МИНИСТР НЕГЕ YНСIЗ?

МИНИСТР НЕГЕ YНСIЗ?

МИНИСТР НЕГЕ YНСIЗ?
ашық дереккөзі
216

ЕЛДЕ АУРУ-СЫРҚАУ ДЕНДЕП ТҰРСА ДА, ДЕРНОВОЙДЫҢ ҮНI ШЫҒАР ЕМЕС

Елiмiзде соңғы жылдары онкологиялық ауру түрлерiнiң саны өсiп, таралу жағынан мүлдем өршiп барады. Әсiресе, өмiрге ұрпақ әкелуге қабiлеттi қыз-келiншектерге дерт боп жабысқан сүт безi қатерлi iсiгi туралы айтпасқа болмас. Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, жыл сайын сүт безi қатерлi iсiгiне 3 мың әйел шалдықса, оның 1436-сы көп ұзамай көз жұматын көрiнедi. Бұған себеп — әйелдердiң дәрәгерге кеш қаралуы, аурудың дер кезiнде алдын-алмауы.

Оның үстiне шалғайдағы елдiмекенде тұратын ауыл әйелi сүт безi қатерлi iсiгiнiң алдын алмақ түгiлi ол туралы ақпаратқа қанық емес. Жақында "Здоровая Азия" онкологиялық сырқаттарды қолдау қоғамдық қоры сүт безiнiң алдын алу мақсатында "Ерте диагностика өмiр сақтайды" атты бiрiккен кеңаймақтық скринингтiк бағдарламасын ұйымдастырды. Сүт безi қатерлi iсiгiне бейiмдi әйелдердi ерте анықтау барысында мамолог-мамандар тобы арнайы құрал-жабдықтармен жасақталған көлiкпен тiкелей өндiрiс орындарына — фабрикалар мен зауыттарға, әлеуметтiк жағдайы төмен аудандарға жолға шықпақшы. Жобаның мақсаты — аурудың ерте саты¬сында әйелдердiң қаралуын жақсарту, сүт безi қатерлi iсiгiнiң санын төмендетiп, өлiм-жiтiмдi азайтуға атсалысу.

Рас, қазiргi кезде "Әйелдердi емдеу және оңалту" орталығы iрi қалаларда ғана болмаса, қашық жатқан аудан мен ауылдарда мүлдем жоқ. Тiптi, бiр кездерi жұмыс iстеп тұрған медициналық пункттен жұрнақ қалмаған қаңыраған ауылда мұндай орталықтар қайдан болсын. Сол талан-таражға салынған мекемелердiң ауадай қажеттiлiгi бүгiн қатты сезiлiп тұрған сияқты. Демек, әйелдердi емдеу орталықтарын ашатын уақыт жеттi. Бұл тек Алматы, Астанада ғана емес, республикамыздың басқа да облыс орталықтарында болуы керек екенiн мәселе етiп көтерген жөн. Неге десеңiз, жылдан жылға жасарып бара жатқан сүт безi қатерлi iсiгi әсiресе бойжеткен қыздар мен келiншектердiң өмiрiне қауiп төндiруде. Егер де дерттiң алдын дер кезiнде алып, ем-дом жасамасақ, кiшкентай ғана бездiң аса қауiптi саналатын қатерлi iсiк түрiне айналып кетуi ғажап емес. Ал бұл аурудың асқынған түрiне шалдыққан әйелге елiмiзде көрсетiлетiн медициналық көмектiң де, дәрi-дәрмектiң де қауқары мардымсыз. Мәселен, шетелде сүт безi қатерлi iсiгiне қарсы егетiн екпенiң өзiн тегiн салатын көрiнедi. Бiздiң елiмiзде оның бағасын анау-мынау жанның қалтасы көтере бермейдi, бақандай үш мың доллар! Мынадай адам жанын қыспаққа алған нарық заманында үш мың доллар тұрмақ, үш жүз теңгенi әрең тауып жүрген қарапайым халық iшiндегi нәзiк жандар қайтпек сонда? Неге Денсаулық сақтау министрлiгi асқынып тұрған сүт безi және жатыр мойыншасы қатерлi iсiгiнiң алдын-алу үшiн арнайы бағдарлама қабылдамайды?

