Вячеслав КИМ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НАРЫҚҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТТЫ
Вячеслав КИМ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НАРЫҚҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТТЫ
Қаржы әлемiндегi қарбалас әзiр саябыр тапқан жоқ. Тiптi, сарапшылардың қаржы нарығындағы ахуалға берер бағасы саналуан. Есесiне, қазақстандық нарыққа дендей енуге тырысқан халықаралық қаржылық құрылымдар белсендiлiгi артып келедi. "Түркiстанның" бүгiнгi қонағы — "Каспий Банкi" АҚ Директорлар кеңесiнiң төрағасы — Вячеслав Ким мырзамен өткiзген сұхбатта әлемдiк қаржылық дағдарыс, қазақстандық екiншi деңгейлi банктердiң қауқары мен қажыры, нарықтағы ахуал, мемлекет тарапынан бөлiнетiн көмек, шағын және орта кәсiпкерлiктiң шама-шарқы мен жылжымайтын мүлiк нарығындағы қиындықтар туралы сөз қозғадық.
— Вячеслав, былтыр қаржы әлемiнде орын алған ахуалды сарапшылар қауымы әртүрлi бағалауда. Мысалы, бiрi "дағдарыс" десе, ендi бiрi "бағалардың сұрыпталуы" дейдi. Сiздiңше, қайсы ұғым қаржы нарығындағы ахуалға көбiрек сәйкес келедi?
— "Қаржы дағдарысы" мен "бағаның сұрыпталуы" — бiр-бiрiмен тығыз байланысты ұғымдар. Қаржы дағдарысы — экономиканың өсуiн қолдауға қажеттi қаражаттың тапшылығы. Ал бағаның сұрыпталуы осының салдарынан туындайды. Бағасы удай шаршы метрлерге деген сұраныстың жоғары болуы артық ақшаның әсерiнен едi. Экономика қарыштап тез өстi, ал қарыз алушылардың азаматтық түсiнiгi әлдеқайда баяу қарқынмен дамыған. Батыста ипотекалық қарызды кiрiсi орташа және орташадан жоғары адамдар ғана алады. Бiзде мұндай мүмкiндiкке кез келгеннiң қолы еркiн жеттi. Менiңше, осы тұрғыдан алғанда да, өнiм бағасы сұрыпталуы қажет едi. Яғни, тұрақты табысы жоқтарға ипотекалық несиенiң әлдеқайда жеңiл түрi қарастырылуы тиiс болатын. Кiрiс көзi тұрақтыларға несие берiлерде оның жұмыс тәжiрибесi, орташа табыс көрсеткiшi, бiлiм деңгейiне қатысты қойылатын талаптар ескерiледi. Банктер ипотекалық несие берудегi алғашқы жарнаны 30 пайыздан бастап, 0-ге дейiн түсiрдi. Бiр жағынан, банктерден ипотекалық несие алудың жолы жеңiлдеуiн ұтымды пайдалануға тырысқан алыпсатарлар нарықтағы ахуалдың ширығуына, бағалардың коррекциясына тiкелей әсер еттi. Факторлардың комбинациясы: жылжымайтын мүлiк құнының негiзсiз өсуiне әлемдiк нарықтағы қаржылық дағдарыс қосылды.
— ҚР Үкiметi қазақстандық банктердiң мемлекет тарапынан қаржылық көмекке зәру еместiгiн бiрнеше рет мәлiмдедi. Сiздiң пiкiрiңiз?
— Бiздiң банктер күрделi жағдайдан өз беттерiнше жол табуда. Талпыныстары нәтижесiз емес. Алайда, мемлекеттiк көмектiң банктерге ешқашан артықтық етпейтiнiн айтқым келедi. Егер көмек беруде мемлекет белсендiлiк танытса, банктерге ғана емес, экономиканың барлық саласына жеңiлдiк болар едi. Соңғы он жылда бiздiң экономикамыздың өсу қарқыны айтарлықтай жоғары. Басқаша айтқанда, оны тепловозбен салыстыруға болады: неғұрлым жылдам жүрген сайын соғұрлым көп энергияны қажет етедi. Ал нарықтағы энергия: ақша. Өкiнiшке қарай, кейбiр банктер қарқынды өсумен тығыз байланысты келетiн қауiптi дұрыс бағалай алмады. Қазiргi кезде құрылыс нарығындағы "сабынды көпiршiк" жарылған сәтте банктер қиын жағдайда қалды. Бiрақ Үкiмет құрылыс саласы мен шағын және орта кәсiпкерлiктi қаржылай қолдауға қатысты дұрыс шешiм қабылдады. Осының нәтижесiнде, банк саласындағы тұрақтылық сақталып қалды.
— Қазақстандық банктер шетелдiк қаржылық құрылымдардан алған қарыздарын өздерi қайтаруға қауқарлы ма?
— Әлбетте! Оған сөз жоқ!
— Бiрақ кезiнде кейбiр банкирлер мемлекеттен көмек сұрады ғой?
— "Кейбiр банкирлер" дегенiңiз кiмдер?
— Мысалы, Әбiлязов.
— Бiлесiз бе, Мұхтардың кейбiр сөздерiмен келiсемiн. Яғни, банктердегi акционерлердiң көпшiлiгi пайдасы мол активтерден қағылғысы келмейтiнi анық. Мысалы, 100 рубльге сатып алған активтi көңiлi қалағандай 350 рубльге емес, 105 рубльге сату кiрiстiк тұрғыдан алғанда, обал болар едi. Бiрақ өкiнiшке қарай, кейде мойынсұнуға тура келетiн жайттар кездеседi. Менiңше, бүгiнде қарыздарды қайта сатып алу (рефинансирование) өте күрделi. Олай еткен күннiң өзiнде несие көлемi тым аз, есесiне, қарызды өтеудегi пайыздық көрсеткiш өте жоғары. Сондықтан активтерiнен айырылғысы келмейтiн қаржылық құрылымдар иелерiнiң өкiнiштерiн жақсы түсiнемiн. Бiрақ амал не…
— Халықаралық қаржылық құрылымдардың қазақстандық банктерге деген сенiмiне сызат түскен жоқ па?
— Жоқ, халықаралық қаржы құрылымдары қазақстандық банктерге несие беруiн жалғастыруда. Демек, олардың бiздiң банктерге деген сенiмi сол баяғы қалпында сақталып қалды. Мысалы, "Каспий" банкi былтыр күздегi қаржылық дағдарыстан кейiн сырттан екi рет қаржы тартты. Бiрi — Еуропалық қайта құру және даму банкiнен алған 59 млн. АҚШ доллары, екiншiсi — Халықаралық қаржы корпорациясынан тартылған 100 млн. АҚШ доллары. Әрине, шетелдiк iрi қаржылық құрылымдардың банктерге деген көзқарасы әрқилы. Бiрақ бiз үшiн сырттан қаржы тарту қиындық тудырмайды.
— Үстiмiздегi жылдың сәуiрiнде халықаралық рейтингтiк агенттiк — "Standart & Poor’s" өкiлдерi қазақстандық банктердiң көпшiлiгi ұзақмерзiмдiк даму стратегиясына қажеттi деңгейде көңiл аудармайтыны туралы сын айтты. Агенттiктiң пiкiрiмен келiсесiз бе?
— Бiлмеймiн, мүмкiн бұл белгiлi бiр жағдайға байланысты айтылған сөздiң бiрi шығар. Өйткенi, бiрiншiден, бiздегi нарық өте жақсы жүйеленген. Екiншiден, бiздегi банк бизнесi әлемдегi банк бизнесiнiң классикалық түрiнiң бiрi болып табылады. Сондықтан банктердiң стратегиясыз әрекет етуi мүмкiн емес. Тек былтыр бәсекелестiк талабының күшеюiне байланысты банктер стратегиясын модификациялады. Шын мәнiсiнде қазақстандық нарық банктердiң тек бiр өнiммен жұмыс iстейтiндей ауқымда үлкен емес. Бiзде банктер әмбебап. Күштерiн тек бiр бағытқа шоғырландырмайды: бiр банк шағын және орта кәсiпкерлiктi қаржыландыруға ден қойса, ендi бiрi корпоративтiк банктiң қатарында т.б. Мысалы, Еуразиялық банк жуырда стратегиясын қайта жүйелегенiн, ендiгi бөлшек банкке айналғанын мәлiмдедi. Бұл — табиғи құбылыс. Негiзгi акционерлерi көпшiлiктiк нарықтың ойыншыларына айналғандықтан, Еуразиялық банк көпшiлiк үшiн қызмет ететiн банкке айналды. Қазақстандық банк саласында кәсiби бiлiктiлiгi жоғары ойыншылар, топ-менеджерлер мен акционерлер жетерлiк. Бiздiң Каспий банкiне қатысты айтсақ, соңғы бiрнеше жылда бөлшектi банк қалпынан айныған емес. Бiздiң күштi жағымыз — шағын және орта кәсiпкерлiкке және тұтынушыларға берiлетiн бөлшек несие.
— Қаржылық дағдарыстан ең көп зиян шеккен кiм?
— Шағын және орта кәсiпкерлiк. Бiздiң кәсiпкерлердiң нарық талабына қатысты тәжiрибелерi аз. Соған қарамастан, қаражат мәселесiн банктерден алатын несие есебiнен шешiп келген болатын. Олардың көпшiлiгi бәсекелестiкке төтеп беруде табандылық таныта алмайды. Осы себептi, Үкiметтiң шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға қатысты түзген бағдарламалары белсендi түрде жүзеге асырылуы тиiс.
— Ипотекалық несиелеу инвесторларға онша тиiмдi емес. Қаржылық қиындықтар туындағанда, ең алдымен ипотекалық несиелеуге бөлiнетiн қаражат тоқтатылады. Қазақстандағы қаржылық несиелеу мен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды қалай шешуге болады?
— Егер алаяқ құрылыс компанияларын есепке алмасақ, ҚР Үкiметi бекiткен тұрғын үй бағдарламасы нәтижелi жұмыс iстеуде. Осы мақсатта арнайы банк — "ЖилСтройБанк" құрылды. Құрылыс компаниялары бастапқыда "халықтық" бағытта жұмыс iстедi. Яғни, орташа топқа арналған құрылыс нысандары көп болатын. Бiрақ содан кейiн пайдаға шаш-етектен кенелуден көздегендiктен, олар "люкс" пен "бизнес" кластарға қарай ауытқып кеттi. Пайда қуам деп жүрiп, олар экономиканың нақты мүмкiндiгiмен есептесе алмай қалды. Менiңше, бiр шаршы метрге тиесiлi құнның 50 пайызы мейлi, ол элиталық болсын, мейлi эконом класс болсын, бiр шаршы метрге қойылатын жалпы талаптар (iргетас, қорап, басқа да мәселелерде) — бiрдей. Қалған 50 пайызы — сервистiк ерекшелiктер, безендiру жұмыстары т.б. Қазiргi таңда жылжымайтын мүлiк нарығында орын алған жағдай — құрылыс компанияларына сабақ болған қиындық. Олардың көпшiлiгi нақты тұтынушылық сұраныс бар деңгейге түседi. Мен қарапайым қазақстандықтың қалтасы көтеретiндей сұранысты айтып отырмын. Құрылыс компаниялары қарым-қажырын ой елегiнен өткiзiп алғанша, бiраз уақыт керек. Мен Президентiмiздiң "егер дағдарыс болмаса, оны ойлап табуға болар едi" деген сөзiн мысалға жиi келтiргендi ұнатамын. Бұл — экономиканың саулығын қамтамасыз ететiн нарықтық механизм.
— Сарапшылар жылжымайтын мүлiк нарығындағы ахуалға қатысты әртүрлi болжам айтады. Сiздiңше, тұрғын үй нарығындағы баға саясаты қашан тұрақталмақ?
— Менiңше, бүгiнде нарықтағы нақты баға айқындалуға жақын. Шын мәнiсiнде "ненiң" "қанша" тұратыны туралы ортақ түсiнiк қалыптасып келедi. Қазiр жаз мезгiлi, әдетте жазда iскерлiк белсендiлiк төмендейдi. Соңғы үш айда iрi көлемдегi келiсiмдердiң жасалмағаны белгiлi. Демек, жаз — жағдайды ой елегiнен өткiзу үшiн кететiн уақыт. Ал күзге салым баға тұрақталады. Әлемдiк дағдарысқа келсек, экономикалық циклға сәйкес, ерте ме, кеш пе, экономика қайтадан өте бастайды. Жалпы, менiңше, дағдарыс — барлық елде орын алған табиғи құбылыс. Кез келген мемлекет өзiнiң экономикасын неғұрлым сауатты түрде жүйелей бiлсе, соғұрлым тығырық пен дағдарыстан тез шықпақ. Америка — экономикасы қуатты алып ел. Экономикасын жасанды жолмен қолдай бiлдi. Әлемдегi дамыған алпауыт елдердiң барлығы дерлiк дағдарысты бастан кешуде. Дағдарыстың салқыны, менiңше, үш жылға созылады.
— Қазiргi таңда сыртқы қаржы нарығындағы ахуал қазақстандық банктер үшiн онша жағымды емес. Шеттен қаржы табудың қандай балама жолдары бар? Қиындықтан бiздiң банктер қалай шығады?
— Негiзгi екi жол бар. Бiрiншiсi, классикалық: банктер қарыз алған, ала бередi. Әлемдiк нарықтан сөз етсек, әрине, бұл өте күрделi. Өйткенi, пайыздық көрсеткiштер өстi, несие алудағы талаптар тым күшейiп кеттi, қаражат тарту қиындады. Оған тәуекелдiк пен қауiпке қатысты қойылатын талаптардың қатайғанын тағы қосыңыз. Екiншiсi, қазақстандық нарыққа жоғары деңгейдегi халықаралық ойыншылардың енуi. Бұл қазақстандық банк жүйесiнiң қаржылық және сапалық жағынан нығаюына ықпал етерi анық. Халықаралық инвесторлар Қазақстаннан банк сатып алу қазiр тиiмдi екенiн жақсы бiледi, ал бұл шеттен қаржы тарта бiлген және тартуға қабiлеттi қазақстандық банктер үшiн қолайлы сәт туды. Әлбетте, бұрынғыға қарағанда, тартылатын қаржы көлемi жағынан аз болса да, қанағат етуге тура келедi. Тек ескеретiн жайт: қаржы нарығын реттеушiлер, Үкiмет қазақстандық нарыққа енуге мүдделi батыстық iрi стратегиялық инвесторлардың бiздiң нарыққа кедергiсiз әрi жылдам енуiне жағдай жасауы тиiс. Егер ҚР Үкiметi қазақстандық нарыққа ену процесiн жеңiлдету шараларын қазiр қабылдаса, халықаралық ойыншылардың қызығушылығын арттыра түсер едi.
— Кейiнгi кезде оңтүстiккореялық банктердiң қазақстандық банктердi сатып алудағы белсендiлiгi артып келедi. Мұның себебi неде деп ойлайсыз?
— Оңтүстiккореялық кәсiпкерлердiң менталитетiн мен жақсы бiлем. Олар өте ұзақ ойлайтын, "жетi рет өлшеп, бiр рет кесетiндер". Кезiнде қатты опық жегендiктен, "аузы күйген үрiп iшедiнiң" керiн келтiредi. 1998 жылы дағдарыспен бетпе-бет келгенде Оңтүстiк Корея билiгi дағдарыстың салқыны тимес үшiн нақты қадамдарға барды. Нарықты жүйелеудi қатайтқан олар тiптi, компанияны нашар басқарған топ-менеджерлердi қылмыстық жауапкершiлiкке тартуға дейiн барды. Бiзде де Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттiгi топ-менеджерлер мен акционерлердi жауапкершiлiкке тарту туралы бастама көтерiп жатыр. Мұндай қадамды мен қолдаймын. Қазақстандық нарықты зерттеудi он жыл бұрын бастаған олар шешiм қабылдаймын деп жүргенде, баға шарықтау шегiне жеттi. Бiрақ қазiр қазақстандық банктердi сатып алудың қолайлы сәтi туғандықтан, оңтүстiккореялық кәсiпкерлер соңғы мүмкiндiктi қолдан шығарып алмауға тырысуда. Негiзi жапондық, оңтүстiккореялық корпоративтiк басқару үлгiлерi қазақстандық басқару үлгiсiнен сәл ерекшеленедi. Бiздегi басқаруда кеңестiк заманнан қалған реңк бар, бiрақ бәрiбiр еуропаланған үлгiде. Оңтүстiк Кореяның үкiметi халықаралық нарыққа шығуға талпынған компанияларға қолдау көрсетедi. Олар "Sony", "Panasonic" сияқты компаниялардың әлемдiк нарықты жаулауына көмектескен жапондық үкiметтен үлгi алады. Мысалы, "LG", "Dawoo" т.б. Яғни, консервативтiк көзқарастағы оңтүстiккореялық банк саласы қазақстандық нарықты ондаған жылдар бойы зерттеумен айналысып келдi, алдымен компанияларын енгiздi, содан кейiн барып, қазiр кәрiс банкирлерi белсендiлiк танытуға тырысуда. Оның үстiне, кәрiстер технологияны бөлшек несиелеу саласында бiзге қарағанда, тәжiрибелерi айтарлықтай көп.
— Бұл ендi дамып келе жатқан қазақстандық банктерге қиын тимей ме? Мысалы, бәсекелестiкке төтеп беру тұрғысында?
— Жоқ, керiсiнше, тұтынушыларға бәсекелестiктiң игi ықпал ететiнi анық. Сонымен қатар компаниялар мен банктерге де. Қарсыласының неғұрлым мықты болса, бәсекелесе жүрiп, соғұрлым үлкен жетiстiктерге қол жеткiзуге мүмкiндiк пайда болады. Жеке басыма келсек, "егер әлем чемпионы болғың келсе, әлем чемпионымен жаттық" деген өмiрлiк қағидам бар. Бүгiнгi таңда кейбiр қазақстандық банктердiң ғаламдық деңгейге көтерiлуiне мүмкiндiктерi бар. Олардың стратегиясы: отандық нарыққа баласына жаны ашитын ананың көзқарасын ұстанады, ал өзге мемлекеттердiң нарығын жаулауда әлдеқайда қатаң. Ал Қазақстан ауқымында емес, жаһандық ауқымда қарастырсақ, шетелдiк ойыншылардың қазақстандық нарыққа енуi отандық банктердiң шынығуына, шыңдала түсуiне жағдай жасайды.
— Әлемдiк деңгейдегi ойыншылар пайда мен кiрiс көзi бар жерлердi ғана жағалайтыны сөзсiз. Сiздiңше, қазақстандық экономикаға инвестиция салу, кәсiпкерлiкпен айналысу қаншалықты тиiмдi?
— Қазақстанға қаржы құю өте тиiмдi. Менiң басқаша жауап беруiм мүмкiн емес! Өйткенi, өзiм Қазақстанда тұрамын, Қазақстанға қаржы салдым. Шын мәнiсiнде, қазақстандық нарыққа деген қызығушылық өте жоғары! Шетелдiк инвесторлар дәл қазiргi сәтте сатып алудың тамаша мүмкiндiгi туғанын жақсы түсiнедi. Ал қазақстандық банктердiң жаңа қаржы көзiн табуына мүмкiндiк бар. Қайталап айтайын, жоғары деңгейдегi шетелдiк ойыншылардың бiзге келуi бiздiң қаржылық жүйемiздi нығайтуға көмектеседi. Президент Н.Назарбаев Қазақстандағы құқық қорғау органдары мен тексеру органдары тарапынан жемқорлыққа жиi жол беретiнiн сынға алды. Қоғамды iштен iрiтетiн коррупцияның түбiрiне балта шабылмайынша, кәсiпкерлiктi дамыту мүмкiн емес. Жемқорлық — кәсiпкерлiк бастамаларды тежейтiн басты кедергi. Осы себептi, елдегi жемқорлықпен күрес қызу жүруде. Осыдан он бес жыл бұрын кәсiпкерлер алдында кездесетiн қиындықтар шаш-етектен болатын. Қазiр бұл жағдай түбегейлi өзгерген. Мәселен, қазақстандық бiр кәсiпкердiң шаруашылығын тексеруге келдi делiк. Егер тексерушi прокуратураға тiркелмеген болса, кәсiпкер оны маңайына да жолатпауға құқылы. Ал тiркелсе, онда жүргiзiлген тексерулердi тiркейтiн арнайы кiтапқа әлгi қызметкердiң аты-жөнiн, қашан тексеру жұмыстарын жүргiзгенiн жазып қояды. Яғни, кез келген шенеунiк қалаған уақытында келiп, кәсiпкердiң мазасын ала алмайды. Оның үстiне, Президент қазақстандық кәсiпкерлердi 2008 жылдың соңына дейiн тексерулерден босату туралы Жарлыққа қол қойғаны белгiлi. Көршiлес елдердiң барлығында дерлiк мұндай мүмкiндiктер мен жағдайлар қарастырылмаған. Мысалы, Өзбекстандағы кәсiпкерлер мүлде қиын жағдайда қалған.
— Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