ӨРЕН ЖҮЙРIКТЕРДIҢ ӨКПЕСIНЕ ҚАЛМАЙЫҚ
ӨРЕН ЖҮЙРIКТЕРДIҢ ӨКПЕСIНЕ ҚАЛМАЙЫҚ
Бұрынғыны бұрынғы делiк, ал елiмiз тәуелсiздiгiн алып, егемендiк туын желбiреткенiмiзбен әлi күнге қазақша оқығандарды кемiтiп жүргенiмiз өтiрiк емес. Қазақ оқулықтарына шабуыл тынбай келедi. Сонда кешегi Ұлы Отан соғысы жылдары және одан кейiнгi кездерi мектептiң шәкiрттерiне кiтап түгiлi жазатын дәптер мен сия жетпеген кезеңнiң өзiнде бiлiм алып, өмiрдi өрге сүйреген азаматтардың бүгiнгi таңдағы ұрпағына жала жабу неге тоқтамай отыр?
Осы сұрақ ойыма оралғанда мен Манап ағамды еске аламын. Ол және оның құрдастары мектепте оқып, бiлiм алған заман қандай аласапыран кез едi? Қалыпты тiршiлiктен гөрi қаупi басым, оқулық түгiлi нанға зар боп жүрген сол ағаларым мектепте қалай оқыды екен деп ойға қаламын. Құдайдың берген таланты арқасында өзiнiң ортасынан оза шауып бәйге алған Мәкең әдебиет пәнiне енген санаулы ақындар мен жазушыларды – Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеевтi оқыды. Асқар Тоқмағамбетов пен Нартай Бекежановты ұстаз тұтты. Қазақтың осынау талантты, ай маңдайлы азаматтарын кемiткелi отырған жоқпын, бiрақ Мәкеңдер өз кезiнде Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрiм Құдайбердиев сияқты қазақ әдебиетiнiң корифейлерiнiң шығармаларынан сусындап өскенде көкжиегi кеңейе түсiп, ақындық аспаны биiктей түсер ме едi? Соған қарамастан талабы мен таланты қос қанаты болған Мәкеңдер елдiң туын биiк ұстай бiлдi. Бiздiң де өткенiмiз елеусiз еместiгiн, бүгiнiмiз кемел екендiгiн, болашағымыз бұдан да нұрлы боларын жырына арқау еттi. Әдебиеттi ел екенiмiздi дәлелдеумен тырысып бақты. Жаңақорған өңiрiнiң талантты ақыны Құлан Алдабергеновтың есiмi ел есiнен шығып бара жатқанын ескерiп, жаны ашып, оның жүрген жерлерiне барып, өлеңдерiн бiлетiн кiсiлермен жолығып, жинай бастағаны, жазып алғаны осы бiздiң де әдебиетiмiз болғанын дәлелдеуге тырысып жүрген ғалымдардың еңбегiне сай ақын мұрасын қағазға түсiрiп, өзiнiң үлесiн қосқанын айтуға тиiспiз.
Несiне жасырамыз, өзiмiздiң өрiсi кең өрен жүйрiгiмiздiң өрiсiн тарылтып, аяғын тұсап, бауырын жазып шабуына мүмкiндiк бергiмiз келмейдi де, өзгенiң шоқырағын бәйгекер көрсетуге құмармыз. Манап Көкенов талай айтыстарға қатысып, шашасына шаң жұқтырмай бәйгеден келiп жүрсе де өзiнiң кiтабын шығару мәселесiн шеше алмай қиналған ақынымыз ғой. Осы мәселенi кең отырып, кеңесiп, шешкiсi келген болар, Алматыға бiр келгенiнде маған: "Базаржан, баспаның қызметкерлерiн сенiң үйiңе қонаққа шақырсақ қалай болады?" – деген. Аға айтса, қарсылық жасауға бола ма?! Келiстiм. Сөйтiп, Әбдiкәрiм Ахметов, Сағи Жиенбаев пен Дүйсенбек Қанатбаевты үйге қонаққа шақырдық. Бұрын бұлай дастарқан басында емiн-еркiн отырып, Мәкеңнiң әңгiмесiн рақаттана тыңдаған үш ақын өте разы болды. Әбдiкәрiм аға Мәкеңдi мақтай келе: "Расул Ғамзатов өзiнiң Әбутәлiбiн қалай дәрiптейдi? Оның Әбутәлiп айтты деген шағын күлдiргi, әрi өнегелi әңгiмелерi қандай қызық болса, бiздiң Манаптың әңгiмелерi одан да қызықты екен ғой. Бұрын тыңдамағаннан кейiн бiлмейдi екенбiз. Мұны жазып алу керек", – деп едi. Бiр өкiнiштiсi, Манап ақынның өзi айтқан әңгiмелерiн магнитафон таспасына жазып ала алмай қалғанымыз болып отыр ғой.
Осыдан кейiн Манап ағаның қолжазбаларын қолға алып, машинкаға үш дана етiп бастырып, "Сыр саздары" деген атпен "Жазушы" баспасына екi данасын өткiзiп, бiр данасын "Дәуiр" газет-журналдар баспаханасына түптетiп, мұқаба жасатып, Мәкеңнiң өзiне апарып берген болатынмын.
Сол кезде ақиық ақын Әбдiлда Тәжiбаев Мәкеңнiң кiтабына қысқаша алғысөз жазып берген болатын. Бiрақ, ол осы күнге дейiн еш жерде жарияланған жоқ. Бiр данасы менiң қолымдағы Манап ағаның қағаздары арасында қалыпты. Соны келтiре кетейiн:
"Сыр елi – жыр елi" деп ежелден аты аңызға айналған осынау өнерлi өлкенiң жыр жарысынан жүлде алған жүйрiк қиял, алғыр ақындары көп болған. Әрiге бармай-ақ Базар жырау, Қарасақал Ерiмбет, Қаңлы Жүсiп, Кете Жүсiп, Құлан ақын, Тұрмағамбет, Майлықожа, Нартайларды атасақ та ақындар өскен аймақтың атақ-даңқы айқындала түседi. "Сыр елi – жыр елi" дегiзген де осы ақындардың қуаты. Олардың жырын жоғалтпай, кешеден бүгiнге жеткiзiп, бүгiннен ертеңге алып баратын өнерлi ұрпақтардың iсiн көрiп сүйсiнемiз. Сыр бойының сүлейлерi салған жолды саздарға бөлеп, болашаққа байыпты жырымен сапар шеккен мәшқұр iлгергi ақындардың дәстүрiн жалғап айтысқа түсiп, табан астында тапқырлық танытып келе жатқан бүгiнгi ақындарымыздың бiрi – Манап Көкенов.
В. И. Лениннiң туғанына 100 жыл толуы қарсаңында Қазақ ССР Ғылым академиясы халық ақындарының айтысын өткiздi. Осында өзiнiң талантын танытқан тарлан ақын Манап кейiн Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерекесiнде және Кенен Әзiрбаевтың 90 жылдығында өткен халық ақындарының айтысында да жүлдегерлердiң бiрi болды.
Халық ауыз әдебиетiнiң қайнар бұлағынан мейлiнше мол сусындаған Манаптың жазба әдебиет үлгiсiмен де еркiн көсiлiп жазатынына сүйсiнесiз. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын "Социалистiк Қазақстан" газетiнде Манаптың Әбужүсiппен айтысы жарияланған едi. Кейiн "Қазақ әдебиетiнде" тағы бiр айтысы басылды. Содан берi оның өлеңдерiн үнемi оқып отырамын.
Жастайынан еңбекке араласқан Манап мәдениет саласында отыз жыл бойы қызмет етiп келедi. Ол басқаратын Қызыл отау Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының ғана емес, бүкiл республикамыздың мақтанышына айналған. Оның iс-тәжiрибесi бiрнеше рет плакат болып шығарылды, өзi Москваға көрмеге қатысты. Халыққа мәдени қызмет көрсетудегi үлгiлi еңбегi үшiн Манап Көкенов Еңбек Қызыл Ту орденiмен, "Еңбектегi ерлiгi үшiн" және В. И. Лениннiң туғанына 100 жыл толуына байланысты мерекелiк медалiмен наградталған.
Манап – халық қазынасының қамқоры. Ол Құлан Алдабергеновтың өлеңдерi мен термелерiн, айтыстарын жинастырып және өңдеп, Қазақ ССР Ғылым академиясына (1200 жол) өткiздi. Әлшекей күйлерiнiң нотаға түсуiне айрықша үлес қосты.
Халыққа адал қызмет етудi негiзгi мiндетiм, азаматтық парызым деп түсiнген ақын Манап кiтап шығаруға асықпаған. Өзiнiң жазғандарын өңдеп-жөндеп, жыл өткен сайын жақсарта түскен. Оның осы мiнезi айрықша сүйсiндiредi. Жасы елуге ендi тақалған кемел шағында көп жылғы еңбегiнiң жемiсiн жинастырып, жинақ етiп оқушыларына ұсынып отырған "Сыр саздары" кiтабынан Манаптың әрi лирик, әрi сықақшы, әрi айтыс ақыны екенiн танимыз. Оның қысқа өлеңдерiне назар салғанымызда қазiргi жазба поэзиямыздың озық үлгiсiмен жазуға талпынғанын көрсек, ал айтысқа келгенде импровизаторлық жүйрiктiктi танимыз.
Бiз Жамбылды, Нұрпейiстi, Нартайды, Кенендердi халық ақыны деп құрметпен атап, қастерлеп келемiз. Мiне, осылардың игi дәстүрiн жемiстi жалғастырушылардың бiрi – Манап Көкеновтың творчествосына да тиiстi назар аударуымыз керек. Халық ақындарының қазiргi биiгi мен белесiн танып отыру – бүгiнгi күннiң талабы. Сондықтан Манап Көкеновтың кiтабын жарыққа шығару – халық творчествосына қамқорлық жасаудың жарқын бiр көрiнiсi. Осы дәстүрдi дамыта түскенiмiз абзал".
Қазақ әдебиетiнiң ақсақалы Әбдiлда Тәжiбаевтың бұл мақаласы Манап ағаның кiтабына неге енбей қалғанын бiлмедiм. 1983 жылы Манап ағаның кiтабы жарық көрдi. Мен "Сыр саздары" деп берсем, "Сырдария саздары" деген атпен шығыпты және "құрастырып, баспаға әзiрлеген Мардан Байдiлдаев" деп жазылыпты. Ауылға барғанда Мәкеңдi кiтабының шығуымен құттықтап, ретi келгенде өзiм әкеп берген қолжазбаны сұрадым.
– Мәке, мұқаба жасатып, баспаға өткiзген қолжазба кiтаптың бiр данасын өзiңiзге әкеп берiп едiм ғой, соны маған берiңiзшi, – дедiм, – менде тұрсын.
– Оны Мардан ағай алып кеткен, – дедi Мәкең.
– Ә, бәсе, кiтабыңызды құрастырған деп жазғаны содан екен ғой. Оны құрастырған мен едiм, менiң атым жазылмады деп отырған жоқпын, өйткенi қолжазбаға құрастырғаным туралы жазған да жоқпын. Бұл – бiр. Екiншiден, сiз сауатсыз кiсi емессiз, оқыған жансыз, тура айтқаныма өкпелемеңiз, қайтыс болып кеткен кiсi де емессiз, тiрiсiз. Соған қарамастан кiтапты құрастырған деп, "дайын асқа тiк қасық" бола салғаны қалай? – дедiм мен iшкi өкпемдi де, ызамды да жасыра алмай.
– Базаржан, – дедi Мәкең өзiнiң сабырлы қалпын сақтаған күйi, – сенiң жасаған еңбегiң маған аян, мен бiлмесем екен, онда бiр сәрi. Мардан аға да шапқылап жүрiп шығарды. Оның да еңбегi бар. Бiрақ, қолжазбамды құрастырып, машинкаға бастырып, баспаға өткiзген, қайта-қайта баспаға барып, жоспарға енгiзудi сұрап жүрген сенiң еңбегiң ерекше екенiн мен бiлiп отырмын. Сондықтан, жасы үлкен адам ғой, Мардан ағамен дауласпай-ақ қой. Өспес елдiң баласындай өнбес дауды қумайық.
Қатарым болса қарсы дауым дайын едi, Мәкеңе ендi қарсы шығуды жөн көрмедiм. Ағаның айтқанын ақыл көрдiм де, үндемегендi мақұл көрдiм. Әйтпесе, бiреудiң еңбегiн пайдаланып кетудiң нақты көрiнiсi ғой бұл.
Мәкеңнiң Жаңақорғанда өткен бiр мерейтойында сахнаға шыққан Тәушен апамыз: "Мәкең алып тау ғой, басынан қары кетпейтiн, ал бiз сол таудың баурайындағы төбе сияқтымыз", – деп едi көзiне жас алып тұрып. Әне, шындық, шынымен мойындау деген сол емес пе?
Жақында мен Мәкеңнiң туғанына 80 жыл толуы қарсаңында бiр газетке мақала апарып берiп едiм: "Мерейтой дегендер көп, оның бәрiн бере алмаймыз", – дедi. Сонда мен: "Ойпырмай, қазақ әдебиетi қалай өркендейдi, егер бiз ақындарға осындай көзқараспен қарайтын болсақ? Газет сайын қазақ эстрадасының жұлдыздары деп жас әншiлермен сұхбат берiп жатқанда, елге танымал ақындардың мерейтойларына мұнша тарылғандарың қалай?" – деп едiм, әлгiлер үнсiз қалды. Ал бiрде газеттердiң бiрiне өлең апарып едiм: "Егер сiздiң өлеңдерiңiздi бассақ, басқалар қаптап келедi ғой. Сондықтан өлең баспаймыз, өкпелемеңiз", – дегенi. Газет редакторы қазақ поэзиясынан кандидаттық диссертация қорғаған ғалым едi, соған: "Досым-ау, егер поэзия болмаса, ақын болмаса сен ғалым болар ма едiң? Неге осы жайлы ойланбайсың?" – дедiм де шығып кеттiм. Менiң тiк мiнезiм, тура айтатыным көп адамға жақпайды. Оны өзiм де бiлем. Бiрақ, басқаша болуым мүмкiн емес. Өйткенi тура сөйлеудi алдымызда жүрген Манап ағамыздан үйренгенбiз.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын" деген қағиданы ұмытқан ұрпақтың жалғасы қазiр: "Жақсының жақсылығын жасыр, құты қашсын, жаманның жақсылығын асыр, нұры тасысын" деген қағиданы ұстайтын болған және солар оза шауып, бәйгеден келiп жүр. Жүйрiктi жарыста озса да, бәйгеден қағатын солар, Мәкеңдi аяқтан шалып, көңiлiн қалдырған да солар, оның баласы Әбдiкәрiмдi өкпелеткен де солар. Әйтпесе, Әбдiкәрiм қазiргi айтыстың алдыңғы сапында жүрмес пе едi? "Ақылсыз көппен айтысқан ақылды жалғыз ақымақ болады, ақылды жалғызбен айтысқан ақымақ көптiң мерейi үстем болады" деген принциптi ұстайтындар топтасып алып, жақсыны жаман етiп, олақты маман етiп, өз сүлейiн дүлей етiп, өзгенiң дүлейiн сүлей етiп көрсетiп жүр ғой әлi де. Осы жаман әдет тиылмай, жақсыны шалу мен құлату, мұқату мен кекету құйындай бермек. Түптiң түбiнде бұл бiрдi ғана тұқыртып қоймай, бүкiл халықты тұқыртып кетерiн ұмытпайық.
Базарбай ИСАЕВ