10 ДОЛЛАРҒА ПӘТЕР ЖАЛДАҒАН ... АЯТОЛЛА

10 ДОЛЛАРҒА ПӘТЕР ЖАЛДАҒАН ... АЯТОЛЛА

10 ДОЛЛАРҒА ПӘТЕР ЖАЛДАҒАН ... АЯТОЛЛА
ашық дереккөзі
217

"Мiне, осылай! Кiмде-кiм Құдай дiнiнiң амалдарын құрмет тұтса, Аллаһтың алдында оның жүзi жарқын", ("Құран-Кәрiм", "Хаж" сүресi) …Бiз қасиеттi Құран-Кәрiмнен тектен-текке үзiндi алып отырғанымыз жоқ. Өйткенi, осы жолғы әңгiмемiз Аллаһқа жан-тәнiмен берiлген, бүкiл ғұмыры мен талантын бiр Жаратушымыз бен ұлтына арнаған жан туралы болмақ. Ол — он жыл бойы Иран Ислам Республикасының ең жоғарғы және рухани жетекшiсi әрi көсемi болған аятолла Рухолла Мусави әл-Хомейни (1889-1899).

Батыс насихаты ол туралы не айтпады, не жазбады десеңiзшi?! "Тоңмойын, керiтартпа тұлға", "қатал билеушi" т.с.с.негiзсiз айыптауларды үйiп-төгiп, оны қаралап-күстәналап бақты. Алайда биiк парасат пен сарабдал ақыл иесi соның бiрде-бiреуiне кiрпiгiн де қимылдатқан емес. "Ит үредi, керуен көшедi" ғой…

ДIН ЖОЛЫНДА

Бала кезiнен ерекше естi және сезiмтал Рухолла ислам дiнiне бас ұрған, қарапайым да көп балалы отбасында дүниеге келдi. Дiншiлдiк, соның iшiнде исламның шиизм бағытына мойын ұсыну – сол заманда және қазiр де көптеген иран отбасыларына тән қасиет. Демек, бозбала Хомейнидiң де дiн жолын таңдауы кездейсоқтық емес.

Ең әуелi қасиеттi ислам негiздерiн терең зерттеп үйрендi. Бiлiмi мен парасатына орай, дiндәрлардың арасында зор беделге ие бола бастады. Нәтижесiнде бүкiл әлемнiң шииттерi үшiн қасиеттi орын – Кум қаласында медреседе сабақ берген. Тамаша ұстаз әрi тәрбиешiге айналған оған "аятолла" (шиит дiндәрларының ең жоғарғы рухани лауазымы) құрметтi атағы берiлiптi. Мiне, сол құрмет пен лауазыммен тып-тыныш жүре берер де едi. Алайда, тағдыр аятоллаға өзi көпке дейiн бойын алып қашып жүрген саясатпен айналысуды жазған екен…

"МҮТТАЙЫМНЫҢ АЛДЫНДА ОРНЫҢЫЗДАН НЕГЕ ТҰРДЫҢЫЗ?!."

Туған ұлтын жан-тәнiмен сүйген Рухолла Хомейни сол жылдардағы халқының аянышты жағдайына немқұрайлы қарап отыра алған жоқ. Оны рухын былай қойғанның өзiнде, адами ар-ожданы мазалап, тыныштық бермедi. Ал Иран елi өткен ғасырдың орта шенiнде қандай едi?!.

Бүгiнде "Иран Ислам Республикасы" деп аталатын мемлекет сол жылдары монархиялық саяси құрылымда өмiр сүрдi. Иран шахы Мохаммад Реза Пехлеви елдi емiн-еркiн билеп-төстеп, ұлттық байлықты сүйiктi достары – ағылшындар мен американдықтардың иелiгiне берiп қойды. Мол мұнай мен газдың үстiнде отырған елдiң тұрғындары – миллиондаған ирандықтар қарны тойып тамақ iшкен жоқ. Жұмыссыздардың саны жылдан жылға өсе бердi. Көше бойын кезген қайыршылар мен панасыз балалар тiптi шетелдiк қонақтарды да шошындыратын. Ана және бала өлiмiнен Иран әлемдегi алдыңғы орындарды "иелендi". Елге сыналап кiрiп алған шетелдiктер ойына келгенiн iстедi. Өйткенi шахтың "қонақжайлығын" пайдаланған АҚШ Кеңес Одағының көршiсi – Иран жерiнде екi электронды тыңшылық стансасын орнатып, 40 мың американ кеңесшiсi өздерiн емiн-еркiн сезiнетiн. Жергiлiктi адамдарды көлiгiмен қағып кетсе де, ұсақ бұзақылық жасаса да келiмсектердi үкiмет орындары өзiнiң қамқорлық аясына алып, ешқашан жазалаған емес.

Бәрiнен бұрын, иран ұлтының руханияты мен дiлiне шабуыл күшейдi. Баспасөз, телерадио мен кiтаптар тасқыны Аллаһқа емес, оның жұмырбасты пендесi – адамға табынып, ешбiр шектелмеген "бостандықты" уағыздады. Көне өркениеттi Шығыс елiн маскүнемдiк пен есiрткiқұмарлық, жезөкшелiк пен киеңкiлiк кеңiнен жайлады. Әсiресе, тасыр өзiмшiлдiк пен қатынға табынушылық ирандықтардың санасына зорлап таңылды. Қасиеттi Құран-Кәрiм, шариғатқа қайшы осындай сорақылықтардың ұлт патриоттары тарапынан қарсылық пен өшпендiлiк туғызуы өз-өзiнен түсiнiктi…

1946 жылы Кум қаласынан келген, құрамында бес молла бар шағын топ Иран шахымен кездесуге жиналған. Шах бiреуiн ғана қабылдауға келiсiмiн бердi. Кезек Хомейниге тиген. Әмiршiнiң қабылдау бөлмесiне кiргенде орнынан тұру керектiгi ескертiлсе де, шах iшке енгенде, аятолла мiз бақпастан отыра бердi. Осы әрекетiмен ол елiн сатқан билеушiге iшкi қарсылығын бiлдiрсе керек. Алайда Мохаммед Реза Пехлеви оның бұл батылдығын елеусiз қалдырған.

Тағы бiрде шахтың өзi шииттердiң көсемi ұлы аятолла Боруджериге кездесуге келедi. Оны ұлы аятолла орнынан тұрып, тағзым етiп қарсы алса, жерде отырған Хомейни қозғалмаған да. Қонақ кеткесiн жас Мусави ұстазына: "Мүттайымның алдында неге орныңыздан тұрдыңыз?!" дейдi. Ұстазы да дереу жауап қайтарған: "Мен сендердi өсiрiп, қанаттандырып жiберуiм керек. Сонан кейiн күреске шығасыңдар"…

МОЛЛАЛАР КӨТЕРIЛIСI ЖӘНЕ ЖЕҢIС

1962 жылдан бастап шах және оның итаршыларына қарсы ашық күреске шыққан иран халқының толық қолдауына сүйенген аятолла барған сайын ресми билiк үшiн қауiптi бола түстi. Әрине, шах пен оның саяси полициясы – Савак үшiн дiн иесiн өлтiре салу қиын да емес едi. Алайда олар Хомейнидiң тек иран халқының алдында ғана емес, бүкiл мұсылман әлемiндегi ұланғайыр беделiнен қорықты. Нәтижесiнде 1964 жылы 4 қарашада Кум қаласында тұрған 65 жастағы Рухолланың үйiне десантшылар баса-көктеп кiрiп, оны отбасымен әуежайға жеткiзiп, жүк ұшағымен Түркияға жер аударды. Түркияда бiраз тұрғаннан кейiн Хомейни шииттер көп жайлаған Иракта өмiр сүрiп, мұнда Саддам Хусейннiң көз қырына iлiнгесiн Францияға қоныс аударды. Аятолланың осындағы үйi Иран шахына қарсы белсендi күрестiң нағыз орталығына айналды. Бай иран саудагерлерi халықтық қарсыласу қозғалысына көп ақша бөлiп, сол қаржының көмегiмен ел жастары Франциядан жасырын жеткiзiлген, бейнетаспаға жазылған Хомейнидiң жалынды уағыздарын құлшына тыңдады. Солардың iшiнде елдiң бүгiнгi Президентi Махмуд Ахмадинежад та жүрген едi…

