АҚЫНҒА АРНАП ЕСКЕРТКIШ ОРНАТУ

АҚЫНҒА АРНАП ЕСКЕРТКIШ ОРНАТУ

АҚЫНҒА АРНАП ЕСКЕРТКIШ ОРНАТУ
ашық дереккөзі

Шәкәрiм туралы жазу былай тұрсын, оның атын атаудың өзi қиынға айналған заман болған. Мiне, сондай күндерде ештемеден ықпастан, тайсалмастан ұлы ойшыл қақында сан мәрте сөз қозғап, неше рет мәселе көтерген адам – ғалым, азамат Қайым Мұхамедханов едi.

Мәселен, Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған қырық жыл аралығында (1940-1980) ол Шәкәрiмдi ақтап алу мақсатында СОКП Орталық Комитетi мен Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң ең жоғарғы басшыларынан бастап, әртүрлi құзырлы органдарға ғұлама ойшыл туралы ғылыми мақалалармен қоса үнемi сұрау хаттар жолдап тұрады. Бұдан ақын ақталып кетпесе де iстiң бiртiндеп оңға басуына, ұлы есiмнiң мүлде ұмытылып кетпеуiне ылғи да ықпал жасай бередi. (Сол уақытта әртүлi жоғарғы басшылықтан келген жауап хаттар ғалымның отбасылық мұрағатында әлi күнге дейiн сақтаулы).

Осындай жанкештi iстiң соңы тек мына бiр қуанышты хабармен ғана бiткен ғой: "Құттықтаймын! Шәкәрiм құзырлы органдар тарапынан ақталды!" Бұл – белгiлi жазушы Әди Шәрiповтың 1989 жылы 14 көкекте Қайым ағаға жолдаған телеграммасы едi.

Жалпы ғалым, жазушы Қайым Мұхамедханов бүкiл саналы ғұмырында тек Шәкәрiм туралы ғана ондаған ғылыми мақала мен танымдық материалдар жазған екен. Соның бiрi – бұдан тура 20 жыл бұрын "Семей таңы" газетiнде жарық көрген төмендегi мына мақала.

(Ғалым мәселе етiп көтерген ақын ескерткiшi арада тура 20 жыл өткенде, осыдан 10 күн бұрын Семей қаласындағы Орталық саябақта өз шымылдығын сыпырды).

Шәкәрiмнiң дүниеге келгенiне, биылғы жылы (1988) бiр жүз отыз жыл толғалы отыр.

Шәкәрiм 1858 жылы, 24 июль (ескi стиль бойынша 11 июль) күнi туған.

Ардақты ақынымыздың туғанына 100 жыл толған күнi, 1958 жылы, ауызға да алынбай, атаусыз өттi. Бұл да – мәдениет тарихымыздағы өкiнiшi ұмытылмайтын, өксiгi басылмайтын, қасiретке толы, келеңсiз кеселдi кезеңдердiң бiр айғағы. Орасан озбырлық пен өр зорлықтың – сталинизмнiң қырсығы, естен кетпес зардабы екенi айдан айқын.

Шәкәрiм ақын туралы да ащы шындықтың бетi айқындалып, ашылып, оның сан-салалы бай әдеби асыл мұрасы мәдениетiмiздiң қазынасына қосылып, халқымыздың рухани игiлiгi болғалы отыр.

Ақынның туғанына 130 жыл толатын күнi ерекше еске алатын, тарихи-мәдени мерекелерiмiздiң бiрi ретiнде аталып өтуi керек.

"Аталып өту" дегенде, бiз өткiншi бiр уақиға болуын айтып отырғанымыз жоқ. Ақын мерекесiне байланысты iс жүзiнде iстелетiн, ең алдымен келер ұрпаққа тарихи мұра болып қалатын ескерткiштер мәселесiн ойластыруды айтып отырмыз. Бұл мәселенiң облыс көлемiнде iске асырылуға тиiстi жағын, жұртшылық пiкiрiн еске алып, әсiресе, ақынның туған жерiндегi елмен, Абай ауданының халқымен мәслихаттасып барып, жүзеге асырылуы керек.

Шәкәрiмге ескерткiш деген мәселеге тарихи тұрғыдан қарап, келешекке көз жiберсек, бiздiң өзiмiздiң адамгершiлiк қасиетiмiздiң куәсi, мәдени дәрежемiздiң айдай айғағы болмақ.

Ол өз басының қамын ғана ойлап, тарихта атым қалсын деп еңбек еткен емес. Атақ-даңқ дегенге ешбiр құмарлығы болмаған, мансап, мақтан дегеннен мүлдем аулақ болған адам. Бұл – ұлы адамдарға ғана тән қасиет. Ол былай деген: "Ешбiр хақиқат бiржолата көмiлiп қалмайды. Мұны мен өз мақтаным үшiн айтып отырғаным жоқ. Маған тiрлiкте де мақтанның бiр тиын құрлы қадiрi жоқ. Және мақтан араласқан iсте тазалық, әдiлет болмайтынын жақсы бiлемiн. Бiрақ, ақылдың анық деп тапқан хақиқатын айтпауға ар көнбейдi. Өлген соң тарихта атым қалсын да демеймiн. Неге десеңiз: "өлген соң да мақтанайын дегеннен масқаралық iс бар ма?!".

Шәкәрiм – қазақ халқының ұлттық мақтанышының бiрi. "Ескерткiш орнаттым мен қолдан келмес", – деп Пушкин айтқандай, Шәкәрiм де – мәңгi-бақи өлмейтiн, өшпейтiн ескерткiшiн өзi орнатып кеткен ақын.

Ұлы ақындардың қалдырған ескерткiшi, басқа адамның қолынан келмейтiн ескерткiш – олардың әдеби асыл мұрасы.

Ақынның 130 жылдығын халықтың мәдениет мерекесi дәрежесiндегi салтанат ретiнде өткiзу және ақынға арналатын, бiздiң қолымыздан келетiн ескерткiштер мәселесiн алдын ала ақылдасып анықтауымыз керек болады. Ол үшiн арнаулы мереке комиссиясы құрылып, комиссия нақтылы жоспармен дайындық жұмысын жүргiзу керек. Ақынның 130 жылдығын арнайы атап өткiзудi облыстық, республикалық басшылық мақұлдайтын болса, мереке өткiзу үшiн ақынның дәл туған күнi, – 24 июль, шарт емес, 1988 жылдың ақырғы айларының бiрiнде өткiзуге болады.

Шәкәрiмнiң басынан өткен, тарихтық мән-манызы бар, өмiр кезеңдерiнiң айғағы сияқты болған ақынның туған, өскен, әр қилы өмiр кешкен жерлерiн, мекен-жайларын нақтылы анықтап алу керек болады. Ол жерлердiң ақын өмiрiнiң қай кезеңiне, қандай уақиғаға байланысты қатысы барын дәлелдеп көрсету керек. Сонан соң ол жерлерге қандай ескерткiш орнату лайқты болатынын ақылдасып шешу керек.

Ескерткiш қойылатын орындар. Бiздiң ойымызша, ақынның дүниеге келген жерi, ата-мекенi, қыстауы. Ерекше ескеретiн ескерткiш орны – Шәкәрiмнiң өзi "Саят қора" деп атаған мекен-жайы. Бұл "Саят қораны", Абай дүниеден қайтқаннан кейiнгi жылдары, елден аулақ жерге (Шыңғыстау сыртындағы Шақпақ тауының етегiне) салдырған. Шәкәрiм былай дейдi: "Алдыңда өнегелi көрерiң болсын" дегендей, алдымда Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып, мен де адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, бiлiм жолына түстiм. Негiзгi бiлiмiм болмаса да, өз бетiммен iзденiп, өткен жазушы, ғалымдардың жазғандарын оқып, ойларымен танысып, бiлгендерден сұрап, өз ойымнан құрап, түрлi әңгiмелер жазып, барлық өмiрiмдi жазумен өткiздiм.

Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсiрiп кеттiм".

Оңашада жататын орны да, "Ойға оңаша жер керек", – дейтiн жерi де осы айтылған "Саят қорасы". Шәкәрiмнiң негiзгi шығармаларының бәрi дерлiк "Саят қорада" жазылған. Әр кезде ел ортасынан аулақ, оңаша кетiп, алаңсыз отырып жазатын орнын ақын үнемi атап айтып отырған.

"Елiмнен кеттiм елсiзге, елуден асқан жасымда, қора салған жерiме", – дейдi бiр өлеңiнде. Бұл 1909-1910 жылдар.

1918 жылы Семейге келiп, елiне қайта оралған жолы да ауылында аялдамай, "Саят қорасына" кетедi. "Сол кеткеннен кетiп ем, ауылға келiп жетiп ем, аз ғана күн кiдiрмей, елсiзге қарай өтiп ем", – дейдi.

Асыра сiлтеу асқындап, озбырлық пен зорлық қабындап тұрған кезде, 1930 жылы, жазған бiр өлеңiнде Шәкәрiм:

"Мен кеттiм, сендер елде қойдың қалып,

Ешкiмнiң кеткенiм жоқ малын алып,

Елу бес жыл жинаған қазынамды

Оңашада қорыттым ойға салып", – десе, сая табатын "оңашасы" – "Саят қорасы".

Ақынның ең ақырғы қасiреттi өмiр кезеңi осы қорасында өткен. "Өлсем орным осы қораның қасында болсын" деп, қатты аурып, өлiм халiнде жатқан шағында өсиет те еткен:

"Жиырма жетiншi февральда,

Ентелеп келдiм иесiз тамға,

Жатуға жалғыз жалықпай.

Үш ауру болып науқастанып,

Үш сөтке ұдай iшiм жанып,

Құр терiм қалды қабықтай…

…Өкiнiш емес өлiм маған,

Өткiзiп қолдан қоштаспаған,

Жалғыз-ақ осы арман-ай!

…Жәрдемшi ешкiм жанымда жоқ,

Басымды сүйер жарым да жоқ,

Жалғыздықта өткен жалған-ай!"

Осындай халде, өлiм аузында жатқан ақын, өмiрден күдер үзiп, ағайындарына жазған өсиетiнде былай дептi:

"Ойладым бiр сөз жазайын да,

Байғошқардағы ағайынға.

Мен өлсем қойсын деп былай:

Кебiнiм болсын көйлек-дамбал,

Басыма орап ақ орамал,

Аяққа шұлғау сал орай.

Бұлақтан арман белiгiр бар,

Iренжiмей, сонан көр қазыңдар,

Тереңдеп барып, лақаптай.

Кебiсiм, мәсiм, шапан, шалбар,

Тақия, тымақ, желет, тон бар,

Бөлiсiп алсын таласпай.

Бешпетiм, етiк, сағат қалсын:

Қабыш пен Ахат, Зият алсын,

Атадан мирас алғандай.

Сандықтап әбден жайғап ал да,

Тамымды бекiт, құлып сал да,

Болмасын ашық қалғандай.

Бумажник ашсаң, кiлтiм бар,

Үстiнде пештiң құлпым бар,

Есiкке сырттан салғандай.

Ет те бар, май мен бауырсақ бар,

Асықпай iшiп, жеп алыңдар,

Шай да бар сендер қанғандай.

Апармай елге, көмiп мұнда,

Мiнерлiк атым тұр осында,

Бiрiң шық, елге барғандай…"

Ақынның елден аулақта жападан жалғыз ауыр азап шегiп, қайғы-қасiрет тартқан шақтарының да, шабыттанып өлең-жыр төккен сәттерiнiң де ақырғы куәсi болған – "Саят қора".

Шәкәрiмге негiзгi тарихи ескерткiш болатын бiр орын өзiнiң "Саят қорасы". Осы "Саят қораны" қалпына келтiрiп, дұрыстап жабдықтап, ескерткiш музей-үйi ету керек.

Абай ауданының азаматы Серiкқазы Шабданов жолдас шын мәдениеттi адамның өнегесiн көрсетiптi. Ол аудандық газетте жарияланған ("Совхоз туы", 29 март 1988) мақаласында: "…1986 жылдың 10 август күнi Шәкәрiмнiң кiтапханасы орналасқан жерге көлемi 80х30 сантиметр мәрмәр тасқа "Шәкәрiм Құдайбердiұлының шошаласы" деген сөздi қашап жазып, бронзамен бояп, төрт бұрышты темiрмен көмкерiп, құлыптас орнатты.

Өйткенi, қора тозып, қабырғалары құлап қалған, бара-бара жермен жексен болуы мүмкiн. Ал, Шәкәрiмдей ұлы адамның, сөзi өлмей тiрi жүргенi сияқты, басқан iзi де өшпеу керек және Шәкәрiм шошаласы (шошала емес, "Саят қора" деп Шәкәрiмнiң өзiнше атау керек. – Қ.М.) осы деп басқа бiр жердi көрсету елден ұят қой", – дейдi.

Шәкәрiм ажал жетiп өлген жоқ. Адамшылық ар-ұяттан безген азғындар 1931 жылы, екiншi октябрь күнi ақынды айдалада атып өлтiрiп, сүйегiн ескi бiр құдыққа сүйреп тастап, қара жүрек, қанды қолдар қаперсiз кете барған.

Осындай сұмдық уақиғадан кейiн, ақынның сүйегiн құдықтан алып, арулап жерлеуге ешкiмнiң батылы бармаған. Ақынның артында, ұлдарынан тiрi қалғаны жалғыз Ахат, ол кезде өзi де қуғында жүрген. Шәкәрiмнiң қызы (кенжесi) Гүлнәр әкесiне арналған ұзақ жоқтау өлеңiнде:

"…Жүректен шығар зар ма екен,

Қайғылы мендей бар ма екен,

Әлемге айқын әкемдi

Жоқтасам, елiм, ар ма екен.

Қамықтым жаным қиылмай,

Басында елiң жиылмай,

Арманда кеттi әке-екем,

Топырақ қолдан бұйырмай…

Қабiрге жайлап салынбай,

Бетiң жөндеп жабылмай,

Сүйегiң қалды құдықта

Әлi де жатыр алынбай.

Ойымнан шықпас арманым –

Жерленбей қолдан қалғаның,

Кеш, әке, әлсiз нәзiкпiн,

Сондықтан алмай қалғаным…

Айырылдым бауыр, анадан,

Туысқан, қимас ағадан,

Жалғыз қалдым сандалып,

Айырылып сүйеу-панадан.

Он жетi толар жасымда,

Айықпай көзден жасым да,

Дос түгiл дұспан көрмесiн,

Қазаны тартқан басымда.

Сөкпеңiз менi жылаған,

Бар тiрегi құлаған,

Бар екен, тағдыр, аяусыз

Сақтаған маған сыбағаң…"

Сөйтiп, ақынның сүйегi отыз жыл бойы ескi құдықтың түбiнде жатады.

Ахат Шәкәрiмұлы (1900-1984) былай дейдi: "1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкемнiң сүйегiн тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күнi метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебiм: бiреу болса, ол асығып, сүйектiң бiр жерiн сындырып алар деген ой келдi. 28 июльде және қазып, барлық сүйегiн түгел алдым. Тек оқ бүлдiрген екi сүйегi болды. Бiрi – оң жақтағы тоқпақ жiлiктiң басын үзген. Екiншi атқан оқ төс сүйектiң ортасынан өтiп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбiр сүйектерiн өлшеп алдым… Әкей өте ұзын бойлы адам болатын. Сүйегiн ауданға алып келдiк. 8-августа Абай зиратының қасына жерлендi. Жүзден артық адам қойысты. Жетiсi де берiлдi… Абай совхозы мен аудан басындағылар түгел жиналды. Басқа совхоздан да келгендер болды. Аудан басшылары машина және басқа қажет нәрселердi бергiздi. Жаңа өлiктен де артық болды деуге болатындай. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерiнiң жасымен бiрге қуаныштары да байқалды…", – дейдi.

Ендi халқымыздың ежелгi салты бойынша, ақынға (Жидебайдағы қабiрiне) ескерткiш қойылуы керек. Сол сияқты ақынның сүйегi отыз жыл бойы бүркелiп жатқан жерге, ескi құдық басына ерекше бiр ескерткiш орнату қажет. Ондай ескерткiш – Шәкәрiмге ғана арналған ескерткiш емес, отызыншы жылдары халықтың басынан кешкен, естен кетпес қалың қайғы-қасiретiнiң айғағы сияқты ескерткiш болып қалмақ.

Оның туып, өскен жерiнде тағы қандай ескерткiштер болуға және ақын атымен аталуға тиiстi орындарды (колхоз, совхоз, мектеп, елдiмекен, тау-тас, жер, су т.т.) Абай ауданы белгiлеуi керек. Мысалы, бiр кезде Сталин атымен аталатын совхоз қазiр Мұхтар Әуезов есiмiмен аталып отырғаны сияқты, қазiргi Жданов атындағы совхоз бұдан былай Шәкәрiм атымен аталса, дұрыс болатын шығар деп ойлаймыз. Бұл, әрине, Абай ауданы жұртшылығының ұйғаруы бойынша шешiлетiн мәселе.

Ақынның тарихи дастандарындағы суреттелетiн уақиғаға байланысты, нақтылы аталып сипатталатын, Абай ауданындағы, кейбiр айтулы жерлерге де ескерткiш – белгi қойылса, мәдени өнегемiздiң көрнектi бiр үлгiсi сияқты болар едi. Мысалы, Кебек пен Еңлiктiң алғашқы кездесетiн жерi – Қаражартастың Хан өзенiнiң аяғында екенiн атап айта келiп:

"Белдеуге атын байлады Кебек серi,

Боз қырау бұрқыраған аттың терi.

Осы күнгi Боқтыбай қыстап жүрген,

Қаражартас – Кебектiң келген жерi," – деп дәл суреттеп, көрсетiп бередi.

Сол сияқты, "Нартайлақ-Айсұлу" поэмасындағы екi ғашықтың көңiл қосатын оңаша орындарын, белгiлi жер, су аттарын айқындап баяндай отырып, атап бередi:

"Құр менен Қаранайдың басы бөлек,

Бiр су бар ортасында – Шолақ өзек,

Күнбатыс сағасында бiр ақ тас бар,

Сөйлеуге соның жайын келдi кезек.

Сол тастың жырасында бiр үңгiр бар,

Жатуға екi кiсi болмайды тар.

Ол тасты – "Айсұлудың ақ тасы" деп,

Атаған бiзден гөрi бұрынғылар".

Және Нартайлақтың Айсұлу мен Күнсұлуды жерлеген жерiн ақын терең сезiммен, тебiренiп жырлайды:

"…Оны да қойған Тайлақ Тазқызылға,

Көремiн аңда жүрiп әрбiр жылда.

Айсұлу, Күнсұлумен елестейдi,

Дегендей ишаратпен: "бiздер мұнда".

Жүрегiм көрген сайын кетер жанып,

Бiлгендей сол екеуiн анық танып,

Қорамнан Шақпақтағы көрiнiп тұр,

Екi оба дәл екi емшек сияқтанып".

Ақын шығармаларының негiзi үнемi тарихи шындықпен терең тамырласып жатады.

Шәкәрiмнiң өмiрi мен жазушылық қызметi Семей қаласымен тығыз байланысты. Шәкәрiм жiгiт кезiнде Абаймен бiрге Семейде сан рет болған. 1912 жылы Семей қаласында, "Жәрдем" атты баспаханадан үш кiтабын өз қаражатымен бастырып, халыққа таратқан. "Қазақ айнасы", "Еңлiк-Кебек", "Қалқаман-Мамыр" деген өлеңдерiмдi, әрбiрiнен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр) дана бастырып, елге таратып едiм", – дейдi ақын.

1924 жылы, төртiншi кiтабы – "Дубровский әңгiмесi" Семейде басылып шығады. "Қазақ тiлi" газетiнде әдеби-сын мақалалары, "Таң" журналында тарихи әңгiмелерi жарияланады. Семей кiтапханаларында жиi болып тұрады. Шәкәрiм Семей жағрафия қоғамының мүшесi ретiнде қоғам жұмысына атсалысады. Ақынның қалада болған кездерiнде жатып жүретiн үйлерi де белгiлi. Оның Семейде қөбiнесе қарым-қатынас жасаған жақын адамдары: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев, Тайыр Жомартбаев сияқты ақын, жазушылар, тағы басқа алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары болған.

Шәкәрiмнiң ақындық атақ, даңқын халыққа кең жайып, танытқан – оның Семей қаласында басылып шыққан кiтаптары…

Ақынның атамекенiндей қаласы болған Семейде, Абай мен Мұхтар ескерткiшi сияқты, Шәкәрiм ескерткiшi де сымбатталып, бой көрсетiп тұратын болады деп сенгiмiз келедi. Бұл ең басты мәселе болса, ендi қалада ақын есiмiмен аталуға тиiстi орындарды да ойластыруымыз керек.

Шәкәрiм туралы айтарымыз аз емес. Ақынның 130 жылдығына байланысты әзiрге айтар ой-пiкiрiмiз осы. Пiкiрiмiздiң артық-кемi болса жұртшылық айтар деп ойлаймыз.

Бiздiң айтып отырғандарымыз, әрине, бiр сәтте жүзеге асырыла қоятын жұмыс емес. Сайып келгенде аудан, облыс, республика басшылықтары шешетiн күрделi мәселе. Егер шешiмi табылса, ресми қаулы-қарар қабылданып, қай мәселенiң қай уақытта жүзеге асырылатын мерзiмi белгiленсе, қалың оқырман қауым риза болары анық.

Ақынның 130 жылдық мерекесi алдында қойылған мәселе мақұлданып, қаулы-қарар қабылданатын болса, мереке кезiнде халық алдында жариялануы керек.

"Семей таңы" газетi, 13 шiлде 1988 ж.