ЗИЯЛЫМЕН ӘКIМ ЖҮЗДЕСТI

ЗИЯЛЫМЕН ӘКIМ ЖҮЗДЕСТI

ЗИЯЛЫМЕН ӘКIМ ЖҮЗДЕСТI
ашық дереккөзі
215

Алматының орны бөлек. Оны кез келген адамнан сұрасаңыз да айтып беретiнi анық. Көркемдiгi мен сұлулығы бiр басқа, Алатаудың бөктерiндегi мәдени шаһардың зиялы қауым үшiн де орны бөлек.

Жуырда қала басшысы Ахметжан Есiмов Алматының мәдени-шығармашылық өкiлдерiн қабылдап, ойларымен бөлiстi. "Мен әлемнiң көптеген жерлерiнде болып қайттым. Және ешқайсысының Алматыға жетпейтiнiн түсiндiм. Iрi мегаполис күннен күнге қарқынды түрде дамып келедi. Сол себептi халыққа театр мен кинотеатрлар, кiтапханалар мен мәдениет ошақтары ауадай қажет. «Алматының көркiн келтiретiн — мына сiздерсiздер. Қаланың тарихы да сiздер деп бiлемiн. Сол себептi қаланың мәдени өмiрiн одан ары көркейту үшiн қандай шаралар керек, не iстеуiмiз керек? Осы сұрақтар төңiрегiнде сiздермен ақылдасайын деп едiм", — дедi әкiм.

Зиялы қауымның да осындай кездесудi көптен күтiп жүргенi мәлiм. Белгiлi жазушы Әбдiжәмiл Нұрпейiсов: "Бүгiн де 700-ден астам ақын-жазушылар бар. Бiрақ барлығын бiрдей таза ақын-жазушылар қатарына жатқызбаймын. 8 жыл "Таңшолпан" журналын басқарып келдiм. Бiзде прозаиктер жоқтың қасы. Әдебиет сыншылары мүлдем жоқ. Ал поэзияда керемет таланттар бар. Бiрақ бәрiнiң баспанасы жоқ. Әсiресе, жастар жағын баса айтқым келедi. Сол жастарға үйлi болуға жәрдемдессеңiз. Бұл — бiр. Екiншiден, айтпағым, тiл мәселесi. Бұрын екi тiл деп келдiк. Ендi үш тiл деп жүрмiз. Мұның бәрi қазақ тiлiнiң қадiрiн кетiру деп есептеймiн.

Менiң сiзге айтар ұсынысым, қазақтың, оның iшiнде ауылдың балаларына арналған элиталық мектеп ашу керек. Сонан соң Президенттiң "Болашақ" бағдарламасына қалталылардың, әкiмдердiң балаларын емес, ауылдың балаларын оқытуға жiберу керек.

Ойымды аяқтай келе, Ғабит Мүсiреповтiң бiр сөзiн келтiргiм келедi. "Әдебиет пен мәдениет ұлы болмаған жағдайда, ұлттың ұлы болмайтынын ойласақ екен" деген едi. Егер мен Әкiм болсам, осы сөздi көшенiң әр қиылысына үлкен әрiптермен жазып қояр едiм. Өйткенi, ұлттың мүддесiне қажет нәрсе — осы. Жоғарыда айтқандарымның барлығы жай сөз болып қалмай, iс жүзiне асса екен деймiн. Оның iске асу-аспауы, әрине, сiздiң қолыңызда", — дедi.

Кездесуде сөз алған зиялылардың көбi мәдени дүниемiзге қажеттi бiрқатар мәселелердiң басын ашып айтты. Алматы қаласында филармония қажеттiгiн, Алматыдағы кинотеатрлардың қазақ тiлiндегi фильмдердi көрсетпейтiндiгiн, қалада балаларға арналған кинотеатрдың жоқтығын, мәдениет музейiн ашу қажеттiгiн де айта кеттi.

Белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығай: "Соңғы кездерi ұлыларымызды ұлықтауды дұрыс жолға қойып келе жатқан жоқпыз. Қазақ театрының негiзiн қалыптастырған, театр пионерi Қапан Бадыров атында ешқандай көше жоқ. Ал қазiр оның шөберелерiндей болатын кiсiлерге көше берiлiп жатыр. Бұдан қандай тәрбие аламыз. Ал, Сәбира Майқанова ше? 63 жыл бiр театрда қызмет етiп келдi. Бiр көше берiлмедi-ау. Осы мәселенi қарастыру керек. Бұдан бөлек, музыкалық театрлар ашылса да, артық етпейдi, — деп ашық айтты.

Ал, сәулеткер Шота Уәлиханов аты аңызға айналған тұлғалардың бiрi — Шоқан Уәлихановтың Алматыда мұражайын ашу керектiгiн көтердi. Шындығында да, Шоқан Уәлихановтың мұражайы Алтынемелде ғана бар. Ол жаққа бару екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiнi белгiлi. Егер Алматыда Шоқан Уәлихановқа арналып мұражай ашылса, көпшiлiктiң жиi баратын қасиеттi орнына айналар едi.

Сондай-ақ, кездесу барысында қалалық әкiмдiктiң жанынан өнермен, әдебиетпен жұмыс iстеп отыратын қоғамдық кеңес құрылса деген өтiнiш те сөз болды. Мәдени қауым өкiлдерi өздерiнiң көңiлдерiнде жүрген өтiнiш, талап-тiлектерiнiң бәрiн әкiмге жеткiзуге тырысты. Өз кезегiнде қала әкiмi Ахметжан Есiмов: "Мұның бәрi бiр күнде болмайтыны белгiлi. Қолымнан келгенiнше, жүзеге асырам" деген уәдесiн бердi. Бұл мәселелер бойынша арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары