«ОРТАМЫЗ ҚАЗАҚПЕН КӨБЕЮДЕ» ДЕЙДI ОҢТҮСТIКТЕГIЛЕР

«ОРТАМЫЗ ҚАЗАҚПЕН КӨБЕЮДЕ» ДЕЙДI ОҢТҮСТIКТЕГIЛЕР

«ОРТАМЫЗ ҚАЗАҚПЕН КӨБЕЮДЕ» ДЕЙДI ОҢТҮСТIКТЕГIЛЕР
ашық дереккөзі
252

Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы қазақтардың ең көп шоғырланған өлкесi болып табылады. Облыстық Көшi-қон басқармасы оралмандар мәселесi бойынша өткен екi-үш жыл көлемiнде келелi де жуйелi жұмыстарды жүзеге асырып, алдыңғы орындардан көрiнiп келедi.

Көшi-қон басқармасын Әбдiбақыт Тiлләбайұлы Мақұлбаевтың басшылық етiп келе жатқанына да төрт жылға жуық уақыт болыпты. Өткен жылдарды талдай келе:

— 1992 жылдың басынан 2008 жылдың 1-шi қаңтарына дейiн 45 000 отбасы 250 000-ға жуық оралман ағайындарымыз келiп қоныстаныпты, — деп сөзiн бастады Әбекең. Бұл Республика деңгейiнде 26-27 пайыздық көрсеткiштi құрайды. Үлкен көрсеткiш. Ал ендi оңтүстiк өңiрiне қоныстанғысы келетiн ағайындардың көптi құрайтыны белгiлi. Бiзге оралмандар әсiресе Өзбекстан жерiнен көп келедi. Мұның басты себептерiн көршi Өзбекстан Республикасымен шекаралас екенiмiздi, сондай-ақ ауа-райы жағдайының ұқсастығы, ағайын-туыстардың осында көптеп болуы, бұрынғы Кеңес дәуiрiнде кейбiр жерлерiмiздiң Қазақстанның құрамында болғандығымен де байланыстыруға болады. Сонымен бiрге, Оңтүстiк Қазақстан облысы экономикасы нық дамыған, халқының саны өркендеп өсiп келе жатқан, жерi нулы да сулы аймақтың бiрi болуының да ықпалы күштi екендiгi жасырын емес. Мұнда көшiп келген оралман бауырларымыздың да ниеттерi осындай.

Әлемнiң 21 мемлекетiнен 150 мың қандастарымыз келiптi. Соның iшiнде дамыған мемлекеттер — Канада, АҚШ елдерiнен де бар. Жалпы осында келген оралмандардың 88 пайызы жақын көршi Өзбекстаннан болса, 6 пайызын Тәжiкстан мен Түрiкменстан, қалғанын Ресей, Қырғыз, Қытай елдерiнен келгендер құрайды екен. Өткен жылдың өзiн алсақ, облысқа 3820 оралман отбасы көшiп келген, адам басына шаққанда 11327 адам, бұлар 9 мемлекеттен келсе, осының 95 пайызы Өзбекстан Республикасынан.

— Көшi-қон басқармасының негiзгi мiндетiнiң бiрi — Елбасының жарлығымен бекiтiлiп, айқындалған квота бөлу мәселесiн дұрыс шешу. Осы орайда квотаға енген оралмандардың отбасылары өздерiне тиiстi жәрдемақыларын дер кезiнде алып жүр. Әбдiбақыт Тiлләбайұлы бұл тұрғыда соңғы жылдарда берiлетiн жәрдемақының мөлшерi ұдайы өсiп отырғанын тiлге тиек ете келiп, 2005 жылы облысқа 2710 отбасы, 2006 жылы – 2710, 2007 жылы – 2610 отбасы көшiп келгенiн айтты. Жыл есебi бойынша, Елбасының жарлығымен белгiленген бұл тапсырмаларды облыстық Көшi-қон басқармасы түбегейлi орындауға қол жеткiзгендiгiн де бiлдiрдi. Жалпы, көшiп келген ағайындарымыздың квотаға iлiнген-iлiнбегендердiң ара салмағын ажырата келiп талдағанымызда, 2004-05 жылдары сол келгендердiң 20-22 пайызы ғана квотаға енсе, 2006 жыддан берi қарай бұл көрсеткiш жоғарылап, 60-65 пайызға өскен. Яғни, көшiп келген үш адамның екеуi квотаға енiп отыр. Ал ендi квотаға енген оралмандарға берiлетiн қаржының мөлшерiн Әбекең төмендегiше талдап бердi:

— Былтырғы жылы айлық есептiк көрсеткiшке байланысты жәрдемақының төрт түрi жүзеге асырылды:

1. Бiр мезеттiк жәрдемақы. 2.Көшiп келгендердiң көлiкпен келген шығыны. 3. Әрбiр отбасыға жүгiмен қоса малдарын алып келгендегi шығыны. 4. Отбасының әрбiр мүшесiне үй алуға жәрдемақы берiлуi.

Жоғарыдағы төлемдер төмендегiше жүзеге асырылды. Үй алуға отбасының әр мүшесiне 100 еселi айлық есептiк көрсеткiшi былтырғы жылы 109 200 теңге болды. Кейiнгi жүк шығыны отбасыға 50 айлық есептiк көрсеткiш 56000 теңге көлемiнде, одан соң жол ақысы, көлiк шығыны 10 айлық есептiк көрсеткiш 10920 теңге болды. Бiр мезеттiк жәрдемақы отбасының отағасына 15 айлық есептiк көрсеткiш 16000 теңге көлемiнде алса, қалған отбасы мүшелерiне 10 айлық есептiк көрсеткiшпен белгiленiп берiлдi. Қорытындылай келгенде, өткен жылы құрамында 5 адамы бар оралман отбасы 715 мың 260 теңгеден алды. Ал ендi ағымдағы жылда бұл көрсеткiш тағы да өсiп отыр. Жоғарыдағыдай тәртiппен есептей келiп, құрамындағы 5 адамы бар оралман отбасы 760 мыңдай теңгенi алатын болады. Оралмандардың қоғамға бейiмделуi, жұмыспен қамтылуы ауылшаруашылық жұмыстарын жүргiзу үшiн жер телiмдерiнiң берiлуi жайында сөз қозғағанда басқарма басшысы өзiнiң Көшi-қон үрдiстерiн дамытудағы енгiзген еңселi ұсыныстарының бүгiнде iс жүзiнде жүзеге асырып жатқандығын ортаға салды.

Келген оралмандарымызды ортаға бейiмдеу процесi, сондай-ақ жұмысқа, оқуға деген сұраныстарын өтеу мақсатында талдау-сараптау сияқты әлеуметтiк карта есебiнде 25-30 позициядан тұратын мәлiметтер жиынтығын өткiзудi қолға алған болатынбыз. Былтырғы жылы әрбiр ауданнан әлеуметтiк жеңiлдендiрiлген пакеттер ұсынымын жасадық. Сонда әрбiр ауданда квотаға енген және квотаға енбеген оралмандарға берiлетiн жердiң көлемiн, ауылшаруашылық жұмыстарын жүргiзуге берiлетiн жердiң көлемi, әлеуметтiк тұрғын үй бере алатын болса, оның анықтамасын, сондай-ақ, ауданда жетiспей жатқан мамандықтар бойынша қажеттi мамандықтар тiзiмiн қабылдау мақсатында iс-шара өткiздiк. Нәтиже жаман болған жоқ. Оралмандардың мүддесi толық көзделiп, жағдайларын көтеруге ұйытқы бола бiлдiк. Солардың арқасында, былтырғы жылы облыс бойынша 801 отбасыға үй салу үшiн жер бөлiнiп берiлдi, 71 отбасыға ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргiзу үшiн жер бөлiнiп берiлдi, 27 отбасыға әлеуметтiк тұрғын үй берiлдi, 162 отбасы жетiспейтiн мамандықтар бойынша аудандарда қажеттi жұмыстарға орналасты. Сондай-ақ, келген оралмандарымыздың кәсiби тұрғыдан қайтадан даярлануына мұрындық болдық. Облыстық бюджеттен медицина және педагогика колледждерiне оралман ағайындарымыздың балаларын оқыту үшiн ақша қаралып, ол бүгiнде iске асырылуда. Әрине, осы айтылғандардың барлығы үстiмiздегi жылда да өз жалғасын таппақ.

Жұмыс барысының жетiстiктерiн айта келiп, Әбекең оралман бауырларымыздың мемлекеттiк жұмыстарға орналасуында қиыншылықтың бiрi "СИК"-тiң берiлмеуi мәселесiн тiлге тиек еттi. Ол кiсi бұл мәселенi бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Қарақұсованың назарына да жеткiзгендiгiн жасырмады. Дегенмен, оралмандардың назарына "СИК"-тi алуда 2006 жылдан берi қарай ықтиярхат (вид на жительство) негiзiнде қол жеткiзулерiне мүмкiндiгi бар екендiгiн айтып өттi. Ендеше, Көшi-қон полициясына оралмандарымыз өз қүжаттарын тiркеуге қойып жатқан кезде, ықтиярхат алу үшiн құжаттарын реттеп, бiр-екi ай көлемiнде оны алып, соңынан "СИК"-терi қол жеткiзуге құқылы екендiктерiн оқырмандарға жеткiзу бiздiң мiндетiмiз болды.

«Көшi-қон үрдiстерiн жүргiзуден қалыптасып қалған «оралман» атауының бүгiнде көңiлге шамалы қонымды болмай тұрғанына сiз қалай қарайсыз?» деген сұрағымызға Әбдiбақыт Тiлләбайұлы:

— «Оралман» атауын бастапқыда дұрыс деп қабылдап iс жүзiнде қолданып жүрген бүгiнгi таңда, бұл сөздiң мән-мағынасы сана-ойға терiс ұғымды ұялатқандай түйiлетiнi анық. Өткен жылғы облыс әкiмiмен болған жиында осы атауды "Отандас" деп өзгерту туралы ұсыныстарымызды да ортаға салған болатынбыз. Дегенмен iс жүзiнде барлық Көшi-қон басқармасындағы жұмыс жүргiзу барысы нотариалды құжаттардың барлығында да "оралман" деп енгiзiлiп кеткендiкген, бұл атау өз күшiнде қалып тұр. Алайда, оралмандармен болған кездесулерiмiзде ол ағайындарымыз бұл сөздi есiткенде көңiлiне ешқандай ренiш алмайтынын бiлдiк. Өз басым "Болашақта Қазақстан азаматтығын алған күннен бастап сiздер "автоматты" түрде "оралман" атауынан арылып, "Қазақстан азаматымыз" деп мақтанышпен айтуларыңызға әбден болады. "Оралман" атауы сiздерде мәңгi қалмайды", — деп көңiлдерiне көтерiңкi рух бағыштап жатамыз. Ал ендi тағы бiр айтып өтетiн жаңалық — көшiп келiп жатқан ағайындарымыздың назарына ағымдағы жылдан бастап балдық жүйе енгiзiлдi. Әр отбасыға үш позиция бойынша балл берiледi:

1.Мамандығымен квалификациясы болуы, мамандығы болса 10 балл берiледi. 2. Қандай оқу орнын бiтiргенiне байланысты; Институт, Университеттi бiтiрген болса – 3 балл. Орта арнаулы бiлiм ордасын бiтiрген болса – 2 балл. 3. Отбасының құрамындағы кәмелетке толмаған балалар саны 5 немесе одан жоғары болса – 10 балл берiледi. Кәмелетке толмаған балалардың саны 4 немесе 3 болса – 5 балл берiледi. Бұл мәлiметтердiң барлығын бiз компьютерге енгiзiп, осыны негiзге ала отырып Республикалық оралмандардың деректер қоры бұл отбасыға қосынды балының сомасын шығарып бередi. Кiмде балл көп болса, сол отбасы квотаға бiрiншi кезекте енетiн болады. Осы мүмкiндiктерден ағайындарымыз шет қалмайды деген ойдамын.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары