СУ ЖАНЖАЛЫ ШӨКЕЕВТIҢ ШЫМБАЙЫНА БАТТЫ
СУ ЖАНЖАЛЫ ШӨКЕЕВТIҢ ШЫМБАЙЫНА БАТТЫ
Көршiңмен көз алартпай тату-тәттi тiрлiк еткенге не жетсiн? Бiрақ өзбек көршiмен соңғы жылдардағы ара қатынас оншалықты мәз болмай тұр. Әуелi шекарадағы кiсi өлiмiне әкелген кикiлжiңдерден бастап, өзбек президентiнiң Астанаға келiп сөйлеген сөзi де көңiлде сыз қалдырған. Ендi, мiне, Ташкент қолында бар тетiктi пайдаланып, Астананы бiраз абдыратып тастады.
Даудың басы — су мәселесi. Өзбек жағы Қазақстанға жiберiлетiн су көлемiн азайтып, бiздi бiраз экономикалық шығынға батыра жаздады. Ақыры, Астана мұндай бассыздықтың салдары екi елдiң саяси-экономикалық қарым-қатынасына әсер етуi мүмкiн екендiгiн көршiге ресми түрде ескертуге мәжбүр болды.
Вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев өзбек ағайындарға шүйлiктi. Қалыптасқан жағдайдың Қазақстан үшiн өте тиiмсiз керi әсерi бар екенiн ескере отырып: “Мен қажеттi ведомстволарға мәселенi 2008 жылдың 20 шiлдесiне дейiн шешуге тапсырма бердiм. Бұлай болмаған жағдайда, бiз Қырғызстанның қымбат электр қуатын сатып алуды тоқтатамыз. Ал бұл жағдайда Қазақстан ғана емес, Өзбекстан мен Тәжiкстан жерлерi де зардап шегедi. Жағдайды өзгертуге күш салуыңызды сұраймын". Осындай сөздермен Шөкеев өзбек әрiптесi Рүстем Әзiмовке ресми жеделхат жолдады.
Көршiнiң жат мiнез көрсетуiнiң нәтижесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы егiс алқаптары күйiп кетудiң аз-ақ алдында тұр. Онсыз да шегiрткеден зардап шеккен аудандар ендi қуаңшылыққа ұшыраған. Қатар отырып, Республикамыздың оңтүстiк аймақтарында не болып жатқанын Өзбекстан көрмей-бiлмей отырған жоқ. Сонда бұл не қысастығы? Әлде, қыр көрсету ме?
Сонымен, бұл қылықтың астарында не жатса да, Астана: "Сiз бiзге су бермесеңiз, бiз электр қуатын алуды тоқтатамыз" деп қоқан-лоққы көрсеттi. Өйтпеске, басқа амал жоқтай. Өйткенi көршiге де күш көрсететiн заман туды. Бiр өкiнiштiсi, осы кикiлжiң нәтижесiнде аймақта дағдарыс туындамаса болғаны. Өзбек пен тәжiк бiздi судан қысса, бiз қырғыздың электр қуатын сатып алудан бас тартып, кикiлжiңге Бiшкектiң арласу қаупi туып тұр.
Қырғызбен арадағы биылғы келiсiм бойынша, бiз олардан қымбат бағада электр қуатын сатып аламыз, ал Бiшкек Тоқтағұл су қоймасынан өткiзiлетiн судың деңгейiн секундына 150 текше метрге көбейтуi керек. Бiрақ қазiргi жағдайда, көршiлерiмiз өз уәделерiнде тұра алмай отыр. Қазақстан өзiне тиесiлi судың жартысын даулап әрең алды.
Өткен жұмадан берi Өзбекстан "Достық" каналы бойынша өткiзiлетiн су деңгейiн секундына 75 текше метрге көбейткен. Бiрақ мұның өзi келiсiлген деңгейден екi есе аз. Қолда бар деректерге сәйкес, су деңгейi секундына 80-85 текше метрге көбейтiлмек.
Нарық табиғаттың тұнып тұрған байлығы — су мен жер байлықтарын да саудалауға мәжбүр етiп, оны көршiлерге ықпал ету тетiгiне айналдырып отыр. Құдайдың берген ырзығы — су екеш судың өзiнен Орталық Азия аймағындағы мемлекеттерi үшiн бас араздығына айналу қаупi бар. Елбасының: «Аймақтық су-энергетикалық концорциумын құрайық» деп жүргенi тегiн емес. Жыл сайын ортаазиялық мемлекеттер аймақтағы су ресурсын өзара тиiмдi пайдалану жөнiнде келiсуге мәжбүр. Оңтүстiктiң мақталы аудандары мен Қызылорда облысы көршiлерден келетiн суға бiржола тәуелдi.
Қазақстан биыл Көксарай су реттеуiшiнiң құрылысын қолға алды. Кей мамандар: "Бұл құрылыс Қазақстанға "су мәселесiн" бiржола шешуге мүмкiндiк бередi" десе, кейбiр сарапшылар оны уақытша шара деп есептейдi. Не де болса, қол қусырып қарап отыруға болмайтыны ақиқат. Әйтпесе, көршiнiң өзi бас пайдасы үшiн "Тәңiр ақысын" ұмытып кететiнiн көз көрдi.