РЕЦЕССИЯ

РЕЦЕССИЯ

РЕЦЕССИЯ
ашық дереккөзі
214

Бiрнеше айдан берi әлемдiк экономиканың көңiлiн алаң еткен рецессия ипотекалық несиелеуден "аузы күйген" АҚШ-та емес, Батыста басталмақ. Америка мен Еуропа қолдан келген қайранның бәрiн жасап бағуда.

Апта басында Еуропалық комиссия Ұлыбританияда, Германия мен Испанияда биыл рецессияның басталатынын ескерттi. Халықаралық сарапшылардың пiкiрiнше, осы үш мемлекетте екi тоқсан бойы экономикалық өсiм күрт нашарлап, экономикаға керi әсер етедi. Сондай-ақ, дүниежүзiлiк экономиканың тiрегi саналатын Франция, Жапония мен Италияда да жағдай аса мәз емес. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшыларының пiкiрi де осы сарындас. Негiзi рецессия латын тiлiнде "керi шегiну" (Recessus) мағынасын бередi. Экономикада, негiзiнен макроэкономикада бұл ұғым өндiрiстiң төмендеуiн бiлдiредi: жалпы ұлттық өнiм нөлге тең (стагнация) болады немесе жалпы ұлттық өнiм көрсеткiш жарты жылдан астам уақыт бойы үздiксiз төмендейдi. Экономика заңына сәйкес, рецессия қор нарығындағы көрсеткiштердi кең ауқымда күрт төмендетуге әкеп соғатындықтан, дағдарыстың соңы халықаралық деңгейге көтерiлуi ғажап емес. Өйткенi, бiр елдiң экономикасы екiншi бiр елдiң экономикасымен тығыз байланысты. Сондықтан, бiрдi-екiлi мемлекеттiң экономикасы қиын жағдайға тап болғанда өзге елдердiң экономикасына керi әсер етуi, тiптi, халықаралық биржаның күйреуiне әкеп соғуы әбден мүмкiн. Рецессияның кесiрiнен өндiрiс орындары жұмыстарын тоқтатады, елде жұмыссыздық етек алады, халықтың әлеуметтiк, экономикалық ахуалы нашарлайды.

Өткен аптада Еуропалық Комиссия кәрi құрлықтағы бiртұтас валюта – еуро пайдаланылатын аймақтағы экономикалық өсiм деңгейiн тағы төмендеттi. Сарапшылардың бұған дейiн болжаған 15 еуропалық елдегi орташа экономикалық өсiм деңгейi 1,7 пайыздың төңiрегiнде болатын. Бiрақ кешегi жүргiзiлген зерттеуден кейiн бұл көрсеткiш 1,3 пайызға бiр-ақ сырғыды. Үстiмiздегi жылдың сәуiрi мен маусымы аралығында кәрi құрлықтың экономикасы 0,2 пайызға қысқарған. Еуро айналымға шыққалы берi (1999 ж.) осынша төмендеп көрмегенiн ескерсек, еуропалық экономиканың халi шынымен-ақ мүшкiл. Былтырғы әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқыны, несие нарығындағы ширығыс, азық-түлiктiң қымбаттауы, жанар-жағар май бағасының шарықтап шыға келуi, экспорттың бәсеңдеуi, Жер шарындағы ашаршылық, тұтынушылардың материалдық жағдайының төмендеуi мен сауда орындарындағы белсендiлiктiң күрт төмендеуi батыстықтарға да әсер етпей қоймады. Еуроодаққа мүше елдердегi инфляцияның 4,25 пайыздық мөлшерде сақталуы да ширыққан ахуалдың жуық арада реттеле қоймайтынын бiлдiредi.

Қаржы әлемiндегi дағдарысқа ендi мемлекет араласуға мәжбүр болды. Көптеген мемлекеттердiң орталық банктерi инфляция деңгейiн күштеп ауыздықтауға, банкротқа ұшыраған банктердi жаппай сатып алуға, оларға қаржылық тұрғыда көмек көрсетуге мәжбүр болды. Сейсенбi күнi АҚШ-тың Федералдық қор жүйесi америкалық алпауыт – AIG компаниясын күйреуден аман алып қалды. ФҚЖ тарапынан 85 млрд. доллар көлемiнде несие алған AIG 80 пайыз акциясын мемлекетке "сыйға тартты". Бұған дейiн америкалық қаржы министрлiгi банкротқа ұшыраудың сәл-ақ алдында тұрған Fanni Mae мен Freddie Mag компанияларын сатып алған болатын. Жуырда ғана соңғы 158 жылдан берi қаржы әлемiне үстемдiк еткен әрi Құрама Штаттардағы ең iрi инвестициялық банк болып табылатын Lehman Brothers компаниясы қаржылық дағдарыстың кесiрiнен банкротқа ұшырап тынған. Ал қарызға белшеден батқан аса iрi брокерлiк компания Merrill Lynch өте арзан бағаға (50 млрд. доллар) Bank of America банкiнiң қанжығасында кеттi. Егер AIG, Fanni Mae мен Freddie Mag күйресе, Америкада ғана емес, халықаралық қаржы және қор нарығы тұралап қалар едi. Оған дәлел, сейсенбi күнi Федералдық қор жүйесiнiң негiзгi пайыздық ставканы өзгертпеуге шешiм қабылдағанына қарамастан, АҚШ-тағы қор нарығы құлдырап, Dow Jones индексi тағы төмендедi. Жағдай осылай ушыға берсе, америкалық банктердiң әлем алдындағы абыройына нұқсан келiп, ел экономикасы Қаржылық құрылымдарға 70 млрд. долларға дейiн қаражат бөлуге дайын отырған ФҚЖ-ның "қалталары қағылған" компанияларды жаппай сатып алуға құлшынуы сондықтан. Ал Еуропалық Одақтың орталық банктерi болса, еуропалық қаржылық құрылымдарға 30 млрд. еуро (42,7 млрд. доллар) бөлсе, Ұлыбританияның банкi тарапынан бөлiнген несие 5 млрд. фунт (9 млрд. доллар) көлемiнде. РФ президентi Медведев мемлекеттiң банктерге қаржылық тығырықтан шығуға көмектесетiнiн мәлiмдедi. Қазақстанға келсек, былтыр қаржылық дағдарыстың алғашқы кезеңiнде-ақ Үкiмет шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, екiншi деңгейлi банктерге қаржылық қолдау көрсетуге және құрылыс саласына мемлекеттiк бюджеттен 4 млрд. доллар көлемiнде қаражат бөлуге шешiм қабылдаған. Ел экономикасы үшiн маңызды саналатын салалардағы ахуалды жақсартуға қатысты шаралар атқарылу үстiнде.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары