МЕКТЕП ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

МЕКТЕП ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

МЕКТЕП ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ
ашық дереккөзі
633

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, ҚР-дағы адам құқығы жөнiндегi Өкiлеттi мекеме, "Сорос-Қазақстан" қоры және Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөнiндегi Қазақстандық халықаралық бюро бiрлесе отырып "Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласында бiлiм берудiң өзектi мәселелерi" тақырыбында басқосу өткiздi.

Жиын барысында Қазақстан Республикасында адам құқықтары саласында 2006-2007 жылдарға арналған бiлiм берудiң Ұлттық жоспарының жүзеге асуы, сондай-ақ адам құқықтары саласында Дүние жүзi бойынша бiлiм беру бағдарламасының жүзеге асуына қатысты жүйелi шаралар қолдану қажеттiлiгi талқыланды. Бағдарламаның алғашқы баспалдағы (2005-2009) — мектептерде ағарту жұмыстарын жүргiзуге арналғандығын айта кету керек. "Сорос-Қазақстан" қорының "Құқықтық реформа" бағдарламасының директоры Сәуле Мектепбаеваның айтуынша, адам құқықтары саласында бiлiм берудiң бұдан арғы шараларын жоспарлағанда, мемлекет оның қазақ тiлiнде жүзеге асуына көңiл бөлуi керек. Яғни, мемлекеттiк тiлде бiлiм алатындар адам құқықтары жөнiнде ақпаратқа қол жеткiзе алмайды. "Бiздiң жобалар "Адам құқығы" пәнiнен сабақ бергенде, қазақ тiлiндегi әдiстемелiк және методологиялық оқу құралдардың жетiспейтiндiгiн көрсеттi. Егер орыс тiлiнде сабақ өткiзетiн мұғалiмдер Ресей оқу құралдары мен халықаралық ұйымдар шығаратын басылымдарды пайдаланса, қазақтiлдi оқытушыларда ондай да мүмкiндiк жоқ. Айта бердi, құқық қорғау шарттары мәтiндерiнiң көбiсi қазақ тiлiне аударылмаған. Тұтастай алғанда, әлi күнге қазақ тiлiнде мамандандырылған құқық қорғау сөздiгi жасалмаған. Сол себептен қазақ тiлiнде бiлiм беруге баса назар аудару қажет. Елiмiздегi құқыққорғаушылар болса, "Адам құқығы ана тiлiнiң құрамдас бөлiгiне айналмайынша, мұндай идеяларды терең түсiну мүмкiн емес" деген сенiмде", — дейдi С. Мектепбаева.

Сондай-ақ, мектепте адам құқықтарының сақталуына ерекше көңiл бөлiндi. Қазақстан мектептерiнiң бастамашылар Ассоциациясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының бiлiм беру бағдарламаларының үйлестiрушiсi Рафаэль Дауытбаев жиын барысында өзiнiң фильмiнiң тұсауын кестi. Онда ол қазiргi мектептерде қарама-қарсы екi ағымның бар екенiн атап көрсеттi, оның бiрi — тұлғаның дамуының жоғары деңгейi туралы айтылса, екiншi жағынан, әлеуметтiк алшақтылық көрсетiледi, нақты айтсақ, мектеп оқушыларының арасында адамның қадiр-қасиетiне құрмет көрсетпеу және оқушылардың төбелесi мен басқа да адам қасиетiн қорлайтын iс-әрекеттердi ұялы телефондарымен sms-хабарлар ретiнде жiберудiң кең құлаш жайғаны сөз болды. "Мектептегi ахуал — "Адам құқығы" пәнiнiң бар екенiне қарағанда, бiлiм беру процесiнде баланың құқығы сақтала ма, адамның жеке тұлға ретiндегi қадiр-қасиетiн оқушыға күн сайын мектеп сыныбында, дәлiзде "сiңдiре" ме, — мәселе осыларға көбiрек байланысты", — деп түсiндiредi Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөнiндегi Қазақстандық халықаралық бюроның ақпараттық-бiлiм беру орталығының жетекшiсi Роза Ақылбекова.

Басқосу аяқталған соң, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне арнаған қарар қабылданды. Онда министрлiк Адам құқықтары саласында 2006-2007 жылдарға арналған бiлiм берудiң Ұлттық жоспарын орындау қорытындысы туралы қоғамға ақпарат берiп отыруын сұрады. Және де басталған жұмысты үзбей жалғастыруға, құрылған жаңа жоспар бойыншажұмыс iстеуге шақырды. Ең маңыздысы, сарапшылар оқыту процесiнде "Сорос-Қазақстан" қоры жариялаған "Адам құқықтары саласында бiлiм берудi мемлекеттiк тiлде дамыту" байқауы шеңберiнде жасалған қазақ тiлiндегi әдiстемелiк материалдарды пайдалануды ұсынды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары