЕҚЫҰ инспекторлары ауыстыратынын қуана-қуана қолдап, мұны әрi-берiден соң "Батыстың жеңiсi" деген түйiн жасап үлгiрген. Ендi, Схеффер Медведев пен Саркозидiң шартында шатақ бар дейдi. Егер Ресей күштерi Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның аумағында қала берсе, Грузияның территориялық тұтастығына едәуiр залалын келтiрiп отыр деп есептеймiз дейдi бас хатшы.

Схеффер неге шала бүлiндi? НАТО жанындағы РФ өкiлi Дмитрий Рогозиннiң пiкiрiнше, оның Еуроодаққа табанасты сес көрсетуiне АҚШ президентi Джордж Бушпен арадағы соңғы әңгiмесi әсер етсе керек. Буштың оған не айтқанын кiм бiлсiн, әйтеуiр Францияның басшысы Николя Саркозидi қаралап тастағанына қарағанда, Еуроодақ пен НАТО бюрократтарының текетiресi Грузияға ешқандай олжа әкеле қоймас.

Әзiрге Схеффер мен Саакашвили НАТО-Грузия комиссиясын құру туралы келiсiмге ғана қол қойды. Альянс қақтығыстан кейiнгi грузин әскерiнiң жай-күйiне баға беруге, кибершабуылға қарсы қандай әрекеттер жасау керектiгi жөнiнде нұсқау беруге көмектесетiнiн айтты. Алайда, Грузияны НАТО құрамына едел-жедел қабылдау керектiгi жөнiнде әңгiме айтылған жоқ.

Ғалымжан Мелдеш