ЖАҢҒЫРЫҚ

ЖАҢҒЫРЫҚ

ЖАҢҒЫРЫҚ
ашық дереккөзі

КГБ. Тәржiмәсiз де түсiнiктi. Әсiресе, қазаққа (олар "үш әрiп" деп те айтады). Кеңес өкiметiмен бiрге жаралған. Жазалаушы орган. Аты өзгере-өзгере (ВЧК, ГРУ, ГПУ, ОГПУ, НКВД т.б.) келiп, соңғы табан тiрегенi осы — КГБ (Комитет государственной безопасности). Мемлекетке қажет болғаны даусыз. Жақсы iстерiне талас жоқ. Бiрақ Кеңес өкiметiнiң алпысыншы жылдарына дейiн сенiмсiздiк, әдiлетсiздiк, бұра тарту, сатқындық, қорқыныш, күдiк iлесе жүргенi де ақиқат.

Қашанда билiктiң айтқанын iстеп, айдауында жүрдi, сойылын соқты, қолшоқпары болды. Соған орай арандату, аңду, тiмiскiлеу, зорлық-зомбылық, жала, лаңкестiгi (басқаша деу мүмкiн емес) шексiз. Сол жылдары олардың қанды тырнағына iлiнiп, әлдеқалай аман қалған базбiреулердiң өмiрбақи үрейден арыла алмай, жарық дүниеден жалтаңдаумен өткенiне де дәлел-айғақ шашетектен. Төменде баяндалатын хикая соның бiр парасы iспеттi.

Медеу мұз айдынына баратын жолдың бойында (Алматыдан бiраз ұзаған соң сол қапталда) партия органдары мен соларға қарасты мекеме басшылары — жылдың төрт мезгiлiнде бiрдей — демалып, тынығатын "Алатау" санаторийi болды. Оларға жолдама тегiн, өзгелер (ғалым, ақын-жазушы, өнер өкiлдерi т.б.) сатып алатын.

1970 жылдың орта шенi. Желтоқсанның басы. Қар қалың. Кең аула мұнтаздай. Күрелген қар тұс-тұста үйiлiп жатыр. Машинадан түсiп демалыс орнына қарай аяңдадым. Кiреберiстегi есiктiң қарсы алдында толық денелi, көздерi тiкенектей, күлтiлдеген бұжыр бет, күжiрейген қартаң адам тұр. Басында милықтата киген көне малақай, үстiнде жағасыз (ол да көне) жұқалтаң пальто. Бойы ортадан жоғары. Жасы алпыстан әрi, жетпiстен берi.

Неге екенiн қайдам, бейтаныс адам есiкке жақындай берген маған сес бiлдiргендей боп, бiртүрлi суық жүзбен тiксiне қарады. Қысыңқы көздерi өңменнен өте тесiрейедi. Жанынан өте бергенiмде: "Немене, жеттiң бе?" — деп гүж еттi. Тұла бойы қалш-қалш етедi. Иектерi дiр-дiр қақты. Қапелiмде не деудi бiлмей, iшке зып бердiм. Ол: "Малғұндар, құзғындар, бiлiп қойыңдар, маған түк те iстей алмайсыңдар! Тоқтай тұр!" — дедi қарлыққан үнмен.

Қабылдау бөлмеге әрi-сәрi күйде әрең жеттiм. Қолым қалтырап, құжаттарды зорға ұсындым. "Менi танитын бiреу ме, әлде өштескен адам ба, кiм өзi?" деймiн берекем қашып. Сүйретiле басып палатаға келдiм. Орын жеке кiсiлiк сияқты едi, кiрсем бiреу отыр. Тани кеттiм: шымкенттiк Ортай Мұрзин, облыстық радионың жауапты қызметкерi. Аман-саулықтан кейiн бiрден: "Ореке, солай да солай, жаңа осында келе жатып, сыртқы есiктiң алдында пошымы не совхоз директоры, не партком секретарына ұқсайтын бiреудi көрдiм. Аға шопанға да ұқсайды. Қорбиған құжбан қара. "Өйтемiн де бүйтемiн деп зәре-құтымды ұшырды", — дедiм iшiмдi босатқым келiп.

