ПЕТРОПАВЛ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛЖАР

ПЕТРОПАВЛ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛЖАР

ПЕТРОПАВЛ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛЖАР
ашық дереккөзі
Осы бiр қаланың атауы жөнiнде аңыз не дейдi, ақиқаты қалай?
 

Қызылжар қаласының Петропавл болып аталуы жөнiнде ежелден аңыз-әңгiмелер көп. Орыс деректерi бұл қаланың 1752 жылы бекiнiс болып iргесi қаланғанын көрсетедi. Кейiн христиан әулиелерi Петр мен Павлге арнап шiркеу тұрғызылды, сондықтан қалаға 1841 жылы Петропавлск атауы берiлдi деседi. Бұл тек құжаттар бойынша. Орыс әскерi бекiнген жер, орыс салған шiркеу, орыс қожалық еткен қала, отаршылдар жазған тарих та, аңыз да осыған саяды.

Ал, осы жерде мекен еткен қазақтар бұл қаланы әуелден Қызылжар деп атайды. Себебi, қала Есiл өзенiнiң биiк жар қабағына орналасқан. Ол жар қабақтың топырағы қызыл болатын. Көктем сайын Есiлдiң суы тасығанда, лайланып, қызыл-қоңыр түске боялады. Халқымыз ешқашан қала аты мен елдi мекендердi адам есiмiмен атамаған. Мұнда олар көбiне көп сол жердiң өзiндiк ерекшелiгiн ескере отырып, есiм берген. Мысалы: Ақмола, Ақтөбе, Көкшетау, Ақтау, Атырау, т.б. Ал, Қызылжар қаласынынң орны — ежелден арғын iшiндегi Атығай руының алтын бесiгi. Есiлдiң терiстiк жақ бетiне керей руы иелiк еткен. Қаланың қазiргi атауы туралы қазақтар арасындағы аңыз төмендегiдей. Ол заманда орыстар қазақ даласына баса-көктеп кiрiп, ойына келгенiн iстеп, қоныстана бастаған кезi болса керек. Орта жүз сұлтаны, Атығай-Қарауылдың ханы Абылай орыстарға соғыс ашарын да, ашпасын да бiлмей дал болып жүрген тұсы. Орыс әскерi, батыстан бекiнiс орнатып, күн санап iшкерiге қарай сұғына енiп келе жатты. Жаздың жайма шуақ күндерiнiң бiрiнде қазақ жанынан жер сұрап ағайынды екi орыс балықшы келедi. Бiрi — Петр, екiншiсi — Павл. Олар ханнан Есiл өзенiнiң ой жақ бетiне қос өгiздiң терiсiндей аумақтағы жер бөлiп беруiн өтiнедi. Хан келiсiмiн бередi де, өтiнiш иелерiн малы да, жерi де көп Атығайдың атақты байы Дәулеткелдiге жiбередi. Жер таңдағаннан кейiн ағайындылар екi өгiздiң терiсiн жiңiшке таспа қылып тiледi. Жiңiшке ұзын қылдай жiптердi бiр бiрiне жалғастырып байлайды. Сөйтiп ұзыннан ұзақ бау жасап, алған жерлерiне белгi қояды. Сөйтiп, ой қалада орналасқан қоршауға ағайынды орыстар алдымен әскер әкелiп бекiнiс, кейiн сол алаңға шiркеу салған деседi. Қала ағайынды орыстардың атымен Петропавл қаласы атанған екен. Аңыз осылай дейдi. Мiне, шiркеу ойда, ал қала дөңес жерде орналасқан. Бiр қызығы осы шiркеудiң қалаға қатысы шамалы. Себебi, ХIХ ғасырдағы қалада 6 мешiт, 5 шiркеу болған. Бүгiнгi таңда 3 мешiт, 2 шiркеу бар. Қызылжар қаласы талай тарихты басынан кешiрдi. Шағын қала үлкен облыс орталығына айналды. Кезiнде патша үкiметi, кеңес үкiметi де қалаға қазақты қоныстандырмаудың неше түрлi амалын жасап бақты. Қазақты жұмысқа алмады, пәтер бермедi. Ресейден келген келiмсектер үздiксiз ағып жатты. Ашаршылық, соғыс жылдары алаяқтар, сотталғандар бәрi де осы жерден нәпақасын тауып, тұрмысын түзеп алды. Олардың қазаққа айтар өкпесi де, назы да болмауы тиiс. Қазақтың жерiнде қазақтан артық тұрмыс кештi. Барлық жұмақ жағдай тек орыс үшiн жасалды. Тiлдiк орта, қызмет бабы, жұмыс орны, жаңа завод, фабрика, кәсiпорын орыстың ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Балалары орыс балабақшасына барып, орыс мектебiнде оқыды. Қазақ, татар мектептерiн жауып тастап, бәрiн бiр тiлде оқыту үрдiсiне көшiрдi. Жалғыз аман қалған қазақ мектебi көзге шыққан сүйелдей болған соң оны да қала сыртына, ағаштың қуысына апарып тықты. Ендi орыс Қызылжар деген сөздi есттiсе, шошитын болды. Құтты бiр Ресейдiң губерниясында жүргендей сезiнетiн оларға Қазақстанның тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, өз алдына ел болғаны ұнамады. Ал, Петропавл мен Павлодар қалаларының атын өзгерту туралы сөз шыққалы христиан дiнiнiң өкiлдерi белсендiлiк танытып, билiк басындағы орыстiлдiлер жыланша жиырылды. Егер оларға салса, "Қала атын өзгертпеймiз, қарсымыз. Олай болмаса, бiздiң айтқандарымызға көнбесеңдер, көшiп кетемiз. Сонда қазақтар аштан қатасыңдар, сендердi бiз асырып отырмыз, көремiз сонда не боларын" деген уәждерiн алға тартады. Алайда, мұның бәрi бос сандырақ екенiн өздерi де жақсы түсiнедi. Бiрақ ондаған жылдар тәрбиеленген империялық сана он жылда да, тiптi жиырма, отыз жыл өтсе де сол күйiнде қала бермек. Ал, бiз, Қызылжар қазақтары елiмiздiң күн санап еңсесiн көтерiп, iлгерi басқан әрбiр қадамына қуанамыз. Болашағына кәмiл сенемiз. Тек осы бiр мәселеге қатты алаңдаймыз. Тәуелсiз елдiң iшкi-сыртқы саясаты да тәуелсiз болса керек-тi. Қаламыздың тарихи атауы қайтарылса екен, бабалар аманаты орындалып, арманға жетер күн туса екен деймiз. "Қызылжарым" деп өлең жазған Сәбит Мұқанов, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсiреповтер рухы да риза болар едi. Өз елiмiзде, өз қаламызда жүрiп, туған қалаңды өз атымен атай алмаған да бiр күйiнiш екен. Талайларға есемiздi жiберiп жүрген қазақпыз ғой, -әлi де сол күбiр сыбырдан әрi асалмай келе жатқанымыз өкiнiштi. Баяғы жартас, бiр жартас болып қала бермек пе? Тамағы тоқ көйлегi көк, аяқ артар көлiгi бар, жалақысы жүрiп жатыр. Қарапайым халықтың пiкiрi оларды қызықтырмайды. Әлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен, басым бөлiгi осындай. Ұлттық рух, елдiк намыс, отаншылдық олар үшiн бос сөз. Қазақтың мүддесiн көздейтiндер олар үшiн ұлтшылдар, елдiң ұлтаралық достығына сызат түсiрушiлер. Сен тимесең, мен тиме саясаты. Атқарушы орган осындай мәселелердi шешу үшiн сайланып қойылған емес пе? Ендеше бұл мәселе бойынша оларға сенiм артамыз да.  
Боранбай МӘЖЕНОВ, бiлiм беру iсiнiң үздiгi, ұстаз