ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БАСЫМДЫЛЫҚ БЕРIЛДI

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БАСЫМДЫЛЫҚ БЕРIЛДI

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БАСЫМДЫЛЫҚ БЕРIЛДI
ашық дереккөзі
238

Өткен аптада РФ президентi алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастады. Одан кейiнгi кезекте – Қытай. Батысты емес, Шығысты бетке алған орыстардың басшысын әлемдiк БАҚ сан-саққа жүгiрттi. Медведевтiң сапарына қатысты сараптамада экономикалық, саяси және стратегиялық тұрғыда ой қорытуға тырыстық.

Ресейлiк басшының алғашқы ресми сапарын Астанадан бастауының астарында кейбiр БАҚ өкiлдерi хабарлағандай, "сан ғасырлық достастық пен ынтымақтастық" қана емес, ең алдымен, мүдделiлiк жатыр. Яғни, "екiжақты достастыққа" Назарбаевтан гөрi Медведев зәру. Бiрiншiден, әлемдiк саясаттағы ықпалын күшейтуге ұмтылған Ресейдiң жақтастарынан қарсыласы көп. Бұл орайда, Кремльге КСРО құрамында болған кейбiр әлемдiк немесе аймақтық саясатқа ықпалды елдердi әртүрлi әдiспен өзiнiң жағында ұстау тиiмдi. Кейбiр отандық әрiптес билiкке Медведевтiң келуiнiң арқасында "екi ел арасындағы қарым-қатынастың жаңаша сипат алатынын" айтып, өрекпiп жүр. Бұл да бекер. Тек кейбiр стратегиялық тұрғыда аса маңызды салаларға, мысалы, энергетикалық мәселелерге, аймақтық саясатқа басымдық берiледi. Оған билiктiң жоғарғы эшелонына Путиннiң кезiнде келген шенеунiктердiң "жылы орындарын" суытпаулары куә. Яғни, Кремльдегi кешегi кадрлық өзгерiстер – "орындарын ғана өзгертетiн" "қосылғыштар мен қосындының" керi. Оның үстiне, ресейлiк үкiметтiң тiзгiнiн қолына алған Путиннiң РФ билiгiне ықпалы әзiр әлсiреген жоқ. Орыс халқы алдындағы сегiз жылдық саяси беделiне жуық арада нұқсан келе қоюы екiталай. Сондықтан экс-президент пен "тақ мұрагерiнiң" арасындағы тепе-теңдiк, ықпалдастық, басымдық айқын анықталуы үшiн белгiлi бiр уақыт керек. Путиндi посткеңестiк елдердiң байырғы басшылары Б.Ельциннiң сенiмдi мұрагерi ретiнде iштартатын. Ал саясатқа күнi кеше араласа бастаған Медведев – Путиннiң "тақ мұрагерi". Саясаттың майын iшкен посткеңестiк көсемдердiң көбiсiнiң Медведевтi өзiмсiне қабылдауы сондықтан. Кейбiр сарапшылар "Бұған дейiн Путинге қарағанда, батыстық бағытты ұстанатындай көрiнген Медведевтiң алғашқы сапарын Батыстан емес, Шығыстан бастауынан кәрi құрлық пен Ақ Үй iш жиып қалды. Бұл Кремль тарапынан жуық арада саяси серпiлiстiң бола қоятындығына күмән келтiрсе керек" деген пiкiрде.

* * *

Жетi жарым мың шақырымдық шекарасы шектесiп жатқан Қазақстан – Ресей үшiн аса маңызды көршi. Сонымен бiрге қаржылық-экономикалық қуаты жағынан, жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм көлемi тұрғысынан Ресейге тең келетiн де – Қазақстан. 2007 жылы орыстармен арадағы сауда айналымы 16,5 млрд. доллардан асып түстi. Бiрлескен кәсiпорындар саны 3 мыңның үстiнде. Шекаралық серiктестiк нығайтылып, жоғары технологияларға қатысты салаларда (атом энергетикасында, ғарыш кеңiстiгiн пайдалануда, Каспий ресурстарын игеруде, әскери-техникалық салада) бiрiккен жобалар саны артты. Кейiнгi кездерi ресейлiк банктер қазақстандық нарықтағы белсендiлiктерiн арттыра бастаған. Кешегi кездесуде қаржы саласы да қағыс қалмады: Ресей Қазақстанға 300 млн. доллар көлемiнде несие беруге келiстi. Қаржыны қазақ кәсiпкерлерi ресейлiк құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсамақ. Қазақ елi Мәскеу үшiн табиғи байлықтың таптырмас қайнар көзi болып табылады. Кремль iшкi нарығындағы мұнай мен газға деген тұтынушылық сұранысты қазақтардың энергоқорының көмегiмен қамтамасыз етiп отыр. Ақ Ордадағы кездесуде Назарбаевқа Медведевтiң: "Менiң Қазақстанға келуiм – кездейсоқтық емес, Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан серiктестiгiмiздiң, ерекше, сенiмдi, бауырластық қатынастарымыздың куәсi" деп ағынан жарылуы да көп нәрсенi аңғартып тұрса керек. Алайда, Кремль Елорданы терезесi тең серiктес ретiнде қабылдағысы келгенмен, арадағы бәсекелестiк маза бермейдi. Мысалы, "қара алтын" мен "көгiлдiр отынды" әлемдiк нарыққа негiзiнен Ресей арқылы жеткiзетiн қазақ билiгi оңтүстiк, батыс және шығыс аймақтар арқылы халықаралық нарыққа бастайтын баламалы жолдарды табуға мүдделi. Мұндай талпыныс ЕО мен Құрама Штаттарға да тән. Батыстық нарықты ресейлiк көмiрсутегiлерге деген тәуелдiлiктен құтқаратын Nabucco газ құбырының жобасын тезiрек iске асыру мақсатында, Еуропалық Одақ пен АҚШ орталықазиялық билiкке арнайы өкiлдерiнен "үшбу хат" жолдауды жиiлеттi. Бәсекелестiктен гөрi бақталастыққа бейiм Мәскеу ресейлiк БАҚ арқылы Nabucco газ құбыры жобасын қаралайтын ақпараттарды жиi жариялайды. Электронды ақпарат құралдарының 90 пайыздан астамы Кремльдiң ықпалында қалғанын ескерсек, еуропалық жобаға күйе жағуда, әсiресе, телеарналар ме радиоарналардың "белсендiлiгi" күштi. Мәскеудiң пiкiрiнше, "қазақ, түркiмен, әзiрбайжан мен иранға Nabucco тиiмсiз. Есесiне, Ресей ұсынған саналуан құбырлар желiсi аса пайдалы".

* * *

Әлемдiк саяси және экномикалық сахнадағы күн тәртiбiне шыққан "энергетикалық қауiпсiздiк" мәселесi қазақтарға да жат емес. Ресейдiң алаңдайтыны, ҚР Президентi мұнай мен газды тасымалдаудың кез келген балама жолын қарастыруға мүдделi екендiгiн ашық мәлiмдеп жүр. Брюссель мен Вашингтонға бәсекелес әрi табиғи ресурсқа бай аймақты уысында ұстауға бекiнген Мәскеу саяси ықпалын күшейтуде жақтас мемлекеттердiң көмегiне жүгiнуге кетары емес. Кешегi кездесуде Ресей Каспийлiк мұнай құбыры консорциумы жүйесiнiң арнасын кеңейтудi де Қазақстанмен келiсiп алды. Кремльдiң қожайыны Каспийлiк құбырға қатысты мәселенi Астанамен бiрге қатаң қадағалайтынын айтты. Орталықазиялық аймаққа тиесiлi энергоқор төңiрегiнде қордаланып қалған қиындықтың көп екендiгiн және оны жалғыз шешуге қауқарсыз екендiгiн РФ жетекшiсi осылайша бiлдiрiп алды. Былтыр Қазақстан мен Ресей Түркiменстанға Каспий бойы газ құбырының жобасына қатысу туралы ұсыныс айтқан. Иелiгiндегi байлығын өзiне тиiмдi жолмен және тиiмдi бағамен сатуға мүдделi Ашхабад аталған ұсынысқа елп ете қоймады. Президенттiк таққа отыра сала, билiк тiзгiнiн мықтап қолына алған Бердiмұхамедов көп елдердi Түркiменбашының кезiндегi "батпан құйрықтан" айырған едi. Осыдан бiр ай бұрын Анкарадағы кездесуде Еуроодақтың ұсынысы – Nabucco жобасын iске асыруға үгiттеген түрiктерге де илiкпеген. Тағы бiр маңызды жайт, орталықазиялық аймақтың билiктерi Кремльдiң нарық заңдарына бағынуын батыл талап ете бастады. Екi ай бұрын Қазақстан, Түркiменстан мен Әзiрбайжан Ресейге экспортталатын "көгiлдiр отынның" құнын өзiмшiл әрi өктем Мәскеу "ескi әдетiмен", тiзеге салғысы келген. Бiрақ көп кешiкпей райынан қайтып, энергоқор қожайындарымен келiсуге мәжбүр болды. Баға саясатына жүгiнсек, табиғи газ құнының қымбаттағанынан РФ ұтылған жоқ. Өйткенi, Газпром (қожайыны – Кремль) әлемдiк нарыққа бағытталатын энергоқорды қымбаттата отырып, iшкi нарықтағы сұранысты арзан бағада ұстап қалды.

* * *

Үш жыл бұрын ҚР Президентi Н.Назарбаев Орталық Азия Одағын (ОАО) құру туралы бастама көтерген. Кәрi құрлықтың басын бiрiктiрген Еуропалық Одаққа балама ретiнде. Бұл бастаманы қос қолын көтере қолдаған Одақты РФ табиғи ресурсқа бай аймақтағы ынтымақтастықты арттырудың әрi оған иелiк етудiң тиiмдi тәсiлi ретiнде қарастырады. Мәскеудiң әлемдiк беделiн күшейту мақсатында, Медведев келешекте осы ұсынысты аяғына дейiн жеткiзуге жанын салары анық. ОАО мәселесiне қырын қарайтындар жетерлiк. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, бұл бастама КСРО-ның шағын макетiне айналу қаупi бар. Бұл пiкiрге қарсы уәж айтатындар ОАО орталықазиялық аймақтағы сан салада қордаланып қалған мәселелердiң оң шешiмiн табуына игi әсер ететiнiн көлденең тартады. "Аққу – көкке, шортан – көлгенiң" кебiн киген бұл мәселеде мәмлеге келу үшiн Ресейге аталған аймаққа ықпалды Қазақстанның көмегi керек. Мысалы, орыстарға жиi "мойынсұнбайтын" түркiмендердi ұнмен қазақтар қамтамасыз етедi. Ұн – Түркiменбашының отандастары үшiн аса қат дүние. Әрине, Ашхабад пен Астананың мүдделерi тоғысқан тұс аз емес. Ал, Қап тауының етегiне келсек, Кремльдiң "ұр да жық" мiнезiне жиi "жұдырық ала жүгiретiн" гүржiлердiң қазақтармен сәлемi түзу. Өйткенi, Грузияға салынатын инвестицияның басым бөлiгi – қазақтардiкi. Қит етсе, шеру ұйымдастырып, алаңға "айырын" ала ұмтылатын айырқалпақтылар да қазаққа дос. Қырғызстанға тартылатын инвестицияның 47,46 пайызы Қазақстанның еншiсiнде. Бiздiң елiмiздiң экономикалық тұрғыда қуаты арта түсуiне қырғыздардың шын ниетiмен тiлектес болуы сондықтан. Әрi Бiшкек Астананың айтқанын екi етпеуге бейiл. Есесiне, ресми Тәшкеннiң "жыры" бөлек. Iшкi және сыртқы саясатта "өзiм бiлемдiкке" жиi салынып, соның кесiрiнен арандап қалатын өзбек билiгi Орталық Азиялық Одақ құруға үзiлдi-кесiлдi қарсы. Өзiмшiл өзбек билiгi орталықазиялық аймақтағы жетекшi орынды ешкiмге қиғысы жоқ. Бiрақ дәл қазiр Мәскеудiң айтқанынан шықпайды. Кезiнде АҚШ-пен арасынан қыл өтпестей дос болған, барлық салада қолдау көрсетуден аянбаған Өзбекстан 2005 жылғы Әндiжандағы қанды оқиғадан кейiн саяси бағытын күрт өзгерттi. Ақ Үйдiң Өзбекстандағы әскери базасын көшiрiп әкетуге мәжбүрледi. Қаншама бейкүнә жанның өлiмiне себеп болған (қаза тапқандар арасында қарттар мен әйелдер, балалар да болған) өзбек билiгiн қатаң сынға алған Ақ Үй мен халықаралық қауымдастықтың екпiнiне төтеп беруге қауқарсыз Тәшкен Ресейдiң қолтығына тығылуға мәжбүр болды. Сөйтiп, Кремльдiң "көктен iздегенi жерден табылып", энергоқордың қайнар көзi – Өзбекстан Ресейдiң уысына өзi келiп түстi. Әндiжандық оқиғадан кейiн арада үш жыл өткенде Еуропа мен АҚШ Тәшкенге "түсiнiстiкпен қарауға" және екiжақты қарым-қатынасты қайта жолға қоюға мүдделiлiк танытты. Мұндай "түсiнiстiктiң" астарында нендей саясат жатқаны ешкiмге жасырын емес: Еуропа мен АҚШ-қа өзбектiң табиғи байлығы қажет. "Күлшелi бала сүймекке жақсы" деген осы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары