ОЙЫНШЫҚТАР ӘЛЕМI ҚАТЕРГЕ ТОЛЫ
ОЙЫНШЫҚТАР ӘЛЕМI ҚАТЕРГЕ ТОЛЫ
Базарлар мен дүкен сөрелерiндегi арзанқол әрi сапасыз қытай ойыншықтарының кесiрiнен керең, омыртқасы қисық, иiс сезу мүшесi әлсiз ауру буын қалыптасып келедi. Өскелең ұрпақты мүгедек еткен ойыншықтарды iшкi нарықтан түре қууға отандық тауар өндiрушiлердiң қолы қысқа. Ал оларға мемлекеттiк тұрғыда қолдау көрсетiп, мемлекеттiң жарқын келешегi – балалардың өмiрiне төнген қауiптiң алдын алуға Үкiмет мүдделi емес. Мамандар тез арада ойыншықтарға қатысты арнайы заң қабылданбаса, ауру әрi әлсiз балалардың саны арта беретiнiн айтады.
Ресми деректерге сүйенсек, елiмiздегi ойыншықтар нарығынан (балаларға арналған жиһаз, киiм-кешек пен ойыншықтар) түсетiн жыл сайынғы кiрiс 600 миллион доллардың көлемiнде. Мамандар қазақстандық отбасылардың әлеуметтiк ахуалының жоғарылауы мен кейiнгi кездердегi демографиялық дүмпу ойыншықтар бизнесiне оң ықпал еткенiн айтады. "Әттеген-айы", нарықтағы көздiң жауын алатын түрлi ойыншықтардың түгелге жуығы сапалық тұрғыда сын көтермейдi. Сапасыз тауарлардың кесiрiнен ауруға шалдыққан сәбилер көп. Сорақысы сол, қазақстандық телеарналардағы балаларды қатiгездiкке, тоғышарлыққа, зинақорлық пен қара басын ғана ойлайтын өзiмшiлдiкке тәрбиелейтiн шетелдiк арзанқол фильмдер мен мультфильмдер аз болғандай, сәбилердi рухани тұрғыда мүгедек ететiн сапасыз ойыншықтар қосылды. Қыркүйектiң басында Алматыда өткен "Балалық шақ-2008" халықаралық балалар тауарының жәрмеңкесiнде Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен жиналған мамандар әлемдiк ойыншықтар нарығы, балаларға арналған тауарлардың сапасы мен жас ұрпақтың келешегiне, тағдыры мен денсаулығына төнген қауiп туралы мәселелердi талқылады. Аталған шарада республикамыздағы ойыншықтар ахуалын сөз еткен Қазақстан тұтынушылары лигасының жетекшiсi Светлана Савченко: "Лигамызға келiп түсетiн шағымдардың басым бөлiгi балалар ойыншығы, жиһаздар, киiм мен аяқ киiмнiң сапасына қатысты. Сараптама жасай отырып көз жеткiзгенiмiз, балалар тауарларының сапасы жылдан жылға нашарлап келедi. Әрбiр төртiншi баладан бiрiншi сыныптың өзiнде-ақ скалиоз дертiнiң белгiлерi анықталды. Бұл Қытай мен басқа да елдерден арзан бағаға сапасыз, өте тар әрi қолайсыз парталарды сатып алудың кесiрiнен. Көбiнесе сапасыз ойыншықпен ойнаудың салдарынан, аллергияға шыдай алмайтын сәбилердiң саны артып келедi. Базарлар мен дүкендер Оңтүстiк-Шығыс Азияның арзан ойыншықтарына толы. Бiрақ олардың сапасына бас қатырған ешкiм жоқ. Тексеру де жүргiзiлмейдi. Қуанарлық жайт, мектеп жасына дейiнгi балалар тәрбиеленетiн балабақшалар мен интернаттардағы ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп үлгердiк. Бүгiнде оларға арналған тендерлер санитарлық-эпидемиялық қызметi мен тұтынушылық ұйымдардың қатысуымен өткiзiледi. Мiндеттi түрде сараптама жүргiзiледi. Балабақшалар мен интернаттарда қауiптi ойыншықтар жоқ екендiгiне сенiмдiмiз. Бiрақ, керегiн "қарабазардан" табатын жеке-дара тұтынушының құқығын кiм қорғайды?" дедi. Отандық мамандар ҚР заң шығарушы органы сапасыз да қауiптi ойыншықтардың сатылымға жiберiлуiне арнайы заңнамалық құжаттармен шектеу қою керектiгiн көлденең тартады.
