АҚПАРАТТАР

АҚПАРАТТАР

АҚПАРАТТАР
ашық дереккөзі
271

ЕЛДЕГI ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ

16 сәуiрдегi таратылған ақпаратқа жүгiнсек, 2008 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, елдегi халықтың саны 15571,5 мың адамға жеткен. Олардың 8265,9 мыңы (53,1%) қаланың, 7305,6 мыңы (46,9%) ауылдың тұрғындары. Былтырғы жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда, халықтың саны – 174,6 мың адамға, яғни 1,1%-ға көбейген. Ақмола, Қостанай, Солтүстiк-Қазақстан және Шығыс-Қазақстан облыстарынан кетушiлердiң саны артық болса, Оңтүстiк Қазақстан облысының халқы – 49 мың адамға артқан. Ал, Шығыс Қазақстан облысынан керiсiнше, 7,1 мың адам кетiп қалған. Табиғи өсiм – 163666 адамды құрайды.

Келушiлер мен кетушiлердiң қарсы сальдосы – 10962 адамды құраған. Кетушiлерден келушiлер басым болған, олардың iшiнде, ТМД елдерiнен – 2846, өзге республикалардан – 53397 адам келсе, 42435 адам кетiп қалған. Дегенмен, 2006 жылмен салыстырғанда 2007 жылы елiмiзге келушiлердiң саны анағұрлым аз. Мысалы, 2006 жылы ТМД елдерiнен 26364 адам, өзге шетелдерден – 66731 адам келген. Сондай-ақ, былтыр кетушiлердiң саны да аз болған – 33690 адам.

Елге келушiлердiң басым көпшiлiгi қазақтар – 78,2%-ды құрайды, орыстар – 12,5%, немiстер – 1%-ға жеткен. Ал, кетiп қалушылардың басым көпшiлiгi – орыстар (69,5%), немiстер – 7,1%. Сондай-ақ, қазақтар да өзге елден нәпақа iздеу үшiн өз отанын тәрк еткен көрiнедi. Олар кетушiлердiң – 5,3%-пайызын құраған.

ҰЛАНБАТЫР ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚТАРДЫҢ ДАМУ ҚОРЫ ҚҰРЫЛДЫ

Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында "Қазақтардың даму қоры" құрылды. Ұйымның басты мақсаты — жаһанданудың қарқын алған шағында жергiлiктi қазақ ұлтының өзгелермен тең дәрежеде ақпараттық-технология көшiне iлесуiн қамтамасыз етiп, ұлттық болмысы, тiлi мен дiнiн қаймағын бұзбай сақтау болып табылады

Қазiр Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Оның 30 мыңы Ұланбатырда қоныстанған. Моңғолия халқының жалпы саны 2,5 млн-ға жуықтайды. Ұланбатыр – түрлi мәдениеттер түйiскен қала. Өз дәстүрiне өте берiк моңғол халқы жаһанданудың керi әсерiне ұрынбас үшiн ана тiлiн дамытуға айрықша назар аударады. Сондықтан, моңғол тiлi балабақшадан университетке дейiн үздiксiз оқытылады. Осындағы қазақ жастары да моңғол тiлiнде оқып жүр. Олардың арасында түрлi салада көзге түсiп жүрген талантты жастар өте көп. Бұлар болашақта қара шаңырақтары – Қазақстан үшiн еңбек етудi армандайды. "Қазақтардың даму қоры" осы мақсатқа жұмыс iстемек. Қандастарымыздың пiкiрiнше, ана тiлiнде сөйлейтiн, ұлттық намысы жоғары, сапалы қазақ азаматтарын тәрбиелеу тек Қазақстанның ғана мiндетi емес.

– Осы қор арқылы, осы ұйым арқылы бiз, осындағы қазақтар ата-жұртымызға қол ұшын берiп көмектескiмiз келедi, – дейдi Моңғол парламентiнiң мүшесi Сайран Қадыр.

Қордың жұмысын үйлестiру талантты жастардың өздерiне жүктелмек. Аға буын өкiлдерi кеңесшi болып отырады. Сондықтан жаңа ұйымның концепциясын талқылаған алғашқы жиында университет қабырғасын ендi аттаған жастар мен белгiлi қоғам қайраткерлерi тең дәрежеде пiкiр алмасты. Таяу күндерi үлкен құрылтай өткiзiлiп қордың мақсаты мен мiндеттерi жергiлiктi қандастарымыздың талқысына салынбақ. Сөйтiп, ықылым заманнан-ақ халқымыздың арман-мұратын шанағынан төгiлген шамырқаған күйге арқау еткен қара домбыра қайта сөйлей бастады.

Khabar.kz

АСТАНАДА РҰҚСАТТАЛҒАН МИТИНГ БОЛЫП ӨТТI

Астанада жер мен тұрғын үй зардабын шеккендер тұңғыш рет рұқсатталған митингiге шықты. Оған 2 мыңдай тұрғын қатысқан едi. Бұған қатысушылардың талабы – алданып қалған үлескерлердiң құқы мен күн сайын үйi бұзылып жатқан, жер дауынан бас көтере алмаған тұрғындардың мұң-мұқтажына билiктiң де мойнын бұрғызу. Олар үйлердiң жаппай бұзылуына, жердiң заңсыз алынуына және үлескерлердiң үйiнiң уақытында берiлмеуiне қарсы.

Олар мұнайдан түсiп жатқан қаражатты тұрғын үй мәселесiн шешуге жұмсау керек дейдi. Сондай-ақ, үйлерi бұзылып жатқан тұрғындар Астана қаласы әкiмшiлiгiнiң бұл мәселеге егжей-тегжейлi тексеру жүргiзiп, мәселенiң анық-қанығын зерттеуiн сұрайды. Әрi "Үлескерлiк құрылыс туралы" Заң мен "Жер кодексiн" қайта қарау керек дейдi.

АШЫҒУҒА ЖОЛ БЕРIЛМЕДI

14-сәуiрде Алматыдағы үйлерi бұзылуы тиiс әл-Фараби – Розыбакиев – Қожабеков – Гагарин қиылысының тұрғындары Алматы қалалық әкiмшiлiгiне мерзiмсiз аштық жариялауға рұқсат етулерiн сұрап, өтiнiш бiлдiрген. Тұрғындар билiктен "ашығуға" тұңғыш рет рұқсат сұрап тұр. Бұған дейiн олар әртүрлi қарсылық шараларын өткiзгенiмен ешқандай нәтижеге қол жеткiзе алмаған едi.

Бұл жолғы талаптары – 2006 жылғы "Көп пәтерлi тұрғын үй салу мақсатында жер телiмдерiн мемлекет қажеттiлiгi үшiн алу туралы" Қаулыны өзгерту. Аштық жариялауға 5 адам өтiнiш бiлдiрген. Алайда, 24 сәуiрде Сары-Арқа кинотеатрының артындағы алаңға 2 адам ғана шыққан. Дегенмен, аталған алаңда полицейлер қаптап жүрдi. Аштық жариялауға шыққан екеуге 30-дан астам құқық қорғау органдарының өкiлдерi тап берген. Олардың айтуынша, рұқсат етiлмеген митингiге шығудың соңы жақсылыққа апармайды. Құқық қорғау органдарының ескертпесiне олар назар аудармай, шатырларын тiгiп, ашығуға тiзе бүккендерiне қарамастан, iшкi iстер басқармасының қызметкерлерi оларды Бостандық аудандық Iшкi iстер бөлiмiне жеткiздi. Сол күнi осы iс бойынша сот iсi болып, заңсыз шеру өткiзбек болғандарға 2336 теңге көлемiнде айып салып, босатып жiберген.

300 000 СӘБИ ДҮНИЕ ЕСIГIН АШПАДЫ…

Жыл сайын 15 млн. 301 мың халқы бар Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша, 300 000 сәби дүние есiгiн ашпайды. Яғни, жасанды жолмен 300 000 әйел жатырдағы ұрықты алдыртып тастайды, түсiк жасатады.

Соңғы есептеулер бойынша, Қазақстан халқының 7.817,8 мыңы әйелдер болса, солардың 1.473,5 мыңы – жасөспiрiм қыздар. Ал репродуктивтi, яғни бала туу мүмкiндiктерi бар әйелдердiң саны – 4.261,1 мың. Жасанды түсiк жасатуға бел буатындар – 15-18 жас аралығындағы бойжеткендер. Бiр ғана Алматының өзiнде жыл сайын 15 жасқа толмаған 200-ден астам қыз бала жасанды түсiк жасатады. Ал 15-18 жасар бойжеткендер арасында бұл көрсеткiш 8.000-нан асады. Барлығын қосқанда Оңтүстiк астанада 22 000 сәби анасының құрсағында жатып-ақ көз жұмады.

Қазiргi таңда дүние жүзiнде жыл сайын 36 миллионнан 56 миллионға дейiн түсiк жасалады.

Айман ҚҰСАЙЫНОВА,ҚазҰУ-дың студентi

Серіктес жаңалықтары