Қазiр кез-келген бiлiктi дәрiгер Денсаулық сақтау министрлiгiнiң жасап жатқан жайбарақат iсiне көңiлi толмайтындығын айтады. Балалар бас педиатры, академик Камал Ормантаев бiр сөзiнде: "Көршi елдерден шыққан әртүрлi ауру түрлерi бiзге де жұғып кетiп жатыр. Бұған жауапты жандар тиiстi шараны дер кезiнде қолға алмаса, соңы өкiнiшпен аяқталуы мүмкiн. Дерновой мырза санитарлық дәрiгер. Ол жауапты жұмыс атқармаған адам. Сондықтан да ел аумағында дерттiң түр-түрi тамырын жайып жатса да, Дерновойдың көрiнбейтiн себебi де сол" деген-дi. Рас, Камал ағаның сөзiнiң жаны бар. Шынында да, Анатолий Дерновой не бiтiрiп жатыр? Медицинада айналасында қаншама жанды ауыртатын оқиғалар болып жатқанда, басын бұғып қалғысы келетiн министрдiң қолға алып жатқан шаруасы қайсы? Әйтеуiр, медицинада бұрын болмаған әрi қарапайым халыққа қол жетiмсiздеу орталықтарды Астананың төрiнен ашып жатқанға мәзбiз. Сонда басқа облыс, аудан, ауыл тұрғындары қайда қалмақ? Бәз-баяғы тозығы жеткен, талай жыл жөндеу көрмеген мекемелер қашан жаңа қондырғылармен жабдықталады?

Үкiметтiң ана мен балаға көмектi үйiп-төгетiн күшi де, қаржысы да жетедi. Бар болғаны елiмiздiң денсаулық сақтау басшылығына өзiн осы саланың майын iшкен, бiлiктi маман ретiнде сезiнетiн адамды тағайындау керек. Егер ол министр әуелi қалталының емес, халықтың қамын ойлаймын десе, республиканың әр аймағынан онкогематологиялық орталықтар ашуы қажет. Өйткенi, қазiр онкологиялық аурулардың алғашқы баспалдағы — қан аурулары, қаназдық, гемобластоз, гемофилиямен сырқаттанатындар саны көбейiп кеткен.

Онкология және радиология институтының "Гематология" бөлiмiнiң меңгерушiсi Райкүл Рамазанованың пiкiрiнше, бүгiнде гемофилия ауруына әлем бойынша 3 млн. жан шалдықса, бiзде 5 мың 700 адам тiркелiп, оның шамамен 700-i көз жұмған. Бұл көрсеткiшке жыл сайын 100 адам қосылатынын ескерiңiз. Ал Қазақстан ТМД бойынша қан ауруларына шалдыққандардың қатарында Ресей мен Қырғызстаннан кейiнгi орында. Аурудың кең таралуы Шығыс Қазақстан және Солтүстiк Қазақстан (Павлодар, Қарағанды) облыстарында байқалса, Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстарында бұл көрсеткiш едәуiр төмен.

Кезек күттiрмейтiн тағы бiр мәселе — бүгiнде күрт азайып кеткен гематолог-дәрiгерлер даярлауды оңтайлы жолға қою. Мәселен, елiмiзде шамамен 100 гематолог-дәрiгер бар деп дабырайтып көрсеткенмен, негiзiнде олай емес. Мүлдем аз. Ары кетсе 50-дiң айналасында ғана. Бiр гематолог-дәрiгер бiр мезетте 12 науқасқа қарайды. Негiзi тәртiп бойынша, кемiнде 5-7 ауруды ғана емдеуi қажет. Себеп бiреу — жалақының мардымсыздығы. Сенсеңiз, бүгiнде гематолог-дәрiгердiң айлығы 19 мың теңге екен. Бiлiмдi, бiлiктi жас мамандар бiр-екi жыл тәжiрибе жинақтап алған соң, көбiрек төлейтiн жекеменшiк медицина мекемелерiне ауысып жатады. "Естуiмiзше, гематолог-дәрiгерлердiң жалақысы 2009 жылы көбейедi деген, есептесек, бұл 28 мың теңге ғана болады. Көбейетiн жалақының өзi 28 мың теңге болса, бұл 2009 жылдың инфляциясына жұтылып кететiнi айтпаса да түсiнiктi" дейдi гематологтар. Сонымен, мамандар бiрiншiден, "Жалақыны көбейту керек" десе, екiншiден, жоғары оқу орнында "Гематология" кафедрасы жеке болуы керек, үшiншiден, кеңестiк кезеңде Алматыда республикалық гематологиялық орталығы болды. Бұл орталық қазiр қайда жоғалып кеттi?" дегендi айтады ашынып.

Қалай айтсақ та, адамның жаны шүберекке түйiлгенде ем iздеп ақ халаттылардың алдына баратыны рас. Әуелi Алла Тағаладан, сосын дәрiгерден көмек күткен науқас басқаның бәрiн ысырып қойып, бiрiншi байлық — денсаулықты тiлейдi. Егер де дәрiгер адам өмiрiн мейлiнше сақтап қалуға күш салсын десек, ақ халатына қара дақ түсiрiп, пара алмасын десек, ең алдымен еңбегiнiң адал терi — жалақысын өсiруiмiз керек-ақ. Онсыз елiмiздiң денсаулық сақтау саласы тұралаған күйде тұралап қала беретiнi анық.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары