БIЛIМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРIНIҢ БАСҚОСУЫ
БIЛIМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРIНIҢ БАСҚОСУЫ
Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаз қауымының ақылдасып-кеңесетiн әдетi бар. "Тамыз кеңесi" деген атауға ие бұл басқосу барысында жер-жердегi Бiлiм департамент басшылары мен бiлiм беру қызметкерлерi бiлiм саласы төңiрегiнде күрмеуi қиын мәселердi ортаға салып, шешу жолын бiрге iздейдi.
Кеше Абай атындағы Мемлекеттiк академиялық опера және балет театрында ине шаншыр жер қалмады. "Жаңа 2008-2009 оқу жылында нендей жаңалық болады екен?!" деген ұстаз қауымы жаңа леппен келiптi. Алматы қалалық бiлiм қызметкерлерiнiң Тамыз кеңесiне қатысқан Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов, Парламент депутаттары Жұмабек Сүлейменұлы, Гүлмира Есiмбаева, Президент аппаратының сарапшысы Бердалиева Ақзер бiлiм саласы аясында ойларын өрбiттi.
Алғашқы сөз кезегiн алған Алматы қалалық Бiлiм департаментi басшысы Рахат Шимашева 2007-2008 оқу жылының қорытындысы мен жаңа 2008-2009 оқу жылында атқарылар бiрқатар iстерге тоқталып өттi. Бiлiм департаментi басшысының айтуынша, 2009 жылы қалада 4 балабақша салынбақ. Ал жақында Әуезов ауданында 50 бүлдiршiнге арналған №158 балабақша ашылады. Биыл қала бойынша 1340 орындық 7 балабақша салынады. Қалаға жаңадан енiп жатқан кейбiр елдiмекендерде балабақша жоқ. Келешекте 60 мектепке дейiнгi мекеме орындары салынбақ.
Алматы қаласында бала туу көрсеткiшiнiң жылдан-жылға өсiп жатқанын ескерсек, балабақшаның да көптеп салынуы ауадай қажет. Өйткенi, бүгiнде қалада балабақша кезегiнде тұрған 10 мың бала бар. Себебi, бұрын Алматыда жұмыс iстеген 369 балабақшаның бүгiнде 159-ы ғана қалған. Мұнда бар болғаны 33 мыңнан астам бүлдiршiн тәрбиеленуде. Бұл қаладағы 1 мен 7 жас аралығындағы балалардың 40 пайызы ғана. Сол себептi, балалардың бәрiн толық қамту үшiн тағы кем дегенде 30 балабақша салу қажет екенi айтпаса да түсiнiктi. Оның үстiне қалада балабақшаның бағасы да қымбат. Мәселен, ата-аналар 5 жасқа дейiнгi бүлдiршiнге айына 16 мың, 5 жастан жоғарыға 8-9 мың теңге төлейдi. Ал, жекеменшiк бақшада бұл баға 40-80 мың аралығында. Жеңiлдiктiң бәрi атымен жойылған. Соған байланысты Бiлiм департаментi басшысы Рахат Шимашева әлеуметтiк жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға арнап балабақша салу керектiгiн тiлге тиек еттi.
Жалпы, Алматы қаласында 178 мемлекеттiк, 43 жекеменшiк мектеп бар. Жоспар бойынша, жаңадан бой көтерген Алатау ауданында – 15, Әуезов ауданында – 7, Алмалыда – 3, Жетiсу ауданында – 5 мектеп құрылыс жұмыстарын бастайды. Ал Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев республика бойынша жыл соңына дейiн 120 мектептiң қолданысқа берiлетiнi жөнiнде, оның 18-i қыркүйектiң 1-iнен бастап есiк ашатынын айта кеттi. "Биылғы жылы республикалық бюджет қаражатына 79 мектеп салынуда. Осы нысандардың өзi апатты мектептердiң санын 29 бiрлiкке, үш кезеңдi ауысыммен оқытатын мектептердiң санын 25 бiрлiкке азайтуға септiгiн тигiзетiн болады" дейдi ол.
Ал, жалпы 2007-2011 жылдары республика бойынша 245 мектеп, 200 балабақша, 50 кәсiптiк-техникалық оқу орны ашылмақ. Бұл ең алдымен кезекте апатты жағдайдағы мектептердi жою, үш ауысыммен оқыту секiлдi мәселелердiң шешiлуiне әкелетiн жағдай. Сол сияқты министр бүгiнгi таңда бiлiм ұяларының компьютермен, интернет желiсiмен және де интерактивтi тақталармен қамтамасыз етiлiп жатқанын қуана жеткiздi. Әрине, бұл мәселелердi бiртiндеп жеңiп жатқанымыз да сол, мемлекет бюджетiнен бiлiм саласына деген қаражаттың көптеп бөлiнуi шығар. Ел болашағы бүгiнгi жастардың қолында! Ендеше ұрпағымыз саналы, бiлiмдi болсын десек, бiлiм ошақтарын көбейтiп, сапалы бiлiм беретiн кадрларды тартуымыз керек! Ол үшiн әрине, жас мамандардың жалақысын өсiрiп, оларды баспанамен қамтамасыз ету жағын да ұмытпау қажет.
Мәжiлiс барысында үздiк танылған 6 мектепке, 54 педагогқа қала әкiмiнiң сыйақысы табысталып, 11 ұстаз баспаналы болды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