…Иран баспасөзiнде 1978 жылдың 7 қаңтарында аятоллаға қарсы бағытталып, оның ар-намысына тiл тигiзген мақалалар шоғыры шахтың өзiне сор болып жабысты. Онсыз да наразы халық жаппай ереуiлге шықты. Теһранның көшелерiне сыймаған адамдар: "Өлiм немесе Хомейни!", "Тәуелсiздiк, бостандық, ислам!" деген ұрандармен көтерiлдi. Шах жеңiлдi, елден қашты. Әнуар Саадаттың Мысырын паналаған қашқын көп ұзамай дәрiгерлердiң үстелiнде көз жұмды. Сiрә, оның ажалын американдық және израильдық "достары" "жеделдеткен" сыңайлы…

Батыс баспасөзi мысқылдай атаған "моллалар көтерiлiсiнен" кейiн, 1979 жылы ақпанда елге оралған рухани басшыны ирандық¬тар қуана қарсы алды. 12 ақпан күнi елдегi билiк толығымен аятолла Хомейнидiң қолына көштi. Ол 10 жыл бойы елдiң iшкi және сыртқы саясатын бағыттап отырды. Ресми түрде ел басшысы атанбаса да ешқандай маңызды шешiмдер аятолланың мақұлдауынсыз қабылданған жоқ…

ЖАҢА ИРАН ҚАНДАЙ?

Өзгелер былай тұрсын, өзiмiздегi баспасөз құралдары жарытып жазбайтын Иран Ислам Республикасы – қазақ оқырманы үшiн беймәлiм ел. Әрине, елiмiздегi орыстiлдi ақпарат құралдарының түсiндiруiнше – "адамның құқықтары аяусыз тапталған", "ядролық бағдарламасымен әлемге қатер төндiрiп отырған мемлекет-мыс" т.с.с. Шы¬нында да Иран тап сондай "құбыжық па"?!..

Орыс жазушысы Дмитрий Жуковтың "Иран орыс адамының көзiмен" атты кiтабына сiлтеме жасасақ, аятолла Хомейнидiң талап етуiмен осы елдiң Ата заңына мынадай бап енгiзiлiптi: "Ел көсемiнiң (яғни өзiнiң), Президенттiң, оның орынбасарларының, министрлердiң және олардың жұбайлары мен балаларының жеке меншiгi аталған тұлғалар қызмет атқарғанға дейiн және аяқталғаннан кейiн заңсыз көбеймеуi үшiн сот билiгi басшысының тексеруiнен өтедi". Ал мұндай бап әлемнiң өзге бiрде-бiр мемлекетiнiң Ата заңында жоқ және болған да емес…

Жаңа тұрпатты мемлекет құрған аятолла Хомейни халқымен бiрге көтерiлiстен кейiнгi ауыр жылдарды және Иран-Ирак соғысын (1980-1988) бастан өткерiп, әрi қарай жасампаз өмiрдiң негiзiн қалап кеттi.

Иә, қасиеттi Құран-Кәрiм мен шариғатқа негiзделген бұл елдiң заңдары қатал да әдiл. Иә, бұл елде жемқорлар мен кiсi өлтiрушiлердiң, әйел зорлағандар мен Отанын сатқандардың құқықтары "қорғалмайды". Оларға берiлетiн жаза бiреу – өлiм және ол дереу орындалады. Пара берушi мен алушыға, есiрткi сатушы мен алушыға да қолданылар жаза сол. Заң да бар, оның орындалуы да қатаң бақылауда.

Ендi нақты дәйектерге кезек берелiк. Елдi ерiнбей аралаған Д.Жуковтың айтуынша, онда ең жаңа электронды техникамен жасақталған университтердiң саны жыл сайын өсiп отырады. Техника, жоғары технология, компьютерлендiру, дәл ғылымдар ирандықтар тарапынан ерекше құрметке және сұранысқа ие. Жастардың басым көпшiлiгi бiздегiдей тiлмәш, заңгер болуға емес, инженер, дәрiгер, мұғалiм, өзге техникалық мамандықтарға құштар. Студенттердiң жартысына жуығы – бойжеткендер мен келiншектер. 1,5 млн.жастар жоғары оқу орындарында бiлiм алуда. Зейнеткерлердiң өмiрiнiң ұзақтығы Ресей және Қазақстанмен салыстырғанда 10 жылға артық. Кiмде-кiм 20 жыл бойы үздiксiз еңбек етсе, бұрынғы жалақысының 80 пайызын құрайтын зейнетақы алуға және онан кейiн де адал қызметпен айналысуға құқылы. Иранда нан арзан, ал бiр литр бензиннiң құны (iшкi тұтыну үшiн!) бiзше 4-5 теңге. Бiр батон нанның құны да сондай. Оның бәрiне қыруар мемлекеттiк дотация бөлiнген.

Иран әскери жағынан да қуатты ел. Жалпы саны 545600 адамды құрайтын әскерден басқа, қатарында 125000 сарбазы бар "Ислам төңкерiсiнiң қорғаушылары" корпусы ел тыныштығының күзетiнде тұр. Ресей мен Қытайдың зымырандарымен қаруланған, өзге әскери техникасы да заманға сай Иран кез келген басқыншыға оңай шағылатын "жаңғақ" емес. Халқының 90 пайызын шииттер құрайтын елдiң адамдары имам Хомейнидiң еңбегi және басшылығымен құрылған мемлекеттi қорғауға сақадай сай әзiр.

АҚШ пен Батыс Иранға, қала бердi күллi мұсылман әлемiне неге өш? Мұсылман әлемiнiң ислами имандылыққа адалдығы, батыстық жиiркенiштi "құндылықтарды" қабылдамауы мен мойындамауынан. Әйтпесе, олар көне парсы елiнiң ешкiмге "жаулық сағынып" отырмағанын жақсы бiледi…

Өмiр бойы өзiне с.ғ.с. Мұхаммед пайғамбарды үлгi етiп өткен (өзi де соның ұрпағынан саналады) және дiнге адалдық, имандылық қағидаларынан бiрде бiр рет аттап өтпеген аятолла Хомейни осылай өзiнiң соңына тағдырына дән риза ұлтын, қуатты да өркендеген мемлекеттi қалдырды…

ӨЗIНIҢ ЖЕКЕ БАСЫ…

Оның екi ұлы, үш қызы бар. Жеке меншiгiнде аумақты жер телiмi болса да, оның тұрмысы тым қарапайымдылығымен таңдандырады. Өз бөлмесiнде Құран-Кәрiм, таспих, отырғыш, үстел, намаз кiлемшесi және… радиоқабылдағыштан басқа ештеңе болмаған. Бәрiнен де қайран қалдыратыны – Хомейнидiң орасан зор билiк иесi және ауқымды жер телiмiнiң қожайыны бола тұрып, ел астанасы – Теһранда қарапайым адамдар өмiр сүрген Шахид Хасан көшесiндегi ескiлеу жер үйдi айына 10 доллар төлеп, жалға алуы. Сөйтсе, ол өзiнiң жер телiмiнен түскен өзге де табыстарын медреселерде оқитын мүриттердiң шәкiртақысы мен жарлы-жақыбайларға көмекке жұмсаған…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары