ҚОЙДАН МАМЫҚ ҚЫРҚАДЫ ЕКЕНБIЗ...
ҚОЙДАН МАМЫҚ ҚЫРҚАДЫ ЕКЕНБIЗ...
Былтырғы жыл "Қазақ тiлiнiң" жылы деп жарияланған едi. Әдеттегiдей жылды қорытындылағанда, ресми деректер облыс пен аймақтың 75 пайызы және мемлекеттiк мекемелердiң 61 пайызы (22 мемлекеттiк мекеме) мемлекеттiк тiлге бiржола көштi деген ақпарат таратты. Оның iшiнде 10 облыс пен iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге кiрiскен Астана мен Алматы сынды екi бас қаланың атап өтiлгенi мәлiм.
Бұдан бөлек, Тiлдердi дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында бүкiл мемлекеттiк мекемелер, министрлiктер, Үкiмет iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде сөйлету керектiгi мiндет етiп қойылды. Алайда, аталмыш бағдарламаның тәмамдалуына небәрi бiр жыл қалғанын ескерсек, қазақ тiлiнiң көсегесi қазiр көгердi деп айтуға ауыз бармайды.
Алматы облысы төрт түлiк малға кенде емес. Әрине, жесең тамақ, кисең киiм, мiнсең көлiк деп қастерлейтiн төрт түлiксiз қазақты елестету әсте қиын. Бiрақ дәл осы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарына барсаңыз, төбе шашыңыз тiк тұрады. Ауыл әкiмi кеңсесiнiң алдындағы тақташада: "Қойдан қырқылатын мамықтарыңыздың килосын 300 теңгеден аламыз. Үй аралап алсақ, қойдан қырқылған мамықтарыңыздың әр килосы 250 теңгеден болады. Қойдан қырқылған мамықтар стандарттың талабына сай болуы керек" деген хабарландыру iлiнiптi. О заманда бұ заман қойдан мамық қырқылыпты дегендi естiмеппiз. Бiлуiмiзше, мамық қойдан емес, құстан алынбаушы ма едi?! Әне-мiне дегенше, бiздi шошытқан хабарландырудың иесiн де жолықтырдық. Зәре-құты қашқан ол мұнда ешқандай қатенiң жоқтығын, қой жүнiн қабылдауға арналған мемлекеттiк стандарттың iшiнде солай жазылғандығын айтып дәлелдеген болды.
Содан не керек, әлгi жiгiттiң сөзiнiң дұрыс, бұрыстығына көз жеткiзгiм кеп ауыл шаруашылығы саласы үшiн мемлекеттiк тiлде шығарылған стандартты қолыма түсiрдiм. Жұқалтаң ғана көк кiтапшаның мұқаба бетiнде "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарты". Бұлай да емес. Бiз де қате жiбердiк. ҚР СТ.05 стандарттың талабы бойынша жоғарыда жазылған сөйлем бас әрiппен жазылуы керек. Оның астына "СЫНЫПТАЛҒАН ЖАРТЫЛАЙ ҚЫЛШЫҚТЫ ЖУЫЛМАҒАН ҚОЙ ЖҮНI" делiнген. Ал осыған байланысты Аграрлық университеттiң ғалымдарынан жоғарыдағы сөйлемнiң мән-мағынасын айтып беруiн өтiнгенде, олар: "Жүнге байланысты Кеңес үкiметi кезiнде терминдердiң толық тiзбесi қалыптасқан. Айталық, "тонкий шерсть"-тi — биязы, "полутонкий шерсть"-тi — биязылау, "полугрубый"-ды — ұяң және "грубый шерсть"-тi — қатаң" деп келдiк. Ал мына стандартта жазылған сөйлемнiң жүн туралы еш мағына бермейтiндiгiн, сорақысы сол, мемлекеттiк тiлдi мазақ етiп жазғандығын айтып, iштерiнен күрсiнген едi. … "Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда "инстрлiгiнiң" (дәл осылай жазылған) Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитетi. (Мемстандарт)" делiнгенiне қарағанда, стандарттың талабын жасайтын министрлiктi "инстрлiк" деуге көшкен сияқтымыз. Ал мұқаба бетiнiң астыңғы жағында "ҰССО" АҚ Алматы филиалы. "Тексерiлдi" деп мөр басыпты. Бұл аз десеңiз, стандарттың iшiн ашып кеп жiберсеңiз қатеден көз тұнады. Айталық, Стандарттың iшкi бетiнде "2002 жылғы 29 желтоқсандағы №520 бұйрығымен бекiтiлiп, iске қосылды" дептi. Стандарт бекiтiлетiнi анық, бiрақ ол iске қосылмайды, пайдалануға жiберiледi емес пе?!
"Бiрiншi тексерудiң мерзiмi (?)" — негiзiнде дұрысы "қайта қарау мерзiмi" болуы керек шығар. "Алғашқы рет енгiзiлдi (?)" емес, "бiрiншi рет қолданысқа жiберлдi" делiнуi тиiс. Ал мынаны қараңызшы. "Қолдану саласы. Осы стандарт жартылай қылшықты бiртектi емес жүн беретiн жартылай қылшықты жүндi, биязы түктi-қылшықты жүндi және жартылай биязы түктi — қылшық жүндi аралас қойлардан қырқылып алынатын сыныпталған жартылай қылшықты жуылмаған қой жүнiне таратылады" деген быламық, аралас-құралас сөзден бiрдеңе түсiнесiз бе? Ауыл шаруашылығы саласында түсiнiк түгiлi белгiлi бiр ұғым бермейтiн терминдi кiм енгiздi? Сорақысы сол, стандарттың мұқабасында "Мемстандарт" деп жазылған термин iшкi беттерде түгелiмен "ГОСТ"-қа бiрден көшiп кеткен. Тағы бiрде бiртексiз, түктi-талшықтар, талшықтар, күлтесi, биязы шуда, мамық, шудалы талшықтар, пiшiмдi қылшық, дөрекi, тума, қырқылжың, собалақ, шүйке, кесек, шұғыл жұқару сияқты қазақ тiлiнiң сөздiк қорында жоқ терминдердi шұбатыпты. Әу бастан шуда тек түйеден ғана, мамық тек құстан ғана алынады емес пе? Сөйлем құрылысы айтылатын ойдың толық мағынасын бермейдi. Тiптi, қазақтың намысына, арына тиетiн не қазақша емес, не орысша емес қой жүнiн сорттауға мүлдем қатысы жоқ терминдердi енгiзген. Әрбiрден соң бұл стандарттың талабына қарсы шығудың нақ көрiнiсi екенi анық.
Индустрия және сауда "инстрлiгiнде" отырғандардың мемлекеттiк тiлге деген "құрметi" осыдан көрiнiп тұр. Бұл стандартты оқыған не болмаса пайдаланған жоғары бiлiмдi маман қалай сауатты болмақ? "Жүндi орау және таңбалау — келесi қосымша ГОСТ 6070 бойынша: жартылай қылшықты бiр тектi емес жүндi қырқым уақытына қарай жеке орайды" деген сөйлемнiң дұрысы "Жүндi буып-түю және қабына таңба салу МемСТ 6070 талабына сай жүргiзiледi: Қырқылған уақытына байланысты әртектi ұяң жүндi жеке буып-түйедi" екендiгiн бiлмей адасып жүрген жас мамандардың обалы кiмге?
Сонымен, ауылшаруашылығы саласы ғалымдарының жан-жақты саралауы бойынша мынаны түйдiк.
Бiрiншiден, Қазақстан Республикасының стандарттау жүйесiнде қазақ тiлiн бiлмейтiн, болашақ мамандарды даярлауда оларға терiс бiлiм беретiн орыстiлдi мамандар қызмет етедi. Олар жеп отырған нанынан және қосымша ақыдан айрылып қалмас үшiн стандарттың қазақ тiлiнде дайындалуына кедергi жасайды. Мемлекеттiк стандарттарды жасауға бөлiнетiн қыруар қаржыны қазақтiлдi мамандарға беруге қимайды;
Екiншiден, «Тiлдер туралы» Заңның мемлекеттiк тiлге қатысты бабы орындалмайды. Қазiрге дейiн кез келген салада болсын, стандарт әуелi орыс тiлiнде жазылып, бекiтiлгеннен кейiн ғана қазақшаға аударылып жатады. Оны жасақтауға тек инженерлiк бiлiмi бар орыстiлдi азаматтардың қатысуы айналып келгенде қазақша стандарттың мән-мағынасыз, түсiнiксiз құжат болуына әкеп соғады. Тiл заңының талабы бойынша, қандай құжат болсын алдымен қазақша нұсқасы жасалуы керектiгiн мойындамай келедi.
Әрине, ел үкiметi бекiтетiн стандарттардың (қалып) бiлiм (орта және жоғары), құрылыс, тағам, киiм, мiнетiн көлiк т.б. салаларға тiкелей қатысы бар. Неге десеңiз, әртүрлi салада күнделiктi пайдаланып жүрген стандарттар әуелгi кезекте адам өмiрiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Кез келген жоғары бiлiмдi, бiлiктi маман осы стандарттың негiзiнде жұмыс iстеуi тиiс. Егер бұл талапты орындамасаң, бұрыннан қалған талап бойынша, заң жүзiнде қудаланасың.
Сонымен, жоғары оқу орындарында, әсiресе, ауылшаруашылық саласына қатысты маман даярлайтын бiлiм мекемелерi қолданып жүрген стандарттар қазақ тiлiнде жоғары бiлiм беруге жарамсыз. Мұндай адам ұғып болмайтын мемлекеттiк тiлде шығарылған стандартты iс жүзiнде қолдануға бола ма? Өз тiлiмiздi өзiмiз өзектен теуiп жатсақ, не болғанымыз, сонда?! Елiмiздiң ертеңi — жастарға, келер ұрпаққа не бетiмiзбен қараймыз, соны айтыңызшы?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