"МЫС САПЫРҒАН, КЕН ҚАЗҒАН" МӘРЕСIНЕ ЖЕТТI

"МЫС САПЫРҒАН, КЕН ҚАЗҒАН" МӘРЕСIНЕ ЖЕТТI

"МЫС САПЫРҒАН, КЕН ҚАЗҒАН" МӘРЕСIНЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі

Жастар жүлдегер мәресiне қашан жетедi?..

Бүгiнгi қазақ әдебиетiнде оқырман тұшынып оқитын шығарма бар ма? Әлде қазақ кiтап оқымайтын ұлтқа айналып бара жатыр ма? Бұл сауалдарға қоғамдық пiкiр екiге бөлiнерi сөзсiз. Жүрекпен оқитын шығарма жоқ деп, сыңаржақты көзқараспен қасаңдық танытып жатсақ, әдебиет сүйер қауымның алдында күнәһар болармыз. Көзiқарақты оқырманға естi шығарманы саралап беремiз деген ниетпен, түрлi бәйгелердi ұйымдастыру мен өткiзу соңғы кездерi кең етек алып келедi. Дегенмен, әдiлқазылықтың басты төрешiсi — оқырман екенiн естен шығармағанымыз абзал.

Қазақстан Жазушылар одағы мен "Қазақмыс" корпорациясының Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығы мен Республика күнi мерекесi қарсаңына орай өткiзiлген "МЫС САПЫРҒАН, КЕН ҚАЗҒАН" көркем әдеби шығармаларға арналған байқауы, өткен бейсенбiде, өз жеңiмпаздарының есiмiн анықтады. Айта кетейiк, бұл байқаудың өтетiндiгi туралы ағымдағы жылдың сәуiр айынан бастап бұқараға жария болып, "Қазақ әдебиетi", "Әдебиет айдыны" газеттерiнде байқау шарттары айына екi реттен жүйелi түрде жарияланып тұрды. Байқауға Республиканың барлық өңiрiнен жалпы 13 прозалық, 21 поэзиялық, 4 драмалық шығармалар келiп түскен-дi. Әдiлқазылар құрамында белгiлi ақын-жазушылар Күләш Ахметова, Смағұл Елубай, Сұлтанәлi Балғабаевтар төрелiк жасады. Олардың шешiмi төмендегiше қорытындыланды: поэзиядан — көрнектi ақындар Жәркен Бөдеш ("Қаныштың картасы"), Бауыржан Жақып ("Қарсақбай"); прозадан — Құлтөлеу Мұқаш ("Қоңыр қаз"), Мақұлбек Рысдәулет ("Мыс дария"), драмадан — жезқазғандық Кенжебай Ахметов жүлдегер деп танылды. К. Ахметовтың осы пьесасы негiзiнде С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театрының көркемдiк труппасы спектакльдiң қойылымына қызу дайындық жұмысын жүргiзуде.

Жеңiмпаздарды марапаттау кезiнде сөз сөйлеген "Қазақмыс" корпорациясының қоғамдық ұйымдармен байланыс департаментiнiң директоры Нұрлан Махмудов болашақта да қазақ тiлiнiң, әдебиетi мен мәдениетiнiң өркендеуiне әрқашан мұрындық бола беретiндiгiне корпорация атынан уәде бердi. Сондай-ақ, бәйгеге қатысқан барлық шығармалар топтастырылып, кiтап болып шығатын болады. Демек, оқырман тағы да бiр кiтапты сын тезiнен өткiзедi деген сөз.

Байқаудан кейiн түйгенiм: неге жастар жалпы байқауда жүлдегер атанбайды? Олар мұндай байқауларға алдындағы аға-апаларын сыйлап, жол берiп қатыспайды ма, жоқ, әлде "олар тұрғанда бiзге жүлде қайдан?" дейдi ме екен?! Әйтеуiр өтiп жатқан байқаулардан жастар жүлдегер болып жатса, берiлетiн жүлде қоры олардың қалталарын әжептеуiр томпайтып қояр едi. Дұрысы, байқауды ұйымдастырғанда жас ерекшелiктерiне де мән беру керек шығар.

Жадыра НАРМАХАНОВА