Ойыншықтар нарығы – экономика заңдылығына аса бағынбайтын сала. Мысалы, былтырғы қаржылық дағдарыстан есiн әлi жинай алмай жатқан әлемдiк экономика тығырыққа тiрелсе, ойыншықтар нарығындағы ахуал, керiсiнше, жағымды. Ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде болмаса да, саудада iлгерiлеушiлiк бар. Сарапшылар қауымы бұл құбылысты қарадомалақтарынан ақша аямауға тырысатын ата-аналардың психологиясымен байланыстырады. Яғни, әрбiр әке мен шеше өзiне қимаған қаржыны баласын қуантуға, оған ұнайтын ойыншықты сатып алуға асық келедi. Осының нәтижесiнде, былтыр ойыншық саудасынан (бейне ойындарды қоса есептегенде) түскен қаржы 106 млрд. долларға жетiптi. Жыл сайын ойыншықтарға ақша жұмсауда, әсiресе, жапондар алда – әр отбасыдан шығатын қаражат 305 доллардың көлемiнде. Одан кейiнгi кезекте – ағылшындар (280 $), француздар (255 $), америкалықтар (242$). Бүгiнде әлемдiк деңгейдегi ойыншықтар нарығын жаулап алуға ұмтылғандар қатарында тайваньдық, таиландық және гонконгтық кәсiпкерлер бар. Ал Үндiстанда ойыншық өндiрушiлерге мемлекеттiк қолдау көрсету бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Қазақстанда ойыншықтар нарығын зерттейтiн арнайы мамандар жоқтың қасы. Есесiне, сөрелердегi ойыншық бiткеннiң отандық емес, шетелдiк өнiм екенiн қарапайым тұтынушы жақсы бiледi. Iшкi нарықтағы отандық тауарларға деген сұранысты қанағаттандыруда мемлекет маңызды рөл атқарады. Жүйелi әрi мақсатты түрде жүргiзiлген мемлекеттiк идеология мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып қабылданатын арнайы шаралардың арқасында ғана отандық нарықта балалар мен жастардың санасына, өсiп-жетiлуiне игi ықпал ететiн ойыншықтар мен ойындарды қалыптастыруға болады. Мысалы, Швеция мен Жапонияда әскери ойыншықтарды сатуға заң жүзiнде қатаң тыйым салынған. Ал Германия мен Испанияда мұндай ойыншықтарға жарнама жасауға болмайды. Оның үстiне, мемлекет ойыншықтар мен балаларға арналған тауарларды өндiретiн кәсiпкерлерге өзге елдердегiдей жеңiлдiктер жасаса, сөрелердегi сапалы өнiмдердiң көбейе түсетiнi белгiлi.
Былтыр ресейлiк мамандар бала тәрбиесi мен сана-сезiмiне керi әсер ететiн ойыншықтарды айналымнан шығару, баласына ойыншық сатып алуға жағдайы келмейтiн отбасыларға мемлекеттiк тұрғыда көмек көрсету керектiгiн айтып дабыл қаққан. Осының нәтижесiнде бiраз олқылық жойылды. Ресейдегi Тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi федералдық қызметтiң жетекшiсi Геннадий Онищенко балалар арасындағы сапасыз ойыншықтардың кесiрiнен туындайтын аурулардың көбейiп кетуiне байланысты небары 130 кәсiпорынның заңды тiркеуден өткенiн мәлiмдедi. Сондай-ақ, қауiпсiздiк пен гигиеналық талаптарға сай келмеген ойыншықтардың 93 мың 242 түрi айналымнан шығарылған. Олардың басым бөлiгi – қытайлық өнiм. Айтпақшы, былтыр америкалық Mattel компаниясы Қытайда жасалған 18 миллионға жуық ойыншығын дүкен сөрелерiнен керi қайтарып алды. Себебi, америкалық кәсiпорынның тапсырысын орындаған қытайлық Dong Lian және Yip Sing компаниялары ойыншықтарға құрамында белгiленген мөлшерден көп мырышы бар бояуларды пайдаланыпты. Дүниежүзiлiк деңгейдегi дауға қалған Mattel Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африкаға жөнелткен тауарларын керi қайтарып, тұтынушыларға өтемақы төлеп құтылды. Мырыш әсiресе, нәрестелер мен кiшкентай балалар үшiн аса қауiптi. Ағзаға енген мырыш миды зақымдап тынады. Қазақстандағы ойыншықтардың түгелге жуығы аспанасты елiнен әкелiнетiнiн ескерсек, сапасының қаншалықты қатерлi екендiгiн бағамдау оңай…
Сырт көзге елеусiз, жай баланың көңiлiн аулайтын дүние көрiнгенмен, ойыншықтар әлемi – өте күрделi сала. Қолындағы ойыншық арқылы өмiрдi, қоршаған орта мен тiршiлiк бiткендi тануға талпынатын кiп-кiшкентай адамға сапалы дүние қажет. Мысалы, отандық психологтар Барби сияқты қуыршақтармен ойнап өскен қыз баланың бойында өзiн-өзi қомсыну мен қорсыну сезiмi қалыптасатынын айтады. Өйткенi, кiшкентай бойжеткеннiң түсiнiгiндегi "сұлулық" ұғымы дене бiтiмi мен бет-бейнесi әсем де көркем Барбимен астасады. Өзiн сұлулығында мiн жоқ Барибиге ұқсата алмай қорланатын бала психикасының бұзылуы, өз күшiне, әдемiлiгiне деген сенiмнен айырылуы мүмкiн. Бұл да ойыншықтардың мақсаты мен қызметiне сай болмауының кесiрiнен. Кәмелеттiк жасқа толған әрбiр азаматтың санасына, оның келешегiне балалық шағында ойнаған ойындары тiкелей әсер ететiнiн ескерсек, қатiгездiкке үндейтiн фильмдердi көрiп, жамандыққа шақыратын ойыншықтармен ойнап өскен баладан ертеңгi күнi қанiшер шықпасына ешкiм кепiлдiк бере алмайды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