— Қайдам, бiлмедiм, — Ол басын шайқады. — Мен де осы әлгiнде, сенiң алдыңда ғана келдiм. Көршi палатада Ақтауда прокурор болып iстейтiн Қадыр Мұхамбетов жатыр. Жанындағы адам бiр сағаттан соң кетедi. Мен сонда барамын. “Мұнда күте тұр” деген соң уақытша отырмын. Қадыр – ескi дос, биыл екеумiз бiрге демалайық деп келiсiп едiк.

Сәлден кейiн Ортайды көршi палатаға көшiрiп, Қадырмен таныстым. Шымыр денелi, өткiр көздi, қалың шашы бұйралау, қара торы жiгiт екен. Сөзi мығым, прокурор десе дегендей. Тез шүйiркелесiп, бiрден табысқандай болдық. Аузын ашса, көмекейi көрiнетiн аңқылдақ Ортай: "Бұл әдiлет полковнигi, жақында генерал болады", — деп көтермелейдi оны. "Бұл КГБ-ны да көрген, Орталық партия комитетiнiң әкiмшiлiк бөлiмiнде iстеген. Ақтауға содан барды. Жоғарылау үшiн ЦК-да iстеу керек екен ғой", — деп те қояды.

Осылайша әлгi құжбан қараны ұмытып та кеткендей болып едiм, бiрақ кешкi тамаққа бара жатқанда коридордың қақ ортасында алдымнан тағы шықты. Бұл жолы малақайсыз, басы тақырлау, ақ қырау шалған тұқыл шаштары күмiстей жылт-жылт етедi. Қарны шермиiп, етжеңдi денесi костюм-шалбарға зорға сыйып тұр. Мойнында күрең галстук. Тұрысы мығым, алып та, шалып та жығатын палуанға ұқсайды. Күжiрейген мойын, салбыраңқы бұғақ. Жанынан өте берген маған бұл жолы да шабатын бурадай сұстанып, ежiрейе қарады. Бiрдеңе деп күбiрлегендей болды. Жылдам өте шықтым да, бұрыштан айнала бере артыма қарасам, сол орнында әлi тұр екен. Арқамды суық қарып өткендей болды. Асханаға қалай кiрiп, столға қалай отырғаным есiмде жоқ.

— Не болды, үрпиiп кетiпсiң ғой? — дедi, бiрге отыратын серiгiм.

— Ештеңе болған жоқ, — деп қоя салдым.

Санаторийдiң аты — сана¬торий. Әзiл-қалжың, ойын-сауық. Кешкi тамақтан соң кино, концерт, би. Бiреу бильярд, бiреу кiтапхана, бiреу таза ауа жұту үшiн тысқа кетедi. Қадыр мен Ортай көбiне палатада.

Менiң қалауым кино. Басқалардың да көбi киноға құмбыл. Иiн тiрескен жұрт iшiнен сымдай тартылып, жұқа қара шаштарын екi айыра жалтыратып тараған сұрғылт жүздi, сiрескен жiгiтке көзiм түстi. Жылу жоқ, паң, маңғаз, тұйық. Таныдым. Кинорежиссер. "Қазақфильмде" iстеушi едi, қазiр "Қазақтелефильмде" болса керек. Айдай сұлу әйелi – бiлдей бiр министрдiң айтулы орынбасары. Мұнда әйелсiз келгенi байқалады. Кино залының алдында сәлемдестiк.

Менi ол да таныды. Бiзге келгенде: “Қуат Әбусейiтовтың ассистентiмiн” деп едi. Содан көрiп тұрғаным осы.

Түскi тамақтың алдында Қадыр:

— Әй, анау жiгiт кiм? — дедi. Ортайға одырая қарап. — Не сөйлемей, не күлмей, кiржиедi де отырады. Денi сау ма өзiнiң?

Ортай:

— Қарсы алдыңда отыр ғой, сұрамайсың ба? — дедi езуiне мысқыл үйiрiлiп. — Кiм екенiн бiлгiң келсе, қонаққа шақыр!

— Ой, қойшы сен. — Қадыр сен бiлесiң бе дегендей маған қарады.

— Бiлемiн, — дедiм. — Кинорежиссер. Ертеректе бiзге келiп жүретiн. Аты-жөнi Қостан Махметов. Таяуда түсiрген бiр-екi фильмi мақталған.

— Бәсе, ұқсайды, өзiм де солай ойлаған едiм, — дедi Қадыр.

— Ал мен оны “үндеместер” аулынан шығар деп едiм, — дедi Ортай көздерiн сығырайта.

— Жо-жоқ, — дедi Қадыр. — Олардан емес.

— Сен бiлесiң, — дедi Ортай екi ұштылау.

Ертеңiне құжбан қара да, кинорежиссер де көрiнген жоқ. Ал келесi күнi:

— Әй, анауың шынында да "нағыздың" өзi екен, — дедi Ортай кешкi серуен кезiнде. — Бүгiн асханаға киiмiн үш рет өзгертiп келдi. Неткен кербездiк! Әйелдер де өйтпейтiн шығар. Сен байқадың ба?

— Кетшi, әрi — дедi Қадыр. — Жұрттың киiмiнде шатағым не? Айтқандай, сен мана түстiктен ерте кетiп қалдың ғой, сонда ол маған арызын айтты. Осында бейтаныс бiреу доңайбат жасайтын құсайды.

— Сен не дедiң! — дедi Ортай.

— Не деймiн, “нақұрыс бiреу шығар, мән берме” дедiм. Байғұстың жүнi жығылып, жасып қапты. Бiзбен сөйлеспейтiнi содан ба деп қалдым, — дедi Қадыр. — Байқауымша, қорқып жүрген сияқты.

Менiң iшiм қылп еттi. Ол адамның құжбан қара екенiн бiрден бiлдiм. Неге екенi белгiсiз, бiртүрлi бойым жеңiлдеп, сергiгендей болдым. Сөзге араласқан жоқпын.

Санаторийдегi тiрлiк: түске дейiн абыр-сабыр, сауықтыру-емдiк шаралар. Түскi тамаққа барар алдында сәл саябыр тауып, Қадыр мен Ортайдың палатасында бас қосамыз. Бүгiн де оны-мұны сөз етiп отырғанда есiк кенет сарт ашылып, дал-дұлы шыққан кинорежиссер ентiге кiрiп келдi.

— Әй, не болды? — деп Қадыр ұшып тұрды.

Бiз де аң-таң боп қалдық. Қалш-қалш еткен кинорежиссердiң даусы дiрiлдеп, жөндi сөйлей алмайды. Түрi адам шошырлық: шашы қобыраған, көзiнiң алды көкпеңбек, оң қабағы мен ернi жарылған, мұрнынан қан ағып тұр. Шалбары ұйпа-тұйпа. Бiр қолында қақ бөлiнген галстук. Бiзге жалтақтай қарап:

— Жүрiңiздершi, коридорға шығыңыздаршы! — дейдi жыламсырағандай боп. — Тезiрек жүрiңiздершi, куә болыңыздар, әйтпесе кетiп қалады, қашып кетедi! — деп безiлдейдi.

Коридорға атқып шықтық. Айтқандай-ақ, ешкiм жоқ, тым-тырыс. Едендегi кiлем үстiнде қағаз, қалам, тарақ, қол орамал шашылып жатыр. Оларды жылдам жинап алған Ортай кинорежиссерге ұсынып едi, ол қаламды алды да, басқасын тастай салды. Айналаға алақ-жұлақ қарап тiстенiп: —"Көрдiңiздер ме, қашып кеттi!" — дедi кiжiнiп.

— Мiне, осы жерде соқты, — дедi бүктелген кiлемнiң орта тұсына тұра қалып. — Аңдаусызда бас салды. Әрең құтылдым. Әттең, әттең!…Ендi көрсетемiн гадқа!.. Аямаймын!.. Байқамай қалдым, әйтпесе… Қап!..

— Өзiң оның кiм екенiн бiлесiң бе? — дедi Қадыр.

— Бiлемiн… кеше айтып едiм ғой… сол!..

— Онда жүр, палатаға барайық. Мұнда көзге түсiп керегi жоқ.

— Кiм екенiн бiлсең, ешқайда кетпейдi, — деп бәрiмiз бөлмеге кiрдiк.

Қадыр кинорежиссерге:

— Анда барып жуын, үстi-басыңды түзе, тазалан, — дедi ванна жақты нұсқап.

Онан соң бiзге қарап:

— Апырай, неткен жүрек жұтқан, ә?! Тапа-тал түсте жұдырық жұмсауы қалай? Қыжылы болса, ауызша айтпай ма? — дедi қатқылдау дауыспен.

Қостан жуынып-шайынды, шашын тарады. “Палатама барып басқа киiмдерiмдi әкеп берiңiзшi!?” деген соң, Ортай екеумiз ол тiлегiн де орындадық. Жаңа киiмдерiн киiп, жыртылған киiмдерiн газетке орап, қолтығына қысып алды.

— Мiне, ендi дұрыс болды, — дедi Ортай кинорежиссердiң арқасынан қағып. — Ер жiгiт не көрмейдi, анда-санда таяқ жеген де терiс емес, — деп шиқ-шиқ күлдi.

— Оған көрсетемiн, — дедi өрекпи сөйлеп. — Қазiр акт жасайық, қол қоясыздар ғой, солай ма? — деп үшеумiзге кезек-кезек қарады. — Куәлiкке үш адам жетедi. Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Солай емес пе?

— Сен былай жаса — дедi Қадыр қабағын шытыңқырап. — Ашуыңды бас. Өзiңе кел. Акт жасау қиын емес, бiрақ әуелi барлық жағдайды бас дәрiгерге айт. Қажет болса, көрген-бiлгенiмiздi бiз де айтамыз. Қалғанын онан соң көре жатамыз жарай ма! Айтпақшы, әлгi адамның аты-жөнi кiм?

— Аты-жөнi к черту… Түрiн танимын дедiм ғой!…

— Жақсы, жақсы! Сабыр сақта, абыржыма. Қазiр барып тамақ iш. Келiстiк пе?

Қостан мына түрiммен асханаға қалай барамын деместен келiскен сыңайлы тұнжыраған күйi шығып кеттi. Есiк жабылысымен бiрiншi келген құбжан қара туралы Ортайға айтқандарымды Қадырға егжей-тегжейлi баяндап бердiм. "Ендiгi кезек менiкi емес пе екен" деген күдiгiмдi де жасырған жоқпын.

— Әй, ендi бiттi, Қостан болмағанда сенi жәукемдер ме едi, кiм бiлсiн, — дедi Ортай көзiн қысып қойып.

— Мен түсiнбей отырмын, — дедi Қадыр төмен қараған күйi. — Тегiнде мұндай жерге анау-мынау адам келмейдi. Менiңше, ол адамда бiр сыр болуы ғажап емес. Әлiптiң артын баққан дұрыс. Актiге қол қоймай тұра тұру керек.

— Мен сырттан көрдiм, — дедi Ортай сықылықтап. — Құжбан қара десе дегендей. Оған әлгiдей кинорежиссердiң үш-төртеуi түк емес. Сенi құдай сақтапты, — деп селк-селк күлiп, менi бүйiрiмнен түрттi.

— Жүрiңдер, тамаққа кеттiк, — дедi Қадыр.

— Қадырдiң айтқаны айдай келдi. Бас дәрiгер Сақтаған Құлыбеков құжбан қарамен де, кинорежиссермен де сөйлесiптi. Екеуiн қол алыстырып, мәмiлеге келтiрiптi. Құжбан қарамен жерлестiгi бар-ау жолдасының құнын (толық) төлеп у-шусыз қайтарып жiберiптi…

Ал кинорежиссер болса:

— Жұрт қайдан бiледi, абыройды ойладым. Бiр жағы әйелiме сөз келiп жүре ме дедiм. Найсапты санаторийден қудырдым, сол жетедi, — деп тоқмейiлси мiңгiрледi. Қадырға ақыл-кеңесi үшiн алғыс айтты.

— Оның бiлгендiк, — дедi Қадыр жайраң қағып. — Дұрыс еткенсiң, жалпы сен түсiнiктi жiгiт екенсiң!

Сөтiп, ойда жоқта бұрқ еткен кикiлжiң осылайша "сәттi" аяқталды. Құжбан қараның кiм екенi де мәлiм болды. Қадыр айтқандай, ол тiптi де тегiн адам болмай шықты.

1952 жылы, Шымкент облысының Келес ауданына, Алматыдан университет бiтiрген Сейдемат Батаев пен пединститут бiтiрген Өзбекәлi Жәнiбеков келдi. Сейдемат қазақ әдебиетi, Өзбекәлi тарих пен географиядан сабақ жүргiздi.

Өзiн профессорлар сияқты ұстайтын (бiзге солай көрiнетiн) Сейдемат Батаев отырмайды басын шалқайта, түрегеп жүрiп "лекция" оқиды. "Қазақ әдебиетiнде "Қара қасқа атты Қамбар батырдан" басқа жыр-дастандардың бәрi тұл, кедейден шыққан Қамбар батыр ғана халыққа жақын," — дейдi қолдарын сермеп. — Байлардың сойылын соғатын кертартпа дастандарды, зар заман ақындары, Кенесары-Наурызбайды дәрiптеген Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов дейтiн ғалымдардың әрқайсысы 25 жылға сотталды. Әуелбек Қоңыратбаев, Мұхаметжан Қаратаев жер аударылды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов қашып жүр", — деп көздерiнен от шаша тепсiнедi.

Сталин әшкереленiп, Хрущевтiң "жылымығы" басталысымен "жаулар" жылдам ақталып, елге қайтты. Бiр қарағанда, әдiлдiк жеңдi, салтанат құрды. Ал, шындық ше? Қаншама тағдыр бүлiнiп, қаншама бейкүнә жан жазықсыз жапа шектi, опынды, өкiндi, өксiдi, құрдымға кеттi десеңiздершi. Айдаудан қайтқан соң көп ұзамай бақилық болған Есмағамбет Ысмайлов, Қажым Жұмалиев, Ермұхан Бекмахановтардың (басқалар да аз емес) мезгiлсiз қазасы құрдымға кеткен емей не? Қай-қайсысының да әлi бергендерiнен берерi көп едi.

Иә, қаншама жүректе жазылмайтын жара, қайғы-қасiрет, айықпас мұң, күйiнiш қалды. Рухани жарымжандық, сенiмсiздiк, күдiк-қорқыныш, нала қалды. Екiнiң бiрiнде мынау менiң соңыма түсiп, iзiмдi аңдып жүрген КГБ-ның жансызы” деген қияли наным-сенiм қалды. Сондайлардың бiрi-жоғарыда бiз әңгiмелеген — ешқандай совхоз директоры да, партком хатшысы да, аға шопан да емес, керiсiнше, нәубетжылдарында 25 жылға айдалып, аман-сау оралған, басына бұлт үйiрiлген шақта қасақана озбырлық пен жалаға төзе алмаған әйелi өзiн пойыздың астына тастап мерт еткен, халқымыздың адал перзенттерiнiң бiрi, әйгiлi ғалым, тарих ғылымының докторы — Бек Сүлейменов едi.

Зәкiр АСАБАЕВ