ДYНИЕНI ДYБIРЛЕТКЕН ОЛИМПИАДА!

ДYНИЕНI ДYБIРЛЕТКЕН ОЛИМПИАДА!

ДYНИЕНI ДYБIРЛЕТКЕН ОЛИМПИАДА!
ашық дереккөзі
233

АЛТЫН ӘРIППЕН ЖАЗЫЛҒАН 406 келi

94 келi салмақтағы ауыр атлеттер арасындағы тартыс бiздiң Илья Ильин, поляк Шемон Колецкий, ресейлiк Қажымұрат Аққаев, әзiрбайжан Низами Пашаев, ирандық Асгар Ибрахими арасында өттi.

Қызылордалық Илья Ильин 180 келi зiлтемiрдi жұлқа көтерiп аспанға бiрақ атты. Дем алып үлгергенше тастап жiбердi. Тез тастап жiбергенiне шошып, қолын жарақаттап алған жоқ па деген де ой қылаң бердi. Жоқ, төрешiлер 180 келiнi Ильиннiң есебiне жазды. Серпе көтеруде алғашқы жолы 223 келi Ильинге бағынбады. Екiншi рет келiп сол салмақты аспанға атты. Қарсыластары да жанталасып жатыр. Үшiншi жолы 226 келiнi салдырды. Кiрпiк қақпай бiрақ атты. Бұл салмаққа жүрегi дауалайтын, бiлегi мен белi шыдайтын қарсылас табылмады. Қоссайыста Илья көтерген 406 келi алтын әрiппен жазылып Пекин аспанында iлiнiп қалды. Өкшелеп қалмаған өлермен Шенон Колецкий 403 келiмен күмiс тұғырға шықты. Арыстандай ақырған Қажымұрат Аққаев қолаға қол жеткiздi. Бiрақ ақырған Аққаевтың дауысы құлақта тұр. Серпе көтеруде үшiншi рет 217 келi зiлтемiрдi кеудесiне алған сәтте ақырып жiбердi. Кеудеден әрi атып жiбердi де тағы ақырды. Ақыруын тоқтатпай, 217 келiнi тастамай тұрып алды. Зiлтемiрдi солқ еткiзiп тастап жiбердi. Тiзерлей отыра қалып арыстандай ақыра бастады. Жан-жағына қарап ақырды, атып тұрып тағы ақырды. Қанша ақырғанмен қоладан аса алмады. "Үндемей тер төге беру керек" деген Олимпиада алдындағы сөзi есiме түстi Ильяның. Мықтылар мықтылығын айқайламай-ақ мойындатады-ау… 20 жасар Ильин Олимпиада чемпионы!

ЯМАЙКАЛЫҚ ҮШ ҚЫЗ

Пекин олимпиадасында таңқаларлық оқиға аз емес. 100 метрлiк қашықтықтың ақтық айқасына шыққан үздiк 8 қыздың үшеуi Ямайка елiнен. Сөреден жебедей ұшқан үш ямайкалық желаяқ өзгелерге өкшесiн ғана көрсеттi. Шелли-Энн Фрезер 10,78 секөнт уақытпен алтын тұғырға көтерiлдi. Фрезердiң iзiн баса құйындай ұшқан Шерон Симпсон мен Керрен Стюарттың уақыттары бiрдей — 10,98 секөнт. Спринтерлiк қашықтықта жер бетiнде ямайкалықтарға жететiн жүйрiк жоқ екенiн дәлелдедi. Мұндайды кiм көрген, Олимпиаданың жеңiс тұғырында үш ямайкалық!

Бұл елдiң жiгiтi де осы қашықтықта алдына қара түсiрмедi. Алтын тұғырда ямайкалық Усэйн Болт 9,69 секөнтпен әлемдiк жаңа рекорд тiркедi. Үстiмiздегi жылдың мамыр айында ғана Нью-Йоркте 9,72 секөнт уақытпен әлемдiк рекорд жасаған да осы Усэйн Болт болатын. Өзiнiң әлемдiк рекордына өзi өзгерiс енгiздi!

САМУРАЙДЫҢ ҚАНЫ

Өмiр мен өлiм ұстараның жүзiнде тұрғандай арпалысатын жанкештi спортшылар бар. Рухы мықты елдiң спортшылары да мықты. 63 келi салмақтағы жапон қызы Каори Ишидо мен ресейлiк Алена Карташованың ақтық айқасы естен кетпес. Еркiн күрестен Олимпиада чемпионы Каори Ишидо қосымша уақытта Карташованы кiлемде тыпыр еткiзбедi. Каори Ишидо Олимпиада чемпионы! Еңiреп отыра кеттi. Тоқтай алар емес. Қалың жанкүйер қуаныш жасы деп ойлады мұны. Бапкерi жүгiрiп келiп балуан қызды кiлемнен көтерiп әкеттi. Жапон қызының жайы ақсаңдай басып марапаттауға шыққанда ғана белгiлi болды. Бұл туралы Елена Карташова былай дедi: "Алғашқы минөттердiң бiрiнде оқыс әдiс жасадым, күрт етiп сүйектiң сынған дыбысы естiлдi. "Ендi орнынан тұра алмайды" дедiм iштей". Ал жапон қызы сынған аяғын сездiрмей жолбарысша атылып тұрды орнынан. Неткен мiнез, неткен қайсарлық! Тұрып қана қоймады, Карташованы бүркiттей бүрдi. Каори Ишидо екi дүркiн Олимпиада чемпионы. Тектi қызда самурайдың қаны бар!

МЫҚТЫЛАРДАН БАҒЫН АСЫРЫП ЕДI БАҚТИЯР

Пекин олимпиадасынан бiр жыл бұрын ел үмiт артқан жiгiттердiң бiрi болып Артаев есiмi жиi айтылатын. Бақтияр туралы әңгiме қозғалса, қосақтала ресейлiк Матвей Коробовтың да аты аталып қалады. Оның себебi, Бақтияр Артаевтың салмағында азулы Матвей Коробов та бар. Екi дүркiн әлем чемпионы. "Қалай болар екен?" деген қауiп те болды. Бiздiң бiр әрiптес iнiмiз қазақ ұлты үшiн өлшеусiз тер төккен даңқты боксшы Болат Жұмадiловпен сұхбатында осы қаупiн көлденең тартып сұрақ қойды.

Сонда Жұмадiлов: "Коробов болса өзiне Коробов, ал бiздiң Бақтияр Олимпиада чемпионы", — деп, кесiп түстi. Мықтының мықтылығын мойындау керек, бiрақ дамылсыз тамсанудың қажетi жоқ шығар. Өз ұлтыңның перзентiн ардақтағанға не жетсiн!

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев пен екi дүркiн әлем чемпионы Матвей Коробов қасқайып қарсы шықты. Бiрiншi раундтың алғашқы сәтiндегi алма-кезек жұдырықтасқан кезде 2 ұпайды Коробовтың қанжығасына байлап бердi. Бақтиярдың нық тиген солақай соққысы есептелмедi. Екiншi раундтағы Бақтияр соққылары жеңiске бастады. "Бақтияр! Бақтияр!" деген жанкүйер дауысы Пекин аспанын тiлiп түстi. Түйдектете соққан соққылары, жылдамдық, дәлдiк Матвейдiң адымын аштырмай тұқыртты. Сол тұқыртқаннан адымын аштырмай 10:7 есебiмен кездесудi аяқтады. Мұны ел бiледi. Менiң айтпағым басқа. Бақтияр тек ең мықтыларды сабау үшiн ғана жаратылған жан сияқты көрiнедi де тұрады. Осы ой иектеп алды. Бақтияр Афина олимпиадасында Ресейдiң ең беделдi боксшысы Олимпиаданың екi дүркiн чемпионы Олег Саитовты да тас-талқан еттi емес пе?!

P.S. Өкiнiшке орай кешегi кездесуде Бақтияр Артаев британ боксшысынан айласын асыра алмады.

40 СЕКӨНТКЕ СОЗЫЛҒАН АЙҚАС

Естен кетпес оқиға аз емес. Аса ауыр салмақтағы қазақ боксшысы Руслан Мырсатаев австралиялық Дан Биханның ұзақ жыл түсiне кiретiн шығар. Алғашқы раундтың оныншы секөнтiнде Русланның оң жұдырығы Данның жақ сүйегiн сықыр еткiздi. Нокдаун! Қалың ел ду етiп атып тұрды. Ел есiн жиғанша Русланның жойқын жұдырығы Биханның иегiн опырып түсiре жаздады. Нокдаун! Бұл — қырқыншы секөнттерде болған оқиға. Диханның бапкерлерi жарысты жалғастырудан бас тартты. Русланның сұрапыл шабуылы, жойқын соққылары шошытты. Боксшысының аман болғаны керек оларға. Көзiң көрмесе сенбейтiн-ақ оқиға!

ТIСI ҚЫШЫҒАН ТӘЖIК

Қазақ елiнiң бiр үмiтi боксшы Еркебұлан Шыналиев пен тәжiк Джахон Курбанов айқасы. Үшiншi раундта таразы басы теңестi — 6:6. Рингтегi төрешi айқасты уақытша тоқтатуға белгi бергеннен кейiн тәжiк қамсыз Еркебұланды салып жiбердi. Төрешi дереу қатаң ескерту жасап, Еркебұлан еншiсiне 2 ұпай жазды. Кезектi бiр сәтте жаңағы оспадар қылығын тәжiк тағы қайталады. Тағы қатаң ескерту, 2 ұпай Шыналиев қанжығасына байланды. Курбанов жаралы аңдай тiстенiп жүр. Екi боксшы құшақтасып қалған бiр сәтте Еркебұлан отыра кеттi. Тұра салып рингтегi төрешiге мойнын көрсеттi. Ашулы тәжiк азу тiстi басып жiберiптi. Бiлеуленiп, қанталап тұр. Ринг төрешiсi тағы қатаң ескерту берiп, Еркебұланға екi ұпай қосты да тәжiктi рингтен қуды. Көшенiң төбелескiш бұзақысы Пекин олимпиадасының рингiнде жүргендей. Мұндай да сұмдық болады екен!?

ПЕКИНДЕГI ҚИЯНАТ

60 келi салмақтағы қытай боксшысы Ху Шиннiң алдын аршу үшiн ә дегеннен Александр Кличконың жолын қиды. Әдiлетсiздiкпен, қиянатпен қиды. Қапталдағы төрешiлер Александр соққыларын "көрмедi". Қытайдың сiлтеген жұдырықтарын соққыға есептедi. Әдiлетсiздiк өз бiлгенiн жасады. Ақыры қытайды жеңгiзiп тынды. Сол Ху Шин келесi айналымда бiздiң Мерей Ақшаловқа жолыққан едi. Тағы сол ауру. Құрығы ұзын қиянат талантты қазақ ұлының бағын байлады, адымын аштырмады. Ақшаловтың тегеурiндi соққыларын есептемедi, дымын құртты, обал жасады. Екiншi раундты Мерей 6:5 есебiмен аяқтаған. Үшiншi раундта қытайды "сүйрей" жөнелдi. Аты-жөнi жоқ 4 соққыны қосып бердi қытайға. Мерей мықты, тықсырып ұрып жүр. Төрешiлер бiлгенiн жасап тынды ақыры. Қытайға ұтқызды. Бұл қиянат жалғыз емес едi…

САБЫРЛЫ СӘПИЕВ… ЫРЖАЛАҢДАҒАН БОНЖУМНОНГ… ДӘРМЕНСIЗ ТӨРЕШI…

Тайландтық Олимпиада чемпионы Манус Бонжумнонгтың рингтегi жүрiсiне қарап отырып циркте отырғандай күй кешесiң. Ыржалаң-ыржалаң… Несiне ыржалаңдайды, түсiнiксiз. Анда-санда белiн оқыс бүгiп, тоңқаңдап алады. Қарсыласы жапон боксшысы Кавачи Чикагодағы әлем чемпионатында Манустың ноқтасын басына түрiп қоя берген. Ал онда ыржалаңдауына жол болсын?! Циркте жүргендей. Сол Манус ақсиып келесi айналымда қазақ елiнiң талантты ұлы Серiк Сәпиевке қарсы шықты. Серiк сабырлы, өзiне тән ойлы боксымен тықсыра бастады. Манус жылдам. Ыржалаңдай қашып жүрiп шабуылдаған Серiкке жалғыз соққы жасап, ұпай олжалап жүр. Екiншi раундта Серiктiң солақайы Манустың шықшытына сарт еттi. Төрешiлер есептемедi. Манус жалғыз ұпайдан олжалап iлгерi кеттi. Сәпиев қуатты шабуылмен соққылай жөнелгенде Манус құшақтай алады. Серiктiң жұдырығын қолтығына қысып жiбермейдi. Өте айлалы. Уақыттың өткенi өзiнiң пайдасына шешiлетiнiн бiледi. Серiктiң қуатты соққысы тисе оңдырмайтынын сезедi. Серiк жойқын шабуыл бастай берсе құшақтаса кетедi, ринг төрешiсi боксшыларды ажыратса да Манус Сәпиевтiң жұдырығын қолтыққа қысып жiбермейдi. Төрешi қиянатқа қиды Серiктi. Сол жерде Манусқа қатаң ескерту беруi керек едi. Бiр емес, бiрнеше ескерту. Төрешi Бонжумнонгтың қасақы қылығын көрмесе, АИБА төрешiсi болып несiне жүр?! Бiздiң бауырлар сауатты, мәдениеттi боксқа ғана бас иiп үйренген. Тәрбие солай.

Тайландтық боксшылар сезiмтал, жылдам. Ұпайы iлгерi кеткенiн бiлсе, қалған раундтарда қашып, құшақтасып, дiңкелетiп, айласын асырып кетедi. Мұны талай iрi жарыстарда көрiп жүрмiз. Сәпиевтi рингке ертiп шыққан бiздiң бапкерлер осыны ескергенi жөн едi. Манус — Серiктiң көрiп жүрген Манусы. Бiрiншi раундтан бетiн қайтарып, жойқын шабуылмен ұпай жинап алып, соңғы раундтарда қорғана жүрiп сол артықшылықты ұстап қалғаны жөн едi. Бұл бiздiң ой, бiлiктi бапкер емеспiз, қарапайым жанкүйермiз. Өкiнiш өзектi өртеген соң айтамыз да. Сәпиев Манустан әлдеқайда мықты ғой. Тактикалық қателiк жiбердiк-ау осы. Манустың айласы, төрешiнiң қиянаты, бапкерлердiң қателiгi талантты боксшының бағын байлады.

МӘҢГIЛIК РЕКОРД — 8 АЛТЫН МЕДАЛЬ!

Судан алтын терген америкалық жiгiттiң есiмi аңызға айнала бастады. Америкалық Майкл Фелпстiң бiр өзiнде — 8 алтын медаль! Жұрт бiр алтынға зар болып жүргенде Майкл Фелпс көсiп-көсiп алды. Осыдан 36 жыл бұрын Марк Спиц Мюнхен олимпиадасында 7 алтын медальмен әлемдiк рекорд жасаған едi. Бағынбайтын биiктiк жоқ екен. Суда балықтай жүзген Майкл елдi есiнен тандырды. Пекин олимпиадасының 8 алтынын бiр өзi олжалады. Кiм болжаған, мүмкiн бұл биiктiктi бағындыратын да жұмыр жерден бiр перзент табылар.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары